Жаңалықтар

«Нұр Отан»: Кәсіпкерлікті қолдау – тұрақты даму кепілі

ашық дереккөзі

«Нұр Отан»: Кәсіпкерлікті қолдау – тұрақты даму кепілі

Қазір жеке кәсібімді дөңгелетем, өз бетіммен тірлік қылам дегенге мүмкіндік көп. Еңбек еткісі келген азаматтың қолтығынан демеуге, аяғынан тік тұрып кеткенше қолдау көрсетуге мемлекет қашан да әзір. Әсіресе, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге берілген жеңілдік көп. Алайда түсіндіру жұмыстарының кемшіндігі өз кәсібін ашқысы келетін азаматтардың түрлі қателіктерге бой алдыруына себеп. «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдаулары осы олқылықтың орнын толтыруға кірісті. Партияның аймақтардағы филиалдарында білікті мамандар жас кәсіпкерлерге ақыл-кеңес беріп, толағай тәжірибелерімен бөлісуде. Апта басында Шымкентте «Нұр Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесі кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік қолдау бойынша қоғамдық қабылдау ұйымдастырды. Азаматтарды «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының басшылығы, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ филиалының және екінші деңгейдегі банк өкілдері қабылдады. Іс-шара Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол» жолдауының негізгі ережелері мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру және түсіндіру бойынша ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу мақсатында өткізілді. Қоғамдық қабылдау барысында өз бизнесін ашу, тіркеу, несие алу шарттары бойынша көптеген сұрақтар қойылды. Азаматтарға бизнесті дамыту және кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында түсініктемелер берілді. «Даму» қорының менеджері Сабыржан Исаев мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамыту бойынша кешенді шаралар қолға алынғанын, ал Оңтүстік Қазақстан облысының бұл бағытта әлеуеті үлкен екенін атап өтті. «Бүгінгі таңда елімізде заңдар, көптеген бағдарламалар бизнесті қолдауға бағытталып отыр. Бірақ бұл жөнінде көпшілік біле бермейді. Біз жас кәсіпкерлерге олар үшін қолайлы және ұтымды жолдарын таңдауға көмек береміз. Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2020» кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасын іске асыру аясында банктен алған несиесінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялай алады. «Даму» қоры несие сыйақысын төлеу бойынша шығындар бөлігін өтейді. Одан бөлек, егер кәсіпкердің кепілге қоятын қаржысы жеткіліксіз болса, қор өз кепілін ұсына алады», – деді С.Исаев. Мамандар кеңесіне жүгінген Шымкент қаласының тұрғыны Әлия Темірбайқызы тігін цехын ашқысы келеді екен. «Қазіргі таңда мен мектепте мұғалім болым жұмыс істеймін. Үш балам, екі немерем бар. Менің бизнес-жоспарым қарапайым, бірақ табысты. Жақында зейнеткерлікке шығамын. Сондықтан, несие алып, дизайнер-модельер қызыммен бірлесе тігін цехін ашу ойымда бар. Біріншіден, балаларыма тек қана жақсы және сапалы киім тігіп бере аламын. Екіншіден, отбасылық бизнес үй-ішіме табыс алып келеді. Үшіншіден, қазақтың ұлттық киімдерін тігу арманыма қол жеткіземін», – деп жоспарларымен бөлісті. «АТФ» банкінің менеджері және «Даму» қорының өкілдері болашақ кәсіпкер ханымға әйел кәсіпкерлігін микронесиелендіру бағдарламасының мерзімі, шарттары және тиімді мөлшерлемелері бойынша кеңес берді. Сол күні акция барысында 72 азамат орта және шағын бизнесті қолдау бойынша мамандарға тікелей сұрақтарын қойып, қажетті ақпарат пен кеңестер алды. Сондай-ақ, өткен аптада «Нұр Отан» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалында «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы партиялық жобасының іске асу барысын қадағалау мақсатында қоғамдық қабылдау өтті. Бұл қабылдаудың жөні әдеттегіден өзгерек болды. Қабылдауға жеке бас өтініштерін айтып келген азаматтар қарасы мен оларға жауап берген өкілетті орган қызметкерлері де көп болды. Жиынға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының және екінші деңгейлі банктер өкілдері қатысты. «Мықты бизнес – қуатты мемлекет» партия бағдарламасының шарттары мен іске асуын қамтамасыз ету жолдарын мемлекеттік органдар мен даму институттары, шағын және орта бизнес өкілдері қызу талқылады. Сондай-ақ, кәсіпкерлерді төмен пайызды несиемен қамтамасыз ету, кепілдік қою мен несиелеу мерзімін ұзарту туралы айтылды. «Мен «Дамудың» арқасында бизнесімді едәуір дамытып отырмын. Кәсіпкерлерге мемлекет қолдау көрсетіп, жағдай жасағандарына алғыс айтамыз. Бүгін міне, партия қабырғасында бас қосып ақыл-кеңестерімізбен бөлісіп, кәсіпкерлікті одан әрі жандандыру жөнінде ой бөлістік. Мемлекет берген мүмкіндіктің арқасында алдағы уақытта бизнесімді одан әрі дамытсам деп отырмын. Қазір менің екі дәріханам бар. Алдағы уақытта олардың санын онға жеткізсем деген тілектемін», – дейді жеке кәсіпкер Қарлығаш Камшатаева. Жиын қортындысы бойынша партия тарапынан мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берілді. Нақты айтқанда, несие алуға арыз берген азаматтардың бизнес-жоспарын қатаң қадағалау жүктелді. Өйткені тиімсіз бизнеске несие алған азаматтардың алдағы уақытта қаражатты мемлекетке қайтаруы қиындық тудыруы мүмкін. «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қалалық филиалының ұйымдастыруымен өткізілген қалалық Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесудің де басты мақсаты – «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Кентау – Оңтүстік Қазақстан облысындағы 88 мың халқы бар моноқала. Қалада 3200 шағын кәсіпкерлік, 300 шаруа қожалығы, 150 орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2016 жылы 10 адамға 25 млн теңге көлемінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға несие берілген. Қазіргі таңда кәсіпкерлік палатасы тарапынан тағы да 8 адамның құжаттары қаралып жатыр. Осы мәселелер төңірегінде ұйымдастырылған кездесу барысында мемлекеттік бағдарламаны іске асыруды қамтамасыз ететін органдар және кәсіпкерлер мектебі өкілдері «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының шарттары мен іске асыру тетіктері туралы ақпарат берді. Қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры М.Садуов бизнес-бастамаларды іске асыру және жас кәсіпкерлерді қолдау бойынша атқарылған жұмыстар, кездесетін проблемалар жайлы айтып өтті. Өз кезегінде қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы И.Жұмабев жас кәсіпкерлерге беріліп отырған мүмкіндіктерге тоқталып: «Бағдарлама мақсатына сәйкес қаладағы кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар, бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын ашу керек», – деді. Келелі кездесуге қатысқан жас кәсіпкерлер көкейдегі сұрақтарына тұшымды жауаптар алып, өз кәсіптерін аталған бағдарлама аясында қайта жандандыруға болатындығына көз жеткізді.