7 сәуір: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар

7 сәуір: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар

7 сәуір: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар
ашық дереккөзі
1918 жылы 7 сәуірде «Звезда Прииртишья» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Басылым халыққа облыс аумағындағы, қала және елде болып жатқан оқиғалар жайлы хабар беріп, қоғамдық пікір қалыптастыруға қызмет етті. Газеттің о бастағы атауы «Объединение» болатын. Газеттің бүгінгі ұжымы аға буыннан мұра боп келе жатқан дәстүрлерді дамыта отырып, Ертіс өңіріндегі халықтың шынайы тарихи жылнамасын қалыптастыруға сүбелі үлес қосуда. Сонымен қатар, 1992 жылы 7 сәуірде Қазақстан Республикасы мен Швеция Корольдігі дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы нота алмасты. Швеция Корольдігі – Скандинавия түбегінде орналасқан Солтүстік Еуропадағы мемелекет. Аумағы – 447 435 км². Астанасы – Стокгольм. Швеция экономикасы – әртараптандырылған және бәсекеге қабілетті. Швед кәсіпорындары тауарлардың ең көп түрін шетелге сатады. Ел жылдан жылға оң сауда сальдосын сақтап келеді. 2000 жылы ақын Олжас Сүлейменовтың «Жазу тілі» кітабы жарық көрді. Бұл еңбек зерттеушінің «1001 сөз» этимологиялық сөздігіне дайындық ретінде жазылды. Автор осы еңбекті жазарда алдына филология ғылымын жаңа сатыға көтеріп, олқылықтардың орнын толтыруды мақсат етіп қойған. 2005 жылы «Қазпошта» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік таңбаларды пошталық төлемге енгізді. Бұл «Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануына 10 жыл» номиналы бір, екі, үш, сегіз, он теңге, және «А» литерасымен (Қазақстан Республикасының аумағындағы жер бетіндегі көлікпен салмағы 20 грамға дейін жай хатты жіберу тарифының номиналы) номиналы 50 және 65 теңге стандартты пошта маркалары. Безендірушісі - Игорь Макиенко. 2005 жылы әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде қазақтың алғашқы кәсіби журналистикасы мен баспасөзінің негізін қалаушылар - Алаш ардақтылары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтың мүсін-барельефінің ашылу рәсімі өтті. 2008 жылы Павлодарда талантты спортшы және педагог, Қазақстанның үздік жаттықтырушыларының бірі Батырбек Сейсенбаевқа арналған мемориалдық тақта орнатылды. КСРО-ның спорт шебері, бүкілодақтық дәрежедегі судья, дзюдо, самбо және қазақ күресінен жүзден астам шеберді дайындаған. Батырбек Сейсенбаевтың жігерлілігінің және оның шәкірттерінің халықаралық спорт алаңдарындағы нәтижелерінің арқасында, 1985 жылы Павлодарда дзюдо күресі бойынша «Батыр» Олимпиадалық қорының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі ашылды. 2010 жылы Бейбітшілік және келісім сарайында бірегей фотокөрме ашылды. Қазақстанда алғаш рет осы көрмеде 1500-2000 жыл өмір сүрген біздің арғы ата-бабаларымыздың суреттері ұсынылды. 2010 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунды бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Нұрсұлтан Назарбаев «Достық» ордені жаһандық деңгейдегі бейбітшілікті, әлеуметтік әділеттілікті және тұрақты дамуды ілгерлетуге айырықша үлес қосқаны үшін берілгенін атап көрсетті. 2012 жылы танымал қазақстандық спортшы Асхат Қаратабанов халықаралық экспедиция құрамында Солтүстік полюсте болып, мұзды аймақтың аспанында қазақ елінің көк байрағын желбіретті. Олар Солтүстік полюсті бағындырғаннан кейін Норвегияның Шпицберген архипелагындағы Лонгиир қаласы арқылы Мәскеуге жетті. 2014 жылы Ұлыбританиядағы Қазақ әдебиетінің апталығы аясында белгілі қазақ драматургі Дулат Исабековтің «Өкпек жолаушы» атты пьесасы Лондон театрында сахналанды. 2016 жылы Түркияның Эрзурум қаласыда Ататүрік атындағы университеттің ректоры, профессор Хикмет Кочак ақын, түркі әлемінің танымал қоғам қайраткері, «Мәдениет» қорының президенті Олжас Сүлейменовке университеттің құрметті докторы атағын берді. Бұл атақ оған мәдениетаралық диалогты дамытуға, халықтар достығын нығайтуға сіңірген еңбегі және түркітану саласындағы көпжылдық жемісті зерттеулері үшін берілді.