Пейіл немесе кетесің не қалдырып артыңа сен?

Пейіл немесе кетесің не қалдырып артыңа сен?

Пейіл немесе кетесің не қалдырып артыңа сен?
ашық дереккөзі
Жылдар жылжып, уақыт өзгеріп, заман талабына сай адамдар­дың мінез-құлқы, психологиясы, тіпті, пейілі де өзгеріске ұшы­рауда. Пейіл дегеннен шығады-ау... Осы пейіл деген не? Ол қа­лай, неге өзгеріп жатыр? Осы сұрақтар төңірегінде ой қозғап, бір уа­қыт санамызға салмақ салып көрелікші... Ұлы даламыз қандай ұлан-ғайыр бол­са оның тұрғындары қа­зақ­­­тардың көңілі көл, жаны жомарт, дастарқаны мол, пейілі шал­қар теңіздей болғанын әрдайым мақтан ете­­міз. Біздің Қазақстанда туып, өсіп-жетіліп, кейінірек тарихи Отанына, алыс шет­­елдерге (Германия, Грекия, Ресей, Фран­ция және т.б.) қоныс аударған жандар қа­зақ­­тың сол бір ерекше қасиетін жүрек­­тері елжіреп, жыр етіп айтып, са­­ғынышқа бөленіп, аңсап жүреді. Қа­зақ­тың ұнамды салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, мә­­дениетін, дарқан көңілін, адамдық пейі­­лін ұмыта алмай, кейінгі ұрпағына өне­ге-мысал етіп айтып отырады. «Құдайы қонақпыз» деп  келген кісі­лер­ге қабақ шытпай, құрметті қонағындай қар­­сы алып, қазан көтеріп, ас-суын бө­лісіп, барынша күтіп, жақсылап шығарып салу, тіпті, көліктеріне (аттарына) жемшөп беру ежелгі ата дәстүрімізде бар-ды. «Ауыл­дағы үйлердің есігіне құлып салынбайтын, дастарқан жиылмайтын кеңшілік заман еді. Шіркін-ай, адамдардың пейілі қандай еді...» деп әңгімесін бастайтын кәріқұлақ апа­лары­мыз бен аталарымыз өздерінің өткен өмір­леріне шолу жасай отырып. Ол рас еді. Ауылда өстік, көршілер мен ағайындар ара­сында татулық, бауырмалдық деген қан­дай керемет еді! Содан болар қазақтың «жақ­сы көрші алыстағы ағайыннан артық» дей­тіні. Қазақтың сол бір асыл қасиеті бү­гін­де көзден бұлбұл ұшып кеткендей бо­ла­ды. Қала түгілі, ауылда көршілермен жақын араласу, қо­нағы мен кісісін күтісу тіптен ұмытыла бас­тады десек қателеспейміз. Неге? Қазақта «Асар»  деген ертеден сақ­та­лып келе жатқан әдемі, ұнамды, жақ­сы бір дәстүр бар. Ауыл­дас­тары жиылып жағдайы төмен панасыз от­басына үй салуға, әлдебір себептерден өр­тенген немесе құлаған, жарамсыз болып қал­ған баспанасын жөндеуге жәрдемдесіп, қол­ғабыс беретін. Тіпті, қажет болса, ауыл­дың қадірлі ақсақалдарының шешімімен, жылу (қой-ешкі және де басқа мал, азын-аулақ қаржы) жинап беру де бар еді. Сөйтіп, бала-шағасы көп, «қолының қысқалы­ғы­нан» қиналған жанға, отбасыларына түсі­ніс­тікпен қарап, көмек көрсететін, жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасының аяғына тік тұрып кетуіне себепкер болатын. Ол жиын басқаларға, әсіресе жастарға, сабақ еді, адамдарды біріне-бірін жақындататын, татулыққа, бауырмалдыққа баулитын, тәр­биелілік мәні зор қайырымды, өнегелі, жа­ғымды іс еді!  Кейінгі кезде біздің Жам­был облысы өңіріндегі ауылдарда тұрмысы тө­мен жеке басты қарт аналарға, көпбалалы күйсіз жүрген отбасына  асарлатып үй са­лып беру үрдісі қолға алынды. Оған көп­ші­лік түсіністікпен қарап, әрбірі қолдан  кел­­­генше атсалысуда. Сөйтіп «Көп түкірсе – көл» дегендей,  көптің кең пейілі арқасында, сауапты іс жолымен ауылдарда баспаналы болып жатқандар бар. Халық арасында жетім мен жесірге қол ұшын беріп жүр­ген жаны жомарт, пейілдері кең, ұста­ны­мы дұрыс жандарға алғыстан басқа ай­тар сөз, тілек жоқ.  Халықтың батасын алып, олардың алғысына, шапағатына бө­ле­не берейік. Қазақ ертеде «не қиындық көрсетсең ­де, пейілімді тарылта көрме» деп Жа­ратқанға жалынады екен. Қандай қа­сиет­ті сөз! Уақыт келе адам санасы өзгерді. Бұл күндері басым көпшілік үшін басты құн­­­дылық ақша, дүние болды. Сондықтан болар, қазіргі адам дүниенің құлына ай­нал­ды. Жеке басын байыту үшін теріс қылыққа, алаяқ­тыққа, алдап-арбауға, тіпті, то­нау­дан тайынбайды. Дүние жиюдың жо­лына түскендер кейбіреудің басына сый­майтын нешебір арамза айла тауып, оны іс­ке асыруға аянбайды. Сол мақса­ты­на жеткенше  оның берекесі кетіп, ұйқы­сы қашып, тамағы батпайды, ағайын-туыс­ты, достықты ұмытады. Олардың бар аң­сағаны қу дүние. Оның түбіне жету үшін ар­палысып, тыраштанып, ар тазалығынан ай­рылып, қиянатқа барып жатыр. Тіпті, ол мақсатына жету үшін сол сабаздарың жан беруге дайын-ау... Жазушы Лев Толстойдың «Адамға қан­­ша жер керек?» деген әң­­­гі­месінде  оқушысын терең ойға қалдыра­тын мынадай  мәнді  сюжет бар: …Ертеректе, орыстар Орал тауына тұм­сы­­ғын енді тіреген тұста бір орыс азаматы жер­­гілікті башқұрттардан жекеменшікке жер сұрайды емес пе?  Сонда башқұрттың  сұң­­­ғыла ақсақалы: «Мен  анау көрініп тұр­ған төбе басына шығып қарап тұрамын. Кеш­ке дейін қанша жерді айналып өтесің, со­­ның барлығы сенің жекеменшігіңе өтеді. Бі­­рақ, есіңе ұста, бір шартымыз бар: күн ұя­­сына отырмай тұрып біз отырған төбеге ке­­ліп жетуің керек. Жете алмасаң, өз оба­лың өзіңе, онда саған жер жоқ», – депті. – Келістік, мен онда кеттім. Тек, сіз сө­зіңіз­де тұрсаңыз болды. – Ал, жүгір, жігітім. Күн ұясына бат­қан­ша әлі талай уақыт бар... Әлгі жер сұраған жігіт жүгіре басып, аяғы аяғына тимей зырлап тез-ақ бел асып кетеді. Қанағатты ұмытқан ол  кө­бі­рек жерді  қамтымақ болып, қара терге тү­­­сіп бірнеше өзенді кешіп өтіп, көл­дер­ді айналып, дала мен орман-тоғайларды ар­тына қалдырады.  Бір мезетте  аспанға қа­раса, күн дөңгеленіп көкжиекке тақап қа­лыпты. Оны байқап, жаны қысылған жі­гіт екі өкпесін қолына алып, көз ұшында қал­ған төбеге қарай құстай ұшады. Бірақ, қай­дан, межелеген төбе жеткізер емес. Төбе ба­сына жиналған башқұрттар қиқулап,  қал­бақтай жүгіріп, жаны  қысылғаннан қара суық терге малынып, өкпесі өшкен орыс­ты келеке-мазақ етеді. Күн ұясына бата бер­генде бойынан әбден күш-қуат кетіп, шар­шап-шалдығып, өлдім-талдым деп  төбенің ете­гіне жеткен  бейбақ  мұрттай ұшып түсе­ді де сол жерде жан тәсілім етеді. Башқұрт­тар қанағатсыз ақымақты сол төбе  етегіне ұзындығы екі, ені бір метр жерге көмеді… Жазушы өз әңгімесінің түйінінде «Адам­ға қанша жер керек?» деп ащы мысқыл-сұрақ қояды. Иә, Құдайдың құ­діреті, тойымсызды қорлау,  дүниеқоңыз­дық­ты, қорқаулықты, қанағатсыздықты сурет­теу осындай-ақ болар. Ойлап отырсаң, бұл барлық тойымсыздарға, қомағайларға, дү­ние-байлық қуғандарға, қазіргі же­бір­лер­ге, пысақайларға айтылған ауыр қарғыс!  «Меш­­кейдің өзі тойса да, көзі тоймайды» немесе  «Қанағат қарын тойғызар, қанағат­сыз жалғыз атын сойғызар» демейтін  емес пе еді халық мұндайларға? Онысы рас, әжеп­­­­теуір билік басында отырған базбір ше­­неуніктер, мол дүниеге қызығып, көзде­рін шел басып, заңды белінен басып мемле­кет қаржысын «түгімен» жұтып немесе кө­лем­ді пара алып, ұсталып, абақтыға қа­ма­лып жатқаны нені білдіреді? «Дүние – жалған». Бұл біздің айтқаны­мыз емес, ертеден келе жатқан халық фи­ло­софиясы. Әттең, сол аталы сөзді ұмытып, мы­на жарық дүниеде өтпестей, өлместей терлеп-тепшіп дүние жиған пақырларды көр­генде олардың мүшкіл халін аяп, жағаң­ды ұстайсың. Қазір адам үшін не жетпейді? Ойында жоқ бірінің, Салтыков пен Толстой. Иә, тілмәш, иә, адвокат, Болсам деген бәрінде ой, – деп ұлы Абай айт­қандай, бұл күндері өз ана тіліннен мүл­дем мақұрым, ұлттық ата-жұрт салт-дәс­түрі­нен жұрдай, шетелде орысша немесе ағыл­шынша білім алып, кіндік қаны тамған жер­дің, аяқ астындағы туған топырағының қа­дірін білмей, алдына бір мекеменің «құла­ғын» ұстап, қалай да болса баюды мақсат еткен қуыскеуде, рухы жоқ тобыр  өсіп келе жат­қан секілді болады да тұрады менің көңі­лімде. «Ұялмайтынды көріп ұяласың» де­ген екен бір көреген абыз қария. Сол айт­қандай, қазіргі жебірлердің ісін көріп, жүре­гің мұздап, жағаңды ұстайсың. Біз қай­да кетіп барамыз? Келешекте қандай қо­ғам боламыз? Жақын күндері әлеуметтік желіде Германия канцлері Ангела Мер­кель­ді (тарихта канцлер болған алғашқы әйел) ел-жұрты қалай құрметтейтіні  жай­лы ақпарат тарады. Бүкіл елі оның ерекше бас­қару қабілетін, адал қызметін, халқына де­ген махаббатын, арының тазалығын, қара­пайымдылығы мен ел алдындағы ерен жауап­кершілігін атап, алғыс жаудырып, 6 минут бойы үзбей қол шапалақтап, жүрек­тері елжірей ризашылық сезімдерін білдір­ді. Қанша жыл биік қызметте, саясатта жүр­се де ол қарапайым халқының орта­сын­да болды, дүниеге, байлыққа еш қызық­пады. Тіпті, отбасындағы әйелдерге тән жұ­мысты (тамақ әзірлеу, кір жуу, үй жинау және т.б.) өз қолымен атқарып, азық-түлікті дүкеннен өзі сатып алып, көпқабатты үйде үш бөлмелі пәтерде тұрғаны, әсем киім-ке­шек­ке еш қызықпағаны, жеке автокөлігінің жоқ­тығы таңғаларлық, қызығарлық қа­сиет­ті дүние емес пе? Қазіргі біздің билік ба­­сында жүргендердің жиркенішті іс-әре­кет­терін, теріс пейілдерін  ой таразысынан өт­­кізе отырып  жағаңды ұстайсың. Е, не дейік, айта берсең жүйкең жұқарып, ішің қыж-қыж қайнайды емес пе?.. «Адамның құлқы түзелмей, өмірдің құл­пы түзелмейді» деген дана сөз бар қазақта. Орын­ды айтылған, маржанға тең аталы сөз. Адамның пейілі, құлқы түзелмей алдыңғы қа­тарлы қоғам орнатамыз, іргелі мемлекет құра­мыз деу бекершілік-ау деп кей сәтте  ой қау­зайсың. Ғұлама Абай он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен оз­бақ.  Одан басқа нәрселермен оздым ғой де­мектің бәрі де ақымақтық», – деп ой түй­ген екен.  Ұлы Абайдан артып не айтасың?! Көріп жүрміз, қазіргі жастар тез баю­дың жолын іздейді, қалай үлкен бас­тық болуды сұрайды. Қазіргі заман со­лай болып тұр. Санаңды сарғайтатын өкі­ніш­ке толы осындай кезең болуының себебі не? Адамгершілік, мейірімділік, жауапкер­ші­лік, намыс, ұят, уәде деген асыл қасиеттер не­ге сонша бұлыңғырланып барады? Бола­шақ қоғам адамзатқа  қандай сый жасамақ? Түйсігі терең, көкірегі ояу, ой-санасы жетік жан­ды мазалайтын сұрақ бұл күндері аз емес-ау, аз емес. Тым көп қой... Сәл ертеректе Шер-ағаның (Шерхан Мұртазаның) «Қайраткер Камал» де­ген естелігінің үзінділері «Егемен Қазақ­стан» газетіне жарияланған болатын. Ше­бер жазылған дүниенің бір жерінде Шәкең бы­лай деп толғанады: «Жақсылыққа да, жа­мандыққа да таразы бар. Бұл дүниеде бол­маса, о дүниеде істеген адал ісің де, арам ісің де, әйтеуір, бір алдыңнан шығары хақ. Кі­сі ақысы кісіге кетпейді. Қазіргі алпауыт­тар ақырын ойламайды». Ойланатын жай. О дүниеде, ақырымызда бізді не күтіп тұр екен? Сонау бір заманда Сүлеймен деген пат­­ша өтіпті. Сол ақылды азамат ал­­тын жүзігінің бетіне «Бәрі де өтеді» деген сөз­дерді зергерге әдейілеп жаздырыпты. Жа­рықтық қуанса да, қайғырса да жүзі­гін­дегі әлгі жазуларды оқып, сабасына түсіп, тәу­­­бесіне келеді екен. Иә, тірлікте бәрі де өткінші, ештеңе мәңгілік емес екенін, сірә, естен шығармағанымыз абзал болар. Таяуда, қолым қалт еткенде, газет бет­терін ақтарып отырып, көрнекті ақын Есенғали Раушановтың «Бекзат» («Еге­мен Қазақстан», 14.10.2015) атты ма­қа­ла­сын­да келтірілген мына жыр жолдарына кө­­зім түсті: «О дүние бір керуен жол кешкен әрі, Бірі ерте, енді бірі  кеш барады. Кетесің не қалдырып артыңа сен, Ел ертең кім еді деп еске алады. Қой баққан, тауық баққан, шошқа баққан, Зәулімдеп сарай салған қос қабаттан. Қарасаң не мықтылар өтіп кетті. Бұл  дүние ақ сағым-дүр босқа лаққан». Иә, «Кетесің не қалдырып артыңа сен, Ел ертең кім еді деп еске ала­ды» деп ақын бізге орынды сұрақ қояды. Бұл – әркімді міндетті түрде ертелі-кеш ой­лан­дыратын, толғандыратын сұрақ. Ой­ла­н­айық, зерделейік, сараптайық, өткен өмі­ріміз, атқарған ісіміз жай, бұлыңғыр са­­­ғымға айналып кетпесінші... Заман керуені бір сәт те толастамай ал­ға жөнкіп, күн артынан күн келіп, ай­лар аттап, жылдар жылжып мына өмір шір­кін уысқа ілінбей,  құс қанатына ілесіп зу­лап, сусылдап өтіп жатыр.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі