97 жастағы ақсақал азаматтық алды

97 жастағы ақсақал азаматтық алды

97 жастағы ақсақал азаматтық алды
ашық дереккөзі
Газетіміздің 2021 жылғы 28 ақпандағы (№04) санында «Қандастардың азаматтық алуы неге қиындап тұр?» деген тақырыпта мақала жарияланған. Онда елге оралған қандастарды құжаттандыру мәселесі неліктен күрделі екені және бірқатар азаматтық ала алмай жүрген ағайынның жайы жазылған болатын.  Онда Өз­бек­станның Бостандық ауданынан көшіп келген 97 жастағы Байәлі Стамқұлов ақсақалдың азаматтық ала алмай жүргені де баса айтылған еді. 2019 жылғы желтоқсан айында тарихи Отанына қо­ныс аударған Байәлі ақсақал – Екін­ші дүниежүзі­лік соғысқа қатысқан майдангер. Алайда аң­саған атажұртына жеткен қария азаматтық ала алмай екі жылдай сандалып, біраз құзырлы орынның табалдырығын тоздырғаны туралы баласы Асқар Стамқұлов газетімізге хабарласып, айтқан болатын. Бұл мәселе басылым бетіне шыққаннан кейін «Отандастар қоры» КеАҚ Қандастарды ақпараттық қолдау департаментінің басшысы Марат Тоқсанбаевқа хабарласып, азаматтық ала алмай жүрген қандастар мәселесін жеткізген едік. Көші-қон саласында көп жыл қызмет атқарған, «Құрмет» орденінің игері Марат Тоқсанбаев мырза аталған қандастар неліктен азаматтық ала алмай жүргенін тексеруге және тиісінше азаматтық алып беруге атсалысатыны жайлы ауызша уәде берген еді. Көп күттірмей, сүйінші хабар да жетті. Расында, өз уәдесінде тұрған қоғамдық ұйым ғасыр жасаған қарияға азаматтық алып беруге мұрындық болып отыр. Кеше «Отандастар қоры» және Нұр-Сұлтан қалалық Көші-қон қызметі басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы құрметіне орай жеңілдетілген тәртіппен ақсақалға Қазақстан азаматтығын салтанатты түрде табыс етті. – 2019 жылы «Отандастар қоры» жанынан Қандастарды қолдау орталығы ашылған еді. Әсіресе, құжаттандыру мәселесі, өңірлік квота алу, білім беру бағдарламаларына байланысты қандастар мәселесімен айналысудамыз. Осы жұмыс аясында 2019-2020 жылдар аралығында 8 мыңнан астам қандасымыздан өтініш қабылданып, оның 94 пайызына қанағаттанарлық жұмыс істелді. Міне, сол секілді Байәлі Стамқұлов ақсақалдың ақсап тұрған мәселесін бірден қолға алдық. Мәселе өз шешімін тауып, азаматтық алған қария қуанып отыр, – дейді «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов. Байәлі Стамқұлов ақсақал осынау игі іске бастамашы болған «Отандастар қоры» және Нұр-Сұлтан қалалық Көші-қон қызметі мамандарына өз алғысын айтып, батасын берді. Сондай-ақ, игі шараға қатысқан Нұр-Сұлтан қаласы Көші-қон қызметі басқармасы басшысының орынбасары Анар Жомартова биылдан бастап атажұртқа көш түзеген қандастардың Қазақстан азаматтығын алу мәселесі бұрынғыдан едәуір жеңілдетілген тәртіппен берілетінін айтады.  width=