Үлгі болар ізгі іс

Үлгі болар ізгі іс

Үлгі болар ізгі іс
ашық дереккөзі
Мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамның айрықша қамқорлығына, қолдауына мұқтаж. Олардың өз қатарластары секілді толыққанды тіршілік құруы үшін әлеуметтік тұрғыда мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Үкіметтің осы бағыттағы бастамаларын басшылыққа алатын «Нұр Отан» да мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін басты назарда ұстап, мүгедек сәбилер мен жасөспірімдердің күнделікті өмірде өздерін жақсы сезінуі үшін қоғамдық ұйымдармен бірлесе түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Өкінішке қарай, елімізде әртүрлі әлеуметтік, экологиялық себептердің салдарынан туа бітті мүгедектікке ұшыраған сәбилердің қатары аз емес. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бір ғана Алматы қаласының өзінде 3 902 мүмкіндігі шектеулі бала тұрады екен. Белгілі педагог-психолог Самал Шаяхметованың айтуынша, бұл контингентке жататын балалардың жаны нәзік, көңілдері ерекше сезімтал келеді. «Олардың жеке ғұмыр кешетін өзіндік әлемі болады. Тіпті көрші тұратын жақын адамдар да дәл қасында сондай тіршілік иесі жүргенін білмеуі мүмкін. Сондықтан әлеуметтік жағынан қамқорлық жасайтын мемлекеттік органдармен бірге бүкіл қоғам болып, осынау кішкентай адамдарға ерекше ілтипат көрсеткені дұрыс деп санаймын», – дейді маман. Мамандардың нұсқауын басшылыққа алған партияның Алматы қалалық филиалы қала күні қарсаңында демеуші кәсіпкерлермен бірлесе отырып, бір топ мүмкіндігі шектеулі балаларды әсем Көктебеге қыдыртып қайтты. Балаларды тау бөктерінде жайылған ақ дастарқан және түрлі сыйлықтар күтіп тұрды. «Біздің партия белсенділері балаларды Алатаудың ең әдемі жерінің бірі Көктебеге шығарып, табиғат аясында дем алдырып қана қоймай, сол арқылы ізгілікті іс жасады. Бүлдіршіндерге тәтті кәмпиттер, жеміс пен сусындар үлестіріп, ең бастысы үлкен қуаныш сыйладық. Бүгінгі іс-шараның маңызы осында», – дейді «Нұр Отан» партиясы Медеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Арман Халбеков. Шынында да, алтын күздің шуақты күнінде балалардың жүзіндегі алау нұр мен ата-аналардың ризашылық сезімі байқалып тұр еді. Осы әсерлі саяхатты ұйымдастырушыларға Рахат Сабиров ата-аналардың атынан алғысын білдірді. Партияның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы да кемтар жандардың қоғамдық орындарда еркін жүріп-тұруына мүмкіндік беретін жағдайлардың жасалуына баса мән береді. Өткен аптада мүмкіндігі шектеулі азаматтардың бейімделу мәселелері бойынша арнайы жұмыс тобы бірқатар нысандарға қоғамдық бақылау жүргізді. Атап айтқанда, облыстың Айыртау ауданындағы бірқатар мекеме мен ұйымдар тексерілді. Нәтижесінде барлық нысанда абаттандыру жұмыстарының аяқталғаны белгілі болды. «Біздің жұмысымыздың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін инфрақұрылымның қолжетімділігіне мониторинг жүргізу. Оған облыстық ұйымдар мен мекемелердің ғимараттарында жүріп-тұру және қызмет көрсету үшін қанағаттанарлық жағдай болуын бағалау кіреді. Бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар нысандарға көңіл бөлінеді. Яғни, мемлекеттік, медициналық мекемелерге және мәдениет үйлеріне», – деді «Нұр Отан» партиясының Айыртау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Ахметжанов. Ауданда ауыл округтерінің жеті әкімшілік ғимараты қаралды. Жұмыс тобы мүшелерінің пікірінше, нысандар ең төменгі талаптарға сәйкес келеді: мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз кірулері үшін пандустар, есік ойықтарын орнату нормалары сақталған, тұтқалар бар. Бірінші орынбасар аудан басшылығы мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсарту үшін тағы бірнеше объектілерді жетілдіруді жоспарлап отырғанын айтты. «Осы жылы біз өткен жылы анықталған барлық кемшіліктерді жойдық. Соның арқасында әлеуметтік инфрақұрылымның 21 ғимараты талапқа сәйкестендірілді. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бейімделу нысандарының барлығы 100 пайызға дайын», – дейді Болат Ахметжанов. Аймақта мүмкіндігі шектеулі жандарды бейімдеуге арналған технологиялармен 597 әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым нысаны жабдықталған. Жыл басынан бері жұмыс тобының мүшелері 185 нысанды тексерді. Нәтижесінде кейбір нысандарда бірқатар кемшіліктер бар екені анықталды. Таяу арада бұл олқылықтардың орны толтырылмақ.