6 сәуір: ел тарихындағы елеулі оқиғалар

6 сәуір: ел тарихындағы елеулі оқиғалар

6 сәуір: ел тарихындағы елеулі оқиғалар
ашық дереккөзі
6 сәуір ел тарихында елеулі із қалдырған бірқатар маңызды оқиғалар болды. 1992 жылы Казақстан Республикасы мен Канада, Казақстан Республикасы мен Палестина арасында дипломатиялық қатынастарды орнату туралы ноталар алмасты. 1993 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен «Шеврон» (АҚШ) мұнай корпорациясының басқарма төрағасы Кеннет Дерр «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құру туралы келісімге қол қойды. «Теңізшевройл» - Қазақстандағы мұнай және газ өндіретін ең ірі компания. 1995 жылы Қарағанды қаласында ғалым Ебіней Бөкетов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. 1999 жылы Алматы облысы Көксу ауданының Балпық би кентінде батыр, шешен, Балпық биге ескерткіш орнатылды. 2012 жылы Тампа қаласында (АҚШ, Флорида штаты) өткен «Гаспарилла» халықаралық кинофестивалінде танымал голливуд актері, режиссер Арман Ассантенің Қазақстан туралы «Дала диалогы» фильмі үздік қысқаметражды деректі фильм ретінде жүлдеге ие болды. Қазақстан жайлы 27 минуттық фильм өзін продюсер, сценарист және режиссер ретінде сынап көргісі келген шетелдік танымал актердің көзқарасымен түсірілді. Қазақстан туралы фильм – оның алғашқы жұмыстарының бірі. 2014 жылы Ұлыбританияда Қазақ әдебиетінің апталығы өтті. Іс-шараны Kazakh Arts Academy ұйымдастырып, Біріккен Корольдіктегі Қазақстан Республикасының елшілігі қолдау білдірген. Іс-шарада белгілі қазақ драматургі Дулат Исабековтің туындысы алғаш рет ағылшын тілінде ұсынылды. 2015 жылы «Нұрлы жол» жаңа экономикалық белдеуі аясында Каспийде Құрық портында паром кешенінің құрылысы басталды. 2017 жылы жамбылдық ғалымдар Владимир Ким және Мұқатай Немеребаев Франкфурттағы (Германия) 2016 жылғы Халықаралық кітап жәрмеңкесінің алтын медаль иегері атанды. 2017 жылы Батыс Сахарада (MINURSO) бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі БҰҰ миссиясына қатысып жатқан Қазақстан Қарулы Күштерінің офицері подполковник Данияр Исмаилов күштер қолбасшысының өкімімен штабтың оқу бөлімі бастығы лауазымына тағайындалды. Жаңа лауазымда Данияр Исмаилов оқыту стандарттарына, өздеріне жүктелген тапсырмаларды тиімді орындау үшін барлық әскери бақылаушылардың дайындығы мен әзірлігіне жауап береді. Одан басқа, қазақстандық офицер БҰҰ-ның миссиясына қатысу үшін келген әскери және азаматтық персоналдан ағылшын тілінен емтихан қабылдайды және оған жетекшілік етеді. 2018 жылы Түркияда түркі әлеміне ортақ тарихты қамтитын оқулық мектеп бағдарламасына таңдау пәні ретінде енгізілді. Қазақстанда шығарылған оқулықты Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) әзірлеп шығарған. Осы оқулықпен Қазақстанда Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары да оқиды. 2019 жылы «Литвадағы Қазақстан көктемі» фестивалінің салтанатты ашылуында атақты қазақстандық режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі көрсетілді. 2020 жылы Түркияның «Анадолы» ақпарат агенттігіне 100 жыл толды. 1920 жылы 31 Наурызда Гейв қаласының теміржол станциясында Мұстафа Кемал Ататүрікпен кездесуге қатысқан журналистер Юнус Нади мен Халиде Эдиб Ұлттық ақпараттық агенттік құру идеясын айтты. Агенттіктің атауы «Түрік», «Анкара», «Анадолы» деп ұсынылған үш атаудың ішінен таңдап алынды. 6 сәуірде агенттіктің ресми ашылуы өтті. Агенттіктің жаңалықтары түрік, албан, ағылшын, араб, босния, күрд, македон, парсы, орыс және француз тілдерінде шығады. «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі мен «Анадолы» агенттігі арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімге Ыстанбұлда 2018 жылдың 10 сәуірінде қол қойылған еді.