Алматыда 5 жастағы бүлдіршіннің үстіне футбол алаңының қақпасы құлап кетті (видео)

Алматыда 5 жастағы бүлдіршіннің үстіне футбол алаңының қақпасы құлап кетті (видео)

Алматыда 5 жастағы бүлдіршіннің үстіне футбол алаңының қақпасы құлап кетті (видео)
ашық дереккөзі
Алматыда бүлдіршіннің үстіне футбол алаңының қақпасы құлады. Ауыр темір баланың белінен бастап басып қалған. Салдарынан балақай аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Оның ата-анасы ойын алаңында орналасқан құрылғыларды дер кезінде бекітпей кеткен мердігер мекемені кінәлап отыр, деп хабарлайды Астана телеарнасы. 5 жастағы Роман Носаченко ойын алаңына кешкісін әкесімен бірге шыққан. Әкесінің сөзінше, қас пен көздің арасында ойнап жүрген баласының үстіне темір қақпа құлап кеткен. "Әдеттегідей, күнде осы алаңға шығып ойнайтын. Зілдей қақпа баламның үстіне қалай құлағанын білмеймін. Жүгіріп келсек, аузынан қан ағып жатыр. Есінен танып қалған", - дейді Романның әкесі Антон Носаченко. Телеарнаның мәліметінше, ауыр жарақат алған бүлдіршін медициналық орталыққа жедел жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп отыр. Олар баланың сан сүйектеріне ота жасамақ. "Қатты соққы алған. Сол сан сүйегінің сынығы анықталды. Ол балаға бірден жедел түрде хирургиялық көмек көрсетілді. Баланың жағдайы ауыр бір қалыпты реанимация бөлімшесінде. Сүйек сынықтарына байланысты ота жоспарлануда", - дейді Алматы қаласы балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мейржан Құрманәлиев. Баласы үшін шырылдаған ата-ана, бұл жайтқа футбол алаңын салған мердігер мекеме өкілдерін кінәлап отыр. Айтуларынша, 2016 жылы салынған алаңның темір қақпалары о баста дұрыс орнатылмапты. Не қоршауға, не жерге бекітілмепті. "Біздің ендігі мақсатымыз осы футбол алаңын салған мердігер компанияны табу. Өйткені бұл оқыс оқиға сол мердігердің салғырттығынан болып отыр. Олар кезінде темір құрылғыларды бекітпей жәй ғана қойып кете салған", - дейді Антон Носаченко. "Алаңның құрлылысын жасаған "Энерго Экспорт" мекемесі. Мердігерлік, футбол алаңын халыққа осыдан 5 жыл бұрын тапсырған. Ал ондағы қақпалар тұрғындардың қалауы бойынша орнатылған. Яғни олар мердігер мекемеге қақпалардың ауыспалы болуын, тасымалдауға ыңғайлы болуын сұраған", - дейді Әуезов ауданы әкімі аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Азат Какетаев. Қазір әкімдік өкілдері сол тұрғындардың тізімін анықтауда. Әрі аталмыш футбол алаңының құрылғыларын тексеріп шықпақ. Ал жанын шүберекке түйген отбасы полицияға арыз жазған.