Көрші болсаң, тату бол
Көрші болсаң, тату бол
Сыртқы саясатта көпвекторлы бағытқа арқа сүйейтін Қазақстан Республикасы өзімен көршілес Ресей, Қытаймен, сондай-ақ АҚШ, Еуропа Одағымен де теңдей қарым-қатынас жасап, барлық салада ұтымды байланыс орнатқан. Бұл жас тәуелсіз мемлекеттің болашаққа сергек қарап, халықаралық қарым-қатынаста өзінің дербес саясатын жүргізе білетінінің көрінісі.
Әр елдің геосаяси жағдайына қарай өз ерекшелігі болады. Бұл жағынан алғанда Қазақстанның өзімен тағдырлас Орталық Азия мемлекеттерімен, Ресей секілді ірі державамен, сондай-ақ экономикалық жағынан қатты дамып келе жатқан Қытаймен шекаралас болуы еліміздің сыртқы саясатта әлемнің басқа елдеріне ұқсамайтын өзгеше тәсілді таңдауына мүмкіндік берді.
Бүгінде Қытай мен Қазақстан арасында екіжақты келісімге негізделген экономикалық қарым-қатынас орнағаны ешкімге жасырын емес. Қытай үшін Қазақстан − Еуропаға шығар жол. Бір кезде Қытайдың сауда-саттық жасайтын керуендері Орталық Азия жерінен өтетін Жібек жолы арқылы шетке шықса, кейін дәуірлер алмасып, заман өзгеріп, бір кезде Жібек жолы кесіп өтетін далаларда өзгеше тұрпатты мемлекеттер бірлестігі − КСРО пайда болғаннан кейін ол қатынас тоқтады. Дегенмен еліміз тәуелсіздік алып, 1992 жылы 3 қаңтарда Қытай Халық Республикасымен дипломатиялық байланыс орнағалы бері екі елдің ортақ мүддесі тұрғысынан көптеген жоғары деңгейлі шаралар жүзеге асты.
1992 жылы ақпанда Алматыда Қытай елшілігі, Бейжіңде Қазақстан елшілігі ашылып, екі ел арасында сауда-экономикалық, мәдени және әскери салалардағы байланыстар дами бастады. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Бейжіңде, ҚХР төрағасы Цзянь Цзэмин Алматыда бірнеше рет ресми сапармен болды. Осының нәтижесінде 1994 жылы 26 сәуірде екі ел үкіметі шекара мәселесін түпкілікті шешу жөнінде келісімге келіп, шекара анықталды. Бұл біздің еліміз үшін сыртқы саясаттағы үлкен жеңістің бірі болды. Солайша 26 сәуірде Шанхайда ҚХР, Ресей, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан басшылары шекара мәселелері бойынша Шанхай келісіміне қол қойды. Кейін 1998 жылы 3 шілдеде Шанхай келісіміне қатысушы – 5 ел басшылары Алматыда бас қосып, Орталық Азиядағы және жалпы Азия құрлығындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ынтымақтастықты нығайту мәселелерін қарастыру мақсатында тұрақты негізде сарапшылар, сыртқы істер министрлері, үкімет және мемлекет басшылары деңгейіндегі кездесулерді өткізу туралы келісімге келді.
Қытай мен Қазақстанның байланысы туралы айтқанда ерекше тоқтала кететін жобаны бірі – «Бір белдеу – бір жол». Оны 2013 жылы елордада Қытай елінің басшысы Си Цзиньпин алғаш рет «Жібек жолының» экономикалық белдеуі» жобасы ретінде ұсынған болатын. Мұны баяғы тарихи Жібек жолының ХХІ ғасырдағы жаңғыруы деп түсінуге де болады. Бүгінде мемлекетаралық келісім негізінде жүзеге асып жатқан бұл жобадан Қазақстан мен Қытай ғана емес, Еуразия кеңістігіндегі өзге елдер де тиімді пайдалана алады деп санайды сарапшылар. Мәселен, америкалық ғалым Фрэнсис Фукуяма бұл жайында «Егер осы ірі трансеуразиялық «Жібек жолының» экономикалық белдеуі» жүзеге асатын болса, Индонезиядан Польшаға дейінгі Еуразия аймағы үлкен өзгеріске ұшырайды. Сондай-ақ, Орталық Азия мемлекеттері жаһандық экономикалық аумақтағы шеткі аймақтардың бірінен орталық дамыған аймақтардың біріне айналады» деп пікір білдірген еді.
Еуропа мен Азияның арасына көпір іспетті болып тұрған Қазақстан Қытайдың Еуропа нарығына шығуына мүмкіндік беретін бірден-бір ел ретінде өз мүмкіндігін жақсы пайдалануы тиіс еді. Бұл Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жобасының принципіне де қайшы келмейтіні белгілі. Сондықтан «Батыс Еуропа − Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолы ежелгі Ұлы Жібек жолының қазіргі заманға лайықталған баламасы ретінде Қытайдан өзге бірнеше елге пайдасын тигізетін жоба ретінде тез бекітілгенін атап өту керек. Бұл транзиттік дәлізді жасау идеясы 2008 жылғы 6 ақпандағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында көрініс тапты. Ұзамай 2008 жылы 22 қыркүйекте Ресей Федерациясымен, 2009 жылы 16 сәуірде ҚХР Коммуникация министрлігімен Батыс Еуропа − Батыс Қытай автокөлік дәлізін құру жайлы меморандумға қол қойылды. Жоба жүзеге асқанда Санкт-Петербор мен Чженчжоу аралығындағы 8 445 шақырым 10 тәуліктік сапарды қамтитыны белгілі болды. Салыстырмалы түрде айтсақ, Транссібір темір жолымен екі қала арасын (11 500 шақырым) 14 тәулік ішінде жүріп өтуге мүмкіндік болса, теңіз жолы бұдан да ұзақ уақытқа созылатыны белгілі. Демек, құрлық арқылы жүретін «Батыс Еуропа – батыс Қытай» жолы мүдделі тараптарға едәуір тиімді екені көрініп тұр.
Ал бұл жолдың жалпы көлеміне қарай отырып, оны елдерге бөлсек, жолдың Қазақстан жерімен өтетін ұзындығы – 2 787 шақырым. Ол еліміздің бес өңірінің, атап айтқанда, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облысының аумағынан өткен. Сондай-ақ жолдың қалған 2 233 шақырымы Ресей Федерациясына тиесілі болса, 3 425 шақырымы Қытай Халық Республикасының еншісінде. Жобаның Қазақстан аумағындағы құны 825,1 миллиард теңге болса, оның 2 125 млн долларын «Еуропалық қайта құру және даму банкі», 340 млн долларын «Азия даму банкі», 170 млн долларын «Ислам даму банкі» қаржыландырған.
Қытaй жобалаған «Бір белдеу − бір жол» бағдарламасы Азия мен Еуропа құрлықтарының үстімен өтетін тасжолдармен ғана шектелмейді, Қытайдың болашақ экономикaлық белдеуінің Азия мен Еуропa ғана емес, Африкaны да жалғастыратын халықaралық дәліздер Оңтүстік Қытaй теңізінен басталып Азияның оңтүстігінен өтіп, одан әрі Бaтыс Еуропамен жалғастыратын су жолдарының маршруттары да бар. 2011 жылдың шілде айында Қытай өзінің бaтыс аймақтарын Шыңжан-Ұйғыр автономиялық облысы, Қазaқстан, Беларусь, Польшa және Гермaния аумағы арқылы Еуропaмен жалғастыратын 11 000 шaқырымдық теміржол торабын іске қосты. Бұл орайда жобaдағы Қазақстанның трaнзиттік әлеуетінің де маңызы зор.
Мұндай мемлекетаралық жобалардан кез келген мемлекет өзіне тиісті пайдасын көріп қалуға ұмтылатыны сөзсіз. Сондықтан Қазақстан Республикaсы өз аумағынaн өтетін «Жaңа Жібек Жолы» тармақтарын ел туризмі үшін қолдануға мән берері анық. Бұл орайда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасына енген Қожa Ахмет Ясауи кесенесі, Тaмғалы петроглифтері, Сарыaрқа мен Солтүстік Қазақстaндағы көлдер, Қорғалжын және Наурызым қорықтaры, сондай-ақ, кейінгі кезде әлемдік мұралар қатарына қабылдaнған Қаялық, Қарамерген, Талғар, Ақыртас, Құлан, Қостөбе, Өрнек және басқа тарихи-мәдени нысандарында туризмді дамытуға көңіл бөлінсе, ел қазынасына қыруар қаражат түсер еді. Демек, Қытай мен Еуропаны байланыстыратын жолдың біздің көлік-трaнзиттік және логистикaлық әлеуетімізді көтеруге ғана емес, экономикаға күш беретін туризм саласының өркендеуіне де зор пайдасын тигізер еді. «Бaтыс Еуропа – Батыс Қытaй» жолының Қазақстан экономикасына әсері бар десек, транзиттік дәліз маңайындағы жерлерде инфрaқұрылым дамып, сол арқылы автомобиль жолдары, теміржолдaр, құбырлар жаңарып, соның негізінде жаңа жобaлар пайда болады. Сосын жоғарыда айтқанымыздай, жаңғырған Жібек жолы Қазақстан мен Ортa Азияның туризм саласына серпін береді. Бір кезде Жібек жолының бойына орналасқан көне Сауран, Отырар, Сайрaн, Алтынтөбе, Тараз шаһарларын бүгінгі коммуникaция арқылы әлемге танытa алсaқ, келешекте Ортaлық Азияның үстінен өткен байырғы керуен жолы туризм ортaлықтарына айнaлуы әбден мүмкін. Ең бастысы, «Бaтыс Еуропa — Батыс Қытaй» жолы бойында қызмет көрсету саласы дамиды. Түрлі жол бекеттері, тамақтану, демалу орындaры, көлікті шұғыл жөндеу стансалары секілді бизнес түрлері дамып, ел азаматтары үшін көптеген жұмыс орындары ашылар еді. Сол секілді халықаралық жолда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін де арнaйы әскери қызмет жасaқтары да құрылатын болады.
Қытай мен Қазақстан арасындағы ең үлкен байланыс сауда-саттық мәселесінде көрінеді. Мәселен, 2018 жылы Қытаймен сауда айналымының үлесі Қазақстанның жалпы сауда айналымының 12,3 пайызына тең болды. Сол жылдың қорытындысы бойынша, екі ел арасындағы сауда көлемі 11,4 пайызға өсіп, 11,7 миллиард АҚШ долларына жеткен. 2019 жылдың жеті айында тауар айналымы 8 миллиард АҚШ доллары болса, 2020 жылдың қаңтарынан қараша айына дейін Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты сауда 19,96 миллиард АҚШ долларына жеткен. Сондай-ақ, өткен жылы қытайлық компаниялар Алматы фотоэлектрлік электр стансасын, Жамбылдағы Жаңатас жел электр стансасы жобасын және Қарағанды қаласындағы ферросиликон кеніндегі YDD термоэлектрлік пешін, Тургусун ГЭС-і жұмысын аяқтап, пайдалануға берген. Өткен жылдың соңындағы мәліметтерге қарасақ, Қазақстанның жиынтық тауар айналымы 55,6 млрд АҚШ доллары болған. Сауда-саттықтың 29 пайызы ЕО елдерімен, 20 пайызы – Ресей және 18 пайызы Қытаймен жасалған. Демек, Қытай бүгінде Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі саналады.
А.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ