Жаңалықтар

Сатирадан мән кетсе, сахнадан сән кетпей ме...

ашық дереккөзі

Сатирадан мән кетсе, сахнадан сән кетпей ме...

Адамзат қоғамында барлық нәрсенің орны бар. Мәселен, ретті же­рінде сынап-мінеп, ащы тілмен түйреп отырсақ, бірқалыпты, ұйып қал­ған тіршіліктің бойына қан жүгіреді. Шынына келгенде, жара­ты­лы­сынан мазасыз адам баласын әрі-беріден соң өлі тыныштықтың өзі жа­лықтыра бастайды. Сондықтан ретті жерінде сынау, шенеу, әзілдеу, кей­де тіпті дұрыс нәрсенің өзінен ілік тауып күлкіге айналдыру − адам көңі­лін көтеріп, өмірді қызықты ететін құбылыс. Әдебиеттану ғылымы сынау, тиісу, қыжырту, әзілдеу, қалжыңдау, мысқылдау, ке­кету, мазақтау, масқаралау т.б. деп кете беретін аталас «қисық» сөздердің бәрін «са­тира» деп бір-ақ ауыз сөзге байлайды. Десе де сатира, юмор, сарказм деген­дер­дің бәрінің өз орны бар. Қазақ ежелден қалжың сөзге ерекше мән берген. Содан болар, қалжың кө­­­­термейтіндерді, әзілді түсінбейтіндерді «Ау­зында қалжыңы жоқтың, белінде шоқ­пары бар» деп парасатты адамға санамаған. Өк­пе-назын орынды әзілмен жеткіз­ген­дерге ешкім өкпелей алмаған. Айыпты бо­­лып тұрса мысқылға арланбаған, кінә өзі­­нен болса кекеткенге де кектеспеген. Арғы-бергіні ақтарып қарасақ, қа­зақи қал­жыңдардың көбінен үлкен мәде­ниет­тің, терең парасаттың, қара қылды қақ жар­­ған әділдіктің белгісі көрінетін еді. Де­­мек, қазақтың қалжыңын, ақыл-ойды дұ­рыс қалыптастыруға әсер етуші адам тәр­­биесінің құралы болған. Әр халықтың әзіл-қалжыңы, сын-сы­­қағы өз болмысына жақын. Әри­не, ол кейде сатира жасаушы жеке адам­дар­дың ішкі мәдениеті мен таным-түсінігінің дең­гейіне байланысты болатынын жоққа шы­ғаруға болмайды. Бірақ тұтас халықтың қал­жыңға деген көзқарасы, сатираны қа­былдауы біртекті тұтасқан әлемді таны­та­ды. Бұл орайда қазақтар оңашада құр­дас­тар арасында не жезде мен балдыздың сөз қағысуында болмаса, көпшілік алдында, өзі құрметтейтін кісілердің көзінше орын­сыз, мәдениетсіз қалжыңға бармайды. Яғ­ни, түрлі қалжың бар десек те, оны сах­на­ға алып шыға беруге болмайды де­ген сөз. Ал бізде қандай қазір? Не түрлі дөрекі сатирасымақтар адам­­ның жеке басына тиетін, тіпті адам­­дығын қорлайтын деңгейге дейін тү­сіп, саналы адамды күлдірудің орнына жи­­­­рендіріп отырады. Әрине, бүгінгі сах­на­да көрсетіліп жатқан сын-сықақтарды бая­­ғы Асқар Тоқмағамбетов, Оспанхан Әу­­бәкіровтер жасаған классикалық қазақ сатирасымен салыстырмақ ойымыз жоқ, бі­рақ кітап оқыла бермейтін бүгінгі за­ман­да жұрт театр сахналарынан, теледидардан бе­рілетін сахналық күлдіргі қойылым­дар­ды сатира деп қабылдауға бейім. Ал оларда клас­сикалық сатира формасы, мәдениетті қа­зақы қалжыңдар үлгісі сақтала бермейді. Мә­селен, «Нысана» театрының жұртты күл­­­діремін деп оқушысынан жүкті болып қал­ған мұғалім образын сахнаға алып шығуы, актер Нұржан Тұтовтың түн ішін­де дамбалмен үй кезіп жүргенін баяндап, «қарасам – енем» деп енесін күлкіге айнал­дыруы, «Бауыржан-шоудағы» «Құдағи бір пар­тия» деп әңгімені белден төменге тірей­тін Бауыржан Ибрагимовтың «тапқыр­лы­ғы», «Шаншар» театры әртістерінің «папа», «ма­­ма» деген сөзді кішкене балаға «теріс қа­­рап оқы» деп әжуалауы сияқты теріс тен­­­­денциялардың әзіл-сықақ театрлары сах­­насынан қалай болса солай берілуі ха­лық­тың талғамын төмендетіп кеткен сияқ­­ты. Өйткені өнер адамдары өнім ұсы­ну­­шы болса, халық – тұтынушы. Тұ­тыну­шылар қолжетімді өнімдерді ғана қанағат тұтады. Демек, қоғамға ең керекті сатира жанры сахнаға телмеңдеп, оның кім кө­рін­­геннің қолжаулығына айналып бара жат­қаны жаныңды ауыртады. Қоғамда барлық кәсіп иелерінің атау­лы күні бар, ал сатириктерге тікелей қа­ты­сы бар бір мейрам – 1-сәуір – күлкі күні деп есептеледі. Әлемнің көптеген мемле­ке­­­­тінде атап өтілетін бұл мейрам біздің ел­­де танымал. Сондықтан күлкі күнінде елі­міздегі бірнеше сатирик қаламгерге қол­қа салып, формасы өзгеріп, сахнаға шығып кет­кен бүгінгі қазақ әзіл-сықағы туралы ой­ларын білгіміз келді. Мұхтар ШЕРІМ, сатирик жазушы: Жас­тар сатира мен юмордың аражігін ажы­рата білмейді – Қазіргі қазақ сатирасы туралы сұрақ­тар­дың дені былай болып келеді: «Сатира неге арзандап кетті?», «Әзіл-сықақ театр­лары неге тұщымсыз дүниелер сахна­лай­ды?». Шынында, қазақ сатирасының дең­гейі тым құлдырап кетті ме? Осыған жауап із­деп көрейік. Бір кездері, атап айтқанда, кеңес дәуі­рін­де сатира қылышы алмастай жарқыра­ды. Сатира сарбаздары сап түзегенде, жер қайыс­паса да, әскер тілінде бір ротаға же­тіп қалардай болатын. Олардың ішінде ге­нералы да, капитаны да, тіпті, ефрей­тор­лары да көп болды. Аттарын атап, түстерін түс­теп жатпай-ақ қояйын. Кеңес кетті, тәуел­сіздік келді. Жаңа өмір басталды. Бұрын­ғыдай совхоз директорларын діріл­де­тіп жазып жүрген сатириктердің дені жаңа заман көшіне ілесе алмай қалды. Көшу былай тұрсын, жаза да алмай жүр. Көш­ке қол бұлғап қала берді. Жаза қалса, сол баяғы сараң стильдерінен ажырап кете ал­май, алақтап, жалақтап қалды. Өкінішке қа­рай, әзірше тәуелсіздік жастары ара­сынан Оспанханша осып жазатын, Әзиз Не­синше әзілдің түбін түсіретін, Чеховтай мақтамен бауыздайтын сатириктер шық­пай жатыр. Бірді-екілі күлдібадам әзіл жа­зып, оны әлеуметтік желіге жариялай қой­ғандарды немесе әзіл-сықақ театр­ларын­да бүгін сахналанып, ертең ұмы­ты­лып қалатын, өздерін өздері сатирикпін деп күпінетіндерді сатира сарбаздары қа­та­рына қоса алмаймын. Шалқаңыздан түсіп, ойланып жат­саңыз, көз алдыңызға жастардың бәрі күл­­кі іздеп кеткендей. Құдай күлкіден ажы­­ратпасын. Бәрі әзіл-қалжың театр­ла­рын ашып, жұртты күлкіге қарық етсем, сөй­тіп, көңілдерін жарық етсем дейді. Алай­да, олар авторлармен жұмыс істегісі де келмейді, шеттерінен Шекспир, шет­те­рінен Щедрин. Ал сахналаған дүниелерін таразымен өлшеп жіберсеңіз, салмағы − нөл. Не тәрбиелік мәні жоқ, не сатиралық сәні жоқ, былыққан бірдеңелер. Театрды қой­ған жастар енді кино саласына ауыз сала бастады. Комедиялар түсіруден жарыс басталды. Өздерін Голливудтың актер­лерін­дей сезінгендер youtube-ты ұятқа қал­дырып жатыр. Мәселен, Шымкенттегі се­риалшылар жылдар бойы мағынадан жұр­дай, ар-ұяттан тырдай «Әпке», «Жез­духа» атты кинокомедиясымақтарды ұсы­нып отыр. Жасыратыны жоқ, көрер­мен­і де жоқ емес. Соған қарағанда, қа­зір­гі көрерменнің ойлау деңгейі құ­дықтың ішіне түсіп кеткен немесе іштері пыс­қандықтан бірдеңеге алданғылары ке­леді. Тұщымды дүниелер жоқ болған­дық­тан. «Әпкенің» кейіпкерлері мынадай диалог құрады: «Жуынып жатып, сіңбірме­сең­ші? Миың қосыла түсіп қалады ғой?» дейді. Осыған да күлетіндер бар екен. Мен кү­ле алмадым. Боқтық-былапыт сөздерді ара­ластырып ойнай беретін бұл «актер­лер­ді» нағыз өнер майталмандары, сатираның майын жалап жүргендер деп айта алмай­мын. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүрте салуға тағы болмайды. Көп сыналатын Тұрсынбек Қабатов ащы сатираға да ауыз са­лып қояды. Мақтамен бауыздау шебері. Оның «қазақтар картина көрмейді» деген пәл­сәпалы сатирасында терең ойлар жа­тыр. Қанша дегенмен, жеңіл әзілдерді құ­тыр­тып айтса да, Тұрсынбекте «бірдеңе» бар. Ақтөбедегі «Екі езу» театрының әртіс­тері де мағыналы, майлы сатираның сор­пасын ішіп қояды. Нұрлыбек Жұ­бат­қан­ның қойылымдары ішек-сілеңізді қа­тыр­маса да, «ойпырмайлатып», ойландырып қоя­ды. Ал ой тастайтын сатира да керек. Жас­тар сатира мен юмордың аражігін ажы­рата білмейді. Сатираның ащы, кеке­сін екенін түсінбейді. Сөйтеді де, «Екі езу­дің» терең ойлы сатиралық қойылым­дары­на көздерін сығырайта қарайды. Нұрлыбек Жұбатқанның жемқорлық, парақорлық туралы «Командосы» шебер жазылған дү­ние. Ал қатын өсектерден аспайтын Күл­паш­тардан жұрт жалыға бастады. Бүгінде жастар, жастар дейміз-ау, үл­кен­дердің өзі газет оқымайды, кітап бе­тін ашпайды десек те болады. Олар қазіргі за­­­манның Вконтакте, Facebook, Instagram-дарынан үңілуден шаршамайды. Дұрыс дейміз бе, бұрыс дейміз бе, оның өздеріңіз та­разылаңыздар. Менің өзім де, әлеуметтік же­лілерді жиі қараймын, әрі сатира­ла­рымды салып отырамын. Бір байқағаным, сатиралық немесе әзіл әңгімелерін жария­л­айтындар жоқ десе де болады. Керемет мүм­кіндікті жіберіп, тек қонаққа бар­ған­дағы ішкен-жегендерін әңгімелеп жазу­дан, суреттерін жарнамалаудан ары аспайды. Қызылордалық Беко Шанхай (Бүркеншік аты) есімді жігіт ағасынан көп үміт күтуге бо­лады. Еңбекқор. Үнемі әзіл әңгімелерін қар­ша боратып жатады. Тағы бір айтарым, ілгеріде басылым беттерінде әзіл-оспақ бұрыштары көп бо­ла­тын. Бүгінде мұндай үрдіс жоғалған десе де болады. Осы жағына да көңіл бөлген дұрыс деп ойлаймын. Сатираны дамытуға бұл да көмек болар ма еді? Сатирадан сән ке­тірмес үшін көркем сөз оқу сияқты са­тиралық монологтарды оқудан байқаулар өт­кізіліп тұрса құба-құп! Қалай болғанда да, күлкі – құдыретті күш! Ол ғасырлар бойы жасай береді.