Қабдеш Жұмаділов – Әуезовтің жолын жалғаған нағыз кең тынысты эпик қаламгер еді

Қабдеш Жұмаділов – Әуезовтің жолын жалғаған нағыз кең тынысты эпик қаламгер еді

Қабдеш Жұмаділов – Әуезовтің жолын жалғаған нағыз кең тынысты эпик қаламгер еді
ашық дереккөзі
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов дүниеден өтті. Айтулы тұлға, ардақты ақсақалымыз еді. Орны шынында ойсырап қалатын болды. Қабырғалы жұртына, қалың оқырманына, жақын-жуық, туыстарына көңіл айтып, жеделхат жолдап, ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде, жылы естеліктерін айтып, жазып жатқандар баршылық. Бірқатарын жариялап отырмыз.  width=   Аида Балаева, Ақпарат және қоғамдық даму министрі: Көркем роман жазу дәрежесін жаңа белеске көтерген дегдар жазушы – Белгілі жазушы, көрнекті қаламгер, Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов ағамыздың дүниеден озуына байланысты марқұмның отбасы мен жақын-туғандарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын. Қабдеш ағамыз бүкіл саналы ғұмырын еліміздің руханияты мен ұлттық әдебиетімізді дамытуға арнап, көркем роман жазу дәрежесін жаңа белеске көтерген дегдар жазушы, қарымды қоғам қайраткері еді. Көзі тірісінде зор шығармашылық ой-өрісімен, терең парасатымен халқының үлкен ілтипатына бөленіп, артына өшпейтін рухани мұра, өрісті өнеге қалдырды. Ардақты ағамыздың жарқын бейнесі мен ұлттық руханияттағы орны қалың қауымның жүрегінде мәңгi сақталады деп сенемін. Марқұмның жатқан жері жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқысын.  width= Ақтоты Райымқұлова, Мәдениет және спорт министрі: Қаламгер туындылары қалың қазақтың рухани қажеттілігіне жарай берері сөзсіз – Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің атынан танымал жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, «Халық алғысы» медалінің, «Парасат», II дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Қабдеш Жұмаділовтің қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Қабдеш ағамыз ғибратты ғұмырында мағыналы тірлік кешіп, өзінен кейін өшпейтін із қалдырған, қазақ əдебиетінде сара жол салған қарасөздің қарагері, дарабоз жан еді. «Қаздар қайтып барады» əңгімелер жинағы, Қаракерей Қабанбай туралы қос томды «Дарабоз» романы, қазіргі заман жайлы «Бір қаланың тұрғындары», «Бір түп тораңғы», «Саржайлау» шығармасы, Тəуелсіздіктен кейінгі кезеңді суреттеген «Қылкөпір» жəне замандастары туралы сыр шертетін «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романы ойлы оқырмандарының жоғары бағасын алды. Болмысы бөлек қаламгердің дəуір шындығын арқау еткен, бүгінгінің көкейкесті мәселелеріне арналған, бір адамның тағдыры арқылы қоғамдық ойға қозғау болған туындылары өміршеңдігін жоймай, Ұлы Дала елінің мүддесімен ұштастырып, қалың қазақтың рухани қажеттілігіне жарай берері сөзсіз. Өнегелі өмір иесінің асыл бейнесі туған-туыс пен қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталады. Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы жібектей жұмсақ болсын. Рухы сегіз жұмақтың төрінде шалқысын.  width= Берік Уәли, Президенттің баспасөз хатшысы: Әуезовтің жолын жалғаған нағыз кең тынысты эпик қаламгер болатын – Алаштың адуын мінезді, арда жазушысы Қабдеш аға Жұмаділовтің жарық дүниедегі уақыты жетіпті. Суық хабар сәуірдің сұр тұманды таңымен бірге жетті. Біздің әулетпен үш атадан қосылатын жамағайын еді, жарықтық. Алғаш көргенім әлі есімде. 1993 жылдың көктемі болатын. Мектеп бітіріп, Алматыға оқуға барғалы жүрген едім. Ағамыз шығармашылық сапармен ел аралап жүріп, біздің үйге түсті. Туысқаным деп жақын тартқаны ғой. Әкем қойын сойып, қолын қусырып қонақ етті. Менің Алматыға барғалы жүргенімді естіп қуанып қалды. Сол кеште жарқыраған маңдайы көз алдымда қалып қойды. Сөзшең, әңгімешіл адам еді, жарықтық. Оқушы кезімнен бір шығармасын қалдырмай оқыдым. Әуезовтің жолын жалғаған нағыз кең тынысты эпик қаламгер болатын. Бірақ араны кең ажалға не шара? Алты алашқа еткен алғаусыз еңбегі арғы дүниеде жәннаттың самалы болсын! Баршаңызға қайғырып көңіл айтамын. Бақұл бол, қазақтың асыл перзенті!  width= Қазыбек Иса, Парламент Мәжілісінің депутаты: «Соңғы көш» тарихтың ұлы көшіне ұласа береді – Қазақ әдебиеті ауыр қазаға ұшырады. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы Қабдеш Жұмәділ өмірден озды деген суық хабар қабырғамызды қайыстырып кетті... Ауырғанына бір аптадай ғана болған екен... Қазақ әдебиетіндегі соқталы туынды «Соңғы көштің» авторы, алыптардың соңғы тұяқтарының бірі Қабдеш ағамыз енді 9 күннен кейін 24 сәуірде 85 жасқа толар еді... Қабдеш Жұмаділ қалың қазақ сүйіп оқыған «Көкейкесті», «Соңғы көш», «Атамекен», «Тағдыр», «Дарабоз» романдары мен бірнеше көркем әңгімелердің авторы еді. Сонымен қатар қазақтың даңқты да, дарабоз дарынды қаламгері ғана емес, қарымды қайраткері де еді. Қоғамдық-саяси өмірде өз үнін батыл да, ашық айтып отыратын. Ұлттық мүддені қорғау, Мемлекеттік тілді қолдау жолында қашанда алдыңғы қатардан табыла білді. Жақында ғана Парламентте қандастар көшін көбейту мәселесін көтерген соң, Алматыға барып, Ұлы көштің жайымен «Соңғы көштің авторының ақыл-кеңесін тыңдап, ақ батасын алып шығамын деп жүр едім... Алладан үкім келді – амал жоқ, алдынан жарылқасын дейміз. Алды пейіш, арты кеніш болғай... Қалың қазаққа қайғырып көңіл айтамыз. Отбасына, 57 жыл отасып, шаңырағының отын жаққан асыл жары Сәуле Әукенқызы апайымызға, балалары, партиядағы әріптесіміз Арман Қабдешұлына және Дәурен, Дәулет, Жәнібек, Ерке бауырларымызға, туған-туыстарына көңіл айтамыз. Иманы саламат болсын! Қазақ әдебиетіндегі «Соңғы көш» тарихтың ұлы көшіне ұласа береді.