Қайрат Нұртас Алматыда жасырын өткізілген тойда болған (видео)
Алматыда мереке күндері жұмысын тоқтатпаған тағы бір мейрамхана анықталды.
Мониторинг тобы мен қалалық штабтың мамандары бірлесіп, көңіл көтеретін орынның ішіне 3 сағат дегенде әзер кірді. Күшейтілген карантин талаптарын сақтамаған қонақтардың арасында елге танымал әнші де болды, – деп жазды республикалық арнайы мониторинг тобы төрағасының орынбасары Рафаэль Гасанов
Facebook-тегі парақшасында.
Ол түнгі уақытта жасырын түрде той өткізіп жатқан мейрамхананың видеосын да жариялады.
«Біз екі сағаттан астам уақыт бойы «Laureate» мейрамханасында қонақтардың бар-жоғын білуге тырыстық, бекер күтпеген екенбіз. Мейрамханада жүзден астам адам бар екені анықталды. Әрине, төбелес те болды. Жалпы, барлығы видеоға түсірілді», – деп жазды Рафаэль Гасанов.
Оқиға Медеу ауданында болған. Мониторинг тобының мүшелері мен БАҚ өкілдері ғимарат ішіне кірген кезде, қонақтар бұрыш-бұрышқа тығылып, беттерін көрсетпеуге тырысты. Олардың арасында танымал әнші Қайрат Нұртас та бар.