Жаңалықтар

Алматы облысындағы ұшақ апатынан аман қалған екі ұшқыш есін жиды

ашық дереккөзі

Алматы облысындағы ұшақ апатынан аман қалған екі ұшқыш есін жиды

Алматы облысында әуе апатынан аман қалған әскери қызметкерлер есін жиды. Ауыр жарақат алып денесін күйік шалған ұшқыштар жедел ауруханаға жеткізілген болатын деп хабарлайды "КТК" арнасы. Ақ халаттылар екі апта бойы жансақтау бөлімінде жатқан қос ұшқыштың беті бері қарағанын айтуда. "Жағдайлары тұрақты ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр. Екі науқас та есін жиды", - дейді Алматы № 4 клиникалық ауруханасының бас дәрігері Сағи Бейсенбеков. Әуе апаты Қызылту ауылының маңында 13 наурыз күні болған. Нұр-Сұлтан қаласынан көкке көтерілген Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Ан-26 әскери ұшағы отқа оранып, Алматы әуежайының ұшып-қону жолағына жете алмай құлаған. Әуе кемесінің бортында болған 6 адамның төртеуі оқиға орнында қайтыс болды. Ал есін жиғандардың бірі – экипаж командирі Артем Аширов бұған дейін ауыр халде жатқан еді. Бүгінде дәрігерлер екі әскери қызметкердің өмірін сақтап қалу үшін барын салып жатыр. Ал апаттың себебін арнайы комиссия тергеу аяқталған соң жариялайтын болады.