Жапония Қазақстанға медициналық қондырғылар алуға грант бөлді

Жапония Қазақстанға медициналық қондырғылар алуға грант бөлді

Жапония Қазақстанға медициналық қондырғылар алуға грант бөлді
ашық дереккөзі
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тацухико Касаимен кездесті, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі. Кездесу барысында екі ел ынтымақтастығын одан әрі нығайту, оның ішінде парламентаралық байланысты арттыру мәселелері сөз болды. Сенат Спикері Қазақстан елде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға баса мән беріп отырғанын атап өтті. «Біздің еліміз шетелдік инвесторларды тарту және олардың құқықтарын қорғау бойынша жүргізіліп келе жатқан белсенді жұмысты әрі қарай жалғастыруда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы бағыттағы тиісті заңдарға қажетті түзетулер енгізілді. Соған сәйкес, енді инвестицияның көлемі мен мерзіміне және жұмыс орнына байланысты инвесторлар корпоративті табыс салығынан, жер салығынан, қосымша құн салығынан және мүлік салығынан 10 жылға дейін босатылады. Мұндай қадам ел экономикасына шетелдік, оның ішінде жапон инвесторларын да тарту және қазіргідей күрделі уақытта жаңа жобаларды іске асыру үшін қажет», – деді Мәулен Әшімбаев. Сондай-ақ, Сенат Спикері Қазақстан мен Жапония арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Оған Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті мен М.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінде жапон тілін оқытатын орталықтардың жұмыс істеуі дәлел. Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев пандемия кезеңінде елімізге көмек қолын созған Жапония Үкіметіне алғысын білдірді. «Қазақстандағы медициналық мекемелерге жапон медициналық қондырғыларын алу үшін арнайы грант бөлген Жапония Үкіметіне алғысымызды білдіреміз. Бұл көмекті қазіргідей күрделі кезеңде достық пен өзара тиімді және сенімді серіктестіктің жарқын көрінісі деп қабылдаймыз», – деді Сенат төрағасы. Сонымен қатар Палата Спикері Қазақстан Сенаты екіжақты ынтымақтастықты және Қазақстан мен Жапония арасындағы парламентаралық қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін тиісті жұмысты жалғастыра беретінін айтты.