«Nur Otan» жанынан Білім мен ғылымды дамытудың Қоғамдық Кеңесі құрылды

«Nur Otan» партиясының жанынан Республикалық Білім мен ғылымды дамытудың Қоғамдық Кеңесі құрылды. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова Facebook желісіндегі жеке парақшасында хабарлады.

«Қымбатты достар!

«Nur Otan» партиясының жанынан Республикалық Білім мен ғылымды дамытудың Қоғамдық Кеңесі құрылды. Еліміздің дамуының негізгі бағыттарын қамтитын дәл осындай 14 Қоғамдық Кеңес құрылды.

Елбасымыз, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей сенімі және Партияның Бюро шешімімен аталған Қоғамдық Кеңестің төрайымы ретінде сайландым. Мен үшін бұл –үлкен жауапкершілік.

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбек бүгін сайланған 14 Қоғамдық Кеңестің төрағаларына Партияның алға қойған мақсаттары мен міндеттерін орындаудың басым бағыттарына тоқталды.

Білім – қашан да қоғам дамуының айнасы, өркениет дамуының басты көрсеткіші. Пандемия кезінде қашықтан оқыту білім беру және білімді түсіну тұрғысынан жаңа көзқарас, тың әдіс-тәсілдердің қоғамда қажет екендігін анық көрсетті. Білім саласы әлі де дамытуды, өзекті мәселелерді уақтылы шешуді қажет етеді. «Nur Otan» партиясы жанындағы Республикалық Білім мен ғылымды дамыту Қоғамдық Кеңесі еліміздегі білім саласында, атап айтқанда мектеп алды даярлық, ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім сапасында алшақтықты азайту, барлық орта білім беру саласының 75 пайызы ауыл мектептері құрайды, ауыл мектептерінің өзекті мәселелері, педагог кадрларды даярлау сапасы, 2025 жылға қарай колледждер мен университеттердің жатақханаларында кемінде 50 мың жаңа орын енгізу, Назарбаев Университетінің тәжірибесі негізінде 2 озық өңірлік жоғары оқу орнын құру әрі жасақтау, жас ғалымдарға жыл сайын 1 мың грант беру, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарындағы зертханалардың жабдықтарын жаңарту, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы жетілдіру мәселелеріне арналған «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол Картасында көрініс тапқан 355 пунктің 52-сі еліміздегі білім ғылымды дамытуға бағытталып отыр. Бұл өз кезегінде еліміздің адам капиталын дамытуды негізгі ұстаным ретінде қарастыратындығының тағы бір дәлелі деп білемін.

Сайлаушылар осы пункттердің орындалуына үлкен сенім артады. Еліміздің білімі мен ғылымын өркендетіп, дамытуда Қоғамдық Кеңестің нәтижелі жұмысына барынша еңбек етіп, қолымнан келгенше халықтың, сайлаушылардың саладағы қордаланған мәселелерінің дұрыс шешілуіне дәнекер болуға ат салысамын!

Қоғамдық Кеңестің құрамына білім мен ғылым саласын дамытуға атсалысып жүрген отансүйгіш азаматтар, қоғамдық пікір қалыптастырушы сала мамандары, эксперттер, депутаттар, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, праймериз қатысушылары мен жеңімпаздары, партияның кадрлық резерв мүшелері кіреді. Олар туралы алдағы уақытта кеңінен таратып, таныстырамыз.

Білім мен ғылымды дамытуға азаматтық ұстанымы бар кез-келген маман үшін эксперттік алаң ретін әрдайым ашықпыз.

Бастысы, амандық болсын!

Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!» – делінген хабарламада.

Back to top button