Сұлтан Оразалы
Сұлтан Оразалы
Ұстаздық жолында маған бүгінгінің тұлғалары мен дараларының кураторы болу бақыты бұйырған екен. Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев, Төлен Әбдік, Қуаныш Сұлтанов, Сауытбек Әбдірахманов сынды шәкірттерге жетекші болдым. Сол шәкірттерімнің бірі, бірегейі ؘ– жарқын жүзді, жомарт жүректі жан, көрнекті жазушы, теледраматург, мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Шәріпұлы Оразалы 80 жасқа толып отыр.
Аягөз қаласында туып, елінің құрметіне бөленген Сұлтан інім бүгінгі биігіне талай жолдан өтіп жетті. Орта мектепті 1958 жылы бітіріп, арман жетегінде Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Мен сол университетте ассистент болып жүрген кезімде 1963 жылы Сұлтандар 4-курс студенті еді. Менің куратор болып барған кезім болатын. Көп ұзамай, көктемде мен педпрактикаға жетекші болып Сұлтандарды Жамбыл (бүгінде Тараз) қаласының Абай атындағы орта мектебіне алып барған едім. Сол жолы студенттер М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасын сахнаға қойып, Сұлтанның Кебектің рөлін ойнағаны есімде.
Алматыға қайтып оралған соң, көп ұзамай студенттердің проблемалық жағдайын көтерген «Студент күнделігі» деген көлемді мақаласын жазды. Оқып шығып, қатты ұнаттым. «Ленинишіл жас» газетіне ұсындым. Көп ұзамай мақала бір бетке жуық болып, басылып шықты.
Ол қызмет істеген қай-қай жерде де тыңға түрен салып, бұрын-соңды қазақ топырағында болмаған, жаңа салаларды өрістетіп, өркендетуге барынша ықпал етумен келеді.
Жаспын демей, жаңадан құрылып, бағыты мен бағдары қалыптаспаған қазақ телевизиясы шаңырағының уығын көтергендердің бірі. Заманның өзі екшеп, шыңдаған, қайсар азаматтықтан – ел қайраткері, қарымды қаламгер дәрежесіне көтерілген ірі тұлғалардың біріне, еменге ұқсас терең тамырлы ғұмыр иесіне, табиғатынан талантты, көп сөзге ермейтін, осалдыққа жол бермейтін, мінезіне халқының дархандығын сыйдырған жан иесіне айналды.
1965-1966 жылдары Қазақ телевизиясында әдебиет саласын басқарады. Сонда небәрі 23 жастағы жігіт еді. Космонавтар көшесінде екеуміз жолығып қалып, менің «Орхон-Енисей» жазбалары туралы еңбегімді сөз еттік. Сол әңгіме қыза түсіп, ақырында бір суретші жігітті алып келіп, үш апта бойы менің жатақханадағы бөлмемді Орхон жазуларының үлкейтілген әріптерімен толтырды. Ақырында сол бөлмеден телерепортаж жүргізіп, мен бір сағат бойы сөйлеп, сұхбат беріп, сенсация жасадық. Бұл кез Орхон ескерткіштерінің қазаққа еш керегі жоқ, керісінше олар бізге жат мұралар дейтін заман еді. Ертеңінен бастап газеттер телефон соғып, мақалалар сұратып жатты. Бұл Сұлтанның ұлы мақсат жолындағы нысаналы, табанды іс-әрекеттер арқылы қандай кедергілер мен қыспақтар кезіксе де алған бағыттан танбайтын табандылығы мен әр жүрекке жылу сыйлайтын, туған халқының туын жоғары ұстайтын тұлға екенінің дәлелі еді. Бұлай болуының да өз сыры болса керек, әсте ұлы Абай, дана Мұхтар, ғұлама Шәкәрімдер шыққан өңірден түлеп ұшқан Сұлтанның басқаша болуы мүмкін емес еді. Сол жылдары Сұлтан жалтақтамай неше түрлі бағдарламаларды тайсалмастан экранға шығарып жатты. Бірде Сұлтан екеуміз ақылдасып, әлі де белгісіз талантты жастарды елге таныту мақсатында қазақ телевизиясында «Айдын» дейтін бағдарлама аштық. Бағдарламаны мен жүргізіп отырдым. Алғашқы хабарды Кенен Әзірбаевтың қызы Төрткенге арнадық. Сөйтсек, жұрт Кененді баяғыда дүниеден өтіп кеткен аңыз адам деп біледі екен. Төрткенді шынында Кененнің қызы ма деген хаттар қарша борады.
1964 жылы алғашқы хабардың бірінде жұртшылықты ауылдан келген Жәнібек Кәрменов деген қаршадай баламен таныстырдық. Семейден 10 класты жаңа ғана бітіріп келген баланы көргенде құдды, аумаған Жүсіпбек Елебековті көргендей болдық. Осылай оны алғаш экранға шығарған да біз едік. Үшінші хабарға Целиноградтан Қорабаевты, төртінші хабарда Оңтүстіктен жас жыршы-термешілерді шығардық, осылайша бағдарламаға келушілер мен көрермен көбейді. Байтақ республикамыздың әр жерінен, түкпір-түкпірінен өнер адамдары, халық өнерінің дәстүрінен сусындаған болашақ шебер күйші, қобызшы, термешілердің келіп, экран арқылы көрсеткен өнеріне деген халықтың ризашылығы шексіз еді. Жер-жерден, ел-елден қап-қап хат толассыз келіп жатушы еді.
Сұлтанның теледидардағы ширек ғасырлық дара соқпағы, «Өнер» баспасындағы беделді істері, елімізде құрылған тұңғыш Тіл комитетінің төрағасы тұсындағы атқарған қайраткерлік еңбегі жылдар өткен сайын бағалана түсуде.
Сұлтанның өмірінде «тұңғыш» деген сөз жиі кездеседі. «Қазақ теледидарының тұңғыш ұйымдастырушысы», «Қазақ теледидарында әдеби бағдарламаны тұңғыш енгізуші», қазіргі әзіл-оспақ шоуларының атасы «Қымызхана», «Айтыс», «Терменің» өмірге келуі – Сұлтан Оразалының есімімен байланысты. «Қазақ зиялылары туралы антологиясын» құрайтын 5 бейнефильмнің әдебиет, өнер туралы Ш.Айтматов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, І.Есенберлин, Т.Ахтанов, С.Бегалин және т.б. туралы «Сұхбат» сериялары алтынмен пара-пар қымбат қазыналар. Серік Қирабаев: «Сұлтан – қазақ теледидарындағы көркем әдебиет саласының туып, көркеюіне алғашқы күннен бастап еңбек сіңірген, әдебиет, мәдениет, өнер саласындағы телесын, теледраматургия жанрының түпатасы, көшбасшысы» – деп әділ бағалады. Теледидар бүгінде адам баласының жан азығына айналды. Сондықтан да болар, Сұлтанның «Теледидар өнері» кітабы бүгінгі заманауи ілімнің әліппесі іспеттес. «Өміріммен өзектес өнер», «Телетеатр – өнердің жаңа түрі», «Қазақ зиялылары туралы антология», «Өнер өрісі» деп аталған төрт бөлімі де заманауи ілімнің түп-тамыры бола білді. Бұрындары өнер туралы жазу үлкен еңбек болатын, академик Ахмет Жұбановтың «Өскен өнер» кітабы алғаш рет қазақ музыкасындағы танымдылықты паш етті. Ақселеудің «Күй өнері» кітабы күй өнері болмысын аспандатты. Ендігі жерде Сұлтанның «Теледидар өнері» кітабы да сол қатардан орын алатын алтын қазынаның біріне айналатыны сөзсіз.
Осы орайда академик Зәки Ахметов жазған мына бір сөз еске түседі: «Сұлтан мазмұнды да мәнді әдеби көркем телесценарийлер мен телепьесалар жазып, көгілдір экранның көкжиегін кеңейтіп, оны өмірмен, өнермен қоян-қолтық араластыруға жол ашты, құпия «сандықшаның» кілтін тапты. Соның нәтижесінде шетел әдебиетінің бірталай таңдаулы шығармалары көгілдір экран арқылы қазақ топырағына дән салып, ұлттық байлығымызды молықтыра түсті. Теледидардың тақырыптық аясы кеңейіп, жанрлық жағынан байыған, қайта түлеген кезі осы тұс». Сұлтан телепьесалары мен телеинсценировкалары, 300-ге жуық әдеби сценарийі, 20-дан астам деректі фильмі, 40-тан астам ғылыми-зерттеу мақаласы өнер саласындағы байтақ қазынаны құрайды.
Публицистер елдің мүлгіген санасын оятатын, азаматтықты тәрбиелейтін, халықтың ойын, дәуір бағдарын қорытатын көшбасшыларға ұқсайды. Табан аудармай 20 жыл еңбек етті. Қазақ топырағында кенжелеп дамыған өнерді және қазақ телевизиясының техникалық құрал-жабдықтары құлашты кеңге созуға мүмкіндік бермейтін кездегі жанкешті жұмыстары, тікелей эфирге шығарудың қиындықтары, тірнектеп жинақталған соқталы сценарийлері, тақырыптарының өзектілігі, оны жан-жақты ашып, игеру қабілеті – бәрі де бір бойынан табылған дарын да талант иесі екенінің дәлелі.
Қазақ теледидарында 60-70-жылдары жиын-жиналыстарда мінберлерден сөйлеген сөздері және көтерген мәселелері, қойған сауалдары бәрі де белсенді азаматтың тарихқа көп із қалдырған күресті жылдарының жарқын нәтижесі еді. Осылай Сұлтанмен бірге өмірге жалтақтамай батыл айта алатын жаңа буын келді. Сол ұрпақ егемендікке рухани даярлық жасаған ұрпақ еді. Мемлекеттік істерді басқарудың сындарлы саяси-ұйымдық мектебінен өткен Сұлтан Оразалыны сол топтың белортасынан көремін.
1993 жылы Тіл комитеті құрылып, төрағалығына Сұлтанның тағайындалуы, Қазақстан Үкіметінің қаулысымен комитет құзыреті анықталып, оның жергілікті органдарының қалыптасуы, сөйтіп Сұлтанның мемлекеттік тілдің білім, ғылыми, рухани, тәрбиелік және ақпараттық мүмкіндігін аша түскені әлі күнге дейін жадымызда. Өткір мінезді, ұлтжанды, қайсар, ұстамды да пайымды азаматтың жаңа тіл саясатын үйлестірудің басында тұруы әбден заңды еді.
Сөйтіп, оның жан-жақты білімділігі, шешендігі, қажырлы қайраты және тәуекелшілдігі арқасында Тіл комитетін қысқа мерзімде ана тіліміздің мәртебесін арттыруға қызмет етті. Уақытымен санаспай, күн демей, түн демей 80 мемлекеттің конституциясындағы тілге байланысты баптарды, Тіл туралы заңдар мен тәжірибелерді жинақтап, сараптан өткізді. Сол арқылы комитет ғалымдармен, дипломаттармен, түрлі саладағы көрнекті тұлғалармен ақыл-кеңес құратын орынға айналды. Тілді дамыту бағытындағы заңдарды күшейтуді, оның тетіктерін белгілеуді батыл қолға алды. «Тіл тағдыры – Ел тағдыры» деген кітабының жазылуы да жәй емес еді. Шыңдалған, шындыққа суарылған жанға осыншалық қуат берген де тіл киесі дер едім. Тілдің бағын ашуға жанын салды. Қиыннан бұлтарып, ауырдан тайсалмады. Қалың халқымен бірге болды.
Сұлтан Оразалы – қарымды қаламгер, айтулы әдебиетші. Оның шығармашылығындағы басты-басты үш сала – әдебиет, тіл және теледраматургия. Әдебиетке жақын болуына бала күнгі арманы әсер етсе керек. Ол Абай туған әдеби топырақта туып-өскен. Бала күнінен ағасы Кәменнің үйіне келген Ғабит, Сәбит, Ғабиден, Қасым, Хамит, Қайнекей, Әбу т.б. ақын-жазушыларды көріп өскен баланың жазушылыққа, дәстүрге, публицистикаға жаны құмар болғаны анық.
Алғашқы мақалалары мен очерктері Семейден шығатын «Екпінді» және «Лениншіл жас» газеттерінде жарияланып, радиодан беріліп отырған. 1977 жылы Ғ.Сланов шығармашылығын өзек еткен «Өмір шындығы және көркемдік шешім» деп аталатын монографиясы жарық көріп, сол жылы жылдың сәтті де үздік туындысы қатарынан табылды. «Ұлы адамдар ұлағаты», «Ұлылық қалғыса ұлт ұйқыға кетеді» сынды және сол сияқты В.Еременконың «Күткен таң»,
А.Хакимовтың «Қилы кезең», «Қос терек» сынды бірнеше романын қазақ тіліне аударады.
Абайдың 125 жылдығында «Абай – қазақтың ұлы ақыны» 25 сериялы және Мұхтардың 70, 80 жылдығы қарсаңындағы Мұхтар Әуезов туралы «Үлкен өмір беттері» атты 1967 жылғы – 17 серия, 1977 жылы – 20 сериялы жасаған хабарлары – халқының алтын қорына қосылған қымбат қазынасы.
Әділет министрлігінде істеген жылдары әр депутаттың жұмыс үстелінен табылған «Заң терминдерінің сөздігін» әзірлеуге басшылық жасады және бұл жинағы әр кез толықтырылып, 5 рет жарық көрді. 5 жыл ішінде 25 мың термин сөздің орысша, қазақша атаулары берілді. Тілге байланысты көптеген ғылыми-теориялық, практикалық жиындарда, әсіресе шет елдерде, оның ішінде Швейцарияда болған ОБСЕ-ның Бас комиссары Ван Дер Стул басқарған салиқалы жиында сөйлеген сөзі, сөзінің негізінде бас комиссардың бірнеше пункттен тұратын Қазақстанның Тіл саясатын қолдап, көмектесу қажет деген қарар қабылдауы – тарихи іс.
Телеарнадағы ізгі жолы сан тараптан тұрады. Солардың бірі Новеллалар театры еді. Бұл көркем спектакльдер алыс-жақын шет елдер мен қазақ авторларының жақсы әңгімелеріне негіз болды. М.Әуезовтің «Үйлену», «Шатқалақ», А. Моруаның – «Өлім фабрикасы», «Райхан гүлі», Б.Момышұлының «Адам қайраты» т.б. ұзын саны 15 телепьесаларының сценарийін жазып, халқына ұсынды. «Шұғыла» әдеби телеальманағының 60 минуттық 70 сериясы көрсетілді. Бұл шын мәнінде еліміздің әдебиеті мен өнерінің энциклопедиясы еді.
Сұлтан Оразалы бүгінде бірнеше жоғары оқу орындарының Құрметті профессоры, Халықаралық телевизия және радио академиясының (IAТR) академигі, ҚР Президенті жанындағы рақымшылық жөніндегі комиссияның, «Қазақстан» РТРК директорлар кеңесінің мүшесі және көптеген атақ иесі. Мұның бәрі де оның жылдар бойы еліне сіңірген еңбегінің нәтижесі. Өкшелес, қанаттас ініме отбасың аман, ел-жұртың тыныш, ғұмырың ұзақ болсын, жасай бер дегім келеді!
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ