Айгүл Шамшиденова, Вена филармониясының жетекші солисі: Концертімнің бәрі аншлагпен өтеді
Айгүл Шамшиденова, Вена филармониясының жетекші солисі: Концертімнің бәрі аншлагпен өтеді
Айгүл Шамшиденова – классикалық музыканың отаны саналатын Вена қаласының сахнасында өнер көрсететін қазақ қызы. Вена консерваториясында қазақ операсының тарихы туралы магистрлік диссертация қорғаған Айгүл әлемнің көптеген театрындағы спектакльдерде ән шырқайды, сондай-ақ әйгілі Мариин театрында жас әншілерге операның қыр-сырын үйреткен. Қазір Вена филармониясының жетекші солисі қызметін атқаратын Айгүлге хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
Біздің анықтама:
Туған жері: Талдықорған
Туған жылы: 1991
Білімі: Мәскеу мемлекеттік консерваториясы жанындағы музыкалық училище, Вена консерваториясы
Қызметі: Вена филармониясының жетекші солисі
– Магистрлік диссертацияңызды «Қазақ операсының құрылу тарихы» тақырыбында қорғапсыз. Қазақ операсының тарихынан бейхабар австриялықтарға бұл зерттеуіңіз қызықты болған шығар?
– Қызықты болғанда қандай! Жалпы, бұл тақырып туралы бұрын-соңды ешкім диссертация қорғамаған. Қазақ операсы туралы ештеңе білмейтін оларды бұл тақырып қызықтыратыны сөзсіз. Сондай-ақ, оны жазу барысында Вена консерваториясының кітапханасында қазақ операсы туралы деректер сақтаулы тұрсын деген мақсатты ұстандым. Оған қоса, қазақ өнеріне қызыққан шетелдіктер мұны оқу құралы ретінде де қолдана алады. Зерттеу барысында тапқан деректерім оқытушыларыммен қатар, өзімді де таңғалдырды, өйткені мен де көп фактіні білмейді екенмін. Қазақ операсына оқытушыларымнан бөлек, достарым да қызықты. Қазақстанда өткен концерттерде бірге ән шырқау үшін бірнеше шетелдік танымал әншілерді ертіп апарғанмын. Қазақ әндерін тыңдаған олар концерт біткен соң «Айгүл, қазақ тіліндегі әндер сондай әуезді, қойылымдар да керемет ойластырылған. Қазақ деген неткен дарынды халық!» деп тамсанғаны бар. Сондай-ақ, жүрген жерімде қазақ операсының өкілі деп таныстыратыны да көңіл қуантады. Шетел сахнасында Қазақстанның атынан өнер көрсету – мен үшін үлкен мәртебе. Австрияда жұмыс кестем өте тығыз болса да, Қазақстанға қатысы бар іс-шара немесе концертке қатыспай қалған кезім болған емес. Осындағы қазақтар қауымдастығы және Қазақстан елшілігімен тығыз байланыстамын. Былтыр Австрияда бірінші карантин аяқталған соң, «Қазақ қазынасы» атты үлкен концерт өтті. Аталған концерттің басынан аяғына дейін ән айтып шықтым. Шетте жүрсем де, Қазақстан десе елең етемін. Таныстарым «Сен шетелге келіп өзгергенсің, десек те әлі күнге дейін қазақы дәстүрді ұстанатының таңғалдырады» деп айтады. Мысалы, жаңа сіз сұхбаттасу үшін хабарласқаныңызда, үстелге жеті шелпек қойып жатқанмын. Тағы бір айта кетерлігі, мен шайды әжем секілді кесемен ішкенді ұнатамын. Былтыр елшіліктегі достарым кәдімгі қара қазан сыйға тартқан болатын. Қазір тамақты сол қазанда әзірлеймін. Сондықтан Австрияда жұмыс істеп жүргеніме бәленбай жыл болса да, қазақылықтан ажырай қоймадым.
– Вена филармониясының жетекші солисі деген лауазым – үлкен жауапкершілікті талап ететін қызмет. Кейде жұмыстан қажып, көңіліңіз түсетін кездер болатын шығар?
– Бастапқыда өзімді үнемі дәлелдеумен болдым. Өз-өзімді көрсету үшін тынбай еңбектендім. Менің бұл тырысып-баққанымды байқап жүрген басшылық маған сенім артып, жетекші солист лауазымына тағайындады. Жалпы, анам мені қатал тәрбиелеп өсірді. Оқуымды аяқтаған соң да «Ресми түрде жұмысқа тұруға тырыс» деп әр басқан қадамымды қадағалап отырды. Көп жағдайда әншілер фрилансер ретінде өнер көрсетіп, бір жерде ресми түрде жұмыс істегенді құп көрмейді. Ал мен керісінше ресми түрде жұмыс істегенді қалайтынмын. Сондай-ақ, жұмыс істеген ортамда үздіктердің үздігі болуға тырысатынмын. Опера әншісі үшін әр сөздің айтылуы үлкен маңызға ие. Сол себепті бастапқыда дыбысталу, артикуляция жағынан мінсіз болу үшін үздік мамандарды жалдайтынмын. Сондай-ақ, әлем тілдерін жетік меңгеруге тырыстым. Менің қателесуге құқым жоқ, себебі әлемнің кіл мықты классиктері шоғырланған Вена қаласында жұмыс істеймін. Оның үстіне жетекші солист деген лауазымым тағы бар. Сол себепті көрермен бойымнан бір мін таппайтындай өнер көрсетуім керек. Барлығы менен үлгі алатындай жоғары деңгей көрсетуім қажет. Әлбетте, үнемі осылай өз бабымда жүру оңай емес. Кейде мұндай жауапкершіліктің салмағы білініп, осалдық танытатын сәттер болады. Десек те мұндайда достарым қамқорлық көрсетіп, қолтықтан демеп, қуаттандырады. Өзімді бәрінен артықпын деп айтпаймын, менен де талғамы мен танымы биік әншілер бар. Алайда сахнаға Вена филармониясының солисі деп шақырған кезде көрермен мені тамаша өнер көрсетеді деп күтеді. Ал егер олар опера әншісінің әнді акцентпен айтып тұрғанын байқайтын болса, оны киелі сахнада осылай акцентпен ән айтатындай жұмысына немқұрайлы қараған деп түсінеді. Тағы бір айта кетерлігі, Венада ән айтып болған соң, көрермендерге ұнаса «Браво», ал көңілінен шықпаса, ұнамағанын ашық айтуға рұқсат етілген. Сол себепті осындай талғамы биік көрерменнің алдында қателік жіберіп алу қауіпті. Тіпті кейде сахнаға шығар алдында қобалжып, сасқалақтайсың. Құдайға шүкір, маған осы жылдар ішінде «Браво» деуден басқа ештеңе айтып көрмепті. Сол себепті менен көмек сұрайтын жас әншілерге «Сендерге сөзсіз көмектесемін. Қолымнан келгенін жасаймын. Бірақ ән айтумен қатар, тілді үйреніп келіңіздер. Ән айтып тұрғанда қай тілде жазылған шығарма екенін көрермен ә дегеннен түсіну керек» деп айтамын. Дирижер немесе пианистпен сөйлесу үшін де тіл білу қажет. Дыбысты дұрыс шығару жағынан шеберлігімді арттырып алған мен қазір өзім де бұл туралы сабақ бере аламын. «Өнерді бәсеке өсіреді» демекші, айналамда менің орнымда болғысы келетін бәсекелес әншілер баршылық. Дегенмен бастапқыда мені ұнатпаған олар біраз уақыттан соң қасыма келіп, дос болу туралы ниетін білдіреді. Дегенмен мен оларға қарсылас ретінде қарамаймын. Әрқашан көмек қолын созуға дайын тұрамын. Түсінгенім, адамның дарыны ұштала түскен сайын, ол қарапайым, ашық бола бастайды екен. Ал дауысы жоқ, өздерін әншіміз деп атайтындар керісінше ақшаның соңына түсіп, атақ қуалап кетеді. Қанша жерден мықты әнші болсаң да, адамшылықтың биік шыңы адамгершілікті ұмытпағанымыз абзал.
– Ән қоржыныңызда сіз үнемі орындайтын қанша қазақ әні бар?
– Негізі, репертуарымда әлемнің жиырма бес тілінде айтатын әндер жетерлік. Соның ішінде қазақ тілінде Алматыда Жәния Әубәкірова атындағы мектеп-колледжде оқып жүргенде ұстазым Надя Шариповамен бірге әзірлеген репертуарды айтып жүрмін. Қазір репертуарымда «Қазақ вальсі», «Гүлдерайым», «Дайдидау», «Бүлдірген», «Қыз қарағай», «Сарыарқа», «Әлия», «Жетісу» және «Мамырай» секілді әндер бар. Қазақ әндерін тек Қазақстанда емес, сонымен қатар, шетелдік сахналарда да орындаймын. Жуырда репертуарымды жаңарту үшін мамандарға қазақша басқа әндер қарастыруды тапсырдым. Айта кетерлігі, концерттерде тек шетелдік туындыларды орындап қоймай, сонымен қатар қазақ композиторларының шығармаларын орындауға тырысамын. Бізде керемет ән шығарған композиторлар көп, бірақ көпшілігі мұны білмейді екен. Концерт соңында оларды көрерменмен таныстырып, олар туралы қысқаша хабар беріп өтемін.