Түркі кеңесі туыс елдерді жақындата түседі

Түркі кеңесі туыс елдерді жақындата түседі

Түркі кеңесі туыс елдерді жақындата түседі
ашық дереккөзі
ХХ ғасырдың соңында КСРО күйреп, әлем кар­та­сына өзгерістер енуі әлемдік саясатты қай­та қа­рауға, көптеген елге мем­ле­ке­тара­лық қатынастарды жаңа­ша құру­ға итермелегені белгілі. Сол орай­да халық­аралық қаты­нас­тарда бі­раз маңызды қадамдар жасауға түрт­кі болған нәр­сенің бірі түбі бір түр­кітектестер – қазақ, өз­бек, қыр­ғыз, түр­кімен, әзербайжанның тәуел­сіздік алып, жаңа ғасырда тәуел­сіз түркі мемлекеттерінің қа­тары кө­бей­гені еді. Әрине, мұндай жағдайда ол мемлекеттер бір-бірімен жақын араласпай тұра алмайды. Сондықтан олардың өзара бірігуі, жақын қарым-қа­тынас жасап, идеологиялық, мәдени жақтан кіріге түсуі заңды нәр­се. Сол себепті түркі мемлекеттерінің басын біріктіретін ұйым­ның бірі – Түркі кеңесі 2009 жылғы 3 қазанда Нахчыван қа­­­ласында құры­лып, түркітілдес мемле­кет­терді біріктіретін халық­аралық ұйым ретінде жұмыс жүргізіп келеді. Түркі кеңесіне Түркия, Қа­зақ­стан, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан мем­ле­кеттері мүше. Оған бақы­лау­шы мемлекет Мажарстан бол­са, Түр­кі­менстан әлеуетті мүше мемлекет. Түркі кеңе­сіне қарасты Стам­бұл­дағы хатшы­лық, президенттер кеңесі, сыртқы істер ми­нистр­лерінің кеңесі, аға лауазымды тұлғалар комитеті, түркітілдес мем­­ле­кет­тердің ақсақалдар кеңесі, Бакуде Пар­ламенттік Ассамблея (ТүркПА), Нұр-Сұл­тан­дағы Түркі академиясы, Түркі мәде­ние­ті мен мұрасы қоры және Түркі іс­кер­лік кеңесі, Анкарадағы Халық­ара­лық Түркі мә­дениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) се­кіл­ді мекемелер бар. Пре­зиденттер жы­­лына екі рет кездеседі. Түркі кеңесі – Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Хартиясының мақсаттары мен қа­ғи­даттарына және халықаралық құқықтың басқа да танылған қағидаттары мен нормаларына, соның ішінде егемендік теңдікке, аумақтық тұтастыққа жә­не мемлекеттердің халықаралық танылған ше­кара­ларының қол сұғылмауына, сондай-ақ ха­лық­аралық бейбітшілікке, қауіпсіздікке және тату көр­шілікке, мүше мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынастарды дамыту мен ынтымақ­тас­тыққа бағынатын үкіметаралық ұйым. Түркі кеңесі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, кең ауқымды ынтымақтастықты да­мытуға және оның мүше мемлекеттерінің ортақ даму әлеуетін ашуға арналған ұйым. Ол елдердің нақ­ты тобын біріктірсе де, ұйым айрықша көз­қарас­қа ие емес. Керісінше, түркітілдес елдер ара­сын­дағы терең қарым-қатынас пен ынтымақ­тас­тықты дамыту арқылы Еуразия құрлығында, әсі­ресе Орталық Азия мен Кавказда халықаралық ын­­тымақтастықты дамытудың жаңа аймақтық құралы ретінде қызмет етуге ұмтылады. Ортақ тарих, ортақ тіл, ортақ сәйкестік және ортақ мәдениет сияқты төрт негізгі тірекке са­лынған Түркі кеңесі бұл ортақ шекаралармен шек­телмейді. Оның орнына, ол экономика, ғылым, бі­лім, көлік, кеден, туризм және басқа да түрлі са­лалардағы мемлекеттер арасындағы екі жақты ын­тымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Сон­дық­тан Түркі кеңесі өзінің мүше мемлекеттерінің шең­берінде шектеліп қалмайды және өз айма­ғын­да­ғы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін, әсіресе көлік, кеден, туризм және т.б. са­ла­ларда, көрші мемлекеттерімен тығыз қарым-қа­тынаста болады. Түркі кеңесі құрылғалы бері оның жеті рет сам­миті болып өтті. Түркітілес мемлекеттер ын­тымақтастығы кеңесінің алғашқы саммиті 1992 жыл­дың 30 қазанында Түркияның сол кездегі пре­зи­денті Тұрғыт Озалдың бастамасымен Анкарада өтіп, оған Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Өзбек­стан, Түркіменстан, Қырғызстан басшылары Тұр­ғыт Озал, Нұрсұлтан Назарбаев, Абульфаз Елшібей, Ислам Кәрімов,  Сапармұрат Ниязов және Асқар Ақаев қатысты. Алғашқы саммитте қатысушылар сая­си ықпалдастық пен экономикалық бірліктің ор­нағанын жариялады. 1993 жылы 12 шілдеде Қа­зақстанның сол кездегі астанасы Алматыда Түркі мә­дениетінің халықаралық ұйымын құру туралы ке­лісімге қол қойылды. Екінші «Түркітілдес мем­ле­кеттердің саммиті» 1994 жылы 18 қазанда өтті, оның барысында қатысушылар бір жыл бұрын қайтыс болған президент Тұрғұт Озалдың құр­метіне бір минут үнсіздік жариялады. Сонымен қа­тар, 1992 жылы Алматыда Түркі өнері мен тіл­дерінің біріккен басқармасы, 1998 жылы Бакуде Түр­кі кеңесінің қарамағында Түркітілдес елдердің Пар­ламенттік Ассамблеясы құрылды. Сондай-ақ, Түр­кіменстан мен Венгрияның Түркі кеңесіне қо­сылу мүмкіндігі туралы айтылды. Түркі кеңесінің ал­ғашқы аймақтық диаспорасының өкілдігі 2014 жыл­дың 24 желтоқсанында Киевте Украина әзер­байжандарының Біріккен диаспорасының кең­сесінде ашылды. Негізгі үйлестіруші болып Хикмет Джа­вадов сайланды. 2014 жылы өткен Бодрумдағы кеңестегі саммитке Әзербайжан, Түркия, Қазақстан, Қыр­ғызстан, сондай-ақ Түркіменстан өкілдері қа­тыс­ты. Содан кейін Түркіменстанның кеңес құра­мы­на енетіні жарияланды. 2015 жылы Түркітілдес мемлекеттер ын­тымақ­тас­тық кеңесінің V саммиті Қазақстанның елорда­сы Астанада өтті. Саммиттің кешегі алғашқы кү­нін­де мүше елдер Түркия, Әзербайжан, Қазақстан жә­не Қырғызстанның Сыртқы істер министрлері бас қосты. Күн тәртібінде ақпарат ынтымақтастығы ту­ралы мәселе көтерілді. 2018 жылы 30 сәуірде Өзбекстанның Түркі кеңе­­с­іне қосылатыны жарияланды және ұйымның Біш­кекте өтетін саммитіне қатысты. 2018 жылғы 3 қыркүйек күні Түркі кеңесіне мүше мемлекет басшылары Қырғызстанда бас қос­ты. Сол тұста Түркі елдері одағы туралы бірлі жа­рым ақпарат  жарық көргенімен елең еткізерліктей маңызды сөздер айтыла қоймады, есесіне орыстілді ақпарат көздері «Орта Азияға Түркі кеңесі неге қа­жет?» деген мәселе төңірегінде астарынан теріс пи­ғыл байқалатын  материалдар жариялады. Сон­дай-ақ сол тұста Ресейдің «Пантүркизммен күреске 8 миллион рубль ақша бөлгені» туралы айтылды. Демек, Түркі кеңесінің өзге де түркі халықтарын қатарына қосуы орыс билігіне ұнамайды деген сөз. Саммиттің тақырыбы «Жастар саясаты және ұлт­тық спорт түрлері саласындағы ынтымақтастық» бол­ды. 2020 жылы сәуірде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің бастамасымен коронавирус пан­де­­миясына қарсы күреске арналған бейне­кон­ферен­ция форматында Түркі кеңесінің кезектен тыс саммиті өтті. Онда Түркі кеңесін құрудың ал­ғаш­қы кезеңдері туралы сөз болды. Биыл Қазақстанда Түркістан қаласында өт­пек болған Түркі кеңесінің бейресми сам­митін бейнеконференция режимінде өткізу туралы ше­шім қабылданды. Бұл туралы Сыртқы істер ми­нистрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Эпи­де­миялық жағдайға байланысты қазақстандық тарап үстіміздегі жылдың 31 наурызына Түркістан қа­ласында жоспарланған Түркі кеңесінің бейресми сам­митін бейнеконференция режимінде өткізу ту­ралы шешім қабылдады. Бұл шешім туралы ТМЫК Хатшылығына ресми түрде хабарланды. Сам­митке Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңе­сіне мүше барлық мемлекет басшылары мен осы ұйым бақылаушысы Венгрия премьер-ми­нистрі қатысатын болады. Саммит қорытындысы бойынша Түркістанды Түркі әлемінің рухани аста­насы деп жариялайтын Декларацияға қол қойы­ла­ды деп күтілуде. Түркі кеңесі құрылғаннан бергі жердегі тари­хына көз жүгіртсек, түрлі мекемелер құру мен оны реформалау ісімен көбірек шұғыл­дан­ғандай әсер береді. Дегенмен қарым-қаты­нас­тар­дың рухани-мәдени жағына көп мән беріліп жат­қаны байқалады. Әрине, түркі болашақта экономикалық жақ­тан күшті байланыстар орнатып, түрлі са­лада бірігіп жұмыс істей бастағанда байланыстар ны­ғая түссе, бұл ұйымның да беделі арта түспек. Сон­дықтан алдағы кезде Түрік кеңесі жаңа биікке кө­теріліп, туыстас мемлекеттерді бұрынғыдан да бе­тер жақындастыра түссе, көптеген жетістікке же­тер деген үміт бар.