Жаңалықтар

Жамағаттың жалыны

ашық дереккөзі

Жамағаттың жалыны

Қазақ музыкасының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан үлкен композиторлар, мықты музыканттар аз емес. Сондай-ақ елімізге ғана емес, шетелдерге де танылған фольклорлық ансамбльдердің құрылуы мен жоғары дәрежеге жетуіне үлес қосқан дирижерлардың өзі бір төбе. Солардың арасында жер жәннаты Жетісудың перзенті, белгілі композитор, танымал дирижер Жамағат Темірғалиевтің орны бөлек. Әкесі Хафиз домбыраны сөйлеткен шебер күйші, анасы әнді әсем шырқайтын ән­шілік дарыны бар, өнер иелері болған Жа­мағаттың нағашысы Көтентәуіп өз ке­зінде мықты қобызшылардың бірі болған. Же­тісу өңірінен шыққан әйгілі Молықбай қо­бызшының дәстүрін жалғастырған қо­быз­шы. Бір сөзбен айтқанда, нағашысы жа­ғынан да, өз тұқымы жағынан да өнер қон­ған әулеттен шыққан Жамағат Хафиз­ұлы музыка бойына қанмен дарып, сүтпен сің­ген туабітті дарын деуге әбден лайық. Жастайынан өнерге ғашық бала 1965 жылы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық кон­серваториясына оқуға түсіп, содан контрабас аспабы бойынша білім алып, со­нымен бірге дирижерлық мамандығын иге­ріп шығады. Шамғон Қажығалиев, Ба­зар­бай Жұманиязов, Кенжебек Күмісбеков се­кілді ұстаздардан дәріс алып, өнерін шың­дайды. Одан әрі өнерін өрістете түскісі кел­ген ол аспирантураға түсіп, Ш.Қажы­ға­лиевтің дирижерлық класын бір бітіріп, нағыз білімді дирижерға айналды. Танылған мықтының тұғыры биік бо­лары анық қой, шабыты тасып тұрған жас дирижер атақты Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестріне шақырылып, онда бі­раз жыл концертмейстер қызметін атқар­ды. П.Чайковский атындағы училищеде алғаш рет халық аспаптары бөлімін ашып, сонда халық аспаптары оркестрін құрды. Сүйінбай атындағы Алматы облыстық фи­лармониясының Мұқан Төлебаев атын­дағы халық аспаптар оркестрін құрып, оның көр­кемдік жетекшісі әрі бас дирижері қыз­метін абыроймен атқарды. Кейін одан өзге де оркестрлерді құрып, көптеген шәкірт тәр­биеледі. Сол шәкірттерінің бірі болға­ным­ды өзім де мақтаныш етемін. Ендеше ұстазымның менің өміріме қатысты тұсы­нан аз ғана естелік айта кетсем, артық бол­мас. ...Шымкент музыкалық училищесін бітіріп келгеннен кейін Алматы консер­ваториясының домбыра класына түскем. Мұнда екінші курсты бітірген соң тағы бір мамандық бойынша оқуға мүмкіндік бар екен. Мені домбырадан оқытқан ұстазым Айтжан Тоқтаған ағамыз «Домбыраны игер­ген адам дирижерлықты да білгені ар­тық болмайды, сен соған талпын. Сон­дық­тан сен Жамағат Темірғалиев ағаңнан ди­ри­жерлықты оқығаның дұрыс. Ол өте білім­ді музыкант, жақсы аранжировка жа­сайтын күшті дирижер» деді. Сөйтіп мен Айт­жан ағамыздың ақылымен екінші курс­ты бітірген соң Темірғалиевтен ди­ри­жерлық мамандықты оқи бастадым. Ол кісі сол кезде консерваторияға жаңа келіп жат­қан кезі екен, ағамыздың дирижерлық бойынша дәріс берген алғашқы шәкірт­тері­нің бірі болдым. Ол кісі бәрімізді баласындай жақсы кө­ріп, жанын сала тәрбиеледі. Әсіресе, өзі­ме жасаған жақсылығы ұшан-теңіз. Емти­хан­ға дайындалып жүргенде үйіне ертіп апа­рып, демалдырып та жүретін. Мемле­кет­тік емтихан тапсырарда мені нағыз дири­жер­ларша киіндіріп − мойныма бант та­ғып, қолыма өзінің таяқшасын беріп Құр­манғазы атындағы оркестрге ертіп апар­ға­ны әлі есімде. Сондай-ақ мені 4-5 курс кезімде Чай­ковский атындағы музыкалық училищеге сабақ бергізіп, сондағы оркестрге дирижер етті. Оркестрге арнап партитура жазғанда аран­жировканың қалай жасалатынын әбден үйретті. Мені «аспаптану» деген мамандыққа ком­позитор, үлкен музыкант Кенжебек Күміс­баевтан оқытты. Шындығында мені сол кісіден сабақ алуға, көп нәрсені игеріп шы­ғуыма әсер еткен Жамағат ағамыз еді. Одан кейін Қазақ соқырлар қоғамының жа­нынан оркестр құруға жіберді. Сол сияқ­ты консерваторияда дирижерлық ка­фед­раны басқаратын Шамғон Қажығалиевке апарып, маған ол жерде аспаптану мен дирижерлықтан сабақ беруге мүмкіндік жасады. Сөйтіп менің талай жерде жұмыс істеп, музыкант, ұстаз ретінде шыңдаған ұста­зым болды. Жамағат ағаммен студент кездегі қа­рым-қатынасым одан кейін де үзілген емес. Консерваторияны бітірген соң Шымкентке кетіп әл-Фараби атындағы мәдениет инс­титутында бір жылдай істеген соң мені Ал­­матыға қайта шақырып алды. Сол кезде мем­лекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың ықпалымен Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы жаны­нан «Алтынай», «Адырна» фольклорлық ан­самбльдері құрылған екен, мені «Адыр­наға» көркемдік жетекші және дирижер қылып қойды. Бұл ансамбльдерді құрғанда Өз­бекәлі ағамыз басшылық жасап, ұмы­тылып бара жатқан қазақтың музыкалық ас­паптарын қайта тірілітіп, оны музыкалық жақтан жаңаша жасақтадық. Сол кезде Жамағат аға үнемі жанымыздан табылып, бұл ансамбльдерге ойнатқызатын музы­ка­ларға қалай аранжировка жасау керек еке­нін көрсетіп жүрді. Ол қобыз бен домбыра болмаса сы­быз­ғы, сазсырнай, жетіген, шертер секіл­ді ас­пап­тарда ойнайтын музыкант жоқтың қа­сы. Сондықтан оларды игеруге музыкант сту­денттер шақырылып, олар әлгі аспап­тарды қалай шерту керегін Болат Сарыбаев, т.б. кісілерден үйреніп жатты. Сөйтіп енді құрылған, бұрынғылардан өзгешелеу ұлт­тық ансамбльдердің қалыптасуына Жа­ма­ғат Темірғалиев пен Мәлкәджар Әубәкіров екеуінің көп көмегі тиді. Жаңадан қосылған аспаптары бар өзгеше ансамбльдерге арнап күйлерге, әндерге қалай аранжировка жа­сауға болады, әртүрлі аспаптардың дауыс­тары қай жерлерде естілуі тиіс деген­дердің бәрін ұстазыммен ойласқан кезде­рім көп. Әлі күнге дейін қарым-қатынасы­мыз үзіл­ген емес. Енді бірер сөз ұстазымның шығар­ма­шы­лығы хақында. Жамағат Темірғалиевтің көбіне дири­жерлық шеберлігі жөнінде аз айтылып жүр­ген жоқ. Оның себебі бар. Ол кісінің атақ­ты әнші Мәдине Ералиеваға арнап оркестрге түсірген халық әндері «Қоғалы-ай», «Ағажан Ләтипа» т.б. көптеген әндері­нен, ұлттық-фольклорлық ансамблдерге арнап жасаған «Сал күрең», «Ел айырылған» т.б. халық күйлерінен оның қаншалықты үл­кен музыкант, шебер дирижер екені кө­рінеді. Ал Жамағат Хафизұлының компози­тор­лығы өз алдына бір төбе. Ұстазымыздың көптеген аспаптарға арнап жазған шығар­малары бар. Оның маңызы сол, кейбір аспаптарда орындауға арнаулы түрде шығарма жазыла бермейді. Бұл орайда ол кісінің жетіген аспабына арнап жазған «Ауыл кеші» атты бір бөлімді музыкалық картинасы, сазсырнай аспабына арнап «Балдәурен І» Балдәурен ІІ» атты балаларға арнап шығарылған екі бөлімді сюитасы ерек­ше шығармалар. Шынына келгенде, бұл аспаптарға арнап Жамағат ағадан бұ­рын музыкалық туынды жазған ком­по­зиторды білмейміз. Бүгінде Темірғалиевтен тәлім алған кейбір музыканттар осы үрдісті жайымен жалғастырып жатыр. Ұлттық музыкамыздағы барлық дәстүр­ді терең игерген Жамағат Темірғалиевтің туын­дылары сан салалы. 2006 жылы шерт­пе күй стилінде шығарған «Өмір толғау» ат­ты шығармасы халық аспаптары ор­кестрі­не лайықтап жазылған туынды. Әсер­лі, адамның жан дүниесін қозғайтын күй адамның өмірге ғашықтығын, өткен шақты қимастықпен еске алатын сезімді толғап жеткізеді. Сонымен бірге композитор күй әуенін әр аспапқа жеке лайықтап жасауы да оның мықты аспаптанушы музыкант ретіндегі талантын ашып көрсетеді. Ал «Ба­балар үні» атты поэмасында Тараз қала­сы­ның көне тарихын толғап, музыканы шы­ғыстық сазбен көмкерген. Күйдің бір сары­ны ретінде халық әні «Айша бибіні» қол­дана отырып, автор Орталық Азиядағы туыс халықтардың тарихи қарым-қаты­насын, бір-біріне еткен әсерін суреттейді. Осындай ерекшелігінен болса керек, «Ба­балар үнін» көптеген оркестрлер осы шы­ғарманы өз репертуарына енгізген. Кезінде Нұрғиса Тілендиевпен жақын қарым-қатынаста болып, (ол кісі дүние сал­ғаннан кейін бірнеше жыл бойы Н.Ті­лен­диев атындағы «Отырар сазы» оркестрі­нің бас дирижері және көркемдік болып жұ­мыс істеді) әйгілі композитордан тәлім алған Жамағат Хафизұлы соның әсерін музыкада көрсете алды. «Элегия» атты жеке домбыраның сүйемелдеуімен оркестрде орындалатын шығармасы мұңды әуенмен адамның жалғыздық сезімін беретін ерек­ше шығарма. Бұрын біздегі элегиялық сарындағы музыкалар негізінен қобыз (не­месе бас қобыз, қыл қобыз) аспаптарында орындалатын болса, Темірғалиевтің туын­дысы домбырада орындалуымен ерек­ше­леніп, элегия жанрындағы музыкаға өзгеше өң береді. Ән жанрында «Алматы вальсі» (сөзі Кәкім­бек Салықовтікі), «Ауылың алыс қалғаны-ай» (сөзі Марфуға Айтқожинанікі), «Туған елім» (сөзі Нұрғали Омарқұловтікі) секілді туындыларды дүниеге әкелген Жа­мағат Темірғалиев шығармашылығы сан салалы композитор деуге болады. Бұл лири­калық әндерде оның композиторлық қол­таңбасы айқын танылады. Шығармашылық адамдары биік рухқа ие, жаны нәзік, жүрегі жалынды болса, олар­дың адамгершілігі мен таланты әр­дайым құрметке ие болары сөзсіз. Ұлттық музы­камыздың дамуына ерен еңбек сіңір­ген, керемет шығармалар жазып, шәкірт тәрбиеленген Жамағат Темірғалиевтің жалыны − әрдайым жүректерге сәуле тү­сіріп, жанды шуаққа бөлейтін жалын. Сол өш­пес жалын иесіне халқының құрметі қа­шанда биік дегім келеді.

Ықылас НҰРҒАЛИЕВ,

Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінің мұғалімі