Жаңалықтар

«Абай» медалімен марапатталған Каирдегі қазақ қызы

ашық дереккөзі

«Абай» медалімен марапатталған Каирдегі қазақ қызы

Бес жасында Қазақстаннан Египетке отбасымен бірге көшкен Рабиға Төлебай он төрт жасында университетке оқуға түсіп, қазір магистратура бөлімінде оқып жүр. Сондай-ақ, Мысыр еліндегі жетекші оқу орны саналатын Каир университетінде студенттерге қазақ тілінен сабақ береді. Әлемнің он тіліне аударылған Абайдың шығармаларын араб тіліне жолма-жол аударып, осы еңбегі үшін «Абай» медалімен марапатталған Рабиғаға хабарласып, әңгімеге тартқан едік.

Біздің анықтама: Туған жылы: 1995 Туған жері: Жезқазған қаласы Білімі: Әл-Азһар университеті (Египет) Қызметі: Каир университетінде қазақ тілі пәнінің оқытушысы

– Наурыз мерекесі қарсаңында ал­ған «Абай» медаліңіз құтты болсын! Ең әуелі Абайды арабша сөйлеткен сіз се­кілді жас маманның Мысыр еліне қа­лай барғанын білгіміз келеді. Онда оқу үшін бардыңыз ба, әлде? – Рақмет! Негізі, мен – Жезқазғанның ту­­масымын. Бес айлық кезімде отбасым Ал­матыға көшіп, онда бес жыл тұрдық. Әкем сол қаладағы мешіттердің бірінде имам болып жұмыс істеді. Ал анам үй шаруа­шылығымен айналысып, сіңлім және інім үшеуімізді бақты. Кейін әкем Египетке оқу­ға түсті, сөйтіп 2001 жылы осында кө­шіп келдік. Арабтарда «Балаға кішкентай ке­зінен не үйретсең, сол нәрсе тасқа таңба басқандай мәңгіге қалады» деген нақыл сөз бар. Сол себепті балабақшада үйренген араб тілі бізге үлкен көмек болды. Онда Құран тіліне негізделетін, «фусха» деп аталатын араб тілінің ресми нұсқасымен қатар, «амми» деген ауызекі нұсқасын да үйреніп алдық. Фусханы үйреніп алған шетелдіктер осын­да келгенде түсінісе алмай дал болады, себебі мұндағы жұртшылық Құран тілін көп түсіне бермейді. Олар көше тілі деп ата­­лып кеткен аммиді көп қолданады. Сол кө­­ше тілін кішкентайымыздан үйреніп ал­ған бізге сабақ оқу оңай болды. 6-сыныпта дін, араб тілі мен әдебиеті бойынша үл­герімім өте жақсы болғандықтан, ұстаз­да­рым мен ата-анам әлемдегі беделді оқу орын­­дарының бірі Әл-Азһар универ­си­те­тіне оқуға тапсыруға кеңес берді. Ал бұл уни­верситетке түсу үшін алдымен білім дең­гейіңді көрсететін емтихан тапсыруың қа­жет. Сосын ондағылар оқуды нешінші сы­ныпта немесе курста жалғастыру керек еке­нін айтады. Сөйтіп, мені емтихан нәти­же­сі бойынша 6-сыныптан 11-сыныпқа «ат­татып» жіберді. – 6-сыныптан бірден 11-сыныпқа көшу – таңғаларлық жайт. Жоғары сы­нып оқушыларының ортасына сіңісіп кете алмай, қиналып қалған жоқсыз ба? – Мектепте сабаққа белсенді араласқан соң, мені аса ешкім түртпектей қоймады. Десек те жасымның қаншада екенін сұраса да, айтпауға тырысатынмын (күліп). Өзім­мен жастылармен түсінісе аламын деп айта алмаймын. Өзімнен үлкен кісілермен ара­ласқанда өзімді жайлы сезінемін. Ойыма ой қосып, білімімді арттыратын, көп оқыған, көпті көрген кісілердің қасында жүргенді құп көремін. Бастапқыда жасы кішкентай, оқуды ары қарай алып кете ала ма деген қор­қыныш көпшілікте болса керек. Ал мен­де өзіме деген сенімділік артып, үш ай бойы анам мен ұстаздарымның көмегімен бес жылдың бағдарламасын жатпай-тұрмай оқып шықтым. Жалпы, кітап оқығанды ерекше жақсы көремін. Кітап оқыған сайын, адам ашыла түседі. Содан болса ке­рек, көп нәрсені тануға ұмтылдым. Негізі, оқу­ға ерекше ден қоюыма араб тілі мен әде­биеті пәнінің мұғалімі себепші болды. Еги­петте ұлдар мен қыздар үшінші сы­ныпқа дейін бірге білім алып, сосын бөлек оқытылады. Біз бір сыныпта 46 қыз оқы­дық. Әлі есімде, әлгі ұстазым кітапты араб тілінде мүдірмей, дұрыс дыбыстап оқып шыққаныма таңырқап «Қане, қол шапа­лақтаңдар. Рабиғаға қолдау көрсетейік! Сендер араб болсаңдар да, араб тілінде тек шетелдік қыз жақсы оқып шықты» деп сыныптастарымды орнынан тұрғызып, қошемет көрсеткен. Сол кезде еселенген құлшынысым 11-сыныпта қатарымнан кем қалмай оқуыма септігін тигізді. Айта кетер­лігі, Мысыр елінде 12 жылдық білім беру моделі қолданылады. 11-сыныпты бітірер кезде жарысқа қатыстым. Бұл жарыста топ жарсаң, университетке түсесің, ал жолың болмаса, 12-сыныпта оқисың. Сөйтіп... – Сөйтіп, сіз аталған жарыста жақ­сы нәтиже көрсетіп, 12-сыныпты да аттап өттіңіз бе? – Иә (күліп). Сөйтіп, 14 жасымда уни­вер­ситет табалдырығын аттадым. Десек те төрт жыл бойы университетке емес, мектепке барып жүргендей сезіндім.

– Үнемі ізденіс үстінде жүретініңізге қа­рап, неліктен екі жоғары білім алуға тал­пынғаныңызды енді түсінген­дей­мін. Қазір үшінші жылға жалғасқан магистратура бөлімінде оқып жатқа­ныңыз­ды айтып қалдыңыз. Мысырда ма­гистратура бойынша оқу мерзімі көп­теген елдегідей екі жыл емес пе? – Құран және тәпсір ғылымдары бөлі­мін бітіргелі жатқанда, философия бойын­ша білім алған Әл-Азһардың бас имамы «Осы оқуыңнан кейін философияны оқы­саң қайтеді?» деп кеңес берді. Бірақ анам бастапқыда қарсы болды, өйткені білмеген жандарға философия түсініксіз ғылым се­кілді көрінеді ғой. Оның үстіне, діннен бө­лек бағыттарды зерттеуге тура келеді. Сөй­тіп, бұл ұсынысқа онша мән бере қой­ма­дым. Сол кезде елге барып, жергілікті муф­ти және дін қайраткерлерімен кездес­кен­де олар да философияны оқып алғаным дұ­рыс екенін алға тартты. Сөйтіп, тағы ем­­ти­хан тапсырып, философия факуль­те­тін­дегі оқуымды 3-курстан бастап жалғас­тырдым. Мұны аяқтаған соң, сол универ­ситеттің магистратура бөліміне оқуға түстім. Бізде магистранттар екі жыл оқиды, со­сын бір немесе екі жыл ішінде дис­сер­та­ция қорғауы тиіс. Дегенмен, таныс­тарым­ның түгелі дерлік диссертациясын жеті, сегіз, тіпті тоғыз жылда қорғап шыққан. Екі-үш жылда қорғады деген бірде-бір адамды естімедім. Жалпы, мұнда диссер­та­ция қорғау ережесі күрделі, оқу да оңай емес. Сәтін салса, диссертациямды неғұр­лым тезірек қорғауға тырысамын. – Ал Каир университетінің сту­дент­теріне қазақ тілінен сабақ беру мүм­кіндігі қайдан туындады? – Қазақстанның Египеттегі елшілігінен осын­дай ұсыныс келіп түсті. Негізі, ел­ші­лік­тен өтетін барлық іс-шараға атса­лысуға ты­­­рысамын. Мысалы, екі ай бұрын Шарм-эль-Шейхте елшіліктің ұйымдастыруымен өткен бизнес форумда әрі аудармашы, әрі ұйым­дастырушы қызметін атқардым. Көп жағ­дайда араб тіліне аударуға көмектесемін. Жоғарыда айтып өткендей, Мысырға кел­ген көпшілік көше тілін біле бермейді. Осы ретте бір қызық оқиғаны айта отырайын. Бір­де бір араб дүкенге барып, Құранға негіз­делген фусха нұсқасы бойынша сөйлеп, өзіне не керегін айтқан соң, сатушы «Сөй­леп болдыңыз ба?» десе, ана кісі басын изеп­ті. Сосын сатушы «Садақаллаһул-азим» деп­ті. Бізде Құранды оқып біткен соң, осы­лай айту қажет қой. Сөйтсе, сатушы әлгі кі­сіні Құран оқып тұр деп ойлап қалса ке­рек (күліп). Сол себепті елшілік аудару, ұйым­дастыру, кештерді жүргізуге көмек­тесіп жүргенімді бағалап, Мысырда нөмірі бірінші білім ордасы саналатын Каир уни­верситетінің төртінші курс студент­теріне қазақ тілін үйрету міндетін сеніп тапсырды. Айта кетерлік жайт, қазақ тілі сыныбы 2019 жылы 23 мемлекеттен құралған араб әле­мін­де тұңғыш рет Каир университетінде ашыл­ды. Бұл – біз үшін елеулі оқиға. Алды­мен Сауд Арабиясы немесе Қатар секілді бай елдерде емес, дәл Мысыр елінде ашыл­ғаны көңіл қуантады. Ашылу салтанатына Қазақстанның сол кездегі Египеттегі елшісі Арман Қайратұлымен қатар, елден арнайы келген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөре бастаған бір топ делегация қа­тысты. Сондай-ақ, Египетте оқитын қазақ­стан­дық студенттер де қуанышымызбен бөлісті.

– Қазақ тілін жетік білу бір басқа, ал мұны өзге ұлт өкілдеріне үйрету тіптен бөлек. Бастапқыда тәжірибеңіз болмағандықтан студенттерге сабақ беру оңай болмаған шығар? – Қазақ тілін университетте ресми тілде оқыт­пас бұрын, айналамдағы құрбы-таныс­тары­ма бірте-бірте үйретіп жүргенмін. Сол се­бепті біреуді тілге үйретуге икемім бар деп айта аламын. Дегенмен, университетте қа­зақ тілін оқыту – мен үшін үлкен мәр­тебе. «Қазақстанды таныстыра алатындай дәре­жеге қолымның жеткені ме?!» деп қуа­нып, бар ынтамды салдым. Мен түрік тілі факультетінде жұмыс істеймін. Сту­дент­терім үш жыл бойы түрік тілін оқып, 4-курс­та шет тілі ретінде қазақ, әзербайжан және өзбек тілін таңдай алады. Жыл сайын 200-ге жуық студент 4-курсқа көшеді, со­ның ішінде алғашқыда 35 студент қазақ тілін таңдады. Алғашқы оқу жылында үрей басым болды, себебі өзбек және әзербайжан тілдерінің оқу бағдарламасы үш жыл бұрын енгізілген. Оның үстіне, екі тілдің құры­лымы студенттер үш жыл бойы оқыған түрік тіліне ұқсас келеді. Қазақ тілінің де тү­рік тілімен ұқсастығы баршылық, десек те айтылуы жағынан көптеген айыр­ма­шылық бар екені белгілі. Сондықтан сту­дент­терді қазақ тілін үйренуді қиынсына ма деп ойладым. Шынымен де Қазақстан туралы енді-енді естіп жатқан олар әдепкіде қазақ тілін меңгере алатынына күмәнмен қарады. Сабақтан соң қасыма келіп «Қазақ тілі – қиын тіл. Оқи алмаймын. Бұған қара­ғанда өзбек пен әзербайжан тілі оңай екен. Сол екі сыныптың біріне ауысайыншы» деген студенттер көп болды. Төртінші курс студенті болса да, кейде балаға ұқсап кетеді ғой (күліп). Күніне бір нәрсе үйренбесек, ми­дың қабілеті нашарлайды деп, жігер бе­ріп, әр сабағымды қызықты өткізуге тыры­сып бақтым. Сабақ аптасына екі рет өтеді, бір сабақ үш сағатқа жалғасады. Грамма­ти­каны үйрету қиын болған жоқ. Маған қазір­ге дейін қиынға түсетіні – қазақша әріп­тердің дыбысталуын жаттату. Араб тілінде де біздікіне ұқсас әріптер бар, бірақ ды­быс­талуы әртүрлі. Сондықтан практи­када қазақ тілін көп қолдану үшін олармен көп сөйлесемін, елшілікте өтетін іс-шараларға шақырамын. Былтыр Абайдың 175 жыл­дығына орай өткен концертте ұлы ақын­ның өлеңін жатқа айтып, қойылымдарға қатысты. WhatsApp желісінде арнайы топ құрып алғанбыз. Сонда күн сайын жаңа сөз­дер жіберіп отырамын. Алғашында бір сту­дентімнен «Сәлеметсіз бе, ұстазым!» де­ген хат келгенде алақайлап, үйдегілерге араб азаматының қазақ тілінде хат жазға­нын сан мәрте айтып, бойымды мақтаныш кернегені бар. Бүгін де бір студентім турис­тер көп жүретін жерде қазақтармен кездей­соқ танысып, қазақша сөйлессе олар аң-таң болыпты. Бұл жаңалықты жеткізгенше асық­қан ол сөз соңында ризашылығын біл­діріп жатыр. Қазіргі студенттерімнің қа­зақ тілін үйренуге қызығушылығы зор. Үл­герімі жақсы студенттер тіпті үйден оқу­ға бермеген тапсырмаларды орындап, жаңа сөз­дер жаттап келеді. Мұны көрген өзге сту­денттер де ізденіп, келесі сабаққа ғалам­тордан Қазақстан туралы көп дерек тауып келіп, бір-бірімен бөлісіп отырады.

– Салт-дәстүріміз туралы деректерді де өздігінен іздеп тауып, сізден сұраған болар? – Иә. Әсіресе, ұлттық тағамдар туралы көп сұрайды. Жылқы етін жеу арабтардың та­биғатында жоқ нәрсе. Олар көгершіннен ас әзірлейді. Сол себепті біздің мәдениеттегі ерекшеліктерді атағанда, олардың дәстүрі­нен мысалдар келтіріп, салыстырып отыра­мын. Екі елдің менталитетін жақсы білген соң, екі түрлі мәдениетті өзара байланыс­тыруға тырысамын. Өйткені олар біздегі төрт түлік малды өсіріп, етін жеп, сүтін ішу дәстүріне үрке қараса, ары қарай қызы­ғушы­лығы азаятыны белгілі. Сондықтан түрлі тәсілдер арқылы танымдық белсен­ділігін арттыруға тырысамын. Тағы бір айта кетерлігі, олар біздің ұлан-асыр той өткізіп, көптеген жөн-жоралғы жасайтынымызға таңғалады. Мысырда тек бір той жасайды. Үш жүз адам шақырылса да, біздегідей аста-төк дастарқан жайылмайды. Үстелге тек Pepsi сусыны мен бір дана печенье қойы­лады. Тілек айтылмайды. Елшілікте Тәуел­сізд­ік күні, Наурыз мерекесін атап өткенде оларды шақырып алып, сахналанатын қойы­лымдардағы салт-дәстүрлерді түсін­діре­мін, ұлттық тағамдардан дәм татқы­за­мын. Кабинетте кітап оқып қана қоймай, көз­бен көріп, қолмен ұстап, дәмін татып, ел­шілермен сөйлестіру үшін қолымнан кел­генін жасап жатырмын. Әлбетте, атқа­ры­латын шаруа көп. Көп жағдайда жалғыз өзім үлгере алмай қаламын. Осындайда қа­сымда көмектесетін бір адам болса ғой дейсің. Мен сабақты биыл ғана беремін, себебі келесі жылы бүкіл уақытымды диссертация әзірлеуге жұмсаймын. Оған қоса, Египетте тұрақтап қалу ойда жоқ. Түпкі мақсатым – елге қайту. Жүрегім «Қазақстан» деп соғады, елге барғанда ғана ты­ныштық табады. – Әлемнің он тіліне аударылған Абай шығармаларын араб тіліндегі жолма-жол аудармасын әзірлеуге ат­салыстыңыз. Қазақ тілінің маманы бол­­масаңыз да, ұлы ақынның туын­ды­ларын тәржімалауға үлес қосқа­ныңыз­ға риза болып отырмыз... – Қазақ тілінің маманы емеспін. Деген­мен анам сабақтан келген соң қазақ тілінде кітап оқуымызды қатты қадағалайтын. Сол кез­де баламыз ғой, оқығымыз келмей, ана­мызға «Бізді қинап жатырсыз. Онсыз да бас­қа тілдерді оқып, шаршап жүрміз. Еркін сөй­лейтін ана тілімізде неге сонша кітап оқы­тасыз?» деп ренжитінбіз. Қазір қарап отыр­сам, анам солай табанды түрде оқыт­пағанда, Абай атамыздың шығармаларын аударуға, арабтарға қазақ тілін үйретуге құлшынбас едім. Түркияда отбасымызға жақсы таныс профессор Әбдуақап Қара аға­мыз анама хабарласып, Абайдың 175 жыл­дығына орай Ұлттық аударма бюросы ақынның шығармаларын әлемнің он тіліне аударғалы жатқанын, соның ішінде араб тіліне аударуға талпынып көруіме кеңес бер­ді. Бастапқыда анам «Бұл – үлкен ама­нат, қажет емес» деп қорқақтап, бас тартты. Кейін­нен келісіп, нәтижесінде ақынның 148 өлеңін араб тіліне аудардық. Екі елдің мә­дениеті екі түрлі екені белгілі, сондықтан аудару барысында біраз қиналдым. Әсіресе, қыс мезгілін, жануарларды сипаттау, қыс­тақтарға циклдік көшулерді аудару, шу­мақ­қа бөлу оңай болмады. Десек те екі араб ақы­ны әдеби жағынан редакциялап, кем-кеті­гін түзеп берді.

– «Абай» медалімен көбінесе жасы үлкен қайраткерлер марапатталып жат­қанын байқап жатамыз. Сізге ме­даль табысталатынын естігенде таң­ғалған боларсыз? – Иә, күткен жоқпын. Абайды араб елі­не танытқаны үшін «Абай» қоры елшіліктің ұйымдастыруымен өткен әл-Фараби кон­фе­ренциясында төрт мысырлыққа және маған «Абай» медалін табыстады. Медальді елден арнайы алып келген «Абай» қорының меңгерушісі «Абай» медалін алғаш рет жас қыз балаға табыстап жатырмын» деп таң­ғалысын жасырмады. Расымен де сыр­тым­нан танитын көпшілік мені үлкен әйел деп ойлайды екен. Египеттегі қазіргі елші Қайрат Лама Шариф менімен таныспай тұрып, біз аударған кітапты оқып, әлеумет­тік желіде мақтап жазған болатын. Сосын бір күні кеңсесіне арнайы шақырғанда мені көріп «Абайдың туындыларын аударған Рабиға дегенге сені 40-50 жас шамасында деп елестеткенмін» деп, жас болсам да, осын­дай игі істерге араласып жүргеніме риза­шылығын білдірді. Осы ретте мені білім­ге баулыған, Абайдың туындыларын аударуға шама-шарқым жететініне көзімді жеткізген анама алғысымды жеткізгім келеді. Сенесіз бе, мен оқуға түскенде анам күн сайын менімен бірге университетке ба­рып жүріп, көз бен сөздің сұғынан қор­ғап жүрді. Араб елдерінде әйелдер қара түсті киім киіп, бетперде тағып жүретінін біле­сіз. Қара түсті киім кию олардың дәс­түрінде бар, сондай-ақ осындай түсті киім кию оларға ыңғайлы. Ал мен керісінше ашық түсті киім кигенді ұнатамын. Кей жағ­дайда белдемшемен қатар, шалбар кие­мін. Бір жағынан ұятқа қалмас үшін, екінші жа­ғынан басқа көзқарасты ұстанады деген­ге келтірмес үшін өзіме жарасатын киімді киемін. Мұнымды байқаған көпшіліктің «Абай бол, бәзбіреулер тиісуі мүмкін. Бетің­ді жауып жүр. Қара түсті киім ки» деп айт­қа­ны бар. Десек те мен айналамды тың­да­май өзіме ыңғайлы өмір салтын ұстануға тырысамын. – Қазақстанға оралғанда немен ай­на­лыспақ ойыңыз бар? – Жыл сайын барған кезде таныстарым Қазақ­станға қайтуым керек екенін, елге ке­ліп қызмет етуім тиіс екенін сан қайталап ай­тады. Қазақстанды өркендетуге үлесімді сыртта жүріп те қоса аламын. Уақыт өте келе, айналамдағы кісілерге мұны растадым деп ойлаймын. Елге оралғанда қандай жұ­мыс істегім келетінін сұрасаңыз, кез кел­ген қызметті атқара аламын. Отбасың жаныңда болса да, тарихи Отаныңның сенен алыс, са­ған соншалық қымбат екенін сезесің. Ту­ған жердің топырағын басып жүргің келеді. Сол үшін де елге қайтқым келеді. Магистра­тураның дипломын алып, әлемдегі қазіргі жағ­дай тұрақталғанда Қазақстанда жұ­мысқа тұру мүмкіндігі туындайтынына сене­мін.

Әңгімелескен

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ