Егемендіктің ерен жеңісі – шекараны шегендеу

Егемендіктің ерен жеңісі – шекараны шегендеу

Егемендіктің ерен жеңісі – шекараны шегендеу
ашық дереккөзі
Тәуелсіз ұлттық мемлекет құруды аңсаған ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманының ақиқатқа айналғанына тұп-тура 30 жыл... «Тәуелсіздіктің басты жетістік­тері­нің бірі – біздің шекарамыздың ай­қын­далып, заң жүзінде бекітілуі» деген еді Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жол­даған «Қазақстан – 2050» стра­те­гия­­сында. Халықаралық деңгейде та­ныл­ған және тиіс­ті түрде ресімделген шекара – тәуел­сіз мемлекеттің аумақ­тық тұтастығы мен қауіпсіздігінің не­гізі, бейбіт өмірдің, тату көршіліктің және алыс-жақын ел­дермен ынтымақ­тас­тықтың, сондай-ақ өңірдегі тыныш­тық пен тұрақтылықтың кепілі. Екі ал­пауыт держава – Қытай мен Ре­сейдің арасында орналасқан Қа­зақ­стан үшін олармен талассыз ше­кара­лар­дың болуы біздің мемлекеттілігіміз бен егемен­дігі­міз­ді қамтамасыз етудің маңыз­ды фак­торы екені белгілі. Әлемдегі мемлекеттердің басым көп­шілігінің шекаралары XIV-XV ға­сырларда Еуропада болған қанды со­ғыс­тар сияқты ұзаққа созылған күрестің, ар­палыстың нәтижесінде түзілген. Ел аузындағы «Шекаралар сиямен емес, қан­мен жазылады» деген сөз тек тарихи шындықты көрсетеді. Біздің шекара­лары­мыз, Құдайға шүкір, соғыстың нә­ти­жесі емес, Кеңес Одағы құлағаннан кейін одақтас республикалар ара­сын­да­ғы әкімшілік-аумақтық шекаралардан түзілді. Бір айта кетерлігі, посткеңестік қоғамда Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін пайда бол­ған жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасында мем­лекеттік шекараны белгілеудің орын­ды­лығына күмәнданғандар аз болған жоқ. Олар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) құрыл­ғаннан кейін айқындалған шекаралар мем­лекеттердің халқы арасындағы байла­ныс­қа, тауарлардың, капиталдың және адам ресурс­тарының еркін алмасуына кедергі кел­тіреді деген пікірді алға тартты. Психо­ло­г­иялық тұрғыдан оларды түсінуге болады. Алайда, жоғарыда айтылғандай, шекара бол­маса, мемлекет те жоқ. Тек нақты анық­тал­ған және белгіленген шекаралар жан­жал­сыз өмір мен ынтымақтастыққа ұзақмерзімді негіз бола алады. Ал шекараның халықтарды ажыратуы немесе біріктіруі мемлекеттердің өздеріне, олардың ұстанған саясатына бай­ланысты. Қазақстан басшылығы тәуелсіздіктің ал­ғашқы күндерінен бастап біздің жас мем­лекетіміздің шекарасын нақты анықтау және халықаралық мойындаудың қажеттілігі мен маңызын жақсы түсінді. Ол уақытта шекара мәселесін кейінге шегере тұруға болады, ең ал­дымен мемлекеттің экономикалық мә­селелерімен және ұйымдастырушылық-саяси құрылымымен айналысу керек деген пікір кең таралған болатын. Алайда Нұрсұлтан Назарбаев бұл пікірмен келіспеді, шекара м­ә­селесін созбаққа салмауды жөн көрді. Уақыт бұл шешімнің дұрыстығын және кө­регендігін дәлелдеді. Соның арқасында Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығында ұлттық аумақтың бүкіл периметрі бойынша өз шекараларын толығымен және түпкілікті айқындаған, халықаралық-құқықтық ресім­деуді аяқтаған жалғыз посткеңестік мемлекет болды. Біз Кеңес Одағының құлдырауы нәти­жесінде пайда болған өзге тәуелсіз мемле­кет­тердің әлі күнге дейін аумақтарын айқындай алмай, екі күннің бірінде қырықпышақ бо­лып жатқанын көріп отырмыз. Қырғыз Рес­публикасы мен Тәжікстан, Қырғыз Рес­пуб­ликасы мен Өзбекстан арасындағы шекара дауларының күрмеуі шешілмей келеді.  Қазақстан-Қытай шекарасының ресімделуі Қазақстанның мемлекеттік шекарасын делимитациялау ең бірінші Қытай Халық Республикасымен жүргізілді. Қазақстан Рес­публикасы Министрлер кабинетінің 1992 жыл­ғы 17 шілдедегі қаулысымен делегация құры­­­­лып, сол жылдың қазан айында шека­ра­­лық келіссөздер басталды. Олар КСРО ыды­ра­ған соң үзілген Кеңес-Қытай келіссөз­де­рі­нің жалғасы болды. Келіссөздер барысын­да Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Ресей жә­не Тәжікстанның Біріккен делегациясы қы­тайлықтармен әріптес болды. Ресейлік са­рапшылардың үлкен келіссөздер тәжі­ри­бесін және келіссөздерге қажетті барлық та­рихи құжаттардың Ресей мұрағаттарында бол­ғанын ескере отырып, Ресейдің біріккен де­легацияға қатысуы орынды деп танылды. Біздің ұлан-ғайыр шекарамызды ай­қын­дау және заңды ресімдеу неліктен дәл Қа­зақ­стан-Қытай шекарасынан басталды деген сұ­рақтың тууы заңды. Мұның бірнеше себебі бол­ды. Біріншіден, Қазақстан мен Қытай ара­сындағы шекара мәселесі кеңестік-қытайлық шекаралық келіссөздерде талқыланып қой­ған еді. Екіншіден, Қытаймен шекараның бұрын­ғы кеңестік республикалар қатарындағы бас­қа көршілермен шекарадан айырмашы­лы­­ғы – Қазақстан үшін сол кездегі жалғыз сырт­қы шекара болды. Үшіншіден, құнды келіссөздер тәжіри­бе­сін жинақтаған Қазақстанды қоса алғанда, ҚХР-мен шектесетін одақтас республикалар өкіл­дерінің қатысуымен кеңестік үкіметтік де­легация түрінде дайын келіссөздер құры­лымы жұмыс істеді. Төртіншіден, кеңестік-қытайлық шек­ара­лық келіссөздерде олардың қатысу­шы­лары басшылыққа алатын негізгі қағидаттар әзір­леніп, келісілді, бұл бізге шекара мәсе­ле­лерін қарауды және өзара қолайлы уағда­лас­тықтарға қол жеткізуді айтарлықтай жеңіл­детті. Тағы бір себеп, ол уақытта бұрынғы кеңес­тік республикалар қатарындағы көр­ші­лері­міз шекара мәселесін шұғыл шешуге құ­лық­сыз болды, бұл тақырыпты талқылауға дайын болмады. Қытаймен шекара туралы келіссөздер XIX ғасырдың ортасында қол қойылған пат­шалық Ресей мен циндік Қытай арасындағы қол­даныстағы келісімдерге негізделді, олар қазір­гі шекараның жалғыз құқықтық негізі ретінде қабылданды. Келіссөздердің жиырма раунды өтті. Олар күрделі, қызу пікірталастармен есте қал­ды. Келіссөздердің барлық қатысушысы өзара тиімді шешімдерді іздеуге, нақты нәти­же­ге қол жеткізуге мүдделі болды. Нәтиже­сін­де Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекара­сы­нан өту сызығының 90 пайыздан астамын ке­лісу және 1994 жылғы 26 сәуірде Қазақстан Рес­публикасы мен Қытай Халық Респуб­ли­касы арасындағы Қазақстан–Қытай мемле­кет­тік шекарасы туралы келісімге қол қою мүм­кін болды (1995 жылғы 11 қыркүйекте кү­шіне енді). Алайда, екі делегацияның барлық күш-жі­геріне қарамастан, жалпы ауданы 944 шар­шы шақырым болатын Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы екі даулы учас­ке келісім шеңберінен тыс қалды. Олар бойын­ша келіссөздер төрт жылға созылды. XIX ғасырдағы Ресей-Қытай келісімдері осы учаскелердегі шекара сызығының өтуі тура­лы нақты көрініс бермеді, екіұшты түсі­нік қалыптасты, бұл тараптардың ешқайсы­сы­на өз талаптарын дәлелдеуге мүмкіндік бер­меді. Дейтұрғанмен, даулы учаскелер туралы мәселені кейінге ысыруға болмайтын, өйткені ол елдер арасында кикілжің тудыруы ғажап емес еді. Кеңес Одағы сияқты алпауыт ядролық державаның өзі Қытаймен шекарада қарулы қақтығыстардан аулақ бола алмағаны белгілі. Мұндайға жол бермей, ымыралы шешім іздеу керек болды. Мәселені шешуде екі елдің көшбасшы-лары – Нұрсұлтан Назарбаев пен Цзян Цзэ­ми­нь маңызды рөл атқарды. Шешім шекара маңындағы облыстар өкілдерінің қатысуы­мен дайындалған қазақстандық тараптың «пакеттік» ұсынысы негізінде қабылданды. Нәтижесінде екі даулы учаскеде 537 шаршы шақырым (57%) Қазақстанға, 407 шаршы шақырым (43%) Қытай меншігіне өтті. Осы екі учаске бойынша қосымша келісімге 1998 жылғы 4 шілдеде қол қойылды. Қазақстандық-қытайлық аумақтық бөлі­ніс қорытындысына жұрттың бәрі бірдей қа­нағаттанған жоқ. Қытайда, Тайваньда және Гонконгта даулы аумақтардың Қазақстан секілді «шағын мемлекетке» негізсіз берілген деген мазмұндағы сыни жарияланымдар шықты. Біздің елімізде де Қытайға «аумақтық жеңілдіктер» жасалды деген сыңаржақ пі­кірлер аз болмады. Мұндай негізсіз айып­таулар қазақ-қытай шекарасының қалыптасу тарихы мен шындығын білмейтін адамдар тарапынан айтылып жатты. Бұл мәселенің мән-жайын жетік білетін сарабдал саясаткер, білікті қытайтанушы Қ.Тоқаевтың сол кездегі: «Қытаймен шекара мәселесінің шешілуі заң тұрғысынан дұрыс, саяси тұрғыдан негізді» деген сөзінен артық байыпты баға бере ал­мас­пыз. Посткеңестік кеңістіктегі келіссөздер Қазақстан мен ҚХР арасындағы шекара­лар­ды делимитациялау аяқталғаннан кейін өз шекараларын қазіргі заманғы халықара­лық стандарттарға сәйкес айқындаудың маңы­зын енді ғана түсінген басқа көр­шілер­мен аумақтық межелеу процесі басталды. 1999 жылғы қыркүйекте Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік шекарасын Қырғыз Республикасымен, Ресей Федерациясымен, Түркіменстанмен және Өзбекстан Респуб­ли­касымен делимитациялау жөніндегі үкімет­тік делегация құрылды. Қытаймен шекарадан айырмашылығы, біздің бұрынғы кеңестік республикалармен шекараларымыз мемлекеттік шекара мәрте­бе­сіне ие болмады, бірақ әкімшілік-аумақтық шекаралар болды. Сәйкесінше олардың мемлекетаралық шарттар түріндегі құқықтық негізі болған жоқ, тек КСРО Жоғарғы Кеңесі бекіткен тиісті одақтас республикалардың жо­ғарғы кеңестерінің шешімдеріне негіз­делді. Алайда конституцияларда қарас­ты­рыл­­ған рәсімдер үнемі сақтала бермейтін. Бұл жағдайда КСРО ыдыраған тұста бұ­рын­ғы кеңестік республикалар арасындағы әкім­шілік-аумақтық шекаралар келіссөз­дер­дің негізі ретінде қабылданды, келіссөздердің нәтижесінде олар мемлекеттік шекараларға айналуы керек еді. Мұндай тәсіл Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­ты­ғының бірқатар жалпы саяси құжат­тары­нан, атап айтқанда 1991 жылғы 21 жел­тоқ­сандағы Алматы декларациясынан, 1992 жылғы 14 ақпандағы Тәуелсіз Мемле­кет­тер Достастығы шеңберіндегі ынтымақ­тас­тық қағидаттарын сақтау туралы деклара­ция­дан, 1994 жылғы 15 сәуірдегі Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығына қатысушы мем­лекеттердің егемендігін, аумақтық тұтас­тығын және шекараларына қол сұғыл­мау­шылығын сақтау туралы декларациядан және т. б. туындады. Өзгелермен салыстырғанда Түркімен­стан­мен арадағы шекараны делимитациялау­дың әуресі аздау болды. Ол Қазақстан Респуб­ли­касы мен Түркіменстан арасындағы дос­тық қатынастар мен ынтымақтастық туралы шартқа (9.05.1993ж.) және Қазақстан Респуб­ликасы мен Түркіменстан арасындағы мем­лекеттік шекараны делимитациялау туралы меморандумға (9.04.1999 ж.) сәйкес жүр­гізіл­ді. Келіссөздерді сенімді құқықтық және кар­тографиялық материалдардың жеткілікті болуы жеңілдетті. Сондай-ақ әкімшілік-аумақтық шекара конфигурациясының қо­лайлылығы да көп көмектесті, ол негізінен түзу сызықтар кесіндісі түрінде болды және шөлді аймақ арқылы өтті, соның арқасында тараптар арасында келіспеушілік туындаған жоқ. Қазақстан Республикасы мен Түркімен­стан арасындағы Қазақстан-Түркіменстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау процесі туралы шартқа 2001 жылғы 5 шілдеде қол қойылды (2006 жылғы 31 тамызда күшіне енді). Қырғыз Республикасымен шекараны делимитациялау туралы келіссөздер Қазақ­стан мен Қырғыз Республикасы арасындағы мәңгілік достық туралы шарт (08.04.1997 ж.) және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Рес­публикасы арасындағы мемлекеттік ше­караны делимитациялау туралы меморандум (17.07.1998 ж.) негізінде 1999 жылғы қараша мен 2001 жылғы желтоқсан аралығында өтті. Қазақстан мен Қырғыз Республикасы ара­сындағы әкімшілік-аумақтық бөліністі ажы­рату базасы болып саналатын заң құ­жат­тары негізінен өткен ғасырдың 30-жыл­дарын­да қабылданған. Ол уақыттан бері жер­гілікті жерде айтарлықтай өзгерістер бол­ды, салдарынан шекарадағы жағдай қолда бар құжаттарға сәйкес келмеді. Біріншіден, бұл Шу мен Талас шекаралық өзендерінің арна­сының өзгеруіне қатысты болды. Басқа да сәйкессіздіктер кездесті. Осыны ескере оты­рып, тараптар шекара сызығын нақтылау­ға, оның қолда бар құжаттарға және халық­ара­лық құқықтық нормаларына сәйкестен­діруге күш жұмылдырды. Келіссөздер барысында шекараның бір­қа­тар учаскесі бойынша, сондай-ақ ше­кара­да және шекара маңы аймағында ор­на­ласқан шаруашылық нысандарының қай тарапқа тиесілі екенін анықтауда келіспеу­ші­лік­тер туды. Бұл бірлесе отырып жергілікті жерде далалық зерттеу жүргізу арқылы нақты жағдайды зерделеуді талап етті. Кейде келіс­пеушіліктер құжат бойынша бір тарапқа тиесілі жекелеген учаскелердің көп жылдар бойы екінші тараптың шекара маңындағы тұр­ғындарының шаруашылық пайдалануын­да болуымен байланысты болды. Мемлекет­тердің ұстанымдарында қайшылық тудырған әрбір учаске бойынша келісілген шешімдер қолда бар заңды құжаттарға сай қабылданға­нын атап өткен жөн. Шекарадағы және шекара маңы аймағын­да­ғы шаруашылық нысандарына (олардың бірі – Чумыш бөгеті және су торабы) келетін болсақ, қазақстандық тараптың ұсынысы бойын­ша олардың қай тарапқа тиесілі екені және пайдаланылуы туралы мәселе дели­митация процесі шеңберінен тыс қаралды жә­не мемлекеттердің үкіметтері арасындағы жеке талқы тақырыбына айналды. Ұзындығы шамамен екі жүз шақырым болатын Шу өзенінің бойындағы шекара сы­зығын анықтау біраз қиындық тудырды. Бұл мәселеде тараптар халықаралық құқық­тың жалпы қабылданған нормаларын бас­шы­лыққа алды, оған сәйкес кеме жүрмейтін өзендерде шекара өзеннің негізгі арнасының ортасынан өтуі керек. Негізгі арна мен оның ортасын анықтау үшін су мамандары мен гидролог ғалымдарды тарту қажет болды. Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекара­сы туралы шартқа 2001 жылғы 15 желтоқ­санда қол қойылды және Қазақстан тарапы 2003 жылғы шілдеде ратификациялады. Шартты Қырғыз Республикасы парламентінің ра­тификациялауы жеті жылдан астам уақытқа созылды. Бұған қырғыз қоғамында екіұш­ты көзқарас себеп болды. Кейбір саяси күштер шекара мәселесін ішкі саяси күресте фак­тілерді бұрмалап, келісімге біржақты баға беру арқылы пайдалануға тырысты. Құжат 2008 жылғы 17 сәуірде ратификацияланды және сол жылдың 5 тамызында күшіне енді. Өзбекстан Республикасымен мемлекеттік ше­караны делимитациялау процесі 1991 жыл­ғы 21 желтоқсандағы Алматы деклара­ция­сының және 1998 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Рес­публикасы арасындағы Мәңгілік достық туралы шарттың және басқа да құжаттардың не­гізінде 2000 жылғы ақпаннан 2002 жылғы та­мызға дейін өтті. Қазақ-өзбек шекаралық бөлінісінің хрущевтік кезеңдегі кейбір негізсіз өзгеріс­те­рін және осы мәселе төңірегіндегі түйт­кіл­дерді ескере отырып, Өзбекстанмен ше­ка­ра­ны делимитациялау о бастан қиын міндет бол­ды. Өткенді қазбалап, екі бауырлас халық­тың ғасырлар бойғы достығына зиян кел­тіретін қажетсіз эмоцияларды қоздыру орын­сыз. Өзара қолайлы шешім іздеу жолын­дағы күрделі келіссөздердің барлық бұрылыс-қалтарысын бір мақаланың шеңберіне тықпалау мақсатымыз емес. Онсыз да күрделі келіссөздерді Қазақстан мен Өзбекстанның көршілес облыстары тұр­ғындарының қысымы қиындата түсті. Көп­шілік өз эмоциясын кейде елді мекендердің кө­шелерінде, кейде БАҚ бетінде көрсетті. Тіп­ті, Бағыс кентінің тұрғындары елді ме­кенді Қазақстан құрамына енгізуден бас тартқан жағдайда «Бағыз Республикасын» құра­мыз деп қорқытқан жағдай болды. 1956 жы­лы Хрущевтің волюнтаристік шешімімен Өзбекстанға берілген Бостандық ауданын қай­таруды талап еткен азаматтар да болды. Қ.Тоқаев атап өткендей, «мұндай талаптар іс жүзінде Өзбекстанмен қарым-қатынастың барлық жүйесін күл-талқан етуді білдіреді. Басқаша айтқанда, бітіспес жанжал туындауы мүмкін. Бұл екі елдің негізгі мүдделері мен ұм­тылыстарына қайшы келетін өте жауапсыз ше­шім болар еді». Келіссөздер барысында туындаған бар­лық қиындықтарға қарамастан шекара сызығының 96 пайызынан астамы келісілді. 2001 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан-Өз­бекстан мемлекеттік шекарасы туралы негізгі шартқа қол қойылды. Үш учаске келісілмеді. Бұл учаскелер бойынша келіссөздер жал­ғас­ты, бірақ мәмілеге келу мүмкін болмады. Пре­зидент Н.Назарбаевтың араласуынан кейін ғана тараптар ымыраға келіп, екі елдің шекара маңындағы халқының ұлттық мүд­делеріне сай келетін  шешімге қол жеткізді. 2002 жылғы 9 қыркүйекте Қазақстан-Өзбек­стан мемлекеттік шекарасының жекелеген учас­келері туралы шартқа қол қойылды. Қазақстан-Өзбекстан шекарасы туралы негізгі және қосымша шарттарды Парламент ра­тификациялады, құжаттар 2003 жылғы 5 қыр­күйекте күшіне енді. Осылайша, ұзақ уа­қыт бойы қазақ-өзбек қарым-қатынас­тары­на көзге көрінбейтін көлеңке түсіріп, екі туысқан халықтың арасындағы достық пен тату көршілікке, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақ­тылыққа нұқсан келтіретін мәселеге нүкте қойылды. Қазақстан Республикасы мен Ресей Фе­дера­циясы арасындағы құрлық шекарасы – әлем­дегі ең ұзын шекара және Еуразия құр­лы­ғының Азия, сондай-ақ Еуропа бөліктері бойынша өтеді. Мұндай шекараны заңды ресімдеудің үлгісі жоқ, сонысымен де күрделі. Сондай-ақ, Қазақстан-Ресей әкімшілік-аумақтық шекарасы Қазақ КСР және РКФСР конституцияларында көзделген құқық құру­шы құжаттармен аз қамтамасыз етілгені бел­гілі болды. 1998 жылғы қазанда Қазақстан мен Ресей бас­шылары Мемлекеттік шекараны делими­тациялау жөніндегі ниет хаттамасына қол қойды. Оған сәйкес, екі мемлекеттің үкіме­тіне шекараны делимитациялауды жүзеге асыру және тиісті мемлекетаралық шартты дайындау үшін делегациялар құру тап­сырылды. Келіссөздер 1999 жылдың қыркүйегінде басталды. 50 раундқа созылған келіссөздердің сәтті өтуіне тараптардың шекарада даулы ау­дандардың жоқтығын мойындауы айтар­лықтай ықпал етті. Осылайша негізгі күш түсініксіздік тудырған тұстардағы шекара­ның өту сызығын нақтылау және шекара маңын­дағы халықтың мүдделері мен эконо­микалық жағдайын ескере отырып оны аздап түзетуге бағытталды. 2004 жылдың басында Қазақстан-Ресей мем­лекеттік шекарасы сызығының 98 пайы­зы келісілді, ол 7440 шақырым бойы іс жүзін­де республикааралық әкімшілік-аумақтық шекарамен тұспа-тұс келді. Шамамен 16 учас­ке (151 шақырым) қалды, оларға қатысты келісілген шешімдер әзірлеу қажет болды. Олардың ішінде 9 учаске бойынша шека­ра­ның өту сызығы туралы келіспеушіліктер бол­мағанымен, тараптардың бірінің жергі­лік­ті халықтың шаруашылық мүддесіне сай түзету енгізу туралы өтініші болды. Өзге 7 учас­ке бойынша қолданыстағы шекара сы­зы­ғы қолда бар құжаттарға сәйкес келмеді. Бұл топтағы ең күрделі учаскелер аса ірі Има­шев газ конденсаты кен орны орналасқан  Атырау облысы мен Астрахан облысының түйіс­кен жеріндегі шекараның өту сызығы ту­ралы мәселе болды. Тараптардың қо­лын­дағы  құжаттар бір-біріне қайшы келді және мем­лекеттердің ешқайсысына басым құқық бер­меді. Мәселені үкіметтер деңгейінде қарас­тыруға тура келді. Екі тараптың мұнай-газ ведомстволарының жауапты қыз­мет­кер­лерінің қатысуымен бірнеше рет жүргізілген тал­қылаулардың нәтижесінде өзара қолайлы ымы­ралы шешім табылды, оған сәйкес ше­кара Имашев газ конденсаты кен орны арқы­лы өтті. Учаскенің өзі де, кен орны да Қазақ­стан мен Ресей арасында тепе-тең бөлінді. Сондай-ақ, екі ел осы кен орнын бірлесіп игеру және бірлескен жұмыстың қағидаттары мен шарттары туралы жеке үкіметаралық келісім жасасу туралы уағдаласты. 2005 жылғы 18 желтоқсанда Мәскеуде екі мем­лекеттің басшылары Қазақстан Рес­публикасы мен Ресей Федерациясы ара­сын­дағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойды. Бұрын-соңды бол­маған қысқа мерзімде, бес жылдан аз уа­қыт ішінде әлемдегі ең ұзын құрлық ш­е­кара­сы делимитацияланды.  Шегенделген шекара – ұрпаққа мұра Шекараны делимитациялау процесі аяқ­талғанға дейін де Қазақстан мемлекеттік ше­караны халықаралық-құқықтық рәсім­деу­дің соңғы кезеңі – демаркациялау, яғни жер бетінде арнайы шекара белгілерімен ай­қындауды тезірек бастауға талаптанды. 2003 жыл­ғы 16 қазанда Үкімет қаулысымен шек­тес елдермен мемлекеттік шекараны демар­ка­циялау жөніндегі үкіметтік делегация құрылды. Үкімет шешімімен шекара белгі­лері­нің үлгілері бекітілді. Бұдан бөлек, «Қаз­геокарт» мемлекеттік қазынашылық кә­сіп­орны демаркациялық жұмыстардың орын­дау­шысы болып тағайындалды. Әрбір шектес мем­лекетпен демаркациялық жұмыстардың бү­кіл процесін реттейтін құқықтық құжаттар әзір­ленді. Көпшілік демаркацияны таза техникалық си­паттағы  іс деп түсінеді. Шындығында олай емес. Демаркация кезінде алуан түрлі сұрақ­тар туындайды. Шекара маңындағы ха­лық­тың шаруашылық мүдделерін ескеру қажет­тілігі үнемі жұмыс тобының алдынан шығып отыр­­ды. Тараптардың шекара қызметтерінің жұ­­м­­ысына қолайлы жағдай жасау қажеттілігі де назарға алынды. Сондай-ақ шекара сы­зығын нақты және анық белгілеу үшін жер­гілікті жер бедерінің ерекшеліктерін ескеру қа­жет болды. Қазақстан-Қытай шекарасындағы де­мар­кациялық жұмыстар басқа шектес елдермен ше­караны делимитациялаумен қатар жүр­гізілді және 2002 жылғы 10 мамырда оны де­маркациялау туралы хаттамаға қол қою­мен аяқталды. Өзбекстан Республикасымен мемлекеттік ше­караны демаркациялау бойынша дала жұ­мыстары 2004 жылы басталды. Қазір бұл шаруа іс жүзінде аяқталды, қорытынды құ­жат­тарды қол қоюға дайындау жүріп жатыр. Түркіменстанмен және Қырғыз Рес­публикасымен мемлекеттік шекара толы­ғы­мен шегенделген. Демаркациялау туралы шарт­тарға тиісінше 2017 жылғы 18 сәуірде жә­не 2017 жылғы 25 желтоқсанда қол қойыл­ды, құжаттар ратификацияланған және кү­шіне енді. Қазақстан-Ресей шекарасына келетін бол­сақ, бедердің бірегей ұзындығы мен күр­де­лілігіне байланысты оның демаркациясы көп еңбекті қажет етеді. Қазір 6 700 шақы­рым­нан астам, яғни шекараның жалпы ұзын­ды­ғының 90 пайызы демаркацияланған. Ше­караның қалған бөлігі табиғи-геогра­фиялық жағдайлары бойынша күрделі учас­келер, онда орман басқан таулы аймақ басым. Осы­ны ескере отырып, демаркацияның то­лық аяқталуы біраз уақытты алатынын бол­жауға болады. Қазақстан бүгінде посткеңестік кеңіст­ік­те­гі өзінің мемлекеттік шекарасын бүкіл пе­р­и­метрі бойынша заңды ресімдеуді толық аяқ­таған алғашқы және әзірге жалғыз мем­ле­кет екенін атап өткен жөн. Халқымыз өзі­нің сан ғасырлық тарихында тұңғыш рет бар­лық халықаралық қоғамдастық мойын­да­ған, тиісті түрде анықталған, сипатталған жә­не қазіргі заманғы құқықтық стандарттар бойынша бекітілген мемлекеттік шекараларға қол жеткізіп отыр. БҰҰ-да тіркелгеннен кейін Қа­зақстанның шектес мемлекеттермен ше­кара туралы шарттары осы ұйымның беде­лі­мен нығайтылған легитимділік пен мыз­ғы­мас­тықтың қосымша кепілдігіне ие болады. Шекара туралы шарттар мәңгілік, қай­тымсыз сипатқа ие және біржақты тәртіпте өзгер­тілмейді немесе күшін жоймайды. Тіпті, со­ғыс та олардың күшін жоя алмайды. Көп жылға созылған күрделі де ауқымды жұ­мысты Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына сө­зі дөп басып қорытындылағандай: «Бола­шақ ұрпаққа нақты айқындалған, тиісті түр­де белгіленген және ресімделген, халық­ара­лық құқық нормаларымен қорғалған Қа­зақстан Республикасының мемлекеттік ше­карасы мұра болып қалады».

Вячеслав ҒИЗЗАТОВ,

Дипломатиялық қызмет ардагері,

Төтенше және өкілетті елші

Орыс тілінен аударған

Анар ЛЕПЕСОВА