Торғайда туған бір ақын
Торғайда туған бір ақын
«Барымша адал болдым мен өлеңге».
Мұны өнердегі концепция деп қабылдау керек. Әбжан Әбілтайдың «Дүниежалған» («Фолиант», 2011) және «Жүрегімнің сүзгісі» («Тоғанай Т», 2020) атты қос кітабын мұқият оқып шықтым.
Ақындық құбылыс жүрек сөзін айтуға әсіре құштарлықтан туады. Поэзияда ақын өзіне баға беруге құмар. «Демеймін айтқанымның бәрі маржан, /Демеймін айтқанымның бәрі де арзан», «Бәрі өлең: жанымның күй, кәсібі өлең, / Сөзімнің аяғы да, басы да өлең. /Жазамын жүрегімнің әмірімен, / Көзімнің көрсетпейтін жасыменен», «Мен Әбжан, / керемет те, кеще де емес», «Мен емеспін сұм ақын не сұр ақын», «Жігіттің сырттанымын сертке берік, / Елірген ерген жоқпын ешбір топқа, /Көрінген көрген жоқпын көттен еріп» (Абай бір емес, бірқатар өлеңге арқалатып жіберген халықтық сөзде ұяттық жоқ), «Жібермейді қоқысты, Жүрегімнің сүзгісі», «Жайымды жаны жұтаң білмес адам...».
Құнарлану, асылды аңсау – ұлтты сақтаушы күш. Тектілік формуласын Әбжан ақын жадқа оралтады: «Адам деген айныман киелі аттан», «Кісілік келсін ақыл, парасатпен, /Кішілік келсін бізге ақ сүтпенен!». Сондай-ақ «Тексізге тексізсің деп тіл қатқам жоқ, / Әуелден ар-ұяты кеткен өліп» деп үкім шығаруы ащы шындықтан алшақ кетпес әулиелік ойдан туса керек. Тексіздік қазіргі заманда өзін қор тұтпайды, қайда, қайта өзін соншалық зор тұтады.
Оның «Бір сәтке түңілемін, үгілемін!» атты Жұмабек Кенжалиннің рухына арналған жоқтау жыры тектіліктің қасиетін таныту болып cаналады.
Сен емес – күйбеңдеген көптің бірі,
Жаныңның жақсылыққа төктің нұрын.
Семсердің сертке ұстаған
Жәй қарасаң,
Жүзінен көрінбейді өткірлігі.
Еліңнің сен де сондай бір ұлы едің,
Таза едің, тәуір едің, тұнық едің.
Әбжан Әбілтайдың өлеңдерінде өзінің есімін жиі келтіру дәстүрі бар. Мұның ғылыми атауы сфрагида, грекше «мөр» деген сөз. Ақын өз есімін өлеңінде таңбалап қою Қасым Аманжоловта бар.
Ежелгі ақындармен диалог құруға икем ақын: «Мен жершілмін қарамай-ақ әліме / Қалай берем көзім қиып мен сені /Бір сұлудың көз арбаған меңіне?!».
Мен туған жер қиыры жоқ қу дала,
Қу далада мына мені туды ана.
Қимаймын мен оны кербез Көкшеге,
Не болмаса мұхит басқан Кубаға!
Ақынның туған жері Торғай даласы, текті адамдар көп шыққан киелі топырақ, «Торғай» деген топонимнің түп тамыры «тур» деген сөзден шығуы мүмкін деген болжам бар. Құстың аты деп қалу жаңсақтық, себебі Евразия ойпатында ежелгі аңшылар аулаған мүйізі ұзын бұқалар мекендеген. Қазір турдың суреті тек жартаста қалды, петроглиф. Торғай ру аты, қазақ қыз балаға да қояды.
Әбжан Әбілтайдың жырларында Ілияс Жансүгіровпен үндес келетін өлең күй өнеріне арналған «Шертер туралы толғау», тегі, Ілиястың қазақ әдебиетінде күй, өнер туралы көркем әдебиетке жол ашқаны әсерін тигізіп тұрғандай көрінді.
Әбжан ақынның пірі Мұқағали, оның ақындық қуатының ерекшелігін дәл суреттейді.(«Жыр буса найзағайдай жарқ-жұрқ етіп, / Артынша ақ нөсерге айналатын!»). Бір ақынды бір ақын пір тұтып ағынан жарылуы думаны әсте тарқамайтын әдебиеттің тылсы тәрізді: «Жырыңа табынушы ем қыбыр етпей, / Өзіңе табынушы ем құдіреттей. / Жаутаңдап Алатауға әлі тұрмын, / Жанардың жасаураған дымы кеппей...». Бұлай деп екінің бірі айта алмайды, дарынды мойындаудың ақ-адал түрі сиректеу кездеседі. Ғадетте сұмдық мойындаудың көшірме-плагиаттық түрі басым түседі, оның сырын көп жұрт сезіп-біле білмейтін астыртын кеселі бар. «Ұрысы күшті болса иесі өледі» демекші, қарызданғыш графоманның ең өлермендері, барып тұрған оспадар күншілдері, ұяттан безген имансызы өзі ақ бастаудан сіміргендей көсіп алып отырған нағыз авторды өлердей жек көреді, қарғап-сілейді, іштей өлім тілейді.
Әдебиетте өтірікке, сүйемелге тәуелділікті Әбжан ақын Бродскийден аударған аса күрделі «Ялтаға арналады» атты жыр арқылы түстеп бере алар еді: «Бұл деген – тантуды мадақтау ғой! / Мағынасыздықтың салтанат құруы! / Сандырақ!». Өлең басқа бір ситуацияға байланса да қазіргі кәсіби сынды өлтіріп тынған, дәлірегі, кәсіби сын жан сақтау үшін бұғып қалуға мәжбүр болған, сын жоқ, көлгірлікпен бағалауда бір түйір шын жоқ лағып бетімен кеткен әдеби процесс формуласы сияқты жанды тітіркендіріп жіберді.
Әбжан ақын жыр әлемінде өзі қастер тұтқан ақындарды ілтипатпен атайды, олар Мұқағалидан бөлек Кеңшілік, Иранғайып, Жарасқан сияқты иткөйлекті сәл бұрынырақ тоздырған замандас ағалары. Бір-біріне ұқсамайтын мықты ақындар екені даусыз.
Әбжан ақын өлеңнің магиялық қасиетін құр жібермейді, баталы сөзді ақын өзі таңдауы оң: «Құдай, қуат бер, /Жаныма шуақ бер. / Жүрекке сенім бер, / Жолыма мұрат бер».
Асау жанр.
Аударма жанрында поэзия түгілі проза шу асаудай ноқтаға көнбей қинайды. Аудармаға екінің бірі икемді емес, тәржімашы сөзбе-сөз, жолма-жол тәржімадан бөлек автордың рухани болмысын, қисынын, дүниетанымын аумай-төкпей, бал жинаған гүлдерге қонған арадай нәрін алып, құтын қашырмай беруі қажет. Өркениеттің алтын кілтін еншілегендер ең әуелі аудармашылар. Әйтпесе әлем әдебиеті тумайды. Адамзат нәсілдері бірін-бірі алмасу, жұғысу арқылы таниды, руханият сол арқылы байи түседі.
Неміс тілінен ана тілге аудармашы Рауза Мұсабаева Лессинг, Гете, Шиллер және Гейненің жырларын түпнұсқада жатқа оқиды. Рауза классиктерден мүдірместен үш тілде оқи алады. Бұл көп әдебиетшіге сирек бітер асыл қасиет. Раузаның: «Советтік кезеңде немістің ұлы ақындарын қазақтың классик ақындары орыс тілі арқылы аударды. Мағжаннан бастап (Гейне мен Гетеден аударған. Мағжан Гетенің «Орман патшасы» балладасын Жуковский арқылы аса бейнелі аударған). Қалижан Бекқожин, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов, Аманжол Шамкенов сияқты дарын иелері басқа тілдегі ұғымды қазақтың құлағына түрпідей қылып емес, жағымды, жатық берген. Түпнұсқадан түк ауытқымай көркем ойды мөлдірете әдемі жеткізе білген. Немістің ұлы ақыны И. В. Гетенің «Фауст» трагедиясын қазақша сөйлеткен марқұм Медеубай Құрмановтың орны бөлек. Шолпан Бәйнеш Гетенің «Жас Вертердің қасіреттері» атты хатпен жазылған романын ана тілімізде ғажап сөйлетті. Әділбек Әлжанов ұстазымыз Абайдың «Ескендір» поэмасын немісшеге өлеңмен өрнектеп, айды аспанға шығарды. Бұлар тікелей аударма» дегені бар. Абай, аударма саласының ұлы реформаторы салған киелі сүрлеу Құсжолы тәрізді жарқырап, керім сиқырымен тарта бастады.
Аударма – өркениеттер елшісі тәрізді ұлттық әдебиет кеніштен алып, руханияттың ортақ қорына қосып беруші таңдаулы әрі асау жанр. Оның жүгі ауыр –әдебиетке сүйіспеншілік, шынайы талант, білімділік инемен құдық қазғаннан бетер еңбекқорлық қажет. Аударма әдебиеттің ұлы қасиеті сонда, бейтаныс суреткердің туындысын оқу өз алдына, компас тәрізді бағыт беріп одан әрмен біле беруге бастайды. Табиғи хош иісі аңқыған жабайы қарақаттың қалың жеріне еніп бара жатқандай сырлы дүниеден бас алмай қаласың.
Иосиф Бродский XX ғасырдың ең күрделі ақындарының бірі, көкжиегі кең, себебі оның тектік жады интеллектуалды ғарыш сияқты, онда дәстүршілдік және эксперимент тоғыса береді. Бродскийдің поэтикалық стилі ежелгі антик авторлардың хор арқылы оқиғаны ұзақ-сонар сипаттап айтып беретін қалыбына ұқсап кетеді. Әбжан Әбілтай қазақша сөйлеткенде Бродскийдің стильдік ерекшелігін, ақынның өзіне тән стихиясын айна-қатесіз бере алған, бір сөзбен айтқанда оның суреткерлік келбетін сақтайды.
Джон Донн (1572-1631) – Шекспирден 8 жыл кейін туған ортағасырлық ағылшын ақыны. Иосиф Бродский өзіне ерекше әсер еткен ақынмен үн жарыстырып, 23 жасында «Джон Доннды ойлап жабығу» атты өлең жазған. Апулейдің Психея-жан туралы әпсанасы мұнда аса мұңлы астармен берілген. Өлімнен соңғы құбылыстың сырын шеше алмай (ол расында шешуі мүмкін емес жұмбақ!) қара түнектен торығу, үмітсіздік салтанат құрған «Құзғын» атты өлеңнің сарыны Эдгар Поның жыр әлемін даралайды. Бродский байланып қалған Джон Донн суреткерлігінің ұшқыны Эдгар Поға тимеді ме екен? Бродский өзі пір тұтқан ақынының ұйқысын суреттеу арқылы жер бетіндегі өмірдің тұтас картинасын беруге талпынған. Бесік жыры тәрізді жұмсақ басталған жырдың түпнұсқалық ырғақ, қуатын Әбжан Әділтай дәл сақтауды мұрат тұтқан. Қазақ ақыны Бродскийдің стильдік қолтаңбасын айнымай бере алудан бөлек, кей сөзді сол қалпы алуы да тегін емес сияқты. Мысалы: «Геенна ұйқыда. Ұйқыда жан рахаты жұмақ та», аудармашы «тозақ», «тамұқ» деген балама сөзді білмей отырған жоқ, неге сол күйі алды? Ойлантады. Бұл толғаулы сарында жалғыздық, адам жанының жалғыздығының құпиясы бар. Қазақ «Ұйқы мен өлі тең» дейді, адам жаны жер бауырлап барып көкке ұшуға талпынғандай тылсым сурет тұнып тұр. Қазақ тілінде осының бәрін өз деңгейінде бере білу үшін үлкен қабілет, жанкештілік қажет. Себебі толғаудың басынан антикалық баяндау, Гомерге тән эпикалық құлаш, одан ортағасырлық Қайта Өрлеу дәуірінің алыптарынан жұққан монолиттік суреттеулер, діни астар, философиялық тінінде гностицизм элементтері («Бәле біткен ұйқыда. Ізгілік те көз ілген. / Құшақтасып алыпты зұлымдықтың өзімен»); Библиялық уағыз («Шаң – өйткені жалғанның / еті менен сүйегі», «Натюрморт» атты өлеңде); экцистенциализм («Бәрі ұйқыда. Бірақ та екі-үш өлең ыржиып, / Бар кекесін, мысқылын езуіне тұр жиып. / Дүнияуи махаббат – парыз ғой деп опынып, / Рухани махаббат – қиялы деп сопының») бәрі де жерасты суларындай түп негізде жалғаса келе бір арнада қабысып кеткен. 23 жастағы Бродский иррациональды жалғыздығына өстіп көнеді, яһудилік генетикалық код арқылы дабыл қаққан өз рухымен сырласуының нышанын айғақтайды.
Иосиф Бродскийдің Әбжан Әбілтай аудармасындағы нұсқасы эпикалық жыр, оны тұпнұсқада орыс тілінде оқу үшін әжептәуір төзім керек, бірақ тереңдеген сайын ну жыныс құпиясымен тарта түседі, ал қазақша тәржімасы сәтті шыққандықтан болар, ұзақ-сонарлық жалықтырмайды.
Эдгар Поның есімі текке орала кеткен жоқ. Бродскийдің «Бабочка» атты өлеңі Эдгар Поның «Сфинкс» атты әңгімесін еске түсіреді. Бродскийдің «Көбелек» атты керемет өлеңін Маралтайға аударып көрші деп айтқаным бар. Мықты аударма әдебиет атты түпсіз әлемнің қатпар-қатпарда тығылып жататын кенішін көруге жетелейтіні ғажап. «Сырымен арбайтын, / болжап болмайтын / Мәңгілік күйінде / қалады Дүние» (Бродский. «Дәруіштер»).
Әбжан Әбілтай таңдап аударған Бродскийдің «Роман Капланның 55 жылдығының ертеңіне» атты юморы күшті арнау өлең несімен құнды? 1. Автордың өз бейнесі бар: («Кешір мені, Роман, / Мен жазғанды ұр бетке. / Сері кеше сылқиып, / Қалып қойды дүрмектен»). 2.Еврей халқының санасынан көсемдері – патриархтар мен пайғамбарлары ешқашан өшпейді, елдік рухы сондықтан шарболаттай мықты: («Өзім және иудеймін», «Моисейдей жапанда шаршап, / Қажып, қарманып...» /. 3. Біздің қазақ ұлт болып ұйысуды, бір-бірін қолдауды үйренетін уақыт жетті. Әдебиет нағыз тәрбие құралы емес пе?!
Расул Ғамзатовтан таңдап алған жырлары ғибратты, қазақ дүниетанымына (Құдайдың қарғысы, әке қарғысы, қорлық, шыбын жан) өте жақын, рухы бір жырлар болуымен ерекшеленеді. Аударма жанрында ақын ақынға еркін екені айып емес. Евтушенкодан «Жастық маған қансонардай көрініп, / Томағасын сыпырдым мен құсымның. / Қанша сүйген болсам, қылша өмірім / Соншалықты ұзарарын түсіндім» («Беделі бел жамырай ма, шулай ма...») деп қазақы мақаммен берген. Осы өлеңде даналар амалсыз көнуге тура келер ақиқат айқын: «Мен бақытты болдым қазір мәңгіге, / Сол бақытты іздемеймін өйткені». Бұл сарын ары қарай жалғасын табады: «Жалғандыққа қас болу – / Қайырымдылық ол-дағы» («Ыза»). Пушкин жаңғыртқан Құдай бұйыртқан шығармашылық үкімге («Ескерткіш») жаны дән риза ақынның түйсігі алдамайды: «Мені сүйесіздер әлі. Бірақ бірден емес. / Мені сүйесіздер – ешкім білмек емес. / Мені сүйесіздер кенеттен дір етіп, / Құс кіріп кеткендей сенекке дүр етіп/ ..Мені сүйесіздер өлгеннің өзінде де».
«Балалы үйдің ұрлығы жатпас» дейді қазақ. Ақындар бала сияқты періште пейіл адал жаратылысқа айналар тылсым күйді бастан жиі кешеді. Пушкинді патша ағзамның жандармдары қия бастырмай аңдып, шетелге жібермегенін Евтушенко жырға қосты. Пушкин ертегі арқылы балықшы шалдың кейпінде алтын балықты көк теңізге қоя беруінің құпия сыры сонда жатыр – жер бетіндегі өмірде еркіндіктен артық қандай ғажап бақыт бар?!
Сергей Есениннен бір өлең аударған Әбжан Әбілтайдың аудармаларының тілі өте жатық, иненің жасуындай мүдіру, кібіртік жоқ, өзге тілдің лебі білінбейді, әр ақынның өзіне тән стилін жоғалтпаған. Евтушенконың «Қызық жағдай» атты өлеңі Бродскийдің Роман досының мерейтойына бара алмай қалып ақталып жазған өлеңімен үндестігі назар аудартпай қалмады. Бұл да әдебиеттің бітпес дауы, әлгі философияда тауық алғаш жаралған ба, жұмыртқа алғаш жаралған ба деп бас қатырғаннан аумай қалады.
Советтік дәуірдің тетелес серкелері Роберт Рождественский, Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенскийді бұрын оқымап едім. Әбжан Әбілтайдың шығармашылығы арқылы таныстым. Вознесенский 1977 жылы жазған Анна Ахматованың рухына тағзым еткен өлеңі «Кітап машақаты» деп аталады. Ахматованы көр заманы қорлап бақты. Ал не болды ақыры? Құдайға мың шүкір, шын талантты түбі Жаратушы өлтірмейді екен! «...Инженер отыр қайғырып: / Ахматованы алып оқуға / Жетпейді оның айлығы. / Бекзаттар қайтты мен күткен, / қалып ек онсыз жұтап тым. / Шетінен бекзат ел біткен / кезегінде тұр кітаптың. / Өркенде, елім, басың жас, / біз үшін осы асқан бақ – / Ахматова сатылмас, / Сатылмайды Пастернак». Аудармашы жаны қалап іріктеп аударған өлеңдер аса биік мұратты, бата сипатты болып келуі сүйінішті. Балдан тамады, бақтан жұғады. Әдебиет күндей жарық құбылыс – бір ұлтқа кіндігінен байланып қалмайды, халықтар байлығы.
Тәжік ақыны Камол Насруллодан аударған өлеңдер құнарлы. Тәжік жерінің географиялық бедерлері («Алып құздан жаратылған / Таумын мен. / Пейлім жомарт, / алдым кең. / Тас лақтырсаң – / көшкінмін, / Қар астында қалдым де. / Мен – Таумын, / Мүгім менің / жұмсақ тіпті ұлпадан. / Тіл тигізсең, жаңғырық боп / буырқанам, бұрқанам») өнері («Бабадан қалған мұрасың сен, би. / Қанымда өрттей тұрасың сөнбей») әрі дүниетанымы («Жалаңаштық күнге ғана жарасар –»), көне бастау ұлы шайырлардан үзілмеген ұлттың сүйіспеншілік рухы («Сыйғыз мені, сыйғызшы шарасына көзіңнің, / Майдай еріп кетсінші кеудеңдегі сезім-мұң. / Жанарымды жалынған сыйғызбаса жанарың, / Бұл өмірдің мен үшін қызығы жоқ, қарағым») қат-қабат берілген.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы