«Nur Otan»: 14 республикалық қоғамдық кеңес құрылды

«Nur Otan»: 14 республикалық қоғамдық кеңес құрылды

«Nur Otan»: 14 республикалық қоғамдық кеңес құрылды
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында «Nur Otan» партиясы қоғамдық кеңестерінің жұмысы жүйелі түрде қайта құрылымданды. Бұл туралы партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook-тегі парақшасында жазды. Құрметті достар! Өздеріңізге мәлім, Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен әр өңір, қала және аудан үшін «Nur Otan»-ның 217 сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша егжей-тегжейлі жол карталары бекітілді. Оған жауапты депутаттар мен орындаушылар белгіленді. Жылдарға және нақты іс-шараларға бөлінген 80 мыңнан астам индикаторға қол жеткізу көзделіп отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында партияның қоғамдық кеңестерінің жұмысы да жүйелі түрде қайта құрылымданды. Саяси кеңес Бюросының шешімімен таратылған партиялық кураторлар институтының орнына «Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламасының нақты бағыттарының іске асырылуын бақылау бойынша 14 республикалық қоғамдық кеңес құрылды. Парламент Мәжілісіндегі фракцияның келесі депутаттары аталған кеңестердің төрағалары болып тағайындалды: азаматтық қоғам мен мемлекеттік басқаруды дамыту бойынша – Айдос Сарым, білім мен ғылым – Жұлдыз Сүлейменова, аграрлық сектор – Берік Оспанов, экономика және кәсіпкерлікті қолдау – Аманжан Жамалов, өңірлік даму – Юлия Кучинская. Жастарды қолдау бойынша – Мәди Ахметов, Жұмыспен қамту мен халықтың әлеуметтік осал топтары жөніндегі қоғамдық кеңеске – Елнұр Бейсенбаев төраға болды. Ұлт денсаулығы бойынша – Лариса Павловец, ал Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі кеңеске – Динара Зәкиева басшылық жасайды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңеске, «Miras», Экологиялық және Құқықтық кеңестерге тиісінше Ерлан Саиров, Жанарбек Әшімжанов, Елдос Абақанов және Қанат Мусин жетекшілік етеді. Партия Лидерінің алға қойған міндеттерін ескере отырып, ең алдымен партияның сайлауалды уәделерінің орындалуына жүйелі бақылау, бюджет қаражатының тиімді және ашық жұмсалуына монинторинг жасау қамтамасыз етіледі. Кеңестердің міндетіне елдің, өңірлер мен экономиканың нақты салаларының өзекті бағыттары бойынша балама сараптамалық пайымды тұжырымдау кіреді. Кеңестердің жұмысы қоғамдық пікірді ескеріп, сондай-ақ партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне ел көлемінде азаматтардан түскен өтініштерге жасалған талдауға негізделе отырып, жария түрде жүргізіледі. «Nur Otan» кеңестерінің алдында сарапшылар қауымдастығын өзекті әлеуметтік мәселелерді ашық талқылауға тарту, сондай-ақ азаматтық бастамаларға қолдау көрсету міндеті тұр. Қазіргі кезде аталған кеңестердің құрамын жасақтау бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Олардың құрамына партия депутаттары мен белсенді мүшелерінен бөлек, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, жалпы қоғамдық пікір көшбасшылары және басқа да азаматтар кіреді. Осындай кеңестер өңірлік деңгейде де құрылмақ. Сондықтан бұған мүдделі барша азаматтық қоғам өкілдерін, белсенділерді және қоғам өміріне бейжай қарамайтын азаматтарды шынайы ынтымақтастыққа шақырамыз. Ауызбіршілік пен жауапкершілік танытып, ашық пікіралысу аясында әрекет ету арқылы ғана біз межелеген жоспарларымыздың барлығын іске асырамыз. Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!