Кәсібімен нәсібін тапқан қандастар

Кәсібімен нәсібін тапқан қандастар

Кәсібімен нәсібін тапқан қандастар
ашық дереккөзі
Шетелден келген қандастар арасында жеке шаруашылық жүргізуге бейім азаматтардың қарасы көп. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Қайрат Бодауханның зерттеуіне сүйенсек, Қазақстанға көшіп келген қандастардың 62,7 пайызы еңбекке қабілетті жаста екен. Ал 30,7 пайызы жасөспірімдер мен балалар болса, 6,6 пайызы ғана зейнет жасындағы адамдар. Мұны сарапшылар мемлекет үшін экономикалық белсенді әлеуметтік топ деп бағалайды. – Қандастардың Қазақстан эконо­ми­ка­сы­на қосатын үлесін жалпы қосылған құн ре­тінде қарастырсақ, еңбекке қабілетті 100 мың қандас тек ауыл шаруашылығында ғана жұ­мыс істейді деп болжағанда, бес жыл ішін­де 771 млрд теңге көлемінде табыс әкеледі. Осы­лайша, тек ауыл шаруашылығы сала­сын­да жұмыс істейтін бір қандас жыл сайын Қа­зақстан экономикасына 2,9 млн теңге та­быс түсіреді, – дейді Қ.Бодаухан. Осы есеппен алғанда экономиканың бас­қа да секторларында жұмыс іс­тей­тін қан­дас­тар орта есеппен жыл сайын Қа­зақстан эко­номикасына 4,8 млн теңге әке­леді екен. Бұдан бөлек, халықтың өсуіне бай­ланысты тұтынушы нарығын кеңейтуге түрткі болмақ.

«Атамекен» қолдай ма?

Қазір шағын және орта бизнеске мем­лекет тарапынан қолдау бар, бірақ оның жү­зеге асу механизмі әлі де күрделі дейді кә­сіп­керлер. Алайда жолы болып, кәсіптің көзін ашқан қандастар да баршылық. Бұл рет­те, жаңадан көшіп келген қандастар үшін тиім­ді жобаның бірі – кәсіптік оқыту. Мә­селен, осыдан төрт жыл бұрын Қытай елінен Қазақстанға қоныс аударған қандасымыз Биғұлсын Келіскен өткен жылы кәсіпкерлік негіздерін оқып, Алматы қаласы, Алатау ауданынан 80 орындық балабақша ашқан. – Мен Қазақстанға келмей тұрып 21 жыл бойы медбике болып жұмыс істедім. Ал жол­дасым болса 23 жыл бойы қазақ және ұйғыр балаларына қытай тілінен сабақ берді. Осыдан бес жыл бұрын Қазақстанға көшіп кел­дік. Алғашында бұл жаққа келгенде істі не­ден бастарымызды білмедік. Содан өткен жылы «Атамекен» ҰКП-ның «Бастау» бизнес жобасына қатысып, 505 мың теңге көлемінде грантты жеңіп алдық. Сондай-ақ, бизнес-тренеріміздің кеңесімен 6 пайыз жеңілдікпен несиеге қол жеткіздік. Сөйтіп, мемлекеттік бағ­дарламаның арқасында өз балабақ­ша­мызды ашып отырмыз. Алғашында бұл үйді өзіміз тұрамыз деп салған едік, кейін грант алып, бизнес жоспарымызды әзірлегеннен соң осы жерден балабақша ашуды жөн көр­дік, – дейді кәсіпкер Биғұлсын Келіскен. Алатау ауданының бизнес-тренері Ербол Сүйінбаевтың айтуынша, қандасымыз Би­ғұлсын кәсіпкерлікке ынталы екенін және өз жобасын өткен жылғы қарашада қорғап, мемлекеттік грант алғанын айтады. Бүгінде Қытай халқының басым көп­шілігі жеке кәсіппен айналысып қана қоймай, тауарларын әлем елдеріне экспортқа шы­ғарып отыр. Сол жақта оқып, тәжірибе жи­наған қандастарымыздың көбі кәсібін ата­жұртта жалғастырғысы келеді. Өзбек­стан­нан келген қандастар болса дәнді-дақыл­дар, көкөніс өсіруге бейім. Олар да жер алып, жемісін елге бергісі келеді. Сонымен бірге Моңғолия қазақтары да ауылшаруа­шы­лығын табысты кәсіпке айналдырған. Мә­селен, сүт және ет өнімдері қашанда сұраныс­қа ие екені белгілі. Олардың көбі өнеркәсіпті дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау яки жеңілдіктер болса дейді. Белгілі кәсіпкер Жеңіс Түркияның ай­туынша, елімізде кәсіпкерлікті қол­дай­тын жобалар көп. Бірақ оны кәсіпкер­лердің көбі жақсы біле бермейді. Ондай мүмкіндіктер жайлы бейхабар. Сонымен қатар кедергілер де жоқ емес дейді. Расында, кәсіпкердің сөзінің жаны бар. Бұрын «Отандастар қорының» қандас кәсіпкерлерді қолдау департаменті жеке кәсіппен айналысатын және енді кәсіп баста­ған қандастар мен кәсіпкерлерді несиелен­діре­тін мемлекеттік ұйымдармен бірлесе оты­рып, өзекті мәселелерді бірге қарасты­ра­тын еді. Қазір бұл департамент те жабылып қал­ды. Енді іскер қандастар қайда жүгінерін де білмейді. Осыған орай, қазір қандастар кә­сіппен айналысу үшін не қажет, мемлекет тарапынан қандай қолдау бар? Басқа да қиындықтарды қалай еңсеруге болады деген сұрағымызды елімізге белгілі кәсіпкерлерге қойып көрдік. Толқын АҚАНҰЛЫ, дәрігер, жеке кәсіпкер:

Адам өзі білетін кәсіпті бастауы керек

– Алғаш ата­жұрт­қа келгенде кә­сіп бастау түгілі құ­жат алудың өзі біршама қиын. Бірақ оның бә­рін атамекенге деген сағыныш ұмыттырып жібереді. 2007 жылы елге келген соң, құжат мә­селесімен екі жылдай жүрдім. 2009 жылы өзімнің сүйікті кәсібім медицинаны қолға алдым. Менің кәсіби мамандығым – дәрігер. Сондықтан шетте оқыған, білген қабілетім мен тәжірибемді осында өзіміздің қаракөз қандастарымның денсаулығына арнауды көздедім. Бұл саланың басқа саладан өзге­шелігі көп. Мәселен, білікті дәрігер бірінші келген науқасты жақсы емдеп, дертінен айық­тырып жіберсе, ол ары қарай сіздің жар­намаңызды өзі жасайды. Кәсіпкерлікті бірінші өзім ғана бас­тадым, одан кейін әйелім қосылды. Сөйтіп, кәсібімізді кеңейте түстік. Қазір еліміз бойынша Шымкент, Түркістан, Атырау қалаларында бөлімдеріміз бар. Елорданың өзінде бірнеше бөлім аштық. Осылай үлкен емханаға айналдық. Ел азаматтарынан бөлек әлемнің 22 елінен емделуші келді. Сұра­ныс­тың жоғары болуына Шығыс медицинасы мен қазақы емдеуге деген адамдардың зәру­лігі себеп болып отыр. Әйтпесе, көршілес Өзбекстан сияқты елдердің жалпы меди­цина­­сы біздікінен артық болмаса, кем емес. Ал Шығыс медицинасына көбіне-көп Еуропа елдері қызығушылық танытып отыр. Әрине, бұл кәсіптерімізге Елбасының бас­тамасымен жүзеге асып келе жат­қан орта және шағын бизнесті қолдау сая­сатының тиімділігі және кеңдігі үлкен демеу болып отыр. Осы кәсібімді бұдан да ары қарай дамытып жетілдіре түсу үшін мемлекет тарапынан көмек алуға талпынып көрдік. Сонымен қатар кәсіппен қосамжар жүретін бір нәрсе бар. Бұл – қайы­рым­­­дылық. Мәселен, медициналық сақтан­дыру қорына ақша салмаған, жұмыс істемей­тін, тегін емделе алмайтын қарапайым адам­дар бар. Сондай жандарды тегін ем­дейтін кездер болды. Өйткені расында жағ­дайы жоқ, науқасы жанына батып, емделе алмай сандалып келген адамды көзің көріп тұрып қалай жәрдем бермеске?! Біз басқа клиникаларға ұқсамайтын бір ұтымды әдіс қолданамыз. Ол – дәрі­герлік мораль. Яғни, әр келген науқасқа жылы қарау. Науқас адам дәрігерден үміт іздеп, дертіне шипа сұрап келеді. Сондықтан оған медициналық көмектен бұрын жылы қарым-қатынас қажет. Менің дәрігерге қоя­тын талабым да осы. Екінші адамдарды ұзын-сонар кезекте күттірмейміз. Сосын «алдын ала жазылмасаң қабылдамаймыз» деген жоқ. Емделуге келген адамды дер кезінде қабылдай береміз. Сосын науқасы ауыр адамды кезексіз қарау біздің қағидамыз. Жоғарыда айттым ғой, бізде жалпы ме­­дицинамен қатар Шығыс ме­дици­насы және қа­зақы емдеу басым бол­ған­дықтан шетелден кел­ген дәрігерлер бар. Бі­рақ қызметке кімді ал­сақ та, жұмысқа деген ынта-жігеріне қарап ала­мыз. Жалпы осы ай­тып отырғанымыздың бәрі – капита­лизм­нің, яғни әділ бәсекенің шарттары ғой. Алыс-жуықтан атажұртқа енді келіп жат­қан ағайындар шаруа бастау үшін әуелі кіш­кентай кәсіптен бастаған жөн деп есептейтін. Кез келген істі бастап, оны дөңгелетіп алып кету үшін әуелі адам өзі білетін кәсіпті бас­тауы керек. Мұны, әрине өз басымнан өткен тә­жірибемнен айтып отырмын. Тынай ӘБУҰЛЫ, кәсіпкер, Ledorda ЖШС-нің директоры:

Мақсатым – өз қаржы­мыз­ды елімізде алып қалу

– 2006 жылғы 26 қазанда Қазақ­ста­нға көшіп келдім. Екі жылға жуық жалшы бо­лып істедім. Құрылыстан бастап қолым жеткен кез келген жұмыстан тартынғам жоқ. Қы­тайдың алтын кенінде екі жарым жылдай жұмыс істедім. Ол жерде 100-ден астам адам­ды басқаратын лауазымға жеттім. Бірақ өз жеке кәсібімді бастағым келді. Сөйтіп, кіш­кентай нәрселерден бастадым. 2013 жылы дүкен ашып, Қытайдан сыртқы жарнамаға қа­жетті заттар әкеліп сатуды қолға алдым. Бі­рақ осы жақтың заңын жақсы білмеген­дік­тен басында біраз қиындық кездесті. Әсіресе, ЖШС ашу және салық төлеу жағынан. Ол кә­сібімді 4 жыл жүргіздім де, туған ініме бер­дім. Дүкен әлі жұмыс істеп тұр. Қазіргі жар­на­малық баннер т.б. безендіруге арналған заттардың барлығын өзіміз жасап шығара­мыз. Аспаптарымыз да бар. Сонымен қатар скотч жасап, саттық. Ал жеке кәсіпкерлікпен айналысуға кедергі болатын мәселеге тоқталсақ, мәселен, 4 теңге үшін 10-15 күн есепшоттарымыз жа­бы­лып қалған кез болды. Бұл – бизнеске үл­кен кедергі. Сондықтан Салық комитеті бұған жеңілдікпен қарауы керек деп ой­лай­мын. Мысалы, салған салық дер кезінде есеп­теліп, хабарлама арқылы жауап келсе немесе 100 теңгеден төмен жетпей қалса жеке шо­тың­­нан өзі алатындай болса. Ал 5 000 мың тең­ге­ден төмен болса «сізде осындай көлемде тө­ленбеген салығыңыз бар» деп ескертсе. Мі­не, осы мәселе көп кәсіпкерді толған­ды­рып отыр. Ал қазіргі айналысып жатқан кәсібім – сахналық әрлеу. Мұнда көптеген нәрселер бар. Тек концерттік сахна ғана емес. LED экрандар, жылжымалы шырақтар, дыбыстық аппараттар бар. Бұл кәсіптің артықшылығы – осыдан он жыл бұрын мұнымен көбінесе басқа ұлт өкілдері айналысатын еді. Яғни, мұндай 30 компания болса, оның 20-сы шетелдік компания бола­тын. Бір концертті LED экранмен жабдықтау өте қымбат. Ең арзан дегенде бір концертке 5 миллион теңге шығады. Бұрын осы сала бойынша ішкі нарықтағы ақшамыз шетелге кетіп қалатын. Менің мақсатым соны өзі­мізде алып қалу болды. Қазір диод техноло­гия әлемде қар­қын­ды даму үстінде. Қазақ­стан­ға келіп осы салада жұмыс істеп жүр­геніме мақтанамын. Сосын тағы бір мәселе бар. Бұл – көше шырақтары. Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын көшедегі шырақтардың көбі тез қызатын лампа болған. Қазір біз сол шырақ­тарды түгелдей диод шыраққа ауыстыру туралы бастама көтеріп жүрміз. Өйткені қазіргі лампалар 500-600 ваттық. Ол күніне өте көп энергия қажет етеді. Оның орнына LED диодтарды қоятын болсақ, ол 80 пайыз энергия қуатын үнемдейді. Яғни, бұл мем­лекеттің экономикалық шығындарын азай­татын еді. Пандемия кезінде еліміздегі кәсіп­керлік саланың көбі санитарлық та­­­лапқа сай өз жұмысын жүргізіп жатты. Ал біз­дің кәсібіміз тоқтап қалды. Бұл бізге өте қиын болды. Осындай кезде бірге жұмыс істейтін азаматтарды тастап кете алмадым. Сөй­тіп оларға 6-7 ай жалақы төлеп отырдық. Ақыр соңында кәсіпорынды таратуға тура келді. Қызметкерлердің барлығы жұмыстан шықты. Құрал-жабдықтарды қоймаға жинап қойдық. Жұмыссыздықтан да өзге қиындық – біздегі LED экрандарды айына бір рет қосып тұру керек. Әйтпесе олар өзі-өзінен істен шы­ғып қалады. Кәсібіміздің қайта жандануы не­месе мүлде тоқырауы карантин талабына бай­ланысты болып отыр. Мұның бәрі ең­семізді біршама түсірді. Сондықтан «кәсіппен айналыссам болды, шекем шылқып оңай олжаға кенелемін» деп ойлауға болмайды. Бұл саланың табысымен қатар машақаты да мол. Алтынгүл ҚАБДҰЛҚЫЗЫ, кәсіпкер:

Кәсіпкерлік – тендермен пайда табу емес

– Біздегі биз­нес­пен айналысып жүр­­­гендердің негізгі қаржы көзі – тендер. Мен үшін бұл – қызық жағдай. Атажұртқа кө­­шіп келгелі көптеген кәсіпкермен таныс­тым. Олардың басым көпшілігі «тендерге қаты­сыңыз» деп ақыл айтады немесе тым оңай жол­мен ақша табуды көздейді. Меніңше бұл кәсіпкерліктің дамуына кері әсер етеді. Таза еңбегімен тапқан ақша ғана шынайы табысқа жеткізеді. Бұл ретте, қоғамдық сана өзгеруі қажет. Теріс жолмен ақша табу – бизнес емес. Мұндай ортада ешкім келіп инвестиция құйып, бірігіп жұмыс істегісі келмейді. Кәсіпкерліктің мәні – тұтыну­шылық­тан өндірушілік түсінікке бет алу. Мысалы, жерігілікті әкімшіліктер бос орын­дарды жалға берсе, өте көп инвестиция ке­леді. Орын жалдаудан түскен қаржыға үлкен цехтар мен техникалық жабдықтар сатып алуға болады. Осылай бәсекелік орта қалып­тасып, өндіріс дамиды және бюджетке де са­лық арқылы қаржы түсер еді. Қытайда кәсіпкерлердің кәсіп ашуына, инвестиция тартуға барлық жағдай жасалған. Инвесторлар соған қызығады. Кез келген адам, мейлі шетелдік болсын, кәсіп ашу­ға өтініш берсе болды, жетіп жатыр. Үкімет өсімсіз қаржымен, гранттармен және жұмысқа қажетті орынмен қамтиды. Жұмыс жүріп, белгілі деңгейге келгенде ғана салық төлеуге кеңес береді. Оның үстіне үкімет кәсіпкерлердің жұмысының жүруіне қажетті жағдай жасап, ортақ нарық қалыптастыруға ықпал етеді. Осылайша жергілікті жағдайға үйле­сетін өндіріс ошағын ашады және сол үшін жұмыс түрлерін зерттеп, жаңа кәсіпке қолай­лы жол қарастырылады. Біз ұрпақ үшін атажұртқа көшіп келдік. Сондықтан қиындықтардың бәріне төзуге әрі таза кәсіпкерлік орта құру үшін күресуіміз керек. Қағазбастылық, ысырап­шылдық, бәрі мемлекеттің дамуына кедергі. Ол тек мемлекеттің айналысатын жұмысы емес, әр адам бірігіп күресуі тиіс.