Отандық зауыттар тәулігіне 1,5 млн медициналық маска шығарады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Индустриялық даму комитетінің төрағасы Марат Қарабаев отандық кәсіпорындар ел тұрғындарын пандемияға қарсы қорғаныш заттарымен толық қамтамасыз етіп отырғанын айтты.

«Пандемия басталған кезде отандық өндірушілер тәулігіне 130 мың медцициналық маска шығара алатын еді. Қазір сол кәсіпорындардың қуаттылығы күніне 1,5 млн бетпердеге жетті. Яғни қысқа мерзімде кәсіпорындар жаңа өндіріс алаңдарын іске қоса алды. Сол сияқты отандық кәсіпорындар күніне 330 мың қолғап шығаратын деңгейге жетті. Елдегі 6 зауыт бір айда 500 мың қорғаныш костюмдерін шығарып отыр. Бұл өз қажеттілігімізді толық қамтамасыз етуге жеткілікті», – деді комитет төрағасы.

Пандемия өршіген тұста халық өкпені жасанды жолмен тыныстандыратын аппарат таппай қысылғаны белгілі. Қазір бұл қондырғылардың өндірісі де жолға қойылып отыр.

Комитет басшысының сөзіне қарағанда, ел астанасында жедел құрылған зауыт бүгінге дейін еліміздің 17 өңіріне өнімін жеткізіп үлгерген.

«Бұдан басқа өкпені жасанды тыныс алдыратын аппарат жасайтын зауыт іске қосылды. Қазір ондай аппараттың екі түрін шығарады. Өкпені жасанды желдететін жедел аппарат бұрын да шығарылатын. Пандемия кезінде ел ішінде 500 дана, Тәжікстан және Қырғызстан елдеріне гуманитарлық көмек ретінде тағы 300 аппарат қойылды. Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстан Аселсан инжиниринг» компаниясы тез арада іске қосылып, өкпені жасанды желдету үшін медициналық кабинеттерге қойылатын кешенді аппараттар өндірісі ұйымдастырылды. Нәтижесінде еліміздің 17 өңірінде 297 аурханаға 1,5 мың сондай аппарат жеткізілді», – деді Марат Қарабаев.

Back to top button