1,8 млн теңге: шенеуніктер қандай сыйлық алса айыппұл төлейді?

1,8 млн теңге: шенеуніктер қандай сыйлық алса айыппұл төлейді?

1,8 млн теңге: шенеуніктер қандай сыйлық алса айыппұл төлейді?
ашық дереккөзі
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша құзыретін бекітетін Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне енгізілген өзгерістер қолданысқа енгізілгенін айтты. Агенттік төрағасының орынбасары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке 15-бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыру құқығы берілгенін атап өтті. Олардың ішінде Кодекстің алты сыбайлас жемқорлық бабы (ӘҚБтК-нің 676-681-баптары), кәсіпкерлік қызмет саласындағы екі құрам (ӘҚБтК-нің 154, 173-баптары), мемлекеттік билік институттарына қол сұғатын және әкімшілік немесе қылмыстық іс жүргізу кезіндегі бұзушылықтарға байланысты жеті құқық бұзушылық (ӘҚБтК-нің 658-662, 665, 667-баптары) бар. Яғни кез келген азамат өзі немесе делдал арқылы заңсыз материалдық сыйақы мен сыйлықтар алса, жауапкершілікке тартылады. «Бұл жағдайда жоғарыда аталған лауазымды тұлғаларға 600 айлық есептік көрсеткіш немесе 1,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін», – деді О.Бектенов. Ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілерінің жоғын түсіндіре отырып: «Егер алынған заңсыз сыйақы немесе сыйлық сомасы 2 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ол бүгінгі күні 5 834 теңгені құрайды. Алдын ала уағдаластық болмаса немесе сыйақыны қорқытып алмаса, онда мұндай құқық бұзушылық қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды және әкімшілік тәртіппен жазаланады», – деп атап өтті. Заңсыз материалдық сыйақы берген жеке тұлғалар да әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. «Сыйақылар, сыйлықтар немесе жеңілдіктер бергені үшін жеке тұлғалар ӘҚБтК-нің 676-бабы бойынша 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, бұл шамамен 600 мың теңге», – деді О.Бектенов. Бұл ретте, егер мұндай сыйақы немесе сыйлық заңды тұлға тарапынан берілетін болса, онда мұндай әрекет ӘҚБтК-нің 678-бабы бойынша сараланады және мұнда айыппұл 700 АЕК-ке дейін өседі, бұл 2 млн теңгеден астам. Мұндай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда заңды тұлға екі есе – 1500 АЕК немесе 4,5 млн теңге төлейді. «Қазір заңнамада сыйлық беруге және алуға толық тыйым салынғанын тағы бір мәрте еске салғым келеді. Мұндай норма өткен жылдың соңында қолданысқа енгізілді», – деді О.Бектенов. Ол сыйлық берушілерді қызмет көрсеткені үшін материалдық алғыс айту әдетінен бас тартуға шақырды. Өйткені мұндай әрекеттер берушілер үшін де, сыйлықты алған шенеуніктер үшін де теріс салдарға әкелуі мүмкін.