Айгүл Шамшиденова, Вена филармониясының жетекші солисі: Концертімнің бәрі аншлагпен өтеді

Айгүл Шамшиденова, Вена филармониясының жетекші солисі: Концертімнің бәрі аншлагпен өтеді

Айгүл Шамшиденова, Вена филармониясының жетекші солисі: Концертімнің бәрі аншлагпен өтеді
ашық дереккөзі
Айгүл Шамшиденова – классикалық музыканың отаны сана­латын Вена қаласының сахнасында өнер көрсететін қазақ қызы. Вена консерваториясында қазақ операсының тарихы туралы ма­гистрлік диссертация қорғаған Айгүл әлемнің көптеген театрындағы спектакльдерде ән шырқайды, сондай-ақ әйгілі Мариин театрында жас әншілерге операның қыр-сырын үйреткен. Қазір Вена фи­лармониясының жетекші солисі қызметін атқаратын Айгүлге ха­барласып, әңгімеге тартқан едік.
Біздің анықтама: Туған жері: Талдықорған Туған жылы: 1991 Білімі: Мәскеу мемлекеттік консерваториясы жанындағы музыкалық училище, Вена консерваториясы Қызметі: Вена филармониясының жетекші солисі
 width= – Көп жағдайда сізді концертте Қазақстан және Австрияның опера әншісі деп таныстырады. Австрияда тұрып жатқаныңызға он бес жылға жуықтап қалса да, бәрінен бұрын Қазақстан деп та­ныс­тырғаны сізге ерекше әсер сыйлайтын болар? – Әлбетте, Қазақстан деп таныстырғанның жөні бөлек. Өйткені опера се­­кіл­ді шоқтығы биік өнердегі алғашқы қадамым Қазақстанда басталды. Не­гізі, барлығы Голливудта өткен музыкалық байқаудан бастау алды. Он үш жасымда аталған сайысқа қатысып, нәтижесінде төрт алтын жүлдені ие­лендім. Осындай ірі сайыста топ жарған соң, Жәния Әубәкірова атындағы мек­теп-колледжіндегі ұстаздарым маған сенім артып, шығармашылығымды шың­­дауға, шеберлігімді ұштауға шындап кірісе бастады. Он бес жасымда Санкт-Петербург қаласында өткен халықаралық конкурсқа қатысып, лауреат атандым. Сол байқауда өнеріме тәнті болған жергілікті ұстаздар Ресейде оқу туралы ұсыныс айтты. Анаммен ақыл­да­са келе, Мәскеуде білім алған дұрыс деп ше­шіп, музыкалық училищеге оқуға тап­сыр­дым. Онда КСРО халық әртісі, опера сах­насының әлемдік жұлдызы Елена Об­раз­цовамен бірге жұмыс істеу бақыты бұйыр­­ды. Жалпы, өнер жолын енді бастап ке­ле жатқан әншілер опера өнерінің орта­лы­ғы саналатын Еуропаға оқуға баруға ты­ры­сатын. Ал мен онда барып оқығым келсе де, бойымды үрей билейтін. Өйткені ол уақытта он алты жасқа толған кезім, оның үстіне қаржы жағынан қиналып қа­лар­мын деген де ой мазалады. Мәскеуде оқып жүргенімде айналамдағылар «Айгүл, саған мынадай дауыспен, дарынмен Еуропа сахнасында өнер көрсету қажет. Сонда бару­ды мақсат тұт!» дегенді жиі айтатын. Ал бұл мақсат орындалмайтын арман секілді көрінетін. Бұл арманыма Қазақстанның Халық әртісі Айман Мұсаходжаева қанат бітірді деп айтсам болады. Бірде Айман апайдың шақыруымен астанада әлем консерваториялары ректорларының съе­зінде ән шырқадым. Сол уақытта өнеріме тәнті болған съезд қатысушылары әлемнің кез келген консерваториясына оқуға тап­сыру туралы ұсыныс білдірді. Айман апай екеуіміз дұрысы Венадағы консерваторияда білім жетілдірген жөн деп ұйғардық. Оның үстіне, Вена қаласы классикалық музыка­ның «жүрегі», опера өнерінің отаны са­на­ла­ды. Жастайынан әлемді мойын­дат­қан клас­сик әншілер осы қалада білім алып, осы қалаға тұрақтауды мақсат тұтады. Дегенмен Вена консерваториясына өз күшіммен оқуға түсу оңайға түскен жоқ. Шығар­ма­шы­лық емтихан кезінде пианистің нота тү­сірілген қағазы жерге ұшып, ақырында әнім­ді музыкалық сүйемелдеусіз орындап шық­тым. Сол кезде емтиханнан «құладым», Еуропада оқу сол күйі арман болып қалады деп қатты қобалжығаным есімде. Десек те пианист аспапта ойнауды тоқтатуға мәж­бүр болса да, сасқалақтамай, соңына дейін айтып шыққанымды, дауыс диапазонымды жоғары бағалаған комиссия мүшелері мені оқуға қабылдады. Консерватория сахнасын­да оқи жүріп, оқу бітірген соң да, көптеген театр жетекшілері спектакльдерде ән салуға ша­қырды. Сондай-ақ гастрольдерге шығып, әлем­нің үлкен сахналарында өнер көрсете бас­тадым. Сөйтіп жүргенде мені жақсы тани­тын Вена филармониясының басшысы жұ­мысқа шақырды. Қазір сол филармо­ния­ның жетекші солисі қызметін атқарамын. – Ал әлемдегі ең көне театрлардың бірі саналатын әйгілі Мариин театрына қалайша жұмысқа шақыртылдыңыз? – Бірде Санкт-Петербургта өткен кон­курс­қа қатыстым. Сол байқауда Мариин теат­рының жанынан ашылған опера ән­шілері академиясының өкілдері маған жас­тарды әншілікке баулу туралы ұсыныс біл­дірді. Мен үшін бұл өте қуанышты жайт бол­ды, себебі Мариин театры аты аңызға ай­налған, кілең үздіктерді тәрбиелеп шы­ғарған өнер ордасы екенін күллі әлем біле­ді. Сөйтіп, Санкт-Петербург мен Венаның ара­сында «шапқылап», екі жақта жұмыс істеуге тура келді. Осы ретте айта кететін жайт, көпшілігі мені Қазақстанның мақ­та­ны­шы деп асыра сілтеп мақтап, қолдау біл­діріп жатады. Десек те арасынан «Опера­лық спектакльде өнер көрсетпейтін адамды қалай опера әншісі деп атауға болады?» деп «тиісіп», «түртіп» кететіндер де жоқ емес. Сөз­дің шыны керек, концерттерде ән шыр­қағанды жақсы көремін. Десек те театр сах­насында да жиі өнер көрсетемін. Тек көп нәр­сені жұртшылыққа жария қылмаймын. Әлем­нің көптеген театрында, соның ішінде Ал­маты мен Нұр-Сұлтандағы театрларда жиі өнер көрсетемін. Мақтанғаным емес, қай­да барсам да, концертіме бірде-бір би­лет қалмай, үнемі аншлаг болады. Тіпті, би­лет жетпей қалған жағдайда залға қо­сым­ша орындықтар сұратып, көрермен кір­гізген кездер көп болды. Сонымен қатар, студ­енттердің жағдайын түсініп, билеттерді ар­зан бағада сатуды тапсырамын. Қазақ­стан­да жыл сайын жеке концерт беруге тыры­самын. Тыңдарманның да маған деген ықыласы ерекше. Әдетте опера театр­ла­рын­да көрермен залы жағынан сахнаға көте­рі­ліп, гүл шоқтарын ұсыну қиын. Сол себепті көп­шілігі сахна сыртына іздеп келіп, «Сіз біз­ге ерік-жігер сыйлайсыз, күш бересіз» деп ризашылығын білдіріп жатады. Ирина есімді ресейлік жанкүйерім бар. Сенесіз бе, сол кісі бірде-бір концертімнен қалмайды. Тіпті бірде абайсызда құлап қалып, аяғын сын­дырып алса да, Венадағы концертіме ар­найы ұшып келіп, зал ішінде балдақпен жүрді. Мұндай адал тыңдарманы бар мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ шығар, сірә.  width= – Магистрлік диссертацияңызды «Қазақ операсының құрылу тарихы» та­қырыбында қорғапсыз. Қазақ опе­расының тарихынан бейхабар австрия­лықтарға бұл зерттеуіңіз қы­зық­ты болған шығар? – Қызықты болғанда қандай! Жалпы, бұл тақырып туралы бұрын-соңды ешкім диссертация қорғамаған. Қазақ операсы туралы ештеңе білмейтін оларды бұл тақы­рып қызықтыратыны сөзсіз. Сондай-ақ, оны жазу барысында Вена консервато­рия­сының кітапханасында қазақ операсы туралы деректер сақтаулы тұрсын деген мақ­сатты ұстандым. Оған қоса, қазақ өне­ріне қызыққан шетелдіктер мұны оқу құра­лы ретінде де қолдана алады. Зерттеу бары­сында тапқан деректерім оқытушыларым­мен қатар, өзімді де таңғалдырды, өйткені мен де көп фактіні білмейді екенмін. Қазақ операсына оқытушыларымнан бөлек, дос­тарым да қызықты. Қазақстанда өткен кон­церттерде бірге ән шырқау үшін бір­неше шетелдік танымал әншілерді ертіп апар­ғанмын. Қазақ әндерін тыңдаған олар концерт біткен соң «Айгүл, қазақ тіліндегі ән­дер сондай әуезді, қойылымдар да кере­мет ойластырылған. Қазақ деген неткен дарынды халық!» деп тамсанғаны бар. Сондай-ақ, жүрген жерімде қазақ опера­сының өкілі деп таныстыратыны да көңіл қуантады. Шетел сахнасында Қазақстанның аты­нан өнер көрсету – мен үшін үлкен мәр­тебе. Австрияда жұмыс кестем өте тығыз бол­са да, Қазақстанға қатысы бар іс-шара не­месе концертке қатыспай қалған кезім бол­ған емес. Осындағы қазақтар қауым­дас­тығы және Қазақстан елшілігімен тығыз байланыстамын. Былтыр Австрияда бірінші каран­тин аяқталған соң, «Қазақ қазынасы» атты үлкен концерт өтті. Аталған концерт­тің басынан аяғына дейін ән айтып шық­тым. Шетте жүрсем де, Қазақстан десе елең етемін. Таныстарым «Сен шетелге келіп өзгергенсің, десек те әлі күнге дейін қазақы дәстүрді ұстанатының таңғалдырады» деп айтады. Мысалы, жаңа сіз сұхбаттасу үшін хабарласқаныңызда, үстелге жеті шелпек қойып жатқанмын. Тағы бір айта кетерлігі, мен шайды әжем секілді кесемен ішкенді ұнатамын. Былтыр елшіліктегі достарым кә­дімгі қара қазан сыйға тартқан болатын. Қа­зір тамақты сол қазанда әзірлеймін. Сон­дықтан Австрияда жұмыс істеп жүргеніме бәленбай жыл болса да, қазақылықтан ажырай қоймадым. – Вена филармониясының жетекші со­лисі деген лауазым – үлкен жауап­кер­­шілікті талап ететін қызмет. Кейде жұ­мыстан қажып, көңіліңіз түсетін кез­дер болатын шығар? – Бастапқыда өзімді үнемі дәлелдеумен бол­дым. Өз-өзімді көрсету үшін тынбай ең­бектендім. Менің бұл тырысып-баққа­ным­ды байқап жүрген басшылық маған сенім артып, жетекші солист лауазымына та­ғайындады. Жалпы, анам мені қатал тәр­биелеп өсірді. Оқуымды аяқтаған соң да «Ресми түрде жұмысқа тұруға тырыс» деп әр басқан қадамымды қадағалап отырды. Көп жағдайда әншілер фрилансер ретінде өнер көрсетіп, бір жерде ресми түрде жұ­мыс істегенді құп көрмейді. Ал мен керісін­ше ресми түрде жұмыс істегенді қалайтын­мын. Сондай-ақ, жұмыс істеген ортамда үздіктердің үздігі болуға тырысатынмын. Опера әншісі үшін әр сөздің айтылуы үлкен маңызға ие. Сол себепті бастапқыда дыбысталу, артикуляция жағынан мінсіз болу үшін үздік мамандарды жалдайтын­мын. Сондай-ақ, әлем тілдерін жетік мең­геру­ге тырыстым. Менің қателесуге құқым жоқ, себебі әлемнің кіл мықты классиктері шо­ғырланған Вена қаласында жұмыс істей­мін. Оның үстіне жетекші солист деген лауа­зымым тағы бар. Сол себепті көрермен бойым­нан бір мін таппайтындай өнер көр­сетуім керек. Барлығы менен үлгі алатындай жоғары деңгей көрсетуім қажет. Әлбетте, үнемі осылай өз бабымда жүру оңай емес. Кейде мұндай жауапкершіліктің салмағы білініп, осалдық танытатын сәттер болады. Десек те мұндайда достарым қамқорлық көрсетіп, қолтықтан демеп, қуаттандырады. Өзімді бәрінен артықпын деп айтпаймын, менен де талғамы мен танымы биік ән­шілер бар. Алайда сахнаға Вена филармо­ния­­сы­ның солисі деп шақырған кезде көрермен мені тамаша өнер көрсетеді деп күтеді. Ал егер олар опера әншісінің әнді ак­центпен айтып тұрғанын байқайтын болса, оны киелі сахнада осылай акцентпен ән айтатындай жұмысына немқұрайлы қара­ған деп түсінеді. Тағы бір айта кетерлігі, Венада ән айтып болған соң, көрермендерге ұнаса «Браво», ал көңілінен шықпаса, ұна­ма­ғанын ашық айтуға рұқсат етілген. Сол себепті осындай талғамы биік көрерменнің алдында қателік жіберіп алу қауіпті. Тіпті кейде сахнаға шығар алдында қобалжып, сасқалақтайсың. Құдайға шүкір, маған осы жылдар ішінде «Браво» деуден басқа ештеңе айтып көрмепті. Сол себепті менен көмек сұрайтын жас әншілерге «Сендерге сөзсіз көмектесемін. Қолымнан келгенін жасай­мын. Бірақ ән айтумен қатар, тілді үйреніп келіңіздер. Ән айтып тұрғанда қай тілде жа­зылған шығарма екенін көрермен ә де­геннен түсіну керек» деп айтамын. Дири­жер немесе пианистпен сөйлесу үшін де тіл білу қажет. Дыбысты дұрыс шығару жағынан шеберлігімді арттырып алған мен қазір өзім де бұл туралы сабақ бере аламын. «Өнер­ді бәсеке өсіреді» демекші, айналамда менің орнымда болғысы келетін бәсекелес ән­шілер баршылық. Дегенмен бастапқыда мені ұнатпаған олар біраз уақыттан соң қа­сыма келіп, дос болу туралы ниетін біл­діре­ді. Дегенмен мен оларға қарсылас ре­тінде қарамаймын. Әрқашан көмек қолын созуға дайын тұрамын. Түсінгенім, адамның дары­ны ұштала түскен сайын, ол қара­пайым, ашық бола бастайды екен. Ал дауы­сы жоқ, өздерін әншіміз деп атайтындар кері­сінше ақшаның соңына түсіп, атақ қуалап кетеді. Қанша жерден мықты әнші бол­саң да, адамшылықтың биік шыңы адам­гершілікті ұмытпағанымыз абзал.  width= – Биыл сәуір айында Қазақстанда ұйым­дастырмақ болған жеке кон­цер­тіңізді карантин режимінің күшеюі се­бе­бінен кейінге қалдырдыңыз ба? – Бір жағынан карантиннің де әсері бар. Екінші жағынан уақыт тығыздығына байланысты кейінге шегердім. Жуырда Мәс­кеуге концерт қоймақшымыз. Сондай-ақ, мұнда атқаратын бірнеше жобалар бар. Сол се­бепті елде концерт беруге үлгермей қа­ламын-ау деп ойладым. Осы ретте айта кетерлік жайт, Қазақстанда өтетін кон­церт­теріме тыңғылықты дайындалуым керек. Өйт­кені, туған жерімде тыңдарманның ықы­ласы да, қошеметі де бөлек. Карантинде үйде отырып шаршадым, дұрысы қашан бар­сам да, құшақ жая қарсы алатын елдегі тың­дарман үшін концерт қойып, ақша тауып қайтайын деген мақсаттан аулақпын. Құ­дайға шүкір, Австрияда мені керемет сый­лайды, тиісінше жоғары еңбекақы тө­лейді. Австрия үкіметі жетекші солистерді үнемі қолдайды. Тіпті, пандемия салдары­нан өтпей қалған концерттердің ақысын әншілерге өтейді. Сол себепті немқұрайлық танытып, елге барып, қалай болса солай ән айтқым келмейді. Қазақстанға келгенімді естіп, арнайы іздеп келген әр тыңдар­ма­ным­ды қатты сыйлаймын, олардың кон­церт­тен біраз сергіп, көңіл көтеріп қайт­қанын қалаймын. Өзім басқа әншілердің концерттеріне сирек барамын, десек те кейде залда ішің пысып, тезірек үйге қай­туға асығып отырамын. Залда отыр­ғанда тыңдарманға не керек екенін жете түсінген соң, жеке кешімді шама-шарқым келгенше қызықты өткізуге тырысамын. Соңына дейін тапжылмай отырып тамашалаған тыңдарман концерттік бағдарлама аяқ­талса да, тағы ән салып беруімді жиі өтінеді. Сол себепті елдегі өнерсүйер қауымның орны мен үшін ерекше. Алдағы уақытта тек Нұр-Сұлтан мен Алматыда ғана емес, сонымен қатар туған жерім Талдықорғанда да тегін концерт өткізуді жоспарлап жүр­мін. Негізі, Талдықорған – мен үшін әлем­дегі ең ыстық жер. Онда атам тұрады, сон­дай-ақ сол аймақта әкем жерленген. Сол себеп­ті кіндік қаным тамған жерде үлкен кон­церт берсем, арманым жоқ. Атам да со­ны армандап жүр.  width= – Ән қоржыныңызда сіз үнемі орын­дайтын қанша қазақ әні бар? – Негізі, репертуарымда әлемнің жиыр­ма бес тілінде айтатын әндер жетерлік. Со­ның ішінде қазақ тілінде Алматыда Жә­ния Әубәкірова атындағы мектеп-кол­леджде оқып жүргенде ұстазым Надя Шари­повамен бірге әзірлеген репертуарды айтып жүрмін. Қазір репертуарымда «Қазақ вальсі», «Гүлдерайым», «Дайдидау», «Бүлдір­ген», «Қыз қарағай», «Сарыарқа», «Әлия», «Жетісу» және «Мамырай» секілді әндер бар. Қа­зақ әндерін тек Қазақстанда емес, со­ны­мен қатар, шетелдік сахналарда да орын­даймын. Жуырда репертуарымды жаңарту үшін мамандарға қазақша басқа әндер қарастыруды тапсырдым. Айта кетерлігі, концерттерде тек шетелдік туындыларды орындап қоймай, сонымен қатар қазақ композиторларының шығармаларын орындауға тырысамын. Бізде керемет ән шы­ғарған композиторлар көп, бірақ көп­шілігі мұны білмейді екен. Концерт соңын­да оларды көрерменмен таныстырып, олар туралы қысқаша хабар беріп өтемін.  width= – Опера әншілерінің дәстүрлі, эст­ра­да бағытындағы әншілердің ара­сы­нан кімді тыңдайтыны қызықтырады. Кімдерді тыңдайсыз? Плейлистіңізде қазақстандық әншілердің туындылары бар ма? – Көбінесе аспапта ойналатын му­зы­калық шығармаларды тыңдаймын. Әсіресе, Асылбек Еңсеповтің орындауындағы күй­лерді көп тыңдаймын. Жолға шыққанда кө­лік ішінде қосып қоямын. Сондай-ақ, «Ұлы­тау» тобының жанкүйерімін. Ал эстра­да әншілеріне келсек, ауылды, туған-туысты сағынғанда Қайрат Нұртас, Ерке Есмахан секілді әншілердің кейбір әндерін тың­даймын. Негізі мен бос уақытымда опера тыңдамаймын. Себебі жұмыста үнемі опера тыңдайтындықтан, бір сәт басқа әуендерді тыңдағанды құп көремін. Кейде кездейсоқ қазақ әндерін естіп қалып, артынша кім ай­татынын іздеп тауып аламын. Сосын оны жүк­теп алып, күні бойы тыңдап жүремін. Бір қызығы, сол әндерді тыңдаған осындағы достарым «Қандай ән? Кім айтады?» деп менен барлығын сұрап, олар да жүктеп, тың­дап жүреді. Негізі, австриялықтар Қа­зақ­стан жеріне, қазақ мәдениетіне ерек­ше қызығады. Елге бару үшін виза әзірлеу ке­зін­де «Елшілікте сенімді адам ретінде сенің аты-жөніңді жазсақ бола ма?» деп сұра­ғандар көп болды. Бастапқыда Қазақстанға жай саяхаттап барып қайтатын шығар деп ойлаймын. Бірнеше күн өткен соң әлеу­меттік желідегі парақшаларына қазақтың шапанымен, бүркітпен түскен суреттерін жүк­теп, ұмытылмастай әсер алғанын оқы­ғанда таңғаламын.

Сұхбаттасқан

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ