Жол картасы – жүйелі өзгерістер өзегі

Жол картасы – жүйелі өзгерістер өзегі

Жол картасы – жүйелі өзгерістер өзегі
ашық дереккөзі
«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайық­ты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырып, халыққа берген уәделерді тиісті деңгейде орындау үшін жыл басында Ел­басы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Жол картасын әзір­леуді тапсырған болатын. Үкімет пен Мәжілістегі «Nur Otan» фрак­циясы және партияның орталық аппаратының жұмыла атқарған жүйелі жұмысының нәтижесінде бұл тапсырма бір ай ішінде орындалды. Сайлауалды бағдарламаның 4 бағытын іске асыру бойынша 362 тармақты қамтитын Жол картасы бекітілді. Еліміздің әрбір облысы, әр ауданы мен ауылындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған құжат алға қойған міндеттерді ашық, сапалы, тиімді орындауға жол ашпақ. Жол картасында респуб­ли­ка­дағы әр қала, әр өңірді өр­кендетудің нақты шаралары көр­сетілген. Мәселен, елордада 2025 жыл­ға дейін  3,5 млн шаршы метр тұр­ғын үй, 41 медициналық нысан, 50 мектеп салынып, 138 мың жаңа жұ­мыс орны ашылады. 16 тұрғын үй алабында 500 ауланы абат­тан­дыру, 50 жаңа саябақ пен гүлзар са­­­лынбақ. Ал оңтүстік астанамызда 5 жыл ішінде 715 көрсеткіш жә­не 59 іс-шара атқарылуы тиіс. Осы жылдың соңына дейін Ал­ма­тыда 19 медициналық нысанның 13-і, 15 мектептің 8-і, 339 бала­бақ­ша­ның 69-ы, сондай-ақ 104 спорт ны­саны бой көтереді. Жалпы, 243 мы­ң­ға жуық жұмыс орнын құру, 114 ірі инвестициялық жобаны іске қосу, ерекше қажеттіліктері бар адам­дар үшін 1,2 мыңнан астам ны­санды бейімдеу жоспарланған. Шымкентте бекітілген Жол кар­тасы аясында 423 көр­сет­кіш пен 529 іс-шара белгіленген. 2021 жылы партия бағдарламасы 24,5 пайызға, 2022 жылы – 45,6 пайыз­ға, 2023 жылы – 64,9 пайызға, 2024 жылы – 82,7 пайызға және 2025 жылы 100 пайызға іске асырылады. Биыл 72 мектептің 12-сі, 24 медициналық нысанның 2-еуі салынады. 878 шақырым жолдың 253 шақырымы, 1 419 шақырым су­мен жабдықтау желісінің 761 ша­қы­рымы салынып, жөнделеді. Сондай-ақ қалада халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылмақ. 5 жыл ішінде 47 мың пәтер салу көзделіп отыр. Қарағанды облысын дамыту шаралары көрсетілген Жол картасы 6 431 іс-шараны қамтиды. 5 жыл ішінде өңірде 42 медицина­лық нысан салу көзделсе, соның 24-і осы жылдың соңына дейін пай­­­далануға беріледі. Сондай-ақ пар­тиялықтар 2021 жылы 29 мек­­тептің 5-еуін, 13 балабақшаның 5-еуін, жастарға арналған 4 жатақ­ха­наның 2-еуін, 18 спорт нысаны­ның 7-еуін салуға күш жұмылдыр­мақ. Жол картасы аясында ал­да­ғы 5 жылда «Қазақмыс» жә­не «Арселор Миттал» кәсіпорын­дарын­дағы шаң және газ тұтқыш жаб­дықтар жаңартылып, «Сарыар­қа» магистральдық газ құбырына қо­сылу жұмыстары жүреді. Кеңгір кен­тінде биоэлектр стансасын, Жаңаарқа ауданында қоқыс сұрып­тау кешенін, Қарағанды қаласында қоқыс жағатын және өңдейтін зауыт­тар салу жоспарланып отыр. Мем­лекеттік орман қоры және өнер­кәсіп кәсіпорындарының аума­ғын­да да жасыл аймақтар ұлғай­ты­лады. Ал Шығыс Қазақстан облысын­да «Nur Otan» партиясының сай­лауал­­ды бағдарламасын орындау шең­­бе­рін­де 5 жыл ішінде 149 мың жұ­мыс орны құрылады. Жастарға арнал­ған 7 жатақхана мен 20 спорт ны­са­ны­ның құрылысы жоспарлан­ған. Бұ­дан бөлек, өңірдің туристік әлеуетін іске асыру мақсатында Ала­көл кө­лі­нің жағалауын көр­кейту, Үржар ауы­­лындағы әуежайды қайта жаңар­­­ту және Бұқтырма су қоймасы ар­қылы көпір салу көзде­ліп отыр. Батыс Қазақстан облысында 2025 жылға дейін салынуы жоспарланған 7,5 мың пәтердің 1,9 мыңы, 23 мектептің 4-еуі, 15 спорт ны­санының 9-ы, 2 мәдениет ны­саны, 5 медициналық нысанның 1-еуі осы жылдың соңына дейін бой көтереді. Нұротандықтар Жол кар­тасын жүйелі түрде жүзеге асыру нәтижесінде аймақта 5 жыл ішінде 65 мың жұмыс орны ашылады деп сендіріп отыр. Маңғыстау облысындағы әлеуметтік мәселелерді ше­шу мақсатында 5 жылда 30 мектеп, 89 балабақша, 14 спорт нысанының құрылысы қолға алынады.  Тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейін арт­тыру үшін аймақтағы қалаларда 48 көппәтерлі үй және облыс аудан­дарын­да 89 үй салынады. Ақтөбе облысына келсек, бұл өңір­де 1 825 көрсеткіш және 3 750 іс-шара бекітілген. Олардың нә­ти­желі орындалуы облыста 105 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік бер­мек.  Аймақ халқының 29 пайы­зы ауылдық жерлерде тұратынын ескере отырып, өңірде екі жылыжай кешенін, екі сүт-тауар фермасын, құс фабрикасын салу жоспарланған. Ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерін – омарташылықты, жи­дек дақылдарын өсіруге ерекше на­зар аударылады. Жамбыл облысында 2025 жыл­ға дейін 107 елді ме­кен­ді көгілдір отынмен қамту көз­дел­ген. Биыл жыл соңына дейін 20 елді мекен газға қол жеткізеді. 2022 жылы 11 ауылда, ал 2023 жылы тағы 25 елді мекенде ауызсуды тазартуға арналған ұңғымалар орнатылады. Жол картасында бекітілген шара­ларды іске асырудың нәтижесінде 5 жыл ішінде аймақта 84 мың жұ­мыс орны ашылады. Түркістан облысын түлету жос­пары да жүйелі шаралар­ды қамти­ды. Осы жылдың соңына дейін 21 379 пәтердің 6,2 мыңнан ас­тамы, 111 медициналық нысан­ның 13-і, 266 мектептің 85-і, 236 спорт ныса­ны­ның 50-і салынады. Жалпы, 40 мың жұмыс орнын, 152 жаңа кәсіп­орын ашу және кеңейту, 214 жаңа туристік нысан салу жос­парланған. Үкімет өнімді жұмыс істеп, «Nur Otan» партиясы байып­ты ба­қы­лауын тоқтатпаса, Алматы облысында Жол картасы аясында 72 медициналық нысан, 81 мектеп, 8 жатақхана, 65 мәдени нысан бой кө­термек. Сондай-ақ 2025 жылға дейін 188,7 км жергілікті маңызы бар автожолдар, 11,9 км жылумен жаб­­дықтау желілері салынып, ре­конструкцияланады, 99 елді мекен­де газ тарату желілері салынады. Солтүстіктегі өңірлерді де оң өзгерістер күтіп тұр. Атап айт­сақ, Ақмола облысында 5 жылда са­лынуы жоспарланған 27 меди­ци­налық нысанның 14-і, 119 мек­теп­тің 37-сі, 21 балабақшаның 5-еуі, 60 спорт нысанының 22-сі осы жылы пайдалануға беріледі. Облыста 3,4 млн шаршы метр тұрғын үй салу, 80 мыңнан астам жұмыс орнын ашу – Жол картасында көрсетілген не­гіз­гі басым міндеттер. Партия өкілдері Қостанай облысында да 2025 жылға дейін 80 мың жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Қостанай қаласында 1750 орындық 4 студенттер жатақханасын салу, сон­дай-ақ тұрғын үй сатып алуға не­сие беру, көтерме жәрдемақы беру және т. б. арқылы «Дипломмен ауыл­ға» бағдарламасы бойынша 1 500-ден астам білікті жас маманды әлеуметтік қолдаумен қамту жос­пар­да бар. Солтүстік Қазақстан об­лы­сын­дағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған Жол карта­сын­да 2 078 көрсеткіш және 1 134 іс-шара бекітілген. Биыл аймақта 2,7 мың км автожолдың 394 шақыры­мы, 489,7 км сумен жабдықтаудың 127 шақырымы, 80 км жылумен жаб­дықтаудың 17 шақырымы, 280,8 км су тартудың 58,7-і салынып, ре­конструкцияланады. Нұротандық­тардың жоспары жүйелі түрде жүзеге асса, 2025 жылға дейін өңір­де 65 мың жұмыс орны ашылып, 8,9 мың пәтер, 11 медициналық нысан, 96 спорт нысаны, 2 мектеп және жас­тарға арналған 5 жатақхана са­лынып, ел игілігіне айналмақ.