Мәулен Әшімбаев: Ұлттық құндылықты дәріптемей жаңғыруды толыққанды іске асыру мүмкін емес

Мәулен Әшімбаев: Ұлттық құндылықты дәріптемей жаңғыруды толыққанды іске асыру мүмкін емес

Мәулен Әшімбаев: Ұлттық  құндылықты дәріптемей жаңғыруды толыққанды іске асыру мүмкін емес
ашық дереккөзі
Сенат Төрағасы «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда білім беру бағдарламасына ұлттық құндылық жайлы енгізуді ұсынды. «Ұлттық құндылықтарымызды азаматтарымыздың, әсіресе өскелең ұрпақтың бойына сіңірудің оңтайлы жолын табуымыз қажет. Бұл ретте негізгі салмақ білім беру саласына түсетіні сөзсіз. Білім беру оқу бағдарламасын түсіндірумен ғана шектелмегені жөн. Біздің ұлттық танымда білім әрдайым тәрбиемен қатар жүрген. Сондықтан бала адамдық әліппесін ата-анасымен қатар мектептен үйренгені шарт. Білім мекемелері жанашыр, адал, жауапты, еңбекқор болуды ерте жастан баланың бойына сіңіруге тиіс. Сол себепті, оқу бағдарламасына ұлттық құндылықтарды дәріптеу сабақтарын қосып, оны жаңаша жасақтау мәселесін қараған жөн болар еді», – деді Мәулен Әшімбаев. Сонымен қатар Сенат Спикері бұл бағытта интеллигенцияның да алатын орны ерекше екенін атап өтті. «Қай заманда да зиялы азаматтарымыз қоғам үшін бағдар болған. Алдыңғы аға буын осы бағыттағы миссиясына адалдық танытып, әрдайым ұлтымыздың үні, қорғаушысы болып келеді. Сол үшін оларға алғысымызды білдіреміз. Ендігі кезекте, елімізде зиялы қауымның жаңа буынын қалыптастыруды өзекті мәселелердің бірі деп есептейміз. Олар ХХІ ғасырда ұлттық құндылықтарды сақтаушы және насихаттаушы болуы қажет», – деді Мәулен Әшімбаев. Сондай-ақ, ол ұлттық құндылықтардың аясы кең екенін, оның тәуелсіздік, жер, тіл, мәдениет, салт-дәстүр сияқты ерекшеліктерді қамтитынын айтып, адами құндылықтарға, хакім Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасына кеңірек тоқталып өтті. «Ұлы ойшылдың «Толық адамына» нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат тән. Нұрлы ақыл аясында қоғамда білім культін қалыптастыруымыз қажет. Сол арқылы өмір бойы білім алу дағдысын негізгі қағидатқа айналдырғанымыз жөн. Өзара сенім, жанашырлық пен жауапкершілік сияқты құндылықтарды да кеңінен дәріптеген абзал. Оның бәрі Абай айтқан жылы жүректен бастау алады. Қоғамда сенім болған жерде адами қарым-қатынастың нығаюымен қатар, экономика да дамиды деген заңдылық бар. Ақын өсиет еткен ыстық қайратқа талап пен еңбекқорлық секілді қасиеттер жатады. Бұлар да жаңа заманда ұлттық ұстанымға, өмірлік мақсатқа айналуы қажет», – деген Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының жаңғыру бағдарын кешенді әрі жүйелі түрде іске асыру үшін осындай идеологиялық құндылықтарды нығайтып алу керектігін тілге тиек етті. Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев ұлттық құндылықтар тақырыбы қашанда өзекті және оны дәріптеу ауқымды жұмыс екеніне де назар аударды. «Қазіргідей елімізде жүйелі жаңғыру жұмыстары қолға алынған шақта бұл саланың маңызы арта түскені сөзсіз. Тіпті, ұлттық құндылықтарды дәріптемей жаңғыруды толыққанды іске асыру мүмкін емес деуге болады. Себебі, жаңғырудың ең негізгі мақсаттарының бірі жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікті сақтап, жан-жақты даму екені белгілі. Сондықтан бүгінгі мәселенің елдік мүдде тұрғысынан маңызы аса зор», – деді Сенат Төрағасы. Айта кетейік, Сенатта өткен парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша арнайы Ұсынымдар дайындалды. Бұл құжат қатысушылардың ұсыныс-пікірлері негізінде тағы да толықтырылып, Үкіметке және тиісті министрліктерге жіберіледі.