Жастар саясатының жақсылығы мол
Жастар саясатының жақсылығы мол
Тәуелсіздіктің негізгі тірегінің бірі және бастысы болса, ол жастар екені күмәнсіз. Сондықтан жастар мәселесі әр кез жүйелеп отыруға тиіс дүние. Бұл тұста жастар саясатының маңызы зор. Тәуелсіздік жылдарына дейін жастарды жеке бір әлеуметтік топ ретінде қарасақ, одан кейін де қоғамдағы жастардың рөлі артпаса, кеміген емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қызметіне кіріскен уақыттан бері жас буынды назардан тыс қалдырмады.
Елеусіз қалмаған буын
Елімізде 29 жасқа дейінгі 3,7 млн азамат жастар санатында болып есептеледі. Ал әлемдік статистика санағына сай жастар санатын 35 жасқа дейін деп қарайтын болсақ, бұл сан едәуір артатыны анық, 6 миллионның төңірегінен асып жығылады. Жалпы, жастар мәселесіне жалпылама атау бере салғанымызбен, оның көңіл бөлуге тиіс тармақтары өте көп. Тегін білімнен бастап, жұмыспен, баспанамен қамтамасыз ету, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне атсалысу да күрделі, жауапкершілікті талап ететін іс. Күрмеуі қиын мәселелер қатарына жастардың миграциялық көңіл күйі де енеді.
Тәуелсіздік жылдары елімізде жастар саясатына тың серпін беру үшін талай мемлекеттік бағдарлама жасақталып, тиісті заңдар қабылданғанын білеміз. Солардың ең бастысы саналған бірқатарын шолып өтсек. 1991 жылы маусымда «Қазақ КСР-індегі мемлекеттік жастар саясаты туралы» алғашқы заң қабылданды. Бұл үрдіс тәуелсіздік алғаннан кейін де жалғасты. 1996 жылғы қазан айында Үкімет «Жастар туралы» заң жобасын әзірлеп, 1997 жылдың бірінші тоқсанында Парламенттің қарауына жіберген еді. Бұдан соң 1999 жылғы шілдеде Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының жобасы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында қаралды. 2001 жылы маусымда мемлекеттік жастар саясаты мәселесі бойынша Парламентте тыңдаулар өтті, онда жастарға қатысты арнайы заң қабылдау қажеттігі туралы нақты мәселе қозғалды. Ал 2002 жылдың мамыр айында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасы республикалық баспасөз беттерінде жарияланды. 2003 жылғы қаңтарда Парламент Мәжілісінің жұмыс тобы мемлекеттік жастар саясаты туралы заң жобасының үкіметтік нұсқасына депутаттар ұсынған түзетулерді қараған болатын. 2004 жылғы 7 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды.
2013 жылғы ақпанда Үкімет 2020 жылға дейінгі жастар саясаты тұжырымдамасын мақұлдады. Ал 2015 жылдың ақпан айында «мемлекеттік жастар саясаты туралы» тағы бір жаңа заң қабылданған. Осы заң аясында жастарды жастар ұйымдарының, консультативтік органдардың және жастардың өзін-өзі басқару органдарының қызметіне, білім беру жүйесі мен еңбек ұжымдарына тарту заң жүзінде бекітілді. 2016 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі «Қазақстан – 2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының екінші кезеңін іске асыру басталды. Ал 2018 жылғы 5 қазандағы Президент Жолдауында 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланғаны есімізде.
– Жастар саясаты – елдегі саяси жүйенің ажырамас маңызды бөлігі. Сондықтан елдегі саяси жүйенің аясынан жастар саясаты шыға алмайды. Кейінгі 10-15 жылдағы жағдайды қарастырсақ, жастар саясатының негізгі екі мақсаты болды. Біріншіден, елдегі жастарды саяси биліктің идеологиясының аясында жинау. Бұл иерархия түрінде ұйымдастырылған күш ретінде байқалды. Сол себептен еліміздегі жастар ұйымдары мен әр өңірдегі жастар ресурстық орталықтарының барлығына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді, қаржы бөлінді. Екіншіден, жастар саясатының тағы бір мақсаты – елдегі басқарушы класты дайындау. Жастар саясаты арқылы карьера жасайтын азаматтар әкімшілік жүйеде қалады да, осы жолмен басқа да мемлекеттік органдардан орын тауып жатады. Жастар саясаты осындай функция атқарып келді. Ал жастар мәселесін олар қалай шеше алады? Бұл екі әлем, себебі жастар дегеніміз – үлкен әлеуметтік-демографиялық топ. Статистика бойынша, елімізде 4 миллионға жуық жас азамат бар. Олардың бәрін түгелдей қамтуға ешқандай ресурс жетпейтін тәрізді, – дейді әлеуметтанушы Серік Бейсенбаев.
Дегенмен жастар мәселесіне қатысты серпін беру мұнымен тоқтап қалмайтынын аңғарып отырмыз. Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жастар саясаты туралы» заңды қайта қарап, оның заманға сай жетілдіруді тапсырғаны белгілі. Әлемдік трендтерді және қазақ жастарының сұранысын ескере отырып, жастар саясаты саласындағы міндеттер арта түспек. Енді жастар саясатының ұтымды тұстарына тоқталсақ.
Кадрлық резерв нәтиже берді ме?
2019 жылы жас буынды саяси аренаға шығарып, мемлекеттік жүйені жетілдіру мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Президенттік жастар кадр резервін құру көзделген болатын. Оған білімді, жалынды және жан-жақты жастар іріктеліп алынды. Дегенмен таңдау қиынға соққаны анық. Еліміздің әр түкпірінен 13 мың үміткер осы таңдаулы резерв құрамына енуге талпынды. Ақыры соның ішінен үздік деп танылған 300 азамат шықты. Қазір Президенттік жастар кадр резервіне іліккен 300 адамның 102-сі – жеке, 98-і – квазимемлекеттік секторда қызмет атқарып жүрсе, қалғаны мемлекеттік қызметші атанды. Олардың ішінде 10-ы – маңызды саяси қызметке жүрсе, «А» корпусында екеуі бар. Кейбірі жергілікті билікте әкім орынбасары, басқарма басшысы болып жұмыс істеуде. Әйтсе де, оларды кез келген уақытта лауазымды қызметке президенттің өзі тағайындауы мүмкін. Қаласа әкімдер мен министрлер де қол астына шақыра алады. Президент әкімшілігінің де ұсыныс білдіруге хақы бар. Басты міндет – мемлекеттік басқаруды жаңарту. Сол арқылы жемқорлықтан ада, жаман қасиеттерді бойына сіңірмеген жастарды жұмысқа тарту. Президенттік жастар кадр резервіне енгендердің орташа жасы – 31. Құрамында түрлі ұлт өкілдері бар. Әйткенмен Президенттік жастар кадр резерві тағы да толыға түсетіндей. Себебі биыл да бұл резервке іріктеу болмақ. Бірақ бір өзгешелігі – іріктеу мемлекеттік органдардың шынайы қажеттілігіне байланысты өткізілмек.
Бағдарлама бағдарды айқындайды
Жастар саясатында елеулі болған мемлекеттік бағдарламаларға келсек, еске бірнешеуі түседі. Мәселен, ауылдағы маман тапшылығын өтеу үшін «Дипломмен ауылға», жас буынды еңбекке ынталандыруға арналған «Жасыл ел», мемлекеттің беріктігі үшін маңызды саяси астары бар «Серпін», «Жас кәсіпкер» тәрізділері бар. Әйтсе де, ең таңдаулысына тоқтала кеткенді жөн санадық. 2025 жылға дейінгі «Жастар Отанға» мемлекеттік бағдарламасы көп саланы қамтыған, жан-жақты сараланған бағдарлама іспетті болып тұр. Оған сәйкес, бірнеше міндет пен мақсат айшықталған. Соның бірқатарын тілге тиек етсек.
Бағдарламаға сай, алғашқы кезекте жастарды саясатқа тарту жайы бар. Былтыр «Сайлау туралы» заңға сәйкес Парламент Мәжілісі мен өңірлердегі мәслихатта жастардың үлесі 20 пайызға дейін өскенін білеміз. Жастарды саясатқа не үшін тарту қажет? Сарапшылар бұл көптеген қатердің алдын алады әрі жастарға қоғамдық-саяси өмірде белсенді болуға жол ашады деген пікірде. Мәселен, саясаттанушы Сайпулла Сапанов «Жастарды саясатқа тарту оларды радикалды идеологиядан сақтайды» деген пікірін білдірген. Расында да, радикализм тек Қазақстан үшін ғана емес, дамыған Еуропа елдері үшін аса өзекті мәселе. Бұл тұрғыдан терроризм тақырыбымен терең айналысып жүрген сарапшы Ерлан Қарин де «Кейбір жас азаматтардың түрмеге қылмыскер боп түсіп, радикал боп шығатынын» мәлімдеген болатын. Неге кейбір жастар теріс ағымдарға кетеді? Себебі идеологиялық вакуумды біреу біліммен толтырса, біреу теріс бағыттағы идеялармен толтыруы кәміл. Алайда жастардың саясатқа қызығушылық таныта қоюы екіталай дүние болып келеді. Бұл да бір мәселенің тиегі.
Одан кейін білім сапасын нарық заңына сәйкестендіру қажет. Бүгінде көптеген жоғары оқу орны еңбек нарығының сұранысына сәйкес келмейтін, бірақ «қалтада дипломы бар» мамандарды даярлайды. ЮНЕСКО мәліметі бойынша, жыл өткен сайын Қазақстаннан шетелге білім іздеп кететін жастар саны артып барады. Егер 2011 жылы 43 мың студент шетел асса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 90 мыңға жеткен екен. Бүгінде 85 мыңға таяу студент сыртта білім алып жатыр. Білім министрлігінің статистикасына келсек, жылына жүз мыңнан астам түлек мектеп аттестатын қолға алса, оның 20 пайызы шетелдік оқу орындарының студенті атанып жатады. Бір алаңдайтын жайт, шетел көрген азаматтар өзге елде қалып, бөтен мемлекеттің адами капиталын байытуға ықпал етеді. Бұл тұрғыдан «Жас маман», «Еңбек» жобалары пайда болды. Қазіргі мақсат – ауыл мен қала білімінің арасындағы алшақтықты жойып, жастарды заманауи кәсіптерге баулу арқылы кадрлық дефицитті шешу. Отандық ЖОО-лардың нарыққа қажетсіз мамандарды даярлау жұмысын қайта саралап, болашаққа қажет мамандықтарды игеру өзекті күйде.
Жастарды жұмыспен қамтып, кәсіпке баулу керек. Әлемдік статистика бойынша, жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші 13 пайыздан аспайды. Ал Қазақстанда жастардың 40 пайызы жұмыссыздықпен бетпе-бет келгенін ашық айтқан. Бұл масылдық психология ма, әлде тәуекелден қорқу ма, әйтеуір бір түйткілдің бары рас. Осы мәселелермен қатар жастарды тұрғын үймен қамту жайы бар. Бүгінде жастар «7-20-25» бағдарламасы, «Нұрлы жер» және «Жас отбасы» бағдарламалары арқылы баспаналы бола алады. Әлеуметтік сауалнамаларға сенсек, жастардың 18 пайызы ғана баспанаға қол жеткізіпті. Жас мамандардың жалақысының аздығы мен бастапқы жарна көлемінің көптігі үйлі болуға әлі де кедергі секілді.
Қорыта айтқанда, тәуелсіздік жылдарынан бері жастар қай жағынан да елеусіз қалмады. Дегенмен шешілмей келе жатқан проблемалар бары жасырын емес. Бәрін қойып, берісін айтқанда, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге баулу қажет-ақ. Кітапхана мен спорт алаңдарын көбейтіп, соған сай саналы ұрпақ қалыптастырудың өзі өзекті бола бермек.