Мемлекеттік тілге құрмет – елге құрмет

Мемлекеттік тілге құрмет – елге құрмет

Мемлекеттік тілге құрмет – елге құрмет
ашық дереккөзі
1989 жылы қыркүйектің 22-күні Қазақстанда «Тілдер туралы» заң қабылданған болатын. Сол мерейлі күн еліміздегі айтулы мейрам – Қазақстан халқының тілдері күні ретінде жыл сайын атап өтіледі. Мерекеге орай дүйсенбі күні «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалына қарасты «Теміржол» бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен «Ұлт бірлігі – ел тұрақтылығы» атты әртүрлі этнос өкілдерімен бірлескен дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері, Саяси кеңес мүшелері, бөлімшеге қарасты өзге ұлт өкілдері қатысты. Жиын барысында техникалық кітапхана қызметкерлері «Тіл – рухани мәдениеттің негізі» атты кітап көрмесін көпшілік назарына ұсынып, келген қонақтарға библио­­-графиялық шолу жасады. Алғаш болып сөз алған «Теміржол» бастауыш партия ұйымы төрағасының бірінші орынбасары Базара Танбаева жиылғандарды «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесімен құттықтады. Сонан соң Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылғандай, Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиістігін және мемлекеттік тілді меңгеру – баршамыздың міндетіміз екенін атап өтті. «Бүгінгі кездесудің мақсаты – Қазақстанда тұрып жатқан түрлі этнос өкілдерінің қазақ ұлтына деген сыйластығы мен ұлттық қарым-қатынасты нығайту», – деді Базара Танбаева. Кездесу барысында жиылғандар елдегі бірлік пен тұрақтылық бағытында баяндамалар жасап, өзара пікір алысты. Жастар жағы еліміз үшін үш тұғырлы тіл саясатының маңыздылығын сөз етсе, аға буын өкілдері тіліміздің мәртебесін көтеру, оның шұбарлануын болдырмау, ел болашағы қазақ тілінде екендігі жөнінде мағыналы ойларын ортаға салды. Ал, өзге ұлт өкілдерінен құралған мамандар екі тілді білуіміз сол елдің мәдениетін түсінуге ықпал ету екенін жеткізді. Одан әрі әр ұлттың өкілдері өз ана тілінен бөлек қазақ тілін қалай меңгергені туралы әңгімелеп, жеке тәжірибелерімен бөлісті. «Вагон сервис» мекемесі техникалық жолаушылар паркінің ағаш ұстасы Александр Воробьев: «Негізі адам баласының бақытты болуы екi нәрсеге байланысты. Бiрі – алған жарыңның жақсы болуы болса, екiншiсi – мамандығыңды адаспай табу. Осы екi бақыттың да кiлтiн табуыма қазақ тiлi себепкер болды. Мен бар бақытымды қазақ тiлiнен таптым десем болады. Сондықтан қазақ тiлiне де, маған тiлдi үйреткен қазақ халқына да басымды иiп, алғысымды айтамын. Қазақы ортада өстім, қазақтың қызына үйлендім. Балаларымның есімдері Аман, Есен, Бекен, Диас. Мен қазақ елінде туғаныма қуанамын, қазақ тілін құрметтеймін», – деді. Басқосуға қатысқан қазақ, орыс, өзбек, украин ұлтының өкілдері өз ана тілдерінде өлең жолдарын оқып, бір-біріне мерекелік көңіл-күй сыйлағаны қандай жарасымды! Ұлттың бірлігін нығайтып, ел тұрақтылығын бекіте түсетін осындай жиындардың маңызы қашанда зор.