«Нұр Отан» партиясының кадрлық қоры қалыптаспақ
«Нұр Отан» партиясының кадрлық қоры қалыптаспақ
Алдағы уақытта «Нұр Отан» партиясының кадрлық қорын қалыптастыру жұмысы жүзеге асады. Бұл туралы жақында Орталық аппаратың баспасөз алаңында партияның хатшысы Наталья Годунова мәлім етті. Оның айтуынша, бұл бастама сайланбалы және партиялық лауазымдарға жоғары кәсіби кадрларды ұсынудың жүйелі процедурасы болмақшы. Кадрлық резерв екі деңгейде – республикалық және аймақтық деңгейлерде бекітіледі. Республикалық резервтің негізі – аймақтық резервтегілер. Оған әр аймақтан үш адамға дейін тіркеле алады. Ал аймақтық партиялық кадрлық резервке ену үшін кандидаттар 3 сатылы іріктеу жүйесінен өтуі қажет. Жүйе конкурстық процедуралар мен құзіреттерін бағалаудан тұрады. Кандидаттардың әрқайсысы кәсіби, партиялық және жеке сипаттары бойынша кешенді тексеруден өтеді.
Мысалы, партия мүшелігі бойынша өтілі, жұмыс өтілі, білімі, партиялық қызметтегі сіңірген еңбегі бойынша талаптар бар. Аталған талаптар аудан-облыс-республика бойынша үш топқа бөлініп, соған сай жүргізілмек. Тек қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмауы, сыбайлас жемқорлықпен қатысының болмауы сондай-ақ, партиялық жазаларының болмауы жөніндегі талаптар әр деңгей үшін міндетті болып отыр.
Партиялық кадрлық резервті қалыптастыру үш ай бойы кезең-кезеңмен өтеді деп жоспарланған. Алдымен, партиялық кадрлық резервті қалыптастыру туралы хабарлау, содан соң барып партияның аймақтық және аумақтық филиалдарының құжаттарды қабылдауы және қарауы, резервке енгізілетін кандидаттарды тіркеу, кандидаттарды бастауыш партия ұйымдарының (БПҰ) жиналыстарында ұсыну, кандидаттарды тестілеу және сұхбаттасу көзделген. Айта кетерлігі, тестілеу партияның аймақтық филиалдарының орын-жайларында өтеді. Тестілеуден өткен кандидаттар сұхбаттасуға жіберіледі. Сұхбаттасуды партияның аймақтық филиалында комиссия өткізеді. Соңында, резервтегілердің тізімдерін тиісті ауданның, қала және облыстың Саяси кеңесінің Бюроларында бекіту қарастырылған. Тізімге енгендерді бекіткеннен кейін партиялық кадрлық резервті дамыту жұмысы жүргізілетін болады.
Кандидаттың резервте болу мерзімі 5 жылды құрайды, тиісті деңгейде кандидаттардың 50 пайызы ілгерілетілген жағдайда жаңарту жүзеге асырылмақ.
Сондай-ақ, партияның Орталық аппаратында және аймақтық, аумақтық филиалдарының аппараттарында (басшылықтан басқа) бос лауазымдық орындарға байқау негізінде қабылдау жүзеге асырылады.
Партиялық кадрлық резервке алу, байқау өткізу туралы хабарландыру, мерзімі және бос лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптары «Айқын», «Литер» республикалық газеттерінде, сондай-ақ партияның www.nurotan.kz веб-сайтында жарияланды.
̶ Партия кадрлық резерв құрып, партия аппаратында жұмыс істейтін, аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттар мен Мәжіліске ұсынатын мықты мамандарды іріктейді, ̶ деп атап өтті Н.Годунова. Айта кетерлігі, кадрлық резерв тәжірибелі партия мүшелерінен, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері мен белсенді жастардан, сондай-ақ партия жақтастары қатарынан жасақталмақ. Ал кадрлық резерв республикалық және аймақтық деңгейде бекітіледі.
̶ Таңдап алу барысы 3 кезеңнен тұрады. Бірінші, бастауыш партия ұйымдарының жиналысында үміткерлер ұсынылады. Екіншіден, саяси мектеп менеджментінде қашықтықтан тестілеу жүргізіледі. Яғни, мұнда Конституция, партия жарғылары мен доктриналары, сайлауалды және жемқорлыққа қарсы бағдарлама, партия мүшелерінің этика кодексі бойынша білімдері тексеріледі. Әрі қарай сұхбаттасуға өту үшін жоғарыда аталған құжаттардың әрқайсысынан 12 сұрақтың кем дегенде 8-не дұрыс жауап беруі тиіс. Қазіргі уақытта аймақтық резерв қалыптастырылып жатыр. Кандидаттар келесі квота бойынша іріктеледі: әр ауданнан – 10, қаладан – 12, облыс орталықтарынан – 25 кандидат іріктелініп алынбақ, – деді партия хатшысы.
Партия хатшысының ақпаратына сүйенсек, кадрлық резерв шамамен үш мың адамнан құралмақ. Сынақтан сүрінбей өткен үміткерлердің біліктілігін арттыру да басты назарда. «Нұр Отан» партиясы орталық аппараты басшысының орынбасары Айдос Зиядин:
̶ Партия алғаш рет кадрлық резервті жасақтау жұмысына кірісті. Жылдың соңына дейін аймақтық деңгейді бітіруді жоспарлап отырмыз. Аймақтық кадрлық резерв жасақталғаннан кейін республикалық деңгейде, Орталық аппаратта әрбір үміткердің жұмысын тиімді пайдалану мақсатында әртүрлі семинарлар мен тренингтер өткізуді қарастырудамыз. Оны өз дейгейінде жоспарға сәйкес жүзеге асыратын боламыз, ̶ деді.
Республикалық қор келер жылдың соңында қалыптасады. Оның негізгі бөлігін әр өңірден аймақтық қорға енгендер құрайтын болады.
Еркежан ЖҰМАТАЙ
Астана қаласы