24 наурыз: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар

24 наурыз: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар

24 наурыз: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар
ашық дереккөзі
24 наурыз – еліміздің тарихынан ойып тұрып орын алатын бірқатар айтулы оқиғалармен есте қалды. Мәселен, осыдан 45 жыл бұрын дәл осы күні Семей қаласынан 70 шақырымда орналасқан Шүлбі су электр стансасының құрылысы басталды. 1976 жылы 24 наурызда негізі қаланып бастаған бұл СЭС – Ертіс бойындағы үшінші әрі белгіленген қуаттылығы жағынан Қазақстандағы ең ірі станса. 1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Куба Республикасының арасында дипломатиялық қатынастарды орнату туралы ноталар алмасылды. 2000 жылы Қызылорда облысының Жаңа Қазалы қаласына Әйтеке би есімі берілді. 2006 жылы Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасына Кавказ халықтарының Х ғасырдан бергі тарихы туралы 170 кітап тарту етілді. Кітаптарды ресейлік профессор, Халықаралық гуманитарлық миссия делегаты Магомед Мальсагов өзінің жеке кітапханасынан алып сыйға тартты. Бұдан тыс, М.Мальсагов Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасына ХІІІ-ХХ ғасырлардағы 12 әскери-тарихи картаны да қоса сыйлады. Оларды реставрациялау үш жылға жалғасты. 2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Финляндияның Ақ Раушаны» және «Финляндия Арыстаны» ордендерімен марапатталды. Бұл жоғары марапат Қазақстан басшысына екі ел арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға және халықаралық қауіпсіздікті сақтауға қосқан зор үлесі үшін табыс етілді. 2014 жылы Гаагаға сапары аясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Мемлекет басшысының фотосуреті салынған голландиялық пошта маркасы, Роттердам қаласындағы «Астана» жаңа алаңы, сондай-ақ «Президент Назарбаев» қызғалдағының жаңа сорты таныстырылды. Марка Нидерланды мен Қазақстан арасындағы берік экономикалық және дипломатиялық қатынастардың символы ретінде шығарылды. Авторы – Ханс Барневельд. Марканың көлемі – 40/30 миллиметр, таралымы – 1000 дана. 2014 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағына қазақстандық «Қазсат-3» спутнигі жеткізілді. Телекоммуникациялық «Қазсат-3» ғарыштық аппараты Қазақстан мен шекаралас мемлекеттер аумағында байланыс, телехабар тарату және жоғары жылдамдықтағы Интернет қызметтерін ұсынуға арналған. Спутник «Республикалық ғарыш байланысы орталығы» АҚ-мен (Қазақстан Республикасы) келісуім-шарт бойынша жасалып, әзірленген. Спутник 28 Ku-диапазоны транспондерлерімен жабдықталған. Спутниктің белсенді өмір сүру кезеңі 15 жылды құрайды. 2017 жылы Екібастұздың 64 жастағы тұрғыны Анатолий Пырлик экспедиция құрамында мұз үстімен Байкал көлінің (1 642 метр) терең нүктесіне дейін жетті және Павлодар География үйінің жалауын көтерді. 2020 жылы Қазақстан мәдениетін дамытуға қосқан ерекше құнды үлес деп танылған, әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармалары үшін Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдіктерге берілетін Абай атындағы Әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы тағайындалды. 2020 жылы қазақстандық жас әнші Данэлия Төлешова Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО клубтарының музыкалық челленджінде бірінші болып өнер көрсетті. Челленджге қатысушыларға Қазақстан ЮНЕСКО Клубтарының әнұранының бір бөлігін кез келген ыңғайлы тілде (қазақ, орыс және ағылшын) әндетіп, өздерінің Instagram парақшаларына #ЕдинствоКлубовЮНЕСКО деген белгімен жариялау қажет болды. Әннің сөздері ЮНЕСКО-ның мақсаттары мен мұраттарын қамтиды және адамдарды бүкіл әлемде бейбітшілікті жақсартуға және сақтауға шақырады.