Жаңалықтар

БҚО-да метрологиялық бақылау бойынша 3 млн теңгеден астам айыппұл салынды

ашық дереккөзі

БҚО-да метрологиялық бақылау бойынша 3 млн теңгеден астам айыппұл салынды

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаменті метрологиялық бақылау саласында биылғы тоғыз айда ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес ішінара 45 тексеру жүргізіп, соның 17-сі (38 пайызы) бойынша заңбұзушылықтардың беті ашылды деп хабарлайды inform.kz. Департамент басшысы Салтанат Қамешеваның Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында мәлім еткеніндей, тексеру қорытындылары бойынша 16 заңды тұлғаға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 419-бабына сәйкес 3 млн 75,4 мың теңге айыппұл салынды. Қолдануға келмейтін 221 өлшеу құралын қолданыстан алу туралы ұйғарымдар берілді.

Жалпы, мұндай тексерістер саны жыл санап азайып келеді. Мысалы, 2011 жылы  - 333, 2012 жылы - 216, 2013 жылы - 186, 2014 жылы - 60, 2015 жылы 35 тексеру болған еді.

Биылғы бір өзгеріс, екінші жартыжылдықтан бастап «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» ҚР Заңының 13-бабына сәйкес сынамалау таңбасынсыз, сондай-ақ атаулы таңба бедерінсіз зергерлік және басқа бұйымдарды өткізуге жол берілмейді. Егер ондай таңбалар болмаса, заңсыз дайындалған бұйым болып есептеледі. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 190-1-бабына сәйкес өндіруші таңбалары болмаған бағалы бұйымдарды өткізген жеке тұлғаларға - 50 АЕК, лауазымды адамдар мен шағын кәсіпкерлік нысандарына - 80 АЕК, орта кәсіпкерлік нысандарына - 100 АЕК, ірі кәсіпкерлікке 150 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Сол секілді асыл тастарды, зергерлік және басқа бұйымдарды ел аумағына әкелу және әкету кезінде жасалған заңбұзушылық үшін аталған кодекстің 297-1-бабы бойынша 30 АЕК-тен бастап 1 мың АЕК-ке дейін айыппұл салу қарастырылған.

«Департамент өнімнің каталогтық парақтарын тіркеуді де жүргізеді, мұндағы мақсат - қазақстандық өнімнің каталогын қалыптастыру және тұтынушыларға қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Департамент қызметкерлері жыл басынан бері өнімнің сәйкестігін міндетті растау бойынша 191 азаматтың өтініштерін қарастырды. Басқа да түсінік жұмыстары жүргізілуде», деді С.Қамешева.