Докторанттар диссертациялық жұмыс жазбай-ақ ғылыми атақ қорғай алады

Биылдан бастап докторанттар диссертациялық жұмысты жазбай-ақ ғылыми атақ қорғай алады. Бұл  туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында жазды.

«Докторанттар зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында жариялауы тиіс ғылыми мақалалардың саны 7-ден 4-ке дейін қысқарғанын білесіздер. Ал бір немесе екі ғылыми мақаласы рейтингі өте жоғары, беделді журналдарда жарыққа шыққан болса, докторант диссертациясын қорғауға мүмкіндік алады. Санға емес, сапаға бағытталған бұл өзгеріс былтыр енгізілген болатын. Биылдан бастап, кейбір докторанттар диссертациялық жұмысты жазбай-ақ ғылыми атақты қорғай алатын болады», – деді министр.

Асхат Аймағамбетовтің атап өтуінше, ол үшін докторант беделі мықты басылымда бір ауқымды шолу және Q1-Q2 WоS тізіліміндегі журналдарда кем дегенде екі ғылыми мақаласын автор ретінде және корреспонденция авторы ретінде жарыққа шығаруы керек.

«Бұл ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесі мен сапасына қандай да бір нұқсан келтірмей-ақ зерттеу жүргізу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді. Мұндай тәжірибе көптеген шетелдік жоғары оқу орындарында бұрыннан қолданылып келеді. Дегенмен, бұл балама әдіс ретінде пайдаланылады. Докторант бұрынғыдай өз қалауы бойынша дәстүрлі түрде диссертация жазып, зерттеу жұмыстарын қорғай алады», – деді ол.

Back to top button