Жаңалықтар

Тілек те ортақ, тіл де бір

ашық дереккөзі

Тілек те ортақ, тіл де бір

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы қыркүйектегі халыққа Жолдауында қазақ тілін ұлтаралық тіл деңгейіне көтеретін уақыт келгенін айтқан болатын. Қазір қазақ тілін жетік білетін өзге ұлттардың қарасы қалың. Оған қоса қазақ жерінде өмір сүріп, бір ауаны жұтып, бір аспанның астында күн кешіп жатқан түрлі диаспора өкілдерінің қазақ тілінде еркін сөйлеуі таңғаларлық жағдай болмауы керек екенін де ескеру керек. Қазақ жерін Отаны санайтын олар да тура осындай пікірде. Николай ПУТИЛИН: Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде еркін сөйлеуі қазір таңданарлық жағдай емес – Қазақ тілін қашан үйренгенім нақты есім­де жоқ. Ес білгелі қазақ тілінде сөйлеп ке­ле жатырмын. Қазір ойымды еркін жет­кізе­мін. Жалпы өзім орыс отбасында туып-өстім, әке-шешем де орыс ұлтынан. Екеуі де қа­зақша сөйлемейді. Туған қарындасым бар, ол да қазақша сөйлей алмайды. Ал қазақ тілінде еркін сөйлеп кетуіме бі­лім алған мектебім, ұстаздарым, ортам себеп­ші болды. Мұғалімдерім қазақ тілі мен әде­биеті пәнінен қалалық, облыстық олим­пиадаларға дайындап, қатыстырды. Жүл­делі орындар алып жүрдім. Солайша тіл бай­лығым, сөз қорым молайды. Мектеп бі­тір­ген соң жоғары оқу орнына түсіп, жур­налистикаға бет бұрдым. Көбінесе қазақша сөй­ледім. Бірақ ол кезде мен қазақша жаз­байтынмын, орыстілді журналист болдым. Кейіннен облыстық, қалалық  бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеп, сосын Хабар 24 телеарнасының Шымкент қа­ла­сы және Түркістан облысы бойынша мен­­шікті тілшісі болдым. 2018 жылы қыр­күйек айында мені Нұр-Сұлтан қаласына жұ­­мысқа шақырды. Содан бері елордада жұ­­мыс істеп жатырмын. Қазір Invest Kazakhstan ком­паниясының баспасөз хатшы­сы­мын. Осы компанияға жұмысқа тұрған­нан бастап қазақ тілінде сөйлеп-жазуым тіптен жиіледі. Баспасөз хабарламаларын қа­зақ тілінде жаза бастадым. Қазір екі тілде де еркін жазамын. Күнделікті өмірде орыс­ша мен қазақшаны тең дәрежеде қо­л­да­намын. Қазақ тілін жетік білгеннен кейін, мені қа­зақ тілін этносаралық қарым-қатынас ті­ліне айналдыру реформасының жұмыс то­бына қосты. Сондай-ақ Тіл туралы заңға ен­гізілген өзгерістерді талқылайтын жұмыс топ­тарына да шақырту алдым. Жалпы қай қоғамда, қай елде жүрсең, сол жұрттың тілін білу өзіңе ыңғайлы бо­лады. Бірден сол жерге бейімделіп, кез кел­ген адамды түсініп, тіл табысып кете ала­сың. Барлық елде солай. Өзге ұлт өкіл­дері­нің қазақ тілінде еркін сөйлеуі қазір таң­данарлық жағдай емес. Бұрын болған шы­ғар, бірақ дәл қазір қазақша жетік білетін өзге ұлт өкілдері өте көп. Елордаға көшіп кел­ген кезде қазақша сөйлегеніме таңырқап қарағандар болды. Алайда мен бұл таңда­натындай дүние деп ойламаймын. Жамалайл ЭЛИМХАНОВ: Ең бастысы – өз еліңе деген ықылас пен құрмет – 1995 жылы Ше­­­­­шенстанда со­ғыс басталған кез­де отбасыммен Қазақстанға көштік. Бала­лық шағым Ақтау қаласында өтті. Орыс мек­тебінде өзге ұлттың балаларымен оқы­дым. Бәрімізге ортақ тіл орыс тілі болды. Қа­зақ тілінде сөйлегім келіп қызығатын­мын, бірақ еркін меңгеріп кете алмадым. Өйт­кені орта болған жоқ. Мектепті бітір­геннен кейін Қытай политехникалық уни­вер­ситетінің экономика және халықаралық сауда факультетіне оқуға түстім. Жоғары оқу орнында ағылшын және қытай тіл­де­рін­де білім алдым. Бакалавр дәрежесін алып, 2014 жылы Ақтауға оралып, мұнай-газ компаниясына жұмысқа тұрдым, шет тіл­дерін еркін меңгергенім пайдасын ти­гізді. Бірақ мені қазақ жерінде өсіп, білім алып, төрт тілде еркін сөйлесем де, мем­ле­кет­тік тілді неге білмеймін дейтін сұрақ ма­залайтын. Сөйтіп, ойлана келе қазақ тілін үйренемін деп өзіме сөз бердім. Тілді 2016 жылдан бастап үйрене бастадым. Екі жыл ішінде еркін сөйлей алатын деңгейге жеттім. Қазақстан азаматтары ұлты мен жа­сына қарамай мемлекеттік тілді білуі ке­рек деп ойлаймын. Қазақтілді орта бол­мады, мектепте орысша білім алдым деген сөздерді жиі естиміз. Алайда, ең бастысы – өз еліңе деген ықылас пен құрмет. Мария ШТРОШЕР: Немістің қызы болсам да, қазақ тілін айрықша жақсы көремін – Мен Алматы облысында туып-өстім, ұлтым – неміс. Қазақ тілін бала кезімнен бі­ле­мін. Көз ашқалы қазақы тәрбиемен су­сын­д­адым. Араласатын ортам да қазақы бол­ды. Мектеп кезінде домбыра үйірмесіне қа­тысқанмын. Мектепте де қазақ сыныбын­да оқыдым. Қазір Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті есеп және аудит мамандығының 4-курс студентімін. Алматы қаласындагы неміс этномәдени қоғамының мүшесімін. Қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкі­лі ретінде Jas qazaq, «Қазақ әдебиеті» га­зет­теріне сұхбаттарым шықты, телеар­на­да­ғы түрлі бағдарламаларға қатыстым. 2019 жылы Бурабай қаласында «Өз еліңді таны» атты республикалық жастар экспедиция­сына бардым. Ал өзімнің ана тілім, неміс тіліне келе­тін болсақ, бұл тілді жоғары деңгейде біл­ме­сем де үйреніп жатырмын. Немістің қы­зы болсам да, қазақ тілін айрықша жақсы көре­мін, ерекше құрметтеймін.