Иманбек ақшалай сыйлығын қайырымдылыққа жұмсайтын болды

Иманбек ақшалай сыйлығын қайырымдылыққа жұмсайтын болды

Иманбек ақшалай сыйлығын қайырымдылыққа жұмсайтын болды
ашық дереккөзі
Ақсу қаласынан шыққан sound продюсер, DJ,  «Grammy»  сыйлығын иеленген тұңғыш қазақ Иманбек Зейкенов туған жеріне барып, жергілікті жастармен жүздесті, деп хабарлайды inbusiness.kz. DJ Imanbek онлайн режимде өткен марапаттау сәтіне Ресейдің Мәскеу қаласынан тікелей эфирге шыққан болатын. «Grammy» сыйлығын марапаттау онлайн режимде өтетіндіктен, интернетте ақау болмауы тиіс еді. Оған қоса, Ақсуда бұл сәтті жалғыз қарсы ала алмадым. Сондықтан өзім жұмыс істейтін ресейлік «Effective Records» лэйбліне барып, сондағы кеңсені ұлттық нақышқа сәйкес безендіріп, граммафон сатып алып, жеңімпаздарды атайтын сәтті күттік. Ал бұл кезде «Физрук» сериалының  режиссері Константин Майер мен туралы деректі фильм түсіріп жатты. «Grammy» марапатының иесі екенімді естігенде қуанышымда шек болмады. Мені қолдап, ізгі тілегін білдіріп жатқан барша қазақстандықтарға алғыс білдіремін», - деді Иманбек. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова жерлесіміз  Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тамаша тарту жасағанын атап өтті. «Әлемдік деңгейдегі музыкалық жүлде екінің біріне бұйыра бермейді. Иманбек Павлодар облысының талантты адамдарға бай екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, елімізді төрткіл дүниеге танытты. Шығармашылық жолыңа тек жақсылықтар тілейміз»,-деп тілегін білдірді Айзада Құрманова. Сонымен қатар, облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың атынан жаңа музыкалық құралдар сатып алуға 2 млн теңгелік сертификат табыстады. Ақсу қаласының әкімдігі 1 млн теңге беріп, Иманбектің есімі күміспен көмкеріліп жазылған шапанды иығына жауып, ат мінгізді. «Қазіргі уақытта әндерді өңдеуге қажет құралдар бар. Маған ештеңе керек емес. Сондықтан бұл қаражаттың барлығын қайырымдылыққа берсем деймін»,-деді «Grammy» сыйлығының иегері. Кездесу кезінде ҚР Мәдениет пен спорт министрлігі департаменті басшысының орынбасары Ғани Маратов министр Ақтоты Райымқұлованың құттықтауын жеткізді. «Қазақконцерт» басшысы Жеңіс Сейдоллаұлы да кездесуде сөз алып, Иманбекті жеңісімен құттықтады.