Базарда саудагерлерден ақша жинаған Қазақстан чемпионы 7 жылға сотталды

Атырау облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала базарларында саудагерлерді бопсалап ақша жинаған топ мүшелеріне үкім оқылды деп хабарлайды «Ақ Жайық».

Сот барысында жекпе-жектің әр түрін жақсы меңгерген ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы 2012 жылы Атырауда үш адамнан тұратын топ құрғаны анықталды. Осылайша, бопсалаушылар 8 жыл бойы «Дина» және «Көктем» базарларында Түркістан облысынан келген саудагерлерден алым-салым жинаған. Бас тартқан жағдайда олар тауардың көзін жойып, соққыға жығып немесе өлтіреміз деп қорқытқан. Нәтижесінде айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденген. Олар өз іс-әрекеттеріне өкінбеген көрінеді. Қылмыстық топтың 33 жастағы басшысы 7 жыл 1 айға бас бостандығынан айырылса, тағы екеуіне 7 жылдан жаза тағайындалған. Олар жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді.

Басылымның жазуынша, қылмыстық топтың басшысы жекпе-жек, карате, жауынгерлік самбо, джиу-джитсу және панкратионнан Қазақстан чемпионы. Халықаралық ММА жарыстарында ел намысын қорғаған.

2015 жылдың көктемінде Қытайда өткен турнирде америкалықпен жекпе-жекке шығып, техникалық нокаутпен жеңген. Сонымен бірге ол осы кезеңде Атырау базарларында ақша бопсалап келген.

Back to top button