Сатирадан мән кетсе, сахнадан сән кетпей ме...

Сатирадан мән кетсе, сахнадан сән кетпей ме...

Сатирадан мән кетсе, сахнадан сән кетпей ме...
ашық дереккөзі
Адамзат қоғамында барлық нәрсенің орны бар. Мәселен, ретті же­рінде сынап-мінеп, ащы тілмен түйреп отырсақ, бірқалыпты, ұйып қал­ған тіршіліктің бойына қан жүгіреді. Шынына келгенде, жара­ты­лы­сынан мазасыз адам баласын әрі-беріден соң өлі тыныштықтың өзі жа­лықтыра бастайды. Сондықтан ретті жерінде сынау, шенеу, әзілдеу, кей­де тіпті дұрыс нәрсенің өзінен ілік тауып күлкіге айналдыру − адам көңі­лін көтеріп, өмірді қызықты ететін құбылыс. Әдебиеттану ғылымы сынау, тиісу, қыжырту, әзілдеу, қалжыңдау, мысқылдау, ке­кету, мазақтау, масқаралау т.б. деп кете беретін аталас «қисық» сөздердің бәрін «са­тира» деп бір-ақ ауыз сөзге байлайды. Десе де сатира, юмор, сарказм деген­дер­дің бәрінің өз орны бар. Қазақ ежелден қалжың сөзге ерекше мән берген. Содан болар, қалжың кө­­­­термейтіндерді, әзілді түсінбейтіндерді «Ау­зында қалжыңы жоқтың, белінде шоқ­пары бар» деп парасатты адамға санамаған. Өк­пе-назын орынды әзілмен жеткіз­ген­дерге ешкім өкпелей алмаған. Айыпты бо­­лып тұрса мысқылға арланбаған, кінә өзі­­нен болса кекеткенге де кектеспеген. Арғы-бергіні ақтарып қарасақ, қа­зақи қал­жыңдардың көбінен үлкен мәде­ниет­тің, терең парасаттың, қара қылды қақ жар­­ған әділдіктің белгісі көрінетін еді. Де­­мек, қазақтың қалжыңын, ақыл-ойды дұ­рыс қалыптастыруға әсер етуші адам тәр­­биесінің құралы болған. Әр халықтың әзіл-қалжыңы, сын-сы­­қағы өз болмысына жақын. Әри­не, ол кейде сатира жасаушы жеке адам­дар­дың ішкі мәдениеті мен таным-түсінігінің дең­гейіне байланысты болатынын жоққа шы­ғаруға болмайды. Бірақ тұтас халықтың қал­жыңға деген көзқарасы, сатираны қа­былдауы біртекті тұтасқан әлемді таны­та­ды. Бұл орайда қазақтар оңашада құр­дас­тар арасында не жезде мен балдыздың сөз қағысуында болмаса, көпшілік алдында, өзі құрметтейтін кісілердің көзінше орын­сыз, мәдениетсіз қалжыңға бармайды. Яғ­ни, түрлі қалжың бар десек те, оны сах­на­ға алып шыға беруге болмайды де­ген сөз. Ал бізде қандай қазір? Не түрлі дөрекі сатирасымақтар адам­­ның жеке басына тиетін, тіпті адам­­дығын қорлайтын деңгейге дейін тү­сіп, саналы адамды күлдірудің орнына жи­­­­рендіріп отырады. Әрине, бүгінгі сах­на­да көрсетіліп жатқан сын-сықақтарды бая­­ғы Асқар Тоқмағамбетов, Оспанхан Әу­­бәкіровтер жасаған классикалық қазақ сатирасымен салыстырмақ ойымыз жоқ, бі­рақ кітап оқыла бермейтін бүгінгі за­ман­да жұрт театр сахналарынан, теледидардан бе­рілетін сахналық күлдіргі қойылым­дар­ды сатира деп қабылдауға бейім. Ал оларда клас­сикалық сатира формасы, мәдениетті қа­зақы қалжыңдар үлгісі сақтала бермейді. Мә­селен, «Нысана» театрының жұртты күл­­­діремін деп оқушысынан жүкті болып қал­ған мұғалім образын сахнаға алып шығуы, актер Нұржан Тұтовтың түн ішін­де дамбалмен үй кезіп жүргенін баяндап, «қарасам – енем» деп енесін күлкіге айнал­дыруы, «Бауыржан-шоудағы» «Құдағи бір пар­тия» деп әңгімені белден төменге тірей­тін Бауыржан Ибрагимовтың «тапқыр­лы­ғы», «Шаншар» театры әртістерінің «папа», «ма­­ма» деген сөзді кішкене балаға «теріс қа­­рап оқы» деп әжуалауы сияқты теріс тен­­­­денциялардың әзіл-сықақ театрлары сах­­насынан қалай болса солай берілуі ха­лық­тың талғамын төмендетіп кеткен сияқ­­ты. Өйткені өнер адамдары өнім ұсы­ну­­шы болса, халық – тұтынушы. Тұ­тыну­шылар қолжетімді өнімдерді ғана қанағат тұтады. Демек, қоғамға ең керекті сатира жанры сахнаға телмеңдеп, оның кім кө­рін­­геннің қолжаулығына айналып бара жат­қаны жаныңды ауыртады. Қоғамда барлық кәсіп иелерінің атау­лы күні бар, ал сатириктерге тікелей қа­ты­сы бар бір мейрам – 1-сәуір – күлкі күні деп есептеледі. Әлемнің көптеген мемле­ке­­­­тінде атап өтілетін бұл мейрам біздің ел­­де танымал. Сондықтан күлкі күнінде елі­міздегі бірнеше сатирик қаламгерге қол­қа салып, формасы өзгеріп, сахнаға шығып кет­кен бүгінгі қазақ әзіл-сықағы туралы ой­ларын білгіміз келді.  width= Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ, сатирик жазушы:  Асыранды күлкінің ғұмыры ұзақ болмайды
– Жалпы, қазақ сатирасы солғын тар­тып кетті деген пікірдің өзі дұрыс емес. Бұл – қазақ сатирасын оқымайтындардың ойы. Қазақ сатирасын театр сахнасындағы күл­дібадам ойынның деңгейімен өлшеуге бол­майды. Әйтпесе қазақ сатирасына ке­ліп қосылып жатқан шығармалардың бар­лығы сахнаға арналмаған ғой. Күн­делік­ті жазылып жатқан шығарманың бар­лығын сахнаға сүйрелей бергеннен не ұта­мыз? Олардың өз мақсаты, өз түсінігі бар. Кітаптан оқитын сатиралық шығар­ма­лар мен сахналық сатираның айыр­ма­шылығы бар. Демек кітаптағы шығарма­ның барлығын сахнаға алып шығу міндет­ті емес. Жалпы, қазақ сатирасын театр сах­­­насына әкеліп тіркеп қою да қате. Сон­­дықтан сатира жайлы әңгіме болса, қа­­зіргі жауыннан кейінгі қаптап кеткен сан­­сыз театрлардың ойынын сөз етеміз. Оны қазақ сатирасымен шатастырмау ке­рек. Қазақ сатирасы деген ауқымды түсінік. Ол түсінікті сахнаға апарып байлап қою қа­зіргі қазақ сатирасы мен күлдібадам ойын­дардың арасындағы алшақтықты тү­сінбеу дер едім. Сондықтан қазіргі қазақ са­тирасы деген сұрақ пен ыржақай ойын­дардың деңгейін шатастырмау керек. «Қазіргі қазақ сатирасы» туралы жалпы­ла­ма сұраққа әуестерге таңым бар. Олар қа­зір­гі қазақ сатирасының хал-күйін әлгі ыр­жақай ойынпаздардың жырбақай күл­кісімен шатастырады. Оның барлығы қа­зақ сатирасы емес. Ол жеңіл, қолдан жа­саған күлкіге әуес, сахнадағы оспадарсыз ойы­нымен нан тауып, «бедел» жинап жүр­г­ендердің әрекеті. Сондықтан «қазіргі қа­зақ сатирасы» туралы әңгіме қозғағыңыз кел­се, шынында сол қазіргі қазақ сати­ра­сын оқып, білу қажет. Шындығында бүгінде қазақ сатирасы­ның беделін айрандай төккендер де сол сан­сыз, сапасыз театрлар дер едім. Солар­дың қойылымдарында біздің қазіргі қазақ са­тирасы өкілдерінің бірде-бір шығармасы жоқ. Барлығын сол театрларда ойнап жүр­ген актерлар жазады. Жазады деймін-ау, жаз­байды, естіген, оқыған анекдоттарын ті­зіп, солардан күлкі шығаруға әуес. Сол се­бепті олар сахнада залда отырғандарды қы­­тықтап күлдіруге бейім. Қытықтай да ал­­майды. Залда отырғандарға олардың қо­лы жетпейді ғой. Қолы жетсе де, қол­ты­ғына қол тыға алмай әуреге түседі. Сол қи­на­лыстан жасанды, қолдан қашырған күлкіге ұқсас бірдеңе туындайды. Сон­дықтан жасанды күлкі шақырған сөз сол сәт­те-ақ ұмытылады. Ал нағыз күлкі өмір­шең. Ол сахнадан да түспейді, өмірде де мы­сал ретінде көп айтылып жүреді. Қазақ сатирасы туралы айтқанда жал­пы сұрақ қоюдан аулақ болу керек. Театр­лар­дағы қойылымдардың ешқайсысы қа­зақ сатирасының жүгін көтере алмайды. Қа­зақ сатирасы деген кең ұғымға сыймай­ды да. Ол әуесқойлардың сырттан бақы­лап, сырттан түрткілеп тиіп-қашқан ойын­дарына ұқсас бірдеңе ғана. Сол се­бепті қазіргі сахнадағы күлдібадам қойы­лым­дарды қазақ сатирасымен қатар қою са­тира жайын білмеушілікке жатады. Сондықтан сахналық қойылымдардың ешқайсысы да қазіргі қазақ сатирасының хал-күйін бере алмайды. Онда мүлде са­тира жоқ. Күлкі де жоқ. Барлығы жасанды, асы­ранды. Асыранды жыртқыштың жырт­қыш боп жарытпайтынын ойласақ, асы­ран­ды күлкінің де ғұмыры ұзаққа созыл­май­ды.
 width= Мұхтар ШЕРІМ, сатирик жазушы: Жас­тар сатира мен юмордың аражігін ажы­рата білмейді
– Қазіргі қазақ сатирасы туралы сұрақ­тар­дың дені былай болып келеді: «Сатира неге арзандап кетті?», «Әзіл-сықақ театр­лары неге тұщымсыз дүниелер сахна­лай­ды?». Шынында, қазақ сатирасының дең­гейі тым құлдырап кетті ме? Осыған жауап із­деп көрейік. Бір кездері, атап айтқанда, кеңес дәуі­рін­де сатира қылышы алмастай жарқыра­ды. Сатира сарбаздары сап түзегенде, жер қайыс­паса да, әскер тілінде бір ротаға же­тіп қалардай болатын. Олардың ішінде ге­нералы да, капитаны да, тіпті, ефрей­тор­лары да көп болды. Аттарын атап, түстерін түс­теп жатпай-ақ қояйын. Кеңес кетті, тәуел­сіздік келді. Жаңа өмір басталды. Бұрын­ғыдай совхоз директорларын діріл­де­тіп жазып жүрген сатириктердің дені жаңа заман көшіне ілесе алмай қалды. Көшу былай тұрсын, жаза да алмай жүр. Көш­ке қол бұлғап қала берді. Жаза қалса, сол баяғы сараң стильдерінен ажырап кете ал­май, алақтап, жалақтап қалды. Өкінішке қа­рай, әзірше тәуелсіздік жастары ара­сынан Оспанханша осып жазатын, Әзиз Не­синше әзілдің түбін түсіретін, Чеховтай мақтамен бауыздайтын сатириктер шық­пай жатыр. Бірді-екілі күлдібадам әзіл жа­зып, оны әлеуметтік желіге жариялай қой­ғандарды немесе әзіл-сықақ театр­ларын­да бүгін сахналанып, ертең ұмы­ты­лып қалатын, өздерін өздері сатирикпін деп күпінетіндерді сатира сарбаздары қа­та­рына қоса алмаймын. Шалқаңыздан түсіп, ойланып жат­саңыз, көз алдыңызға жастардың бәрі күл­­кі іздеп кеткендей. Құдай күлкіден ажы­­ратпасын. Бәрі әзіл-қалжың театр­ла­рын ашып, жұртты күлкіге қарық етсем, сөй­тіп, көңілдерін жарық етсем дейді. Алай­да, олар авторлармен жұмыс істегісі де келмейді, шеттерінен Шекспир, шет­те­рінен Щедрин. Ал сахналаған дүниелерін таразымен өлшеп жіберсеңіз, салмағы − нөл. Не тәрбиелік мәні жоқ, не сатиралық сәні жоқ, былыққан бірдеңелер. Театрды қой­ған жастар енді кино саласына ауыз сала бастады. Комедиялар түсіруден жарыс басталды. Өздерін Голливудтың актер­лерін­дей сезінгендер youtube-ты ұятқа қал­дырып жатыр. Мәселен, Шымкенттегі се­риалшылар жылдар бойы мағынадан жұр­дай, ар-ұяттан тырдай «Әпке», «Жез­духа» атты кинокомедиясымақтарды ұсы­нып отыр. Жасыратыны жоқ, көрер­мен­і де жоқ емес. Соған қарағанда, қа­зір­гі көрерменнің ойлау деңгейі құ­дықтың ішіне түсіп кеткен немесе іштері пыс­қандықтан бірдеңеге алданғылары ке­леді. Тұщымды дүниелер жоқ болған­дық­тан. «Әпкенің» кейіпкерлері мынадай диалог құрады: «Жуынып жатып, сіңбірме­сең­ші? Миың қосыла түсіп қалады ғой?» дейді. Осыған да күлетіндер бар екен. Мен кү­ле алмадым. Боқтық-былапыт сөздерді ара­ластырып ойнай беретін бұл «актер­лер­ді» нағыз өнер майталмандары, сатираның майын жалап жүргендер деп айта алмай­мын. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүрте салуға тағы болмайды. Көп сыналатын Тұрсынбек Қабатов ащы сатираға да ауыз са­лып қояды. Мақтамен бауыздау шебері. Оның «қазақтар картина көрмейді» деген пәл­сәпалы сатирасында терең ойлар жа­тыр. Қанша дегенмен, жеңіл әзілдерді құ­тыр­тып айтса да, Тұрсынбекте «бірдеңе» бар. Ақтөбедегі «Екі езу» театрының әртіс­тері де мағыналы, майлы сатираның сор­пасын ішіп қояды. Нұрлыбек Жұ­бат­қан­ның қойылымдары ішек-сілеңізді қа­тыр­маса да, «ойпырмайлатып», ойландырып қоя­ды. Ал ой тастайтын сатира да керек. Жас­тар сатира мен юмордың аражігін ажы­рата білмейді. Сатираның ащы, кеке­сін екенін түсінбейді. Сөйтеді де, «Екі езу­дің» терең ойлы сатиралық қойылым­дары­на көздерін сығырайта қарайды. Нұрлыбек Жұбатқанның жемқорлық, парақорлық туралы «Командосы» шебер жазылған дү­ние. Ал қатын өсектерден аспайтын Күл­паш­тардан жұрт жалыға бастады. Бүгінде жастар, жастар дейміз-ау, үл­кен­дердің өзі газет оқымайды, кітап бе­тін ашпайды десек те болады. Олар қазіргі за­­­манның Вконтакте, Facebook, Instagram-дарынан үңілуден шаршамайды. Дұрыс дейміз бе, бұрыс дейміз бе, оның өздеріңіз та­разылаңыздар. Менің өзім де, әлеуметтік же­лілерді жиі қараймын, әрі сатира­ла­рымды салып отырамын. Бір байқағаным, сатиралық немесе әзіл әңгімелерін жария­л­айтындар жоқ десе де болады. Керемет мүм­кіндікті жіберіп, тек қонаққа бар­ған­дағы ішкен-жегендерін әңгімелеп жазу­дан, суреттерін жарнамалаудан ары аспайды. Қызылордалық Беко Шанхай (Бүркеншік аты) есімді жігіт ағасынан көп үміт күтуге бо­лады. Еңбекқор. Үнемі әзіл әңгімелерін қар­ша боратып жатады. Тағы бір айтарым, ілгеріде басылым беттерінде әзіл-оспақ бұрыштары көп бо­ла­тын. Бүгінде мұндай үрдіс жоғалған десе де болады. Осы жағына да көңіл бөлген дұрыс деп ойлаймын. Сатираны дамытуға бұл да көмек болар ма еді? Сатирадан сән ке­тірмес үшін көркем сөз оқу сияқты са­тиралық монологтарды оқудан байқаулар өт­кізіліп тұрса құба-құп! Қалай болғанда да, күлкі – құдыретті күш! Ол ғасырлар бойы жасай береді.
 width= Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ, сатирик қаламгер: Қазақ сатирасы қоғамды тәрбиелеуші құрал дер едім
– Сатира адам бойындағы білімсіздік пен надандық деп аталатын жаман қа­сиет­тен пайда болатын зұлымдық пен қаты­гез­дікті, сараңдық пен опасыздықты әшке­ре­лейтінін, сол арқылы адамды жаман­дық­тан сақтандыратынын әдебиеттен аз-маз хабары бар жұрттың бәрі біледі ғой. Бірақ кейн­гі дәуірде осы салада жүрген азамат­тар­дың көбі оны ақша табудың құралына ай­налдырып, бағасын түсіріп жібергенін ел­дің бәрі көріп отыр. Бұл туралы аз әңгіме бо­лып жатқан жоқ. Мәселен, «Қазақ әде­биеті» газетінің дәстүрлі «Алқа» отыры­сының бірінде қазіргі белгілі қазақ са­ти­рик қаламгерлері бұл жайында жеріне жет­кізіп-ақ айтты. Сонда Көпен Әмірбек: «Ұйым­дасқан қылмыс пен сыбайлас жем­қорлыққа, парақорлыққа, аярлыққа, аш­көздікке, қомағайлыққа қарсы күресіп жат­қанымызға ширек ғасырдан асып ба­рады. «Жемқорлыққа қарсы күресті кү­шей­тейік, соған бұқара болып дем берейік, ол – әр азаматтың парызы» деп жыл сайын жар саламыз. Сол күрестің ең үлкен құралы ретінде сатираны мемлекет қолға алу керек қой...», − деп ұсыныс айтса, қа­лам­гер әрі актер Асқар Наймантаев: «Қалам тартып жүрген кей азаматтардың өзі күлкіден мақұрым екенін көзім көріп жүр. Сатирикке тән қасиет Құдайдан беріледі, меніңше. Арнайы оқу сауаттылық үшін қажет болар, сатирик болу үшін емес. Станислав Ежиец деген кісі: «Қорқынышты дүние күлдірсе – әзіл, күлкілі дүние қор­қытса – сатира» деген екен. Осы дарын дәрі­­мен егілмейді, таяқпен қонбайды адам­ға. Менің оған көзім жеткен. Қазақтың қалжың академиясы әлемде жоқ! Бұл – ұлттық дәстүр, бұл ұлттық тәр­бие құралы. Қазақ қалжыңы көлденең көк атты кіріп кететін орта емес. Нағашы мен жиен қалжыңына, жезде мен балдыз, құда бала мен құдаша, құрдастар қалжыңына орта жолдан кіріп кететін құқың жоқ. Тек со­ларға ғана тән әлем ол. «Субординация» деп, «Бізге Батыстан сіңген мәдениет» деп өзінше тантып жүргендер жетерлік. Қазақтың субординация мектебі осы жо­ғарыда аталған қалжыңдар...», – деп қазақы қалжыңның тереңіне ой жіберсе, қазақ сатирасында үлкен орны бар сықақшы қаламгер Ғаббас Қабышұлы: «Сатира қайда, қашан болсын, халықтың биліктік жүйеге наразылығын дөп басып, өткір жазуымен көпшілікке көмекші болу парызынан жаңылған жоқ. Шынайы демократиялық елдерде бүгін де көмекші...», – деп сати­раның қоғамға әсерін бағалайды. Міне осы айтылғандардың өзі-ақ сын-сықақ, әзіл-оспақ дегеннің не екенін ұқпай жүрген­дерге (ұққысы келмей жүргендерге де) едәуір сабақ емес пе? Өкініштісі, бүгінгі КВН-талғамның фаб­рикасынан өніп жатқан сатира мен оның орындаушыларына елді күлдірсе болды, басқасында шаруасы жоқ. Баяғы кез­дегідей сатира жанрында қалам тер­бейтін ақын-жазушылардың емес, өзде­рі­нің арзанқол дүниелері мен анекдоттық дәрежедегі дөрекілеу қалжыңдарына сүйенетін «квнщиктерден» құралған әзіл-сықақ театрлары көбейіп кеткен заманда қазақи қалжың ұмытылмай қайтеді? Де­мек, қазақы қалжыңды тірілтпей, күлкі­мізге де ұлттық реңк бермей тыңдаушыға ру­хани нәр болар сатираға жарымаймыз. Ұлт барлық мәселеде өз дербестігін, ерек­шелігін көрсете білуі тиіс. Сондықтан қа­зақ сатирасы да жан-жақты дамып, әзіл-сы­қаққа қазақы көзбен қараса, қазақы қал­жыңның тамырына қан жүгіріп, сах­на­мыздағы әзілге әдеп қайтып оралары хақ.
P.S.  Қазақ сатирасының бүгінгі жай-күйі туралы пікір білдірген үш қаламгердің ой­ларынан білгеніміз «бүгінгі қазақ сатирасы» деген мәселеде проблема бар­шылық екен. Бірі классикалық сатира мен сахналық әзіл-сықақ қойы­лым­дарын шатастыруға болмайды десе, екіншісі сахналық шығармалардың тұзы жеңіл, қоғамдағы проблемаларды терең қамтуға қауқарсыз дейді. Ал үшіншісі әзіл-сықақтың ұлттық реңкі, яғни қазақы қалжың болуы қажет, сонда сатира мәдениетті жолмен дамиды деген пікірде. Әрине, бұлардың қай-қайсысының да ой­ларында шындық бар. Айтқандарымен келісеміз. Бірақ айта кететін бір нәрсе, бүгінгі заманда баяғы кездегідей кітаптан сатиралық шығарма оқып рухани ләззат алатын оқырман жоққа тән. Оның үстіне шығып жатқан сатиралық кітап­тар аз. Шыққандарының таралымы мәз емес. Ол халыққа жетпейді. Сондықтан қазақ сатирасын іздегендер теледидардан берілетін не театрларда көрсетілетін әзіл-сықақтарды қарап, соны қанағат тұтуға мәжбүр. Ал әзіл-сықақ театрлары қазақтың сатирик жазушыларымен бірігіп жұмыс істеуге құлықсыз. Осының себебінен сахналық сатираны күлдіру үшін жасалған дөрекі қалжыңдар басып кетті. Кейбірі басы комедия болып басталғанымен, ізі трагедияға айналып, күлуге барған жұрт театрдан жылап шығады. Сондай-ақ, Тұрсынбек Қабатов секілді сатиралық театр әртістері мәселенің көбін «қазақтыққа» тіреп, дүниедегі бар оспадарсыздықты өз халқының бойынан көруге бейім. Бұл да көңілге тиетін «тәсіл». Әзіл-қалжыңды тақ-тұқ «квндік» дарақы күлкі тудыратын нәрсе деп біле­тін­дер қанша... Қалай десек те, бүгінгі қазақ сатирасында (негізінен сахнада жасалып жат­қан) тоқырау бар сияқты. Өйткені қаптаған әзіл-сықақ театрларының («Шаншар» се­кілді бұрыннан келе жатқан бірер театрды айтпағанда) бірін-бірі қайта­лай­тыны, тәсілдерінің ұқсастығы шынайы сатиралық қойылым көргісі келетін жұрт­тың көңіліне кірбің салуда. Сондықтан бұл мәселеде жаңаша ізденіс, шы­ғармашылық серпіліс қажет секілді. Сатирадан мән кетсе, сахнадан да сән ке­те­тінін ұмытпағанымыз жөн шығар.

Дайындаған

Ахмет ӨМІРЗАҚ