25 наурыз: ел тарихындағы елеулі оқиғалар
25 наурыз: ел тарихындағы елеулі оқиғалар
25 наурыз Тәуелсіз Қазақстан тарихында қандай оқиғалармен есте қалды?
1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Филиппины Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылғаны туралы нота алмасу рәсімі өтті. Филиппины Қазақстан тәуелсіздігін 1992 жылғы 22 қаңтарда мойындады.
1993 жылы Қазақстан Республикасы Еуропа қайта құру және даму банкінің мүшелігіне қабылданды.
2006 жылы Семейде «Құнанбайдың қуғын-сүргінге ұшыраған ұрпағы» кітабы жарық көрді. Кітаптың авторы - республикалық «Абай» қорының президенті Балтабек Ерсәлімов. Кітап сталиндік қуғын-сүргін жылдарындағы оқиғалар туралы баян етеді. Б.Ерсәлімов «Абай» республикалық қорын - өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарында құрылғалы бері басқарып келеді. Кітап материалдарын ол 10 жыл бойы жинап, дайындаған. Бұл кітапта өткен ғасырдың 20-30-ыншы жылдарындағы ұжымдастыруға, ашаршылыққа және қуғын-сүргінге байланысты оқиғалар туралы деректі материалдар келтіріледі. Бұл басылым әдебиет үшін ғана емес, қазақ халқының тарихы үшін де үлкен маңызға ие, дейді кітаптың таныстырылымына қатысқан студенттер, зиялы қауым өкілдері және қала әкімшілігінің өкілдері.
2010 жылы Қазақстанның Ұлттық банкі «Барыс» монетасын айналымға шығарды.
2012 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Кореяға жұмыс сапарымен барып, Ядролық қауіпсіздік жөніндегі екінші жаһандық саммитке қатысты.
2014 жылы Қазақстан мен АҚШ басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Барак Обама ядролық қаруды таратпау және ядролық қауіпсіздікті нығайту саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдеме жасады.
2015 жылы Алматыда ЮНЕСКО-ның 70 жылдығына және алғашқы қазақстандық ЮНЕСКО клубының 10 жылдығына орайластырылған «ЮНЕСКО жолымен: Бейбітшілік. Өнер. Жастар» халықаралық коллоквиумы өтті.
2017 жылы қазақстандық делегация Малайзиядағы Лангкави аралындағы әуе-ғарыштық және әскери-теңіз техникасының (LIMA-2017) халықаралық көрмесіне қатысты. Көрме тақырыбы – азаматтық және әскери авиация, гуманитарлық көмекке қатысу, дүлей зілзалалардың салдарын жою, авиациялық техниканы жөндеу және жаңғырту жөніндегі бағдарламалар, дәлдігі жоғары қаруды басқару жүйелері, авиациялық және теңіз қару- жарағы, су асты жұмыстарына арналған техника мен жарақтандыру, ұшқышсыз ұшу аппараттары, техникалық барлау құралдары, қол жеткізуді бақылау құралдары, тренажерлер және оқу бағдарламалары. 2018 жылы Қазақстан хоккей тарихында алғаш рет жастар командасы Ульянов (Ресей) қаласында өткен әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді.
2020 жылы Халықты көлік бағыттары мен дәліздерінің қолжетімділігі туралы барынша ақпараттандыру мақсатында ҚР Индустрия және инфрқұрылымдық даму министрлігі «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп, көлік желілерінің қолжетімділігі (жабық және ашық бағыттар) туралы интерактивті карта жасады. Осы карта арқылы тұрғындар нақты уақыт режімінде қандай да бір жол бағыттарының қолжетімділігін (әуе көлігі, теміржол көлігі, автокөлік) қарап отыра алады.