Торғайда туған бір ақын

Торғайда туған бір ақын

Торғайда туған бір ақын
ашық дереккөзі
  1. «Барымша адал болдым мен өлеңге».
Мұны өнердегі концепция деп қабылдау ке­рек. Әбжан Әбілтайдың «Дүниежалған»  («Фо­лиант», 2011) және «Жүрегімнің сүзгісі» («То­ғанай Т», 2020) атты қос кітабын мұ­қият оқып шықтым. Ақындық құбылыс жүрек сөзін айтуға әсі­ре құштарлықтан туады. Поэзияда ақын өзі­не баға беруге құмар. «Демеймін айт­қа­ным­­ның бәрі маржан, /Демеймін айтқа­ным­ның бәрі де арзан», «Бәрі өлең: жа­ным­ның күй, кәсібі өлең, / Сөзімнің аяғы да, басы да өлең. /Жазамын жүрегімнің әмі­рі­мен, / Көзімнің көрсетпейтін жасыменен», «Мен Әбжан, / керемет те, кеще де емес», «Мен емеспін сұм ақын не сұр ақын», «Жі­гіт­тің сырттанымын сертке берік, / Елірген ерген жоқпын ешбір топқа, /Көрінген көр­ген жоқпын көттен еріп» (Абай бір емес, бір­қатар өлеңге арқалатып жіберген ха­лық­тық сөзде ұяттық жоқ), «Жібермейді қо­қыс­ты, Жүрегімнің сүзгісі», «Жайымды жаны жұ­таң білмес адам...». Құнарлану, асылды аңсау  –  ұлтты сақ­тау­шы күш. Тектілік формуласын Әбжан ақын жадқа оралтады:  «Адам деген айны­ман киелі аттан», «Кісілік келсін ақыл, па­ра­сатпен, /Кішілік келсін бізге ақ сүт­пе­нен!». Сондай-ақ «Тексізге тексізсің деп тіл қат­қам жоқ, / Әуелден ар-ұяты кеткен өліп» деп үкім шығаруы ащы шындықтан алшақ кетпес әулиелік ойдан туса керек. Тексіздік қазіргі заманда өзін қор тұтпайды, қайда, қайта өзін соншалық зор тұтады. Оның «Бір сәтке түңілемін, үгілемін!» ат­ты Жұмабек Кенжалиннің рухына ар­налған жоқтау жыры тектіліктің қасиетін таныту болып cаналады. Сен емес – күйбеңдеген көптің бірі, Жаныңның жақсылыққа төктің нұрын. Семсердің сертке ұстаған Жәй қарасаң, Жүзінен көрінбейді өткірлігі. Еліңнің сен де сондай бір ұлы едің, Таза едің, тәуір едің, тұнық едің. Әбжан Әбілтайдың өлеңдерінде өзінің есі­мін жиі келтіру дәстүрі бар. Мұның ғы­лыми атауы сфрагида, грекше «мөр» деген сөз. Ақын өз есімін өлеңінде таңбалап қою Қа­сым Аманжоловта бар. Ежелгі ақындармен диалог құруға икем ақын:  «Мен жершілмін қарамай-ақ әліме / Қа­лай берем көзім қиып мен сені /Бір сұлу­дың көз арбаған меңіне?!». Мен туған жер қиыры жоқ қу дала, Қу далада мына мені туды ана. Қимаймын мен оны кербез Көкшеге, Не болмаса мұхит басқан Кубаға! Ақынның туған жері Торғай даласы, тек­ті адамдар көп шыққан киелі топырақ, «Тор­ғай» деген топонимнің түп тамыры «тур» деген сөзден шығуы мүмкін деген бол­жам бар. Құстың аты деп қалу жаңсақтық, себебі Евразия ойпатында ежелгі аңшылар ау­лаған  мүйізі ұзын бұқалар мекендеген. Қазір турдың суреті тек жартаста қалды, пет­роглиф. Торғай ру аты, қазақ қыз балаға да қояды. Әбжан Әбілтайдың жырларында Ілияс Жансүгіровпен үндес келетін өлең күй өне­ріне арналған «Шертер туралы толғау», тегі, Ілияс­тың қазақ әдебиетінде күй, өнер ту­ралы көркем әдебиетке жол ашқаны әсерін ти­гізіп тұрғандай көрінді. Әбжан ақынның пірі Мұқағали, оның ақындық қуатының ерекшелігін дәл су­реттейді.(«Жыр буса найзағайдай жарқ-жұрқ етіп, / Артынша ақ нөсерге айна­ла­тын!»). Бір ақынды бір ақын пір тұтып ағы­нан жарылуы думаны әсте тарқамайтын әде­биеттің тылсы тәрізді: «Жырыңа та­бынушы ем қыбыр етпей, / Өзіңе табыну­шы ем құдіреттей. / Жаутаңдап Алатауға әлі тұрмын, / Жанардың жасаураған дымы кеп­­пей...». Бұлай деп екінің бірі айта ал­май­ды, дарынды мойындаудың ақ-адал түрі си­ректеу кездеседі. Ғадетте сұмдық мойын­дау­дың көшірме-плагиаттық түрі ба­сым түседі, оның сырын көп жұрт сезіп-біле білмейтін астыртын кеселі бар. «Ұрысы күш­ті болса иесі өледі» демекші, қарыз­дан­ғыш графоманның ең өлермендері, барып тұр­ған оспадар күншілдері, ұяттан безген имансызы өзі ақ бастаудан сіміргендей кө­сіп алып отырған нағыз авторды өлердей жек көреді, қарғап-сілейді, іштей өлім ті­лейді. Әдебиетте өтірікке, сүйемелге тәуел­ді­лік­ті Әбжан ақын Бродскийден аударған аса күрделі «Ялтаға арналады» атты жыр ар­қылы түстеп бере алар еді: «Бұл деген – тантуды мадақтау ғой! / Мағынасыздықтың салтанат құруы! / Сандырақ!». Өлең  басқа бір ситуацияға байланса да қазіргі кәсіби сынды өлтіріп тынған, дәлірегі, кәсіби сын жан сақтау үшін бұғып қалуға мәжбүр бол­ған, сын жоқ, көлгірлікпен бағалауда бір түйір шын жоқ лағып бетімен кеткен әдеби про­цесс формуласы сияқты жанды тітір­кендіріп жіберді. Әбжан ақын жыр әлемінде өзі қастер тұт­қан ақындарды ілтипатпен атайды, олар Мұқағалидан бөлек Кеңшілік, Иранғайып, Жа­­­расқан сияқты иткөйлекті сәл бұры­нырақ тоздырған замандас ағалары. Бір-біріне ұқсамайтын мықты ақындар екені даусыз. Әбжан ақын өлеңнің магиялық қасие­тін құр жібермейді, баталы сөзді ақын өзі таң­­дауы оң: «Құдай, қуат бер, /Жаныма шуақ бер. / Жүрекке сенім бер, / Жолыма мұ­рат бер».
  1. Асау жанр.
Аударма жанрында поэзия түгілі проза шу асаудай ноқтаға көнбей қинайды. Аудар­ма­­ға екінің бірі икемді емес, тәржімашы сөз­­бе-сөз, жолма-жол тәржімадан бөлек ав­­­­тордың рухани болмысын, қисынын, дү­ние­танымын аумай-төкпей, бал жинаған гүлдерге қонған арадай нәрін алып, құтын қа­шырмай беруі қажет. Өркениеттің алтын кіл­тін еншілегендер ең әуелі аудармашылар. Әйт­песе әлем әдебиеті тумайды. Адамзат нә­сілдері бірін-бірі алмасу, жұғысу арқылы та­ниды, руханият сол арқылы байи түседі. Неміс тілінен ана тілге аудармашы Рауза Мұ­сабаева Лессинг, Гете, Шиллер және Гей­ненің жырларын түпнұсқада жатқа оқиды. Рау­за классиктерден мүдірместен үш тілде оқи алады. Бұл көп әдебиетшіге сирек бітер асыл қасиет. Раузаның: «Советтік кезеңде не­містің ұлы ақындарын қазақтың классик ақын­дары орыс тілі арқылы аударды. Мағ­жаннан бастап (Гейне мен Гетеден аударған. Мағ­жан Гетенің «Орман патшасы» баллада­сын Жуковский арқылы аса бейнелі аударған). Қалижан Бекқожин, Хамит Ерға­лиев, Сырбай Мәуленов, Аманжол Шам­ке­нов сияқты дарын иелері басқа тілдегі ұғым­ды қазақтың құлағына түрпідей қы­лып емес, жағымды, жатық берген. Түпнұс­қа­дан түк ауытқымай көркем ойды мөл­діре­те әдемі жеткізе білген. Немістің ұлы ақы­ны И. В. Гетенің «Фауст» трагедиясын қа­зақша сөйлеткен марқұм Медеубай Құр­мановтың орны бөлек. Шолпан Бәйнеш Гете­нің «Жас Вертердің қасіреттері» атты хат­пен жазылған романын ана тілімізде ға­жап сөйлетті. Әділбек Әлжанов ұста­зы­мыз Абайдың «Ескендір» поэмасын неміс­ше­ге өлеңмен өрнектеп,  айды аспанға шы­ғарды. Бұлар тікелей аударма» дегені бар. Абай, аударма саласының ұлы реформаторы сал­ған киелі сүрлеу Құсжолы тәрізді жар­қы­рап, керім сиқырымен тарта бастады. Аударма – өркениеттер елшісі тәрізді ұлт­тық әдебиет кеніштен алып, руха­ният­тың ортақ қорына қосып беруші таңдаулы әрі асау жанр. Оның жүгі ауыр –әдебиетке сүйіс­пеншілік, шынайы талант, білімділік инемен құдық қазғаннан бетер еңбекқор­лық қажет. Аударма әдебиеттің ұлы қасиеті сонда, бейтаныс суреткердің туындысын оқу өз алдына, компас тәрізді бағыт беріп одан әрмен біле беруге бастайды. Табиғи хош иісі аңқыған жабайы қарақаттың қа­лың жеріне еніп бара жатқандай сырлы дү­­­­ниеден бас алмай қаласың. Иосиф Бродский XX ғасырдың ең күр­делі ақындарының бірі, көкжиегі кең, себебі оның тектік жады интеллектуалды ғарыш сияқты, онда дәстүршілдік және экспери­мент тоғыса береді. Бродскийдің поэти­ка­лық стилі ежелгі антик авторлардың хор ар­қылы оқиғаны ұзақ-сонар сипаттап ай­тып беретін қалыбына ұқсап кетеді. Әбжан Әбілтай қазақша сөйлеткенде Бродскийдің стильдік ерекшелігін, ақынның өзіне тән стихиясын айна-қатесіз бере алған, бір сөз­бен айтқанда оның суреткерлік келбетін сақтайды. Джон Донн (1572-1631) –  Шекспирден 8 жыл кейін туған ортағасырлық ағылшын ақыны. Иосиф Бродский өзіне ерекше әсер еткен  ақынмен үн жарыстырып, 23 жасын­да «Джон Доннды ойлап жабығу» атты өлең жазған. Апулейдің Психея-жан туралы әп­са­на­сы мұнда аса мұңлы астармен берілген. Өлімнен соңғы құбылыстың сырын шеше алмай (ол расында шешуі мүмкін емес жұм­бақ!) қара түнектен торығу, үмітсіздік сал­танат құрған «Құзғын» атты өлеңнің са­ры­ны Эдгар Поның жыр әлемін даралайды. Бродский байланып қалған Джон Донн суреткерлігінің ұшқыны Эдгар Поға тимеді ме екен? Бродский өзі пір тұтқан ақы­ны­ның ұйқысын суреттеу арқылы жер бетін­дегі өмірдің тұтас картинасын беруге тал­пын­ған. Бесік жыры тәрізді жұмсақ бастал­ған жырдың түпнұсқалық ырғақ, қуатын Әбжан Әділтай дәл сақтауды мұрат тұтқан. Қазақ ақыны Бродскийдің стильдік қолтаң­ба­с­ын айнымай бере алудан бөлек, кей сөзді сол қалпы алуы да тегін емес сияқты. Мы­салы: «Геенна ұйқыда. Ұйқыда жан раха­ты жұмақ та», аудармашы «тозақ», «тамұқ» деген балама сөзді білмей отырған жоқ, неге сол күйі алды? Ойлантады. Бұл толғау­лы сарында жалғыздық, адам жанының жал­ғыздығының құпиясы бар. Қазақ «Ұйқы мен өлі тең» дейді, адам жаны жер бауырлап ба­рып көкке ұшуға талпынғандай тылсым су­рет тұнып тұр. Қазақ тілінде осының бә­рін өз деңгейінде бере білу үшін үлкен қабілет, жанкештілік қажет. Себебі толғау­дың басынан антикалық баяндау, Гомерге тән эпикалық құлаш, одан ортағасырлық Қай­та Өрлеу дәуірінің алыптарынан жұқ­қан монолиттік суреттеулер, діни астар, фи­лософиялық тінінде гностицизм эле­мент­тері («Бәле біткен ұйқыда. Ізгілік те көз ілген. / Құшақтасып алыпты зұлымдықтың өзі­мен»); Библиялық уағыз («Шаң – өйткені жал­ғанның / еті менен сүйегі», «Натюрморт» ат­ты өлеңде); экцистенциализм («Бәрі ұй­қыда. Бірақ та екі-үш өлең ыржиып, / Бар ке­кесін, мысқылын езуіне тұр жиып. / Дү­нияуи махаббат – парыз ғой деп опынып, / Рухани махаббат – қиялы деп сопының») бәрі де жерасты суларындай түп негізде жал­ғаса келе бір арнада қабысып кеткен. 23 жас­тағы Бродский иррациональды жал­ғыздығына өстіп көнеді, яһудилік гене­тикалық код арқылы дабыл қаққан өз ру­хы­мен сырласуының нышанын айғақ­тайды. Иосиф Бродскийдің Әбжан Әбілтай ау­дармасындағы нұсқасы эпикалық жыр, оны тұпнұсқада орыс тілінде оқу үшін әжептәуір тө­зім керек, бірақ тереңдеген сайын ну жы­ныс құпиясымен тарта түседі, ал қазақша тәр­жімасы сәтті шыққандықтан болар, ұзақ-сонарлық жалықтырмайды. Эдгар Поның есімі текке орала кеткен жоқ. Бродскийдің «Бабочка» атты өлеңі Эдгар Поның «Сфинкс» атты әңгімесін еске тү­сіреді. Бродскийдің «Көбелек» атты кере­мет өлеңін Маралтайға аударып көрші деп айтқаным бар. Мықты аударма әдебиет ат­ты түпсіз әлемнің қатпар-қатпарда тығы­лып жататын кенішін көруге жетелейтіні ға­жап. «Сырымен арбайтын, / болжап бол­майтын / Мәңгілік күйінде / қалады Дүние» (Бродский. «Дәруіштер»). Әбжан Әбілтай таңдап аударған Бродс­кий­дің «Роман Капланның 55 жылдығының ер­теңіне» атты юморы күшті арнау өлең не­сі­мен құнды? 1. Автордың өз бейнесі бар: («Ке­шір мені, Роман, / Мен жазғанды ұр бет­ке. / Сері кеше сылқиып, / Қалып қойды дүр­мектен»). 2.Еврей халқының санасынан кө­­­семдері – патриархтар мен пайғам­бар­лары ешқашан өшпейді, елдік рухы сон­дықтан шарболаттай мықты: («Өзім және иу­деймін», «Моисейдей жапанда шаршап, / Қажып, қарманып...» /. 3. Біздің қазақ ұлт бо­лып ұйысуды, бір-бірін қолдауды үйре­не­тін уақыт жетті. Әдебиет нағыз тәрбие құ­ра­лы емес пе?! Расул Ғамзатовтан таңдап алған жыр­лары ғибратты, қазақ дүниетанымына (Құ­дайдың қарғысы, әке қарғысы, қорлық, шы­бын жан) өте жақын, рухы бір жырлар болуы­мен ерекшеленеді. Аударма жанрында ақын ақынға еркін екені айып емес. Евту­шен­кодан «Жастық маған қансонардай кө­рініп, / Томағасын сыпырдым мен құсым­ның. / Қанша сүйген болсам, қылша өмірім / Соншалықты ұзарарын түсіндім» («Беделі бел жамырай ма, шулай ма...») деп қазақы ма­қаммен берген. Осы өлеңде даналар амал­сыз көнуге тура келер ақиқат айқын: «Мен бақытты болдым қазір мәңгіге, / Сол ба­қытты іздемеймін өйткені». Бұл сарын ары қарай жалғасын табады: «Жалғандыққа қас болу – / Қайырымдылық ол-дағы» («Ыза»). Пушкин жаңғыртқан Құдай бұйырт­қан шығармашылық үкімге («Ес­керт­кіш») жаны дән риза ақынның түйсігі алдамайды: «Мені сүйесіздер әлі. Бірақ бір­ден емес. / Мені сүйесіздер – ешкім білмек емес. / Мені сүйесіздер кенеттен дір етіп, / Құс кіріп кеткендей сенекке дүр етіп/ ..Мені сүйе­сіздер өлгеннің өзінде де». «Балалы үйдің ұрлығы жатпас» дейді қа­зақ. Ақындар бала сияқты періште пейіл адал жаратылысқа айналар тылсым күйді бастан жиі кешеді. Пушкинді патша ағзам­ның жандармдары қия бастырмай аңдып, шет­елге жібермегенін Евтушенко жырға қос­ты. Пушкин ертегі арқылы балықшы шал­­­дың кейпінде алтын балықты көк теңіз­­ге қоя беруінің құпия сыры сонда жа­тыр – жер бетіндегі өмірде еркіндіктен ар­тық қандай ғажап бақыт бар?! Сергей Есениннен бір өлең аударған Әбжан Әбілтайдың аудармаларының тілі өте жатық, иненің жасуындай мүдіру, кібір­тік жоқ, өзге тілдің лебі білінбейді, әр ақын­ның өзіне тән стилін жоғалтпаған. Евту­шен­­коның «Қызық жағдай» атты өлеңі Бродс­­­кийдің Роман досының мерейтойына бара алмай қалып ақталып жазған өлеңімен үндестігі назар аудартпай қалмады. Бұл да әде­биеттің бітпес дауы, әлгі философияда тауық алғаш жаралған ба, жұмыртқа алғаш жа­ралған ба деп бас қатырғаннан аумай қа­лады. Советтік дәуірдің тетелес серкелері Ро­берт Рождественский, Евгений Евтушен­ко, Анд­рей Вознесенскийді бұрын оқымап едім. Әбжан Әбілтайдың шығармашылығы ар­қылы таныстым. Вознесенский 1977 жы­лы жазған Анна Ахматованың рухына тағ­зым еткен өлеңі «Кітап машақаты» деп ата­­­лады. Ахматованы көр заманы қорлап бақ­ты. Ал не болды ақыры? Құдайға мың шү­кір, шын талантты түбі Жаратушы өл­тір­мейді екен! «...Инженер отыр қайғырып: / Ах­матованы алып оқуға / Жетпейді оның ай­лығы. / Бекзаттар қайтты мен күткен, / қа­лып ек онсыз жұтап тым. / Шетінен бек­зат ел біткен / кезегінде тұр кітаптың. / Өр­­­кенде, елім, басың жас, / біз үшін осы ас­қан бақ – / Ахматова сатылмас, / Сатыл­май­ды Пастернак». Аудармашы жаны қалап ірік­теп аударған өлеңдер аса биік мұратты, бата сипатты болып келуі сүйінішті. Балдан та­мады, бақтан жұғады. Әдебиет күндей жа­рық құбылыс – бір ұлтқа кіндігінен бай­ла­нып қалмайды, халықтар байлығы. Тәжік ақыны Камол Насруллодан ау­дар­­ған өлеңдер құнарлы. Тәжік жерінің геог­­ра­ф­иялық бедерлері («Алып құздан жара­тыл­ған / Таумын мен. / Пейлім жо­март, / ал­дым кең. / Тас лақтырсаң – / көш­­­кінмін, / Қар астында қалдым де. / Мен – Таумын, / Мүгім менің / жұмсақ тіпті ұлпа­дан. / Тіл ти­­­гізсең, жаңғырық боп / буырқанам, бұр­қа­нам») өнері («Бабадан қалған мұрасың сен, би. / Қанымда өрттей тұрасың сөнбей») әрі дүниетанымы («Жа­лаңаштық күнге ғана жа­расар –»), көне бастау ұлы шайырлардан үзіл­меген ұлттың сүйіспеншілік рухы («Сый­ғыз мені, сыйғызшы шарасына көзің­нің, / Майдай еріп кетсінші кеудеңдегі се­зім-мұң. / Жанарымды жалынған сый­ғыз­ба­са жа­на­рың, / Бұл өмірдің мен үшін қы­зы­ғы жоқ, қарағым») қат-қабат берілген.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

жазушы