Жамбылдық шопан 600 бас қоймен боранда адасып кеткен

Жамбылдық шопан 600 бас қоймен боранда адасып кеткен

Жамбылдық шопан 600 бас қоймен боранда адасып кеткен
ашық дереккөзі
Жамбыл облысындағы орман шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері Мойынқұм ауданындағы «Нұрсұлтан» шаруа қожалығының жоғалып кеткен шопанын тапты. Шаруа қожалығының иесі өзінің малшысы 600 бас қоймен бірге жоғалып кеткенін айтып, «Ұланбел» орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне хабарласып, іздеу жұмысына қолдау көрсетуді сұрайды. Ол 12 наурыз күні мал жайып шығып, қайта оралмаған шопанды қанша іздегенімен, нәтиже болмайды: арада екі күн уақыт өткенін, іздеп таба алмағанын айтады. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, жедел түрде аталған мекемеден 1 трактор мен 1 УАЗ автокөлігі және 10 адам көмек қолын созып, іздестіруге жұмылған. «Нұрсұлтан» шаруа қожалығы «Ұланбел» орман шаруашылығы мекемесіне қарасты мемлекеттік орман қорында орналасқан. Сол себепті мекеме қызметкерлерінің аумақты жақсы білгендігінің арқасында араға көп уақыт салмай Ұланбел ауылына 4 шақырымдай жерден шопанды тапқан. Жоғалған азаматтың сөзінше, жайылымға шыққаннан кейін соққан боранның салдарынан желдің ығымен жүріп, жолдан адасып қалған. Үш күн далада түнеп қалған азамат жаңа төлдеген қой қозыларын да аман алып қалған. Осылайша, жоғалған азамат пен отар қой шаруа иесіне дін аман оралды.