Ертіс жағасынан адамның жақ сүйегі табылды

Павлодар облысы Ақсу ауданының тұрғыны Ертіс өзенінің жағасынан адамның жақ сүйегін тауып алды. Оқиға орнында учаскелік полиция, жедел-тергеу тобы мен төтенше жағдай қызметін жұмыс істеп жатыр, – деп жазды рavlodarnews.kz.

Чиндиндер отбасы достарымен бірге ГРЭС кентінің маңына жылдағы әдет бойынша Ертістен балық аулауға барған.

«Бүгін ауа-райы жайлы болғандықтан достарымызбен бірге табиғат аясында тынығып қайтуды жөн көрдік. Қаладан шыға берісте Ертістің оң жағалауында жағажай бар. Ал сол жағында біз балық аулаймыз. Күндізгі сағат 15.00 кезі болатын. Құрықты лақтырған кезде ілмек қыстырылып қалғандай болды. Бөрене немесе таяқ шығар деп ойладым. Жіпті тарта бастаған соң, жағаға жақындадым, салмақ жеңілдегендей болды. Жақындап келіп, ілмектің неге қыстырылғанын көргенде шошып қалдым, бәрі қатты шошыды. Адамның жақ сүйегіне тап болыппыз», – дейді.

Хабар түскен бойда оқиға орнына учаскелік полиция, жедел-тергеу тобы мен төтенше жағдай қызметінің өкілдері жеткен.

«Vita» іздеу жасағының белсендісі Ольга Чиндинаның айтуынша, олар маңайды түгел тексеріп шыққан. Іздеу жұмысына сүңгуір де шақырылыпты.

«Суреттерден сүйектің су бетіне қалай шыққанын анықтау қиын. Су жағаны жырып, ескі молалардың бірінен түсуі де мүмкін. Бұл аймақта көктемде осындай жайттар жиі кездеседі. Облыс бойынша Ертіс жағалауының бойында орналасқан 15-ке жуық жерлеу орны бар. Сүйек табылған жерге барған соң нақты мәлімет бере аламыз», – дейді археолог Тимур Смағұлов.

Back to top button