Әлемдік аренадағы айтулы қадамдар

Әлемдік аренадағы айтулы қадамдар

Әлемдік аренадағы айтулы қадамдар
ашық дереккөзі
Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет атанған 30 жыл ішінде халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналып, қысқа мерзімде өзіндік даму моделін таңдаған, әлемдегі бейбітшілік пен бір­ліктің қолдаушысы екенін таныта білді. Халықаралық саясатта тың идеяларды ұсынып, беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық етіп, жаһан­дық және аймақтық мәселелерді шешудегі тың бастамаларымен көрінді. Жас тәуелсіз мемлекетіміздің еуразиялық кеңістіктің қақ ортасында – Ресей, Қы­тай секілді әлемдік державалармен көршілес орналасуы, сол сияқты халық­аралық қатынастарда Еуропа мен Азияның ортасына көпір болуы Қазақстанның әлемдік саясатта өз орны бар ел екенін танытты.  Демек, жаңа ғасырда әлемдік сая­сатты Қазақстанның беделінің биік болуы заңдылық деп білеміз. Әрине, геосаяси тұрғыдан ор­на­ла­суы­на қарай мемлекетке артықшы­лық беретін жағдайлар болады, бірақ елдің сыртқы саясатта, сондай-ақ халықаралық қа­тынастарда ұстанған жолы мен жасаған әре­кеттері оның мықты мемлекетке ай­налуы­ның көрінісі. Бұл тұрғыдан алғанда Қа­зақстанның халықаралық саясатта жа­саған маңызды қадамдары оны әлемдік сая­­­­сатта салмағы бар елге айналдырды. Жасыратыны жоқ, әлемдік қауым­дас­тық халықаралық заңдар не­гі­зінде әрекет етіп, мемлекетаралық ки­кіл­жің­дерде, аймақтар арасындағы теке­тірес­те әділдік принципін ұстанғанымен мем­ле­кеттердің көбі, оның ішінде ірі дер­жа­ва­лар күшке иек артатыны белгілі. Мұның АҚШ, Ресей, Қытай секілді ірі державалар мен атом қаруына ие елдердің мысалына қа­рап түсінуге де болады. Бұл орайда, елі­міз­дегі Семей ядролық полигоны сияқты әлем­ге сес көрсетер әскери нысанды жап­тыруы біздің еліміздің бейбітшілікті сүйе­тін гуманизм мұраттарына адал ел екенін та­нытты. Аса қуатты ядролық қарудан бас тарту тәуелсіз Қазақстан тарихында ірі та­рихи оқиға деуге болады. Қазақстанның Семей өңірінде орналасқан ядролық сынақ полигоны КСРО кезінде аса маңызды стра­тегиялық нысан ретінде саналған. Оны құру үшін 18 млн гектар жер бөлініп, сол жер­ге құрылған полигонда атом бомбалары сы­нақтан өтті. Тіпті, адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалған. Кейін жары­лыс­тарды жерастына жасаған. Семей маңын­да­ғы радиациялық әсер аймағында тұра­тын жарты миллиондай адам осы сынақ­тан азап шекті. 1989 жылғы ақпанда Се­мей­дегі атом полигонын жабуды мақсат тұт­қан «Невада–Семей» қозғалысы құры­лып, оны ақын Олжас Сүлейменов бас­қар­ды. Қазақстан Республикасының еге­мен­дігі туралы Декларацияда ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланған. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 1991 жылғы 28 та­мызында Семей полигонын жабу туралы Жар­лыққа қол қойды. 1991 жылғы 29 та­мыз­да Семей ядролық полигоны жабылып, 1992 жылғы мамырда оның базасында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды. 2009 жылғы 30 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясына Қазақстан 29 та­мыз­ды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынды. Қа­зақ­станның бастамасымен, БҰҰ Бас Ассам­блея­­сының қолдауымен бұл күн БҰҰ-ның күн­тізбесіне енгізілді. Ерікті түрде ядролық қарудан бас тартып және жаһандық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету саласындағы Елба­сының халықаралық бастамаларының ар­қасында Қазақстан әлемнің жетекші ядролық державаларынан халықаралық қауіпсіздік кепілдіктерін алды. Әлемдегі қуаты жағынан төртінші орында тұрған ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарт­қан Қазақстан ядролық терроризм акті­лері­мен күрес жөніндегі жаһандық баста­ма­ның белсенді қатысушысы ретінде та­ны­мал. Сондай-ақ, Қазақстанның ядролық ма­териалдарды физикалық қорғау жөнін­дегі халықаралық конференция ұйым­дас­тыруы да халықаралық маңызы бар іс. 2010 жылғы сәуірде Вашингтонда өткен Ядро­лық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық сам­мит барысында АҚШ президенті Б.Обама Елба­сымыз Н.Назарбаевты «халықаралық яд­ролық қаруды таратпау үдерісінің көш­басшысы» деп атады. Қазақстанның әлемдік ұйымдарға же­текшілік етуі халықаралық сая­сатта еліміздің беделін өсіргені анық. 2010 жы­лы Еуропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) – Еуропада, Орталық Азияда және Солтүстік Америкада орналасқан 56 елдің басын біріктіретін ірі аймақтық ұйымға төрағалық етті. 2009 жылы 1-2-желтоқсан күндері Афи­­нада өткен ЕҚЫҰ Сыртқы істер ми­нистр­лерінің 17-отырысында осы ұйым­ға төра­ғалық етіп келген Греция Қа­зақстанға ЕҚЫҰ төрағалығын ресми түрде тап­сырды. Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ-ға және бүкіл әлемге ағылшын тілінде алғанда төрт «Т» ұранымен айшықталған құндылықтарды ұсынды, олар мемлекеттік және ағылшын тілінде: Сенім (Trust), Дәс­түр (Tradіtіon), Ашықтық (Transparency), Төзімділік (Tolerance) деп аталды. Ұйымға жетекшілік еткен уақытта Қа­зақ­стан Ауғанстандағы жағдайға, сол кезде ше­шілуі ұзаққа созылған Таулы Қара­бақ мә­селесіне және әлемдік дәрежеде эко­ло­гия­лық апат тудырып отырған Арал теңізі қасіретіне дүниежүзінің назарын аударды. ЕҚЫҰ-ға төрағалығын абыроймен ат­қарған Қазақстан 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында елордасы Астана қала­сын­да ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізді. Қа­зақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өт­кен Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйы-мының бұл Жетінші сам­митіне ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер мен әріп­тес мемлекеттердің 68 ресми делега­ция­сы мен 20-дан астам халықаралық жә­не өңірлік ұйым делегациялары қа­тыс­ты. Астана саммитінің маңызына келсек, ЕҚЫҰ-ның саммиті бірнеше жыл үзілістен кейін алғаш рет қайта өткізілді. ЕҚЫҰ тұ­рақ­ты кеңесі Астана естелік декларациясын мақұлдады. Қазақстанның одан соңғы тағы бір ха­лықаралық саясатта жеткен же­тіс­тігінің бірі Ислам конференциясы ұйы­мына жетекшілік етуі болды. 1995 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйы­мының толық құқылы мүшесіне ай­нал­­ған Қазақстан, Астанада 2011 жылғы 28-30 маусымда Ислам ынтымақтастығы ұйы­мы Сыртқы істер министрлері кеңе­сінің (СІМК) 38-сессиясы өткеннен кейін ха­лықаралық ұйымға төрағалық етуге кі­рісті. Бұл тарихи басқосуда Ислам кон­фе­рен­циясы ұйымы атауын (ИКҰ) Ислам ын­тымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) деп өзгер­ту туралы шешім қабылданды және Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссия құрылды. Алғаш рет ИЫҰ-ның Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі іс-әре­кет жоспары қабылданды. (2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ислам ын­тымақтастық ұйымының ғылым және тех­нологиялар жөніндегі Бірінші саммитін аш­ты. Делегация басшылары Ислам ын­тымақтастық ұйымының ғылым мен тех­нологиялар жөніндегі 1-саммитінің «Ғы­лым, технология, инновация және ислам әле­мінің жаңғыруы» атты Астана дек­лара­циясын қабылдады). 1996 жылы құрылған халықаралық ұйым − Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қа­зақстан екі рет (2010-2011, 2016-2017 жыл­да) төрағалық етті. Құрамында Қа­зақ­стан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өз­бекстан елдері кіретін және Үндістан, Пәкі­стан, Иран, Моңғолия бақылаушы ре­тінде қатысатын бұл ұйым 2004 жылы ШЫҰ БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында бақы­лау­шы ұйымы мәртебесін алды. Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті –Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымының негізін қалаушылар­дың бірі деп атауға лайықты. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы ШЫҰ-ны құру мен дамыту ісіне елеу­лі үлес қосты. 2005 жылы 5 шілдеде Астанада ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кезекті саммитінде Астана мәлімдемесі жасалды. Антитеррорлық сипаттағы маңызды құ­жат­тар – (терроризм, сепаратизм және экстре­мизмге қарсы күресуде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ынтымақтастық тұ­жы­рымдамасы, ШЫҰ ӨТҚҚ жанындағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тұрақты өкіл­діктері туралы ережесі және ШЫҰ ӨТҚҚ кеңесінің баяндамасы бекітілді. 1992 жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлт­тар Ұйымына мүшелікке қабылданып, 2016 жылғы 28 маусымда БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты Бірік­кен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңе­сі төрағасының мүшесі болып сайлан­ған Қазақстан 2018 жылы 1-31 қаңтар ара­­лығында тарихта тұңғыш рет өкілет­тілі­гін орындады. Қазақстандық делегация Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұ­жырым­дамалық көзқарас» атты саяси үн­деуін, сондай-ақ прагматикалық прин­цип­терге негізделген өз ұлттық мүдделерін бас­шылыққа алып, БҰҰ-ның негізгі ор­га­нының жұмысына төрағалық етті. Қазақ­стан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ре­­тінде БҰҰ Хатшылығының көмегімен Қауіп­сіздік кеңесінің үздіксіз күнделікті жұмысын қамтамасыз етті және мандатқа сәй­кес жүктелген функцияларды орын­дады. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне сай­ланған Орталық Азиядағы бірінші мем­лекет ретінде төрағалығы барысында аймақтағы барлық мемлекеттің мүддесі үшін белсенді жұмысын жалғастырды. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің ҚР Сыртқы істер ми­нистрі Қайрат Әбдірахмановтың төра­ға­лығымен 19 қаңтарда өткен «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділігінің үлгісі ре­­тінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы ай­­мақтық серіктестікті құру» тақырыбында өткен министрлер деңгейіндегі тақы­рып­тық пікірталастары негізгі іс-шаралардың бі­ріне айналды. Жалпы, Қазақстанның тө­ра­­ғалығы барысында консультациялар, бри­фингтер және пікірталастар форма­тын­­да 30-ға жуық отырыс өткізілді және олар­­дың қорытындысы бойынша кеңес төра­ғасының бұқаралық ақпарат құрал­дары үшін қарарлар мен мәлімдемелер қа­­был­данды. Халықаралық деңгейдегі спорттық ша­ралар өткізу де кез келген мем­ле­кет үшін әлемдік деңгейдегі жетістік са­­­налатыны белгілі. Бұл орайда Қазақ­стан­да өткен екі ірі спорт жарысы ерекшелеп ай­ту­ға тұрарлық. Оның бірі – 2011 жылғы 30 қаңтар-7 ақпан аралығында Алматы мен Астана қалаларында өткен VII Қысқы Азия ойындары (Азиада) болса, екіншісі – Ал­маты қаласында 2017 жылы 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өткен ХХVIII Қыс­­қы Универсиада. VII Қысқы Азия ойындарына (немесе Азиада 2011) жиырмаға жуық ел қатысты. Жа­­рыстар спорттың 11 түрінен өткізілді жә­­не 59-дан астам медаль жиынтығы ой­на­­тылды. Азиадаға 60 мыңнан астам ту­рист келді. Елордада мәнерлеп сырғанаудан да, хок­кейден, конькиде жылдам жү­гіру және шорт-тректен жарыстар өтті. Қал­­ған ойындардың барлығы Алматы қа­­ласында өткізілді. Ойындар елдің атын шы­ғарып қана қоймай, қысқы спорт түр­лерінің дамуын жаңа дәрежеге көтерді. Бір кезде әлемге әйгілі «Медеу» мұз айдынында бір сырғанап өту бүкіл әлемнің коньки тебу­­шілері үшін арманға айналса, Азиада ар­қылы талай спортшының сол арманы орындалды. Азияның көптеген елі Азия ойын­дарын олимпиада ойындарымен қатар қояды. Сондықтан VII Қысқы Азия ойын­дарын дайындау және өткізу Қа­зақ­станның түрлі саладағы көшбасшылық ор­нын тағы бір көрсетіп, қандай болса да әлем­дік ірі спорт жарыстарын жоғары дең­­­гейден өткізе алатын ел екенін та­ныт­ты. Алматыда өткен XXVIII Қысқы Уни­вер­сиада жарыстары спорттың 12 түрі бойын­ша өтті. Олардың арасында тау шаң­ғысы, биатлон, шаңғы жарысы, шаңғы қос­сайы­сы, шаңғымен трамплиннен секіру, сноу­борд, фристайл, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, шайбалы хоккей (ерлер және әйелдер арасында) және керлинг ойындары бар. Универсиада бірнеше спорттық ке­шен­де өтті. Алматы-Арена мұз са­райы 2017 Қысқы Универсиаданың ең үл­кен спорттық нысаны болды. Нысан мұз ша­быны волейбол, баскетбол, мини-фут­бол тағы да басқа ойындар алаңына өзгер­туге келетін болып жобаланған. Ауқымды концерттер өткізу үшін сахналық дыбыс пен жарық бойынша заманауи шешімдер ескерілген. Жабдықталған залдары, келіс­сөздер жүргізетін бөлмелері бар нысан конференциялар, форумдар және әртүрлі деңгейдегі көрмелер өткізуге өте ыңғайлы болып жобаланған. Мұз айдыны кәсіпқой спортшы­лар үшін тұрақты жаттығу ныса­ны­на айналды. Универсиаданың ашылу жә­не жабылу салтанаты, бас аренада мә­нерлеп сырғанау, кіші аренада керлинг бойын­ша жарыстар өтті. «Халық Арена» көпсалалы, 3000 орын­дық әмбебап мұз аренасы және 300 орын­дық трибунасы бар кіші аренадан тұрады. Ны­санның мұз шабыны волейбол, баскет­бол, мини-футбол тағы да басқа ойындар алаңына өзгертуге келетін болып жоба­лан­ған. Ойын кезінде бұл нысан ерлер ара­сын­дағы шайбалы хоккейден жарыстарды қа­былдады. Сол сияқты әлемге танымал «Ме­деу» мұз айдынында конькимен жү­гіру­ден сайыстар өтсе, Балуан Шолақ атын­дағы спорт сарайы әйелдер арасында шай­­­­балы хоккей, шорт-тректен жарыстар өтті. «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында тау­шаңғы, сноуборд, фристайлдан, «Сұң­қар» халықаралық трамплиндер кешенінде трамп­лин, тұғырдан секіру, «Алатау» шаң­ғы және биатлон кешенінде биатлон, шаң­ғы сайысы және шаңғы қоссайысы, «Та­ба­ған» ойын-сауық кешенінде Биг Эйр жә­не шаңғы акробатикасынан сайыстар өтті. VII Қысқы Азия ойындарында Қазақ­стан 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медалмен бі­рін­ші орынды иелесе, XXVIII Қысқы Уни­версиада жарысында 11 алтын, 8 күміс, 15 қола медалмен екінші орын алып, әлем­де өзінің қысқы спорттық ойындар бойын­ша күшті елдердің бірі екенін дәлелдеді. Сыртқы саясатта копвекторлық сая­сат ұстанатын Қазақстан түрлі діни на­ным-сенімдегі елдердің бейбіт қатар өмір сүруіне болатынын, олардың арасын­да­ғы түрлі келіспеушіліктерді өзара келі­сім­мен шешуге болатынын көрсетіп, елі­міз­де бес рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының съездерін (2003, 2006, 2009, 2012, 2015) өткізді. Дәстүрлі дін ли­дер­лері арасындағы келіссөз өзара ын­ты­мақтастық үшін кең болашаққа жол ашып біздің заманымыздың зомбылық, фана­тизм, экстремизм және терроризм сияқты теріс көріністерді болдырмауға септігін тигізуге бағытталған бұл халықаралық дәре­жедегі үлкен басқосуларда діни негізде даулар себебін анықтаумен, дінаралық үй­ле­сімді жетілдіру қажеттігімен, бір-бірі­мізге деген өзара құрметпен, өзге халықтар дәс­түрі негізінде үйренумен байланысты проб­лемалар көтерілді. Оған қатысушылар барлық дін және этникалық топ өкілдерін мәдени және діни айырмашылықтар негі­зінде қақтығыстар тудырмауға шақыратын бірлескен декларацияны қабылдады. Съез­ге қатысқан делегациялардың құрамында БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО және басқа да халық­ара­лық ұйым өкілдері болды. Діни көш­бас­шылар бүкіл адамзатты осы жер шары­ның болашағы үшін өзара іс-қимыл, бей­біт­шілік пен келісім, әділеттілік пен жа­сам­паздыққа шақырды. Сондай-ақ, қа­тысу­шылар тарапынан бірлескен декларация қабылданып, түрлі елдердің барлық саяси және діни қайраткерлеріне XXI ғасырдың сын-тегеуріндері мен қауіптеріне қарсы бір­лесе қарсы тұру қажеттігі туралы үндеу жа­салды. Қысқаша айтқанда Қазақстанның бұл халықаралық шарасы жер бетіндегі бар­ша адамзат баласын бірлікке, туыс­тық­қа шақырған гуманистік қадам болды. EXPO-2017 – (Қазақстанның елор­да­сы Астана қаласында Халықаралық көр­мелер бюросы (ХКБ) ұйымдастырған Ха­лықаралық көрме) секілді үлкен жиын­дар да елімізді әлемге танытқан оқиға бол­ды. Көрме 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында өтті. Ұйым­дастырушылары таңдаған тақырып – Future Energy (Болашақ қуат). ЕХРО-2017 көр­­месіне 115 мемлекет және 22 халықара­лық ұйым қатысты. Көрмені тамашалауға 3 миллион адам келді. 2011 жылғы 10 мау­сым­да Париждегі Халықаралық көрмелер бю­росының (ХКБ) Бас хатшысы Винсенте Гон­салес Лоссерталеске Қазақстан Респуб­ли­касының ресми өтінімі тапсырылды. Сол сәттен бастап біздің республикамыз Аста­нада ЕХРО-2017 көрмесін өткізу жө­нін­дегі сайлау науқанына ресми тұрғыда кірісті. 2012 жылғы 14 наурызда Мемлекет бас­шысы Қазақстанның елордасын­да ХКБ-нің сарапшылар комиссиясымен кездесу өткізіп, оның аясында ЕХРО-2017 көр­месін өткізу біздің еліміз үшін ұлттық жоба болып табылатынын ерекше атап өт­ті. 2012 жылғы 12 маусымда Париждегі Ха­­­лықаралық көрмелер бюросының Бас ас­самблеясының 151-отырысында Астана­ның ресми таныстырылымы болып өтті. Жиынның басында делегаттарға Қазақстан Президентінің арнайы бейнеүндеуі жол­данды. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Астана жеңіп шыққан жағдайда, жобаның табысты жүзеге асырылуы үшін барынша күш-жігерін жұмсайтынына кепілдік берді. Астана ұсынған көрменің тақырыбы «Бо­ла­шақтың энергиясы» деп аталады, ол бала­малы энергия көздеріне және «жасыл» технологияға арналған. 2012 жылғы 22 қарашада ХКБ-ге мү­ше 161 ел өкілінің жасырын дауыс беру барысында Астана EXPO-2017 халық­аралық мамандандырылған көрмесі өтетін орын болып таңдалды. Астананың өтінімін 103 ел қолдады. ЕХРО-2017 ТМД елдерінде өткен алғашқы көрме болды. Халықаралық саясатта белгілі дәре­жеде салмағы бар Қазақстан түрлі саяси, әскери текетірестер кезінде ара­ғайын­дық рөл атқарған кезі аз емес. Соның ең көрнектісі Сириядағы қақтығыс қар­сы­лас тараптарды келісім үстеліне отыр­ғы­зып, шиеленіскен мәселелерді шешуге де­ген талпынысы болды. Осыдан он жылдай бұрын Сирияда соғыс басталып, алдымен ресми үкімет пен оппозиция ұстасса, кейін елде үлкен террористік топтар пайда болып, мемлекеттің аймағын бөліп жаулап ала бастады. Осыдан АҚШ, Ресей, Түркия секілді мемлекеттердің бірі елдің ресми басшысы Башар Асадты қолдаса, енді бірі оппозицияны қолдап, соғыс одан әрі ушыға түсті. Міне осындай кезде өзінің мә­мілегерлік миссиясын атқарған Қазақ­стан 2015 жылы сәуірде елордада Сирия оппозициясы өкілдерінің қатысуымен келіссөздердің алғашқы раундын өткізген еді. Астана процесі бұл Сирияның ресми үкі­меті мен қарулы оппозиция өкілдерінің ал­ғаш рет бір-бірімен бетпе-бет келіссөз алаңында кездесуімен ерекшеленді. Қарсы тараптар бір үстел басында отырып қана қой­май, соғысты тоқтатуды нығайту жол­дарын тыңғылықты талқылауға дайын еке­нін осы кездесуге қатысу арқылы қуат­тады. Солайша, Сириядағы соғысты тоқ­татуға қатысты алғашқы қадам қазақ елі­нің астанасында жасалды. Әлемнің ал­пауыт мемлекеттері осындай үлкен келісім алаңы ретінде Қазақстанның бас қаласын таңдауы еліміздің әлемде осындай аса маңызы кездесуді барлық жағынан қамта­масыз ете алатынына сенуі еді. Бұл – еліміз үшін аса абыройлы шешім және Қазақ­стан­ның халықаралық беделін танытатын факт. Өз тәуелсіздігінің 30 жылдығында Қа­зақстанның халықаралық маңыз­ға ие шараларды ойдағыдай өткізіп, әлем мемлекеттерінің алдында беделге ие болуы жас мемлекеттің болашағы жарқын еке­ніне сендірсе керек.