Елімізде еріктілік қаншалықты дамыды?

Қазақстан жас мемлекет болғанмен, халқының мәдени тарихы терең, дүниетанымы кең. Тәуелсіздік жылдарында елімізге дендеп еніп жатқан жаһандық жаңа үдерістерді қоғам мейілінше өзінің ұлттық тарихи санасына сай қабылдауға қауқарлы екенін көрсетіп келеді. Қайбір құбылыстар халықтың ұлттық болмысына жақын, заман ағымына сай келсе, тіпті тез қабылданатынын байқаймыз. Мәселен, бірнеше-ақ жылдың бедерінде волонтерлік іс-қимыл қоғамда бірден қолдау тауып, жылдам өркен жая бастады.
Волонтерлік атауы еуропалық болғанымен, әрекеті қазақ халқына да жат дүние емес екені белгілі. Ғылыми негізі – альтуризм. Француз философы әрі әлеуметтанушы О.Конттың «өзгелер үшін де, өмір үшін де өмір сүре біл» деген моральдық приципіне саяды. Яғни, біреу үшін өмір сүр, қоғамның дамуы үшін еңбек ет дейді. Ал діни танымда, дәлірек сопылық ілімі – адамның адамға қылған жақсылығын өмірдің мәні деп қарайды. Хакім Абай: «өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң Алланың сүйген құлының бірі боларсың» деп адамзат үшін еңбек қылуды ту етеді. Мұндай альтуристік түсінік қазақтың мақал-мәтелінде де көп кездеседі. Мысалы, «адам күні – адаммен» дейміз. Сол секілді волонтерлік іс-әркеттерді халқымыздың әдет-ғұрпынан да байқауға болады. Мәселен, бір адам үй салып жатса асарлату немесе көшпелі мәдениетте жаңа көшіп келген елге ерулік беру т.б. Міне, мұндай қам-қарекет қазір заман талабына сай волонтерлік іс деген жаһандық ұғымға енді. Оны «еріктілер» деп атап кеттік.
Сонымен, еріктілер кім?
Еріктілер ешкімнің нұсқауынсыз өз еркімен қоғамдық іс-қимылға белсенді әрі ақысыз қызмет қылатын адамдар. Елімізде мұндай қоғамға өз еркімен тегін пайдасын тигізетін белсенділердің қатары қаншалықты артты дегенге бір көз жүгіртіп өтсек. Мәселен, 2002 жылды БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы «Халықаралық волонтерлар жылы» деп жариялаған болатын. Бұл бастамаға біздің елімізде де қолдау білдіріп, демеушілік жасады. Ал 2010 жылы Қазақстанда волонтерлер желісі құрыла бастады. Осыдан алты жылдан кейін, 2016 жылғы 22 желтоқсанда өткен Сенат отырысында «Еріктілер қызметі туралы» жаңа заң қабылданды. Заңда көрсетілгендей, еріктілер қызметі – жеке тұлғаларға, кәсіпорын-компанияларға, әлеуметтік осал топтарға көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау, азаматтық қоғам қалыптастыру, әлеуметтік жауапкершілік, өзара көмек көрсету және қайырымдылық жасау т.б. Осы заң қабылданғаннан кейін, яғни 2017 жылғы өткізілген Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі мен Қысқы Универсиада ойындарында 8 000-нан астам волонтер қызмет көрсетіпті.
Алайда «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының 2018 жылғы зерттеулеріне қарағанда, жас азаматтардың 82,6 пайызы еріктілікпен айналыспайтыны анықталған. Әр бесінші жас азамат волонтерлік туралы ешқашан естімеген екен. Ал 2019 жылғы мамыр айында Қостанайда өткен Қазақстан-Ресей жастарының форумында «Ұлттық еріктілер желісі» ұйымының төрайымы Вера Ким 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауды ұсынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсынысты қолдайтынын айта келе: «Мен әрқашан волонтерлардың қозғалысын қолдаймын. Сондықтан Сіздердің келесі жылды «Волонтерлер жылы» деп жариялау туралы ұсыныстарыңызды толығымен құптаймын. Еріктілер – жаны таза адамдар. Олар – елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз», – деген еді. Көп ұзамай, 2020 жыл Қазақстанда «Волонтер жылы» деп жарияланды. Ал 26 тамызда Мемлекет басшысы волонтерлік туралы арнайы қаулыға қол қойды.
Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қарттар, жетімдер, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, апат құрбандары және өзге де көмекке мұқтаж қоғам мүшелеріне жәрдем беретін жастар ұйымдарының саны жыл сайын артып келеді. Қазір еліміз бойынша волонтерлік ұйым саны 287-ге жетіпті. Сондай-ақ, барлық аймақта еріктілерді қолдайтын 17 орталық құрылған. Ал әлем халқының 970 миллионы волонтер екен.
Елімізде еріктілердің қай бағыты басым?
Samruk Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының мәліметінше, елімізде еріктілер 15 түрлі бағытта жұмыс істейді. Бірінші, әлеуметтік еріктілік – мүмкіндігі шектеулі, қарт, жалғызбасты адамдарға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және мүгедек жандарға көмек көрсету. Бұл еріктіліктің ең ауқымды бағыты. Ал екінші, қоғамдық қауіпсіздік еріктілері мен ерікті-медиктер – өте аз таралған және бірегей бағыт. Онымен көбінесе ересек волонтерлер айналысады. Өйткені бұл қауіпті әрі жауапты сала. Үшінші, ивент-еріктілік – мұнда бірнеше бағытты қамтиды. Айталық, спорттық, мәдени және өзге де бағыттағы шараларға көмек береді. Сондай-ақ, экологиялық еріктілік – қазір үлкен өзектілікке ие. Еріктіліктің бұл бағыты флора мен фаунаны сақтау, қалалық тазалық пен экологиялық жағдайды түзетуге немесе ұлттық саябақтардағы табиғатты сақтауға атсалысады.
Мысалы, қоғамдық белсенді Тәуірбек Бозекенов Атырау қаласының экологиялық ахуалына байланысты қоғамда дабыл қағып, мәселе көтерді. Бұл Экология, геология және табиғи ресустар министрлігінің назарына ілігіп, қазір мәселе қолға алына бастады. Ал әлеуметтік еріктілік бағыты Қазақстан жастары арасындағы волонтерліктің өзекті саласының бірі. 2020 жылғы 24 маусымдағы Арыс қаласында болған қайғылы оқиғадан зардап шеккендерге Қазақстан еріктілері жан-жақты көмек көрсеткенін айрықша айтуға болады.
Ал кейбір еріктілер ұйымында мұндай бағыттың барлығы қамтылады екен. Мәселен, 2014 жылы құрылған «Еріктілер лигасы» қоғамдық қорының қазір 2 860 волонтерлік базасы бар. Әлеуметтік, денсаулық, білім, экологиялық бағыт және өз-өзін дамыту салалары бойынша 10 мыңнан аса ерікті жұмылдырылған. Қоғамдық ұйым төрайымы Айсұлу Ерниязованың айтуынша, қор Otbasym, Shabytym, Tabysym, Qazynam, Qulynym, Kúsh-qýatym және Ólkem атты 8 салаға бөлініп, нақты бекітілген іс-шаралармен жұмыс істейді.
Данияр ЖҰМАДІЛ, «Жебе» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
Ерікті болу – ерлікке пара-пар
– Жалпы, ерікті болуға халқымыздың болмысы жақын. Қазақтардың өз арасындағы бір-біріне жасаған жақсылығын айтпағанда, кезінде қазақ топырағына жан-жақтан келген әртүрлі ұлт өкілдерін ешкімнің нұсқауынсыз қалай қабылдап, бауырымызға басқанымыз тарихтан белгілі. Міне, қазақ халқы волонтерлікке сол кезде-ақ дайын болып шықты.
Қазір де кез келген апатқа ұшыраған, қиын жағдайда қалған елді мекендерге еліміздегі еріктілердің көмегі зор. Қоғамда адамдардың бір-біріне деген жанашырлығы айқын көрініс бере бастады.
ХХ ғасырдағы Алаш арыстарының, одан кейінгі «Жас азамат», «Жас тұлпар» секілді ұйымдардың еңбегі де еріктілердің жұмысы деуге болады. Олар да ақы-пұлсыз ұлт үшін қызмет қылды.
Сол секілді біз де ана тілді насихаттауды қолға алдық. Өйткені Павлодардағы мемлекеттік тілдің ахуалының қандай екені баршаға мәлім. Осы ретте, мемлекеттік тілге қатысты заңдардың орындалуы және басқа да көптеген мониторинг жүргіздік.
Қазір «Жебе» ұйымынан бір жебеу болса деп хабарласып жататын адамдар көп. Бізге қосылып, қатарымыздан табылғысы келетін ерікті азаматтардың да саны арта түсті. Қазірдің өзінде 100-ден астам белсенді мүшеміз бар. Басқа ұлт өкілдері және қыз-келіншектер де қосылып жатыр. Сонымен қатар ортамызда қоғам белсендісі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры Жарқынбек Амантай және Дмитрий Карипов қатарлы облыстық және аудандық депутаттар да бар.
Солтүстікте ерікті болу дегенді тек қайырымдылық көрсету деп түсінетіндер әлі бар. Еріктілер қоғамның басқа да ісіне атсалысатынын енді түсініп жатқандай. Біздің еріктілердің ішінде қоғамның әртүрлі саласынан жиналған азаматтар бар. Атап айтқанда, спортшылар, кәсіпкерлер, ақын-жазушылар, блогерлер т.б. Сондықтан еріктілеріміз әртүрлі бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр.
«Жебе» ұйымының құрамында қалталы кәсіпкер азаматтар көп. Солардың демеушілігімен пандемия кезінде алғашқылардың бірі болып Түркиядан жасанды тыныс алу аппаратын әкелдік. Екібастұз, Ақсу, Павлодар қалаларын қамтыдық. Одан бөлек, жағдайы төмен отбасыларға азық-түлікпен қайырымдылық көмек көрсетілді. Белгілі кәсіпкер Асылбек Туғанбай деген ағамыздың қолдауымен көптеген қоғамдық және қайырымдылық жұмыс атқарылды.
Ал қоғам санасын оятуға байланысты ұлттық киімдерді насихаттау жобасын айтсақ болады. Бұл да өз еркімізбен бастаған жұмыстың бірі еді. Наурыз айы бойы Павлодар өңірінде ұлттық киім кию туралы үндеу тастадық. Қазір облыс әкімінен бастап әлі ұлттық киімін киіп жүр. Ұлттық киім дегенде олпы-солпы құдалықтың шапаны емес, кәдімгі жаңа заманға сай минималды ою-өрнекпен көмкерілген желет, тақия, костюмдер. Алғашқы кезде Алматыдан бір желетті 14 мың теңгеге тапсырыспен едік. Кейін Павлодардағы тігін цехтары өздері тігіп, сата бастады. Сөйтіп, биыл Павлодарда ұлттық киімдердің базары қатты қызды. Бұл да біздің қаламыз үшін пайдалы жұмыстың бірі болды.
Сондай-ақ Тәуелсіздік мерекесін тойлау туралы флешмобтар өткізілді. Оған республика көлемінде қызығушылық артты. Тіпті, басқа ұлт өкілдері де көптеп қатысты. Мысалы, «Тәуелсіздік күнін тойламау керек, ол қаралы күн» дейтіндер бар. Меніңше, бұл дұрыс түсінік емес. Тәуелсіздік жолында бір күнде ғана қан төгілген жоқ. Оның жолында қаншама жыл, қаншама құрбандар кетті. Тек біздің ғана емес, әлемде қаншама елдің азаттығы оңайлықпен келген жоқ. Сондықтан азаттықтың ақ туы желбіреген күнде аза тұтып отыра бергеннен не өнеді? Керісінше, ол халықтың елшілдік рухы асқақтайтын мерекесі болуы керек деп шештік. Сонымен бірге, отандық тәтті кәмпиттерден дорба жасап, «Тәуелсіздік тәттілері» деген тәбәрік сыйлықтарды балаларға тегін үлестірдік. Бала санасына Тәуелсіздік күні деген қай-қай жағынан да тәтті деген символикалық мағынада сіңісті болуы керек қой.
Естеріңізде болса, өткен жылы мемлекет тарапынан еріктілерге 1 млн теңге бөлініп, 17 грант берілді. Яғни, осы арқылы еріктілер өз жұмысын жандандырып, ел дамуына үлесін қосуға сенім білдірді. Осы ретте, біздің де бұл жұмысымызға қазір әкімшілік тарапынан қызығушылық артып келеді. Осыған дейін өз ішіміздегі кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен жұмыс жүргізіп келсек, алда мемлекет тарапынан да қолдау болады деген сенімдеміз. Оған қатысты жоба, жоспарымыз да бар.
Қазір ерікті болу – ерлікке пара-пар. Еріктілер азаматтық қоғамның дамуында үлес қосатын күш. Еріктілік – жас азаматтың белсенділігін арттырып қана қоймай, адамдарға көмек көрсетуге, тәжірибе жинауға, өмірлік маңызды дағдыларды дамытуға, өзін жаңа қырынан көруге мүмкіндік беретін сала және азаматтың тұлғалық дамуына құйылған инвестиция деп түсінуге болады.
Бақытбек ҚАДЫР