Түркістанда халықаралық медиа-форум өтті
Түркістанда халықаралық медиа-форум өтті
20-22 наурызда Түркістан қаласында түркітілдес мемлекеттердің бұқаралық ақпарат құралдарына арналған үш күндік баспасөз туры өтті. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі және Түркістан облысының әкімдігі ұйымдастырған іс-шараға Түркия, Әзербайжан, Венгрия, Өзбекстан және Қырғыз Республикаларынан келген журналистер қатысты.
Түркістандағы іс-шара 20 наурызда Қазақстанда наурыз мерекесін тойлаудың 10 күндік бағдарламасына орай «Таза табиғат» экологиялық жобасының басталған күніне тұспа-тұс келді. Осы күні Түркістан қаласында Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және облыстық әкімдіктің қызметкерлерінің қатысуымен ағаш отырғызу акциясы өтті. Түркістан облысы әкімдігі мен министрлік бірлесе қабылдаған кешенді жоспарға сәйкес, облыста жыл сайын 35-40 миллион түп әртүрлі ағаш көшеттері егілмек. Бұдан кейін Түркістан халықаралық медиафорумына жиналған түркітілдес БАҚ өкілдерінің қатысуымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы Ботаникалық баққа ағаш отырғызылды. «Түркі елдері журналистер аллеясының бағы» деп аталған бөліктегі ағаштардың жанына БАҚ атаулары тақтайшаларға жазылатын болады.
Содан соң журналистер Қожа Ахмет Ясауи кесеніне кіріп, бөлмелерді аралап, жәдігерлермен танысты. Олар үлкен залдағы тайқазанға өзгеше көңіл аударды. Түстен кейін БАҚ өкілдері көне Отырар шаһарына барды, Арыстан баб кесенесіне зиярат етті.
21 наурызда «Риксос Түркістан» қонақ үйінде «Түркістанның инвестициялық және туристік мүмкіндіктері» тақырыбында халықаралық медиа форум өтті. Оның ашылуында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыста атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыс орталығын ауыстырған сәтте бірден екі бірдей маңызды құжатқа – Түркістан қаласын дамыту тұжырымдамасына және Turkistan арнаулы экономикалық аймағын құру туралы» жарлыққа қол қойды. Қос құжатты қабылдаудағы басты мақсат – Түркістанға инвестиция құя отырып, туризмді дамыту. Құрметті бауырлас түркі халықтарының үздік БАҚ өкілдері! Түркі мемлекеттерінің ақпарат кеңістігіндегі БАҚ-тың өзара ынтымақтастығын нығайтып, бірлесе жұмыс атқаруында бүгінгі жиынның маңызы зор. Себебі, түбі бір түркі елдерінің наным-сенімі, түпкі тарихы, өмір сүру қағидалары бір-бірімен біте қайнасып жатыр. Түркі мемлекеттерінің көнеден қалыптасқан ынтымақ-бірлігі мен барлық бағыттағы әріптестік байланыстары нығая түседі деп сенемін. 2020 жылдың қорытындысы бойынша облыстың негізгі капиталына 703 млрд теңге инвестиция бағытталды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 60 пайызға артық. Оның ішінде сыртқы инвестицияның көлемі – 112 млрд теңге. Тартылған инвестициялардың арқасында қала күннен-күнге көркейіп келеді. Бұл өз кезегінде Түркістанға туристердің көптеп келуіне ықпал етеді», – деді облыс басшысы.
Медиа-форумда Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры, академик Бауыржан Байтанаев «Түркістанның жаңғыруы: стратиграфиядағы жаңа серпін» деген баяндамасында Қазақстанның сан ғасырлық өркендеу жолын зерделеп, Түркістан қаласының пайда болу кезеңін бұдан 3 мың жыл арыға апарып тіреді. «Бұл – нақты археологиялық материалдармен дәлелденген факт. Келешекте Түркістанның 1500 жылдық емес, 3000 жылдық мерекесін тойлайтын бола-
мыз», – деді ғалым. Бұл шетелдік журналистер үшін форумдағы ерекше ақпарат болып қалды.
«Түркістан облысының инвестициялық және туристік мүмкіншілігі» баяндамасында облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев бұл орайдағы бес артықшылыққа тоқталды: бірінші – Түркістанда климаттың қолайлылығы; екінші – инфратүзілістердің шапшаң құрылып жатқаны; үшінші – адамдық ресурстардың жеткіліктілігі; төртінші – мемлекеттің қолдауы, бесінші – инвестиция тартуға шарттардың жасалғаны.
Түркияның Қазақстандағы «ТRT» телеканалы өкілдігінің директоры Мехмед Захид Чалышкан түркі әлеміндегі ақпараттық ынтымақтастықтың маңызы жөнінде ойын ортаға салды. Медиафорумда шетелдік журналистер пікір білдіріп, ұсыныстарын айтты, сауалдарына жауап алды.
Форумнан кейін шетелдік БАҚ өкілдері Túrkistan телеарнасына барды. Онда телеарнаның Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғыз Республикасының мемлекеттік телеарналарымен ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қою салтанаты болды. Әз-Наурыз қарсаңында таңғы 7-ден бастап Túrkistan телеарнасы «Отау ТВ» ұлттық спутниктік желісі және кабельдік желілер арқылы қалың көрерменге хабар тарата бастаған. Кешкісін журналистер Түркістандағы «Керуен сарайға» барды, сондай-ақ түнгі сағат 10-да «Әзірет Сұлтан» әуежайында болып, Елбасының және Қазақстан Президентінің тапсырмасымен құрылған алғашқы отандық лоукост әуе тасымалдаушысы Fly Arystan әуекомпаниясының Қазақстанның рухани астанасы Түркістан қаласынан Стамбұл қаласына әуеге көтерілген ұшақтың алғашқы халықаралық тұрақты ұшырылуын көрді.
Үш күндік форумның нәтижесінде түркітілдес мемлекеттердің тілшілері қасиетті шаһардың көне сипатын сақтай отырып, оның заманауи қалаға айналуының куәсі болды.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
túrkistan-ның Қырғыз республикасындағы тілшісі, (Түркістан қаласынан)