1 сәуір: маңызды оқиғалар күнтізбесі

1 сәуір: маңызды оқиғалар күнтізбесі

1 сәуір: маңызды оқиғалар күнтізбесі
ашық дереккөзі
1 сәуір егемен ел тарихында бірқатар айтулы оқиғалармен есте қалды. 1993 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» № 2069-XII Заңымен «Даңқ» ордені бекітілді. Орден тек қана күштік құрылымдар өкілдеріне ғана беріледі. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Министрлер кабинеті жанындағы Кеден комитеті құрылды. 1995 жылы Ұлттар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды. Оның қызметіне республикада тіркелген ұлттық мәдени орталықтар, саяси партиялар, қоғамдық қозғалыстармен байланыс орнату кіреді. 2007 жылы ел аумағында Қазақстан Республикасының «Ойын кәсіпкерлігі туралы» заңы күшіне еніп, соған сәйкес бұрын берілген лицензиялардың мерзімі аяқталып, ойын мекемелері енді тек ғана Қапшағай мен Бурабайда ашылатын болды. 2009 жылы Жайық өзенінің алабы және Каспий теңізінің жағалауы халықаралық маңызға ие сулы-батпақты алқаптардың Рамсар тізіміне енгізілді. Бұл - осы тізімге енген Қазақстанның екінші аумағы. Қазақстан Рамсар конвенциясына 2007 жылы қосылған. Бүгінгі таңда Рамсар тізіміне, Жайық өзенінің алабынан бөлек, Теңіз-Қорғалжын көлдері жүйесі де енгізілген. 2010 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы болашақ опера және балет театрының іргетасына капсула қалады. Театр Сарайшық пен Тәуелсіздік көшелерінің және Тұран мен Қабанбай батыр даңғылдарының бойында орналасатын болды. Жобаны Швейцарияның «IT Engineering S.А.» компаниясының филиалы әзірлеген. Ғимараттың ауданы 37,7 мың шаршы метрді құрайды. 2011 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі «Тұңғыш ғарышкер» жаңа монетасын айналымға шығарды. Ол монета Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Жердің алғашқы адамының ғарышқа ұшуына 50 жыл толуына арналған шаралар жоспарына сәйкес бекітілген қаулысына сай дайындалды. Монетаның массасы 40,7 грамм (массасы 24 грамм танталдан сақина, дискісі 925/1000 сынамды күмістен, массасы 16,7 грамм) диаметрі - 38,61мм., «рroоf» сапасымен жасалған. Биколорлы (құрама) монетаның пішіні шеңбер тәріздес, концентрациялы түрде орналасқан сақина және дискіден тұрады. Монетаның ішкі дискі күмістен, сыртқы сақинасы танталдан жасалған. 2015 жылы Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбанның Қазақстан Республикасына жасаған сапарында Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамыту қорын құру туралы келісімге қол қойылды. Қордың мақсаты - Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің жобаларына инвестиция тарту. 2016 жылы орта салмақта IBF/IBO/WBA бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий Головкин Қазақстанда өтетін World Expo 2017 көрмесінің ресми өкілі атанды. 2017 жылы Австралия мен Жаңа Зеландияда Қазақстанның OYLA Youth Science атты ғылыми-танымдық журналының алғашқы нөмірі жарық көрді. Жаңа басылымның тиражы - 20 000 дана. Журнал Қазақстаннан экспортталған алғашқы интеллектуалдық өнім болды. 2018 жылы Македонияда шахматтан дәстүрлі Karpos Open 2018 халықаралық турнирі өтті. Скопьеде өткен додаға Қазақстан атынан қатысқан Жансая Әбдімәлік өзі ойнаған тоғыз партияның бесеуінде жеңіске жетіп, төртеуінде тең түсті. Жеті ұпаймен бесінші орынды иеленіп, әйелдер арасындағы үздік нәтижеге жетті. Жалпы, турнирге 17 елдің 165 шахматшысы қатысты. 2019 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Бельгияда Брюссельдегі Қазіргі заманғы білім және ғылым институтында (MERI) өкілдігі ашылды. Өкілдік міндеттері - ЕО ғылыми гранттарына қазақстандық оқытушылардың қатысуы үшін серіктестер іздеу және еуропалық студенттерді қазақстандық ЖОО-да оқуға тарту.