Бесқала: Алтыншы батыр – Аманбаев

Биыл елімізде екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 70 жылдығына орай ауқымды шаралар іске асырылып жатыр. Жеңісті жақындатуға лайықты үлес қосқан, бүгінде қатары сиреп бара жатқан ардагерлерге зор құрмет көрсетіліп, тасада қалып кеткен тұлғалар ұлықталып, бұрын беймәлім болып келген деректер табылуда.

Қазақ халқы әлемге тарыдай шашылып кеткені белгілі. Қандастарымыз көптеген елдерде өмір сүруде. Ал Қазақстан біреу-ақ. Жан-жақтағы бауырлар үшін Отанымыз темірқазық жұлдызы іспетті. Олар атамекенге көз тастап, бағыт-бағдарын анықтайды. Рухани қолдау күтеді. Сондықтан да, жоғымыз табылып, тарихымыз түгенделіп жатқан шақта Қарақалпақ еліндегі қазақтың қаһарман ұлдары елеусіз қалмасын деген ниетпен халықаралық «Түркістан» газетінің биылғы 29 қаңтар күнгі №4 (1071) санында «Бесқаланың бес батыры» атты мақала жариялаған болатынмын. Онда соғыс кезінде Кеңес Одағының батыры атағына ие болған Мақаш Балмағамбетов, Плис Нұрпейісов, Іният Наурызбаев, Жұман Қарақұлов, Жұмағали Қалдықараевтардың ерліктері сөз болған-ды. Ешқашан жақынын жатырқауды білмейтін қазағымның кең пейілінің арқасында бұл мақала он шақты бұқаралық ақпарат құралында қайта басылғанының куәсі болдық. Тіпті, Қытайдағы қандастарымыз өздерінің «elarna.com» атты ең ірі ақпараттық порталында жариялапты. Мұның бәрі әңгіме арқауына айналған бес батырдың әруағына құрмет, олардың ерен ерлігін қандастары түгел білсін деген ниет болар деп ұқтық.

Мақаланың жарияланғанына екі айға жуықтады. «Журналисті аяғы асырайды» демекші, одан бері де талай жердің шаңын жұта, ел араладық. Әр күні әр түрлі тағдырмен бетпе-бет келесің. Жаңа кейіпкердің жанын ұғу үшін оның әлеміне енуге мәжбүрсің. Осылайша бес батыр туралы мақаланы олжасы ретінде, солардың қанжығасына байлап жібергеніміз бар-ды. Алайда алыстағы Қарақалпақстанның солтүстігіндегі Тақтакөпір ауданынан соғылған бір қоңырау аталған тақырыпқа қайта оралуға итермеледі.

Жасы 80-ге таяп қалған Жұмағали Әлма­қанов қазақ шежіресінің білгірі ретінде бүкіл Бесқала өңіріне белгілі ақсақал. Жанқожа батыр Нұрмұхамедұлы жайлы аңыз-әңгімелерді таңды таңға жалғап айтудан жалықпайды. Қолына қалам алып, елдің мұңын қағазға түсіретін әдеті тағы бар. Бала кезімізде мерзімді баспасөз беттерінен мақалаларын жиі оқитынбыз. Жиырма жылдан астам уақыттан бері жеке таныстығымыз сыйластыққа ұласып кеткен еді. Күтпегенде соғылған қоңыраудың иесі Жұмағали ағамыз боп шықты. Хал-жағдай сұрасқан соң «Түркістан» газетінде шыққан мақаламды оқығанын айтып, жылы лебіз білдіре бастады. Ал мен мазасызданғанымды әрең жасырып тұрдым. «Бірдеңені дұрыс жазбай, бүлдіріп алдым ба екен?» деген күдік биледі санамды. Өйткені әдемі басталған әңгімеден қорқатын әдетім бар. Мұндай әңгімелердің ортасынан әрі қарай «бірақ…» деп жалғасатынын сезіп тұрамын.

«Бес батырды жазғаның құптарлық іс. Өкінішке қарай, «Даңқ» орденінің толық кавалері Әлімбай Аманбаев олардың тасасында қалып келеді. Осы бір қаһарман ағамыздың есімін де атажұрттағы қандастарға таныстырсаң жақсы болар еді», – деп бұйымтайын сыпайы түрде жеткізді Жұмағали аға.

Ойланып қалдым. Расында да ағаның айтқаны жөн. «Даңқ» орденінің толық иесі болу – Кеңес Одағының Батыры атағын алғанмен бірдей ғой. Алтыншы батырымыз да ескерілуге тиіс екен.

Әлімбай Аманбаевтың өмірбаяны И.Кургузов­тың «Кавалеры ордена Славы» (Ташкент, 1966 жыл), «Солдатская доблесть» (Ташкент, 1970 жыл), К.Досановтың «Солдатские тропы» (Нөкіс, 1985 жыл), Ш.Бабашевтың «Ратные подвиги воинов из Каракалпакии» (Нөкіс, 1985 жыл) кітаптарында жарияланғаны болмаса, атажұрттағы ағайындар үшін мүлде беймәлім екені шындық.

Ағаның ұсынысын қабыл алып, осы мәселені хал-қадарымыздың келгенінше оқырмандарға жеткізуді жөн көрдік.

Әлімбай Аманбаев 1922 жылы 23 қазанда Түрікмен ССР-і, Ташауыз облысы, Көне Үргеніш ауданының Көне Үргеніш ауылында дүниеге келген. Орта мектепте білім алған соң «Искра» колхозында есепші болып істеді. Алайда 1941 жылы 22 маусымда басталған екінші дүниежүзілік соғыс қатарластары сияқты Әлімбайдың да арман-мұратын басқа арнаға бұрып жіберді. Ол тезірек майданға аттанып, жаудың көзін құртуға өз үлесін қосуды ойлай бастады. Ерікті түрде әскери комиссариатқа барып, әскер қатарына алуын сұранды. Ақыры, өтініші қанағаттандырылып, сол жылдың желтоқсан айында әскер қатарына алынды. 1942 жылдың сәуіріне дейін Шаржоу қаласында әскери дайындықтан өтті. Мұнда №3 түрікмен ұлттық кавалерия дивизиясы жасақталып жатқан-ды. Әлімбай соның құрамына кірді. Дивизия мұнан соң Новочеркасск қаласына жіберіліп, полктің артиллеристер дайындайтын мектебінде мамандандырылды.

Гвардия сержанты шенін алған Әлімбай Аманбаев 1942 жылы 2-Белорусс майданы, 48-армия, 15-жеке танкіге қарсы артиллериялық-жойғыш бригадасының 101-гвардиялық полкі құрамында соғысқа кірісті. Ол зеңбірек командирі ретінде көптеген шайқаста шешуші рөл атқарды.

1944 жылдың қоңыр күзінде немістерді Польша жерінен тазарту операциясы жүріп жатқан-ды. 10-15 қазан күндері Макув қаласының (қазіргі Макув-Мазовецки қаласы) оңтүстік шығысындағы Лесьн-Хылин елді мекенін азат ету үшін шайқасуға тура келді. Ә.Аманбаев қарсы шабуылдарда ерекше көзге түсіп, жаудың 2 танкі мен 2 пулеметін жойып, қаруластарына жол ашты. Дәл осы ерлігі үшін оған 1944 жылдың 23 қарашасында ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені (№ 303906) берілді.

1945 жылдың 26 қаңтарында 2-Белорусс майданының 3-кавалериялық корпусы сапында Шығыс Пруссиядағы Вартенбург (қазіргі Польшаның Барчево қаласы) қаласына шабуыл барысында Әлімбай Аманбаев жаудың 6 пулеметінің үнін өшіріп, танкісін өртеп жібереді. 2 ақпан күні де мұның бораған снарядтардың себебінен жау танктері қорғаныс шебін бұзып өте алмай, орасан зор шығынға батады. Оның ерлігін ескерген әскери басшылық 1945 жылдың 16 сәуірінде ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен (№ 5804) марапаттайды.

Соғыс кезінде әр түрлі жағдай болады емес пе, Әлімбайдың бригадасымен полкі өз реттік нөмірлерін сақтап 70-армияның құрамына өтті. Соғыстың соңғы айлары оңайға түскен жоқ. КСРО-ны жаулап алу жоспарының күл-талқаны шыққандықтан немістер әлі де болса соғыс тағдырын өзгертуге тырысып, әрбір қарыс жер үшін қарсыласып бақты. Оларды өкшелей қуған кеңес әскерлері де аянып қалмады. Жауды өз ұясында жаншып тастауды мақсат етті. 1945 жылдың 20 сәуірінде Германияның Грифинхаген қаласы маңында (қазіргі Польшаның Грыфино қаласы) Әлімбай Аманбаев өз зеңбірегімен немістердің 2 пулеметін істен шығарып, 15 әскерін жайратып салды. Сөйтіп, атқыштар бөлімшесінің Одер өзенін кесіп өтуіне жағдай жасады. Плацдармды кеңейту барысында 21 сәуір күні қаруластарымен бірге жаудың 3 пулеметі мен бір взвод әскерін, 24 сәуірде жеке өзі 2 пулемет пен 10 әскерді жойды. Осындай жанқиярлық батырлығы үшін 1945 жылдың 2 маусымында оған ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені тағы бір рет берілді.

Соғыс кезінде Әлімбайдың отбасы Қарақалпақстанға қоныс аударған еді. Сондықтан ол 1946 жылы Көне Үргенішке емес, Нөкіс қаласына келді. Көп уақыт өтпей №166 құрылыс басқармасына жүргізуші болып жұмысқа орналасты. 1948-1952 жылдары ішкі істер саласында қызмет жасады. Алайда өзі жұмыс бастаған №166 құрылыс басқармасына қайта оралып, экспедитор болды. Зейнетке шыққанша осы мекемеде еңбек етіп, инженер лауазымына дейін көтерілді.

Ол 1950 жылы Әлима Алғазиеваға үйленіп, 5 ұл, 3 қыз өсірді. Әйелі Әлима бүкіл өмірін баспа саласына арнаған жан.

«Даңқ» орденінің кез келген дәрежесі бір адамға екі рет берілмеуге тиіс екен. КСРО басшылығы кеш те болса қатесін түзетті. 1968 жылдың 7 маусымында КСРО Жоғарғы Советі Президиумы Әлімбай Аманбаевтан ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің біреуінің орнына І дәрежелі «Даңқ» орденін (№2995) беру туралы қаулы шығарды. Сөйтіп, қаһарман ұл «Даңқ» орденінің толық кавалеріне айналды. Ол бұдан бөлек І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы», сондай-ақ «Октябрь революциясы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен қоса бірнеше медальмен де марапатталған.

Әлімбай Аманбаев өте кішіпейіл жан болатын. Ол соғыстан елге аман-есен оралған Кеңес Одағының батырлары Мақаш Балмағамбетов, Іният Наурызбаев, Николай Сараев, Орынбай Абдуллаевтармен жақсы қарым-қатынаста болды. Кездесулерде жас ұрпаққа көбінесе, өзінің емес, қаруластарының ерлігін баяндайтын. Сөзге шешен кісі-тұғын. Жеңістің 25 жылдығында Мақаш Балмағамбетовпен бірге Мойнақ ауданын аралап, кездесулерде сөйлеген сөздерін сол өңірдің халқы қазірге дейін аңыз етіп айтады.

 Соғыста көрсеткен ерлігі мен үлгілі мінезінің арқасында елдің құрметіне бөленген Әлімбай Аманбаев 1990 жылы дүниеден өтті. Бауырлас Қарақалпақ елінің басшылығы Нөкіс қаласындағы бір көшені қазақтың осы бір батыр ұлының есімімен атауды ұйғарды. Ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

 Халқымыздың бойына біткен батырлық қасиеті оның мерейін өзгелерден үстем ететінін көріп жүрміз. Қайда жүрсе де тектілігінен танбаған Әлімбай Аманбаев та ананың ақ сүтін адал емген шоқтығы биік тұлғалардың бірі. Қалың жұртшылыққа батыр тұлғасын таныта алған болсақ, мақсатымыздың орындалғаны. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмесін.

Бегабат ҰЗАҚОВ

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button