Министрлер газет-журнал оқи ма?

1 сәуір, 2021 / Ділда УӘЛИБЕК
ашық дереккөзі
Министрлер газет-журнал оқи ма? Соңғы уақытта ғаламтор мен түрлі ақпараттық порталдар дәстүрлі бұқара­лық ақпарат құрал­дарын ығыс­тырады деген пікірді жиі естиміз. Десе де БАҚ нарығының сарап­­шылары ғана емес, психологтар да алдағы уақытта адам­дар мо­ни­тор­дан жалығады деп есеп­тейді. Яғни дәстүрлі, бірақ мазмұны жа­ғынан жаңа­ша газет-журналдар еш­қашан сұра­­ныссыз қалмақ емес. Мәселен, Ұлыб­ри­танияда жүргізілген зерттеу қорытындысы жалған ақпарат пен жарнамаға толы осынау уа­қытта мер­зімді басылымдар қайтадан ха­лық сұра­нысына ие бола бастағанын көр­сетіпті.  Елімізде де мерзімді басылымдардың қо­ғамдағы орны ерекше. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылы қазақ­стан­дықтар «Қазпошта» АҚ арқылы 55 017 018 дана газет-журналға жазылған. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі оқитын әрі оқуға кеңес беретін мерзімді басылымдарды атап өткен болатын. Онда осы жолы Тúrkistan газеті еліміздегі министрлерден қандай газет-журнал оқитынын сұрап, сауал жолдады. Сауалымызды назардан тыс қалдырмаған тоғыз министрдің жауабы мынандай болды: Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Egemen Qazaqstan, «Казахстанская прав­да», Aiqyn, «Ли­тер», «Время», Túrkistan, «Аргу­мен­­т­ы и факты», «Ком­­сомольская прав­да» сынды рес­пуб­­ликалық басы­лым­дардың жаңа са­ны жұмыс үсте­лін­де міндетті түр­де тұратынын ай­та­ды. Министр осы ақпарат құралдары арқылы еліміздің күн­де­лікті тыныс-тіршілігімен танысып, жаңа­лық­тан хабардар болады. Сонымен қатар Tengrinews.kz, Ин­форм­бюро.кз, «Капитал», Kazinform, «Азаттық ра­диосы», «Фармация Казахстана», «Ме­дици­на» сияқты ақпарат порталдарыда үнемі на­зардан тыс қалдырмай, шетел басылым­дарының ішінен халықаралық «Евразия» журналын оқиды екен. Газет-журналдардың қоғамда алатын орны, журналдар, газеттер, көркем әдебиет ғылым мен мәдениеттің барлық жетіс­тік­терін ұрпақтан-ұр­пақ­қа аманат етіп жеткізудің негізгі құ­ралы, білімнің қай­­нар көзі екенін атап өткен Қорға­ныс министрі ге­не­рал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев Egemen Qazaqstan, «Ка­захстанская прав­­­да», Aiqyn, «Сар­­­баз», «Время» жә­не «Айбын», «Прос­тор», «Жұл­дыз» журналы сияқ­­ты қазақстан­дық басылымдарға, «Зарубеж­ное воен­ное обозре­ние», «Тех­­­ника и воору­же­ние», «Известия», «Независимое военное обозрение», «Военно-промышленный курьер», «Оружие» сияқты газет-журналдарға жазылғанын айтты. Сонымен қатар Қорғаныс министрі күнделікті жаңалықтармен интернет желісі арқылы танысады. Ал Мәдениет және спорт министрлігі отандық басылымдардың көпшілігіне жазылған. Министр Ақтоты Райымқұлова жалпы отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын көбінесе онлайн нұс­қада, ал елімізде қа­зақ тілінде шы­ға­тын республи­ка­лық газет-журнал­дар­­ды, атап айт­қан­­да Egemen Qazaqstan, «Қазақ әде­биеті», «Жұл­дыз», «Жалын», «Ана тілі», «Жас Алаш», Túrkistan, Aiqyn, «Заң газеті», «Қа­зақ спорты» жә­не тағы басқа басылымдарды жаздырып алып оқиды. Ведомствоның баспасөз қызметі ми­нистрдің күнделікті республикалық, тіпті облыстық, қалалық, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ әлеуметтік желілерде жарияланған еліміздегі басты жаңалықтар мен министрліктің қызметіне қатысты ақпараттық шолуымен оқып-танысуын ұйымдастырады екен. Әділет ми­нист­рі Марат Беке­таев та жалпы отандық жә­не шетелдік бұ­қара­лық ақпарат құрал­да­рын он­лайн фор­мат­та оқи­ды. Одан бөлек Egemen Qazaqstan, «Ка­зах­стан­ская правда» рес­пуб­ли­ка­лық газет­теріне жа­зы­лыпты. Сонымен қатар ведомство басшысы баспасөз қызметі дайындаған күнделікті республикалық, облыстық, қалалық, аудандық басылым­дарда, сондай-ақ әлеуметтік желілерде жарияланған еліміздегі басты жаңалықтар мен министрліктің қызметіне қатысты ақпараттық шолуымен оқып-танысады делінген жауап хатта. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин заманның талабына сай кез келген жаңалық пен маңыз­­ды ақпарат­ты оқуға тырысады. Ты­ғыз жұмыс кес­те­сіне және маңыз­ды іс-шаралардың көптігіне байла­ныс­ты күнделікті ба­қылауға уақыты кей­де жетпей жат­са да, мүмкіндігін­ше қоғам пікіріне ық­­палы бар Egemen Qazaqstan рес­пуб­ли­калық газеті, «Казахстанская прав­да» жал­пыұлт­тық газеті және та­ғы басқа газет-жур­нал­дарды оқитынын айтады. Бұдан басқа, британдық The Times газе­тін, ай сайын жарық көретін танымал Harvard Business Review ғылыми журналын, ға­лымдарға арналған The Scientist кәсіби жур­налын, танымал Tech Crunch стартап ха­­бар­шысын онлайн форматта оқиды. Ми­нистр жұмыс бабына кедергі болмайтын кез­де халықтың көпшілігі бақылайтын әлеу­меттік желілерді де қарайтынын тілге тиек етті. Сыртқы істер министрі Мұхтар  Ті­леу­­берді де алыс-жақын шетел және отан­дық басылым­дар­ды күнделікті жүйелі түрде оқып, на­за­ры­нан тыс қал­­дыр­май­тынын айтады. Министр ағыл­шын тіліндегі Was­hington Post, New York Times, Financial Times секілді ба­­сы­­лымдардан бө­лек, Ресей және Қы­тай, Орталық Азия басы­лым­дарының элек­тронды нұс­қа­л­арын тіке­лей де­рек­­көз­ден оқып, елі­мізге қатысты жаңа­­лықтарды жүйе­­лі түрде сарап­тап отырады. Одан бөлек, министр Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда», «Ана тілі», Aiqyn, «Литер» және «Қазақ әдебиеті» сияқты басы­лымдарды назардан тыс қалдырмай оқиды. Бас­пасөз қызметі үнемі министрді ақпарат­тық кеңістіктегі басты жаңалықтармен және оқиғалармен таныстырып тұрады. Ауыл шаруашылығы министрі Са­пар­хан Омаров елі­міздегі, аймақ­тар­дағы жаңа­­­лық­тарды тұ­рақ­ты түр­де бұ­қара­­лық ақпа­рат құрал­дары ар­қы­лы көріп, хабар­дар болып отырады екен. «Газет-журнал­дар­ға келетін бол­сақ, министрліктің баспасөз қызметі жалпы саны 40-қа жуық республикалық және аймақтық басылым­дарға жазылған. Оның ішінде ақпараттық, та­нымдық басылымдардан бөлек ми­нистр­ліктің құрылымдық бөлімшелерінің тікелей қызметтеріне қатысты қаржылық, салық, заң тағы да басқа салалық бағыттардағы соң­­ғы өзгерістер мен жаңалықтарды жария­лап отыратын арнайы газет-журналдар да бар.
"Сапархан Кесікпайұлы Egemen Qazaqstan, «Казахстанская Правда», Túrkistan, Aiqyn, «Литер», «Ана тілі», «Время» және бас­қа да республикалық басылымдардың тұрақ­ты оқырманы екен. Сондай-ақ, аймақ­тық және агросалаға қатысты өзге де басы­лым­дар мен журналдардағы маңызды деген ақ­параттарды қарап, хабардар болып отыра­ды", – дейді ведомствоның баспасөз қыз­меті.
Одан бөлек, министр бүгінгі күні ақ­па­рат жеткізу, ақпарат алмасу құралы ретінде кеңінен тараған әлеуметтік желілерді де бел­сенді пайдаланады екен. Ал Ұлттық эко­­­­номика ми­нист­рі Әсет Ирға­лиев Қазақ­стан­ның іскерлік БАҚ-та­рын, Egemen Qazaqstan газетін жә­не шет­елдік эко­но­микалық басылым­дар­ды үнемі қада­ға­лап, оқып оты­ра­тынын айтты.     Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов үшін ведомствоның бас­па­сөз қызметі әлеу­меттік-еңбек са­ла­сының мә­селе­лерін жазатын бар­лық бұқаралық ақ­парат құрал­да­ры­на күн­делікті мо­ни­торинг жүргізеді. Бас­пасөз қызметі ба­сылым­дарды бөліп-жар­май­тынын, ми­нистр барлығын оқитынын айтып жал­пы­лама жауап қайырды.