ШҚО-да астан уланған оқушылар саны 130-ға жуықтады

ШҚО-да астан уланған оқушылар саны 130-ға жуықтады

ШҚО-да астан уланған оқушылар саны 130-ға жуықтады
ашық дереккөзі
Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы орта мектепте тамақтан уланған оқушылар саны 120-дан асты. Бозанбай ауылындағы мектеп оқушыларының жаппай улануына байланысты тексеру жүргізілуде. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, зардап шеккен балалар саны 127-ге жетіп отыр. ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бастығы Қанат Тұрдиев онлайн форматта өткен баспасөз конференциясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 29 наурыздағы жағдай бойынша 14 жасқа дейінгі 93 бала, 28 жасөспірім және алты ересек адам уланған. Бұл 127 адамның 110-ы Бозанбай орта мектебінің оқушылары. «Науқастардың дене қызуы көтеріліп, жүректері айнып, құсып, іштері өткен. Өскемендегі Ана мен бала орталығының жұқпалы аурулар бөліміне 62 бала жатқызылды. Қалғандарды үйлерінде дәрігер бақылауында», - деді Қанат Тұрдиев. Оның айтуынша, эпидемиологиялық тексеру барысында уланғандармен байланыста болған 383 адам анықталған. Оларға да медициналық бақылау жүргізілуде. «Қазіргі уақытта департамент мамандары мен Ұлттық сараптама орталығы тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Құқық қорғау органдарымен қозғалған қылмыстық іс бойынша зертханалық зерттеулерге тамақ өнімдерінің сынамасы алынды. Мектеп карантинге жабылған», - деді ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бастығы.