Атамбаев Мәскеуде емделеді
Атамбаев Мәскеуде емделеді
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев ресейлік тараптың шақыруымен емін жалғастыру үшін Мәскеуге барды. Бұл жөнінде қырғыз мемлекет басшысының ресми сайтында хабарланды.
20 қыркүйекте Атамбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысына қатысу үшін Нью-Йоркке бара жатқан жолда, Түркияда ауруханаға түсіп қалды. Ол кеуде тұсы ауырып, жағдайы нашарлағаннан кейін, сапарын үзуге тура келген. Дәрігерлер жүрегінде сырқат бар деген күдікпен тексерілуге кеңес берген.
Қырғызстан президенті баспасөз қызметі Атамбаев 1 қазанға дейін демалыс алады деп хабарлады.
17 қыркүйекте Алмазбек Атамбаев 60 жасқа толды. Ол 2011 жылдың желтоқсан айында президент болып сайланды. Президенттік мерзімі келесі жылдың соңында аяқталады. Қазіргі қолданыстағы Қырғыз Конституциясына сәйкес, екінші мерзімге сайлана алмайды. Алайда Атамбаев таяуда ел Конституциясына өзгерістер енгізуді ұсынды. Қырғыз оппозициясы Атамбаевты ата заңды өзгерту арқылы президенттіктен кеткеннен кейін де, елге бақылау орнатқысы келеді деп сынға алды.